«Парасат – Жансұлу» романы. Ерлік.
- Ия, жалғастырайық та сол әңгімені
- ... Әкем мен анамның жұбы оңайлардың қатарынан болмай шықты басында. Шынын айтқанда... нағыз ошақ басы жылуын, шаңырақ жайлылығын сезінген кездерім ондай көп болған жоқ... Кейде күндеп, апталап ұрыс алаңында өмір сүріп жатқандай сезінетінмін өзімді. Мектептен қайтқанда үйге жақындаған сайын жүрегім көтеріле бастайтын... Түсініспеушіліктің тікенекті сымы, ұрыс-жанжалдан бораған оқ, қаһар жарылыстары... Бірақ... өттік қой соның бәрінен. Өмір – ұстаз. Өмір деген үлкен су сияқты, ағып-ағып ақыры жартастарды – адамдарды қашап, қажап, икемдеп алады. Сонда есейгенде ғана түсіндім ең маңызды нәрсені... Неге? Неге ажырасып кетпеді әке-шешем? Соншама қиындыққа қарамастан... Төбеме жай түскендей болды... Не деген мықты адамдар... Ешқашан есімнен шықпайды... Бірде ұрыс арасында анамнан ақтарылып шыққан сөздер: «Мен сенің балаларыңның анасымын! Мына ошақ менікі! Кетпеймін ешқайда!» Сол сәтте әкемнің қайтарарға жауап таппай тұрып қалғаны... Біз үшін... өздері үшін... сақтап қалды жанұямызды. Осы жеңіс ол кісілердің ең ұлы ерлігі болды... Он бір жасымда әкем мен анама қарап тұрып өзіме уәде берген болатынмын: «Менің шаңырағымның әлемі ешқашан мұндай болмайды!» – деп. Ал бүгін... бүгін ол кісілер мен үшін ең бірінші үлгі алатын адамдар, жиырма бірімде түсіндім осыны...
- Шынында, біз... бүгінгі біз басқа болып шыққанбыз, шаңырақ көтеріп, сонда жылу, жайлылық тапқымыз келеді, бірақ ол жайлылық, үйлесімнің келгенін орнымызда тұрып күтетін сияқтымыз, өзіміз құруға біліктілігіміз жоқ, бейімделмеген сияқтымыз. Жауапкершілік қоржынынан бірен-саран асықты алып аламыз да, қалғанын ақтармаймыз, өздерімізге әрқилы өмірге икемсіз рөлдерді ойлап тауып аламыз, құрбандыққа бару деген біз үшін түсінуге қиын нәрсе... Түк білмейтін өтірік маман секілді айналшықтап, аз-маз тырысамыз да «тойдым» – деп өз жөнімізбен кете береміз. Ал кешегі біз... кешегі біз өз шаңырағымызға жайлылық, үйлесімді тақыр жерде жоқтан өзіміз бар етуге дайындалып келетін болған сияқтымыз. Дайындалғанда да: «Не жеңімін, не осы жерде өлемін! Мұнда қайта шығу үшін кіргенім жоқ!» - деп. Осында келерде анамның: «Сол үйден өлігің шықсын!» - деген сөзін осы күнге шейін ойланып келемін...
Share: