Cақа ойыны
Бала кезімде «сақа немесе топай» ойынын таңның атысы күннің батысы ойнайтынбыз. Ірі малдың топан жілігінен алынған асықты «Сақа» десек, басқа ойынға жарайтын сүйек бөлшектерін «Топай» дейтінбіз.
Тамаша бір ойын еді. Есейіп ер жетіп қызмет бабымен ауылдан біраз қол үзіп қалдым. Бірде жолым түсіп ауылға келіп балалық шағымды еске алып, сақа ойнап ауылдың шаңын шығарайын деп едім, өкінішке қарай бұл ойынды бізден кейінгі жастар білмейтін болып шықты. Оны айтасың өз құрдастарымда ойын ережелерін ұмытқан. Енді сол бала кезімізде ойнаған ойынның есте қалған ережелерін там-тұмдап еске түсіріп жұртшылыққа ұсынбақпын. Сонымен...
«Сақа» ойыны жер бедерін талғамайды, кез келген жерге топайларды құрып ойнай беруге болады.
Ал ойынды бастау үшін топайларды бір сызықтың бойымен тек араларын бір табан алшақтау қылып құрады, осы сызық ойынның көмбесі болып саналады. Топай ойынына қанша ойыншы ойнаса да шек қойылмайды.
Ойын басталар алдында алдымен жеребе тасталып ойынды кім бастайтыны анықталады, ойынды бастайтын ойыншы анықталғаннан кейін ол сақасын иіріп жерге тастағанда алшысынан түссе, сол адам топайларды атуға мүмкіндік алады. Егер алшысынан түспей бүк не шік түссе ойын кезегін бастау келесі ойыншыға өтеді. Сақасы алшы түскен адам ғана ойын бастай алады. Алшысынан түскен сақаның иесі міндетті түрде сақасы алшы түскен жерден қаз - қатар тізіліп тұрған топайларды атып, оны көмбеден үш табан (міндетті түрде) жерге сырғытса топайды ұтқаны, әрі ойынды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алады. Егер топайға тигізе алмаса, не оны 3 табан жерге жылжыта алмаса ойынды келесі ойыншы жалғастырады. Кезегі келген ойыншы сақасын жерге иіріп тастап, сақасы алшы түссе ойынды жалғастырады, егер алшы түспесе ойын келесі ойыншыға өтеді егер оның сақасы алшы түссе сақа иесі ойынды ары қарай жалғастырып алып кетеді. Яғни ойын бастаудың кілті сақаның алшы түсуіне байланысты. Қазақта «асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар. Яғни асықтың алшы түсуі оның иесін басымдыққа жеткізеді. «Сақа» ойыны тұла бойыңды құдiретке толтыратын, әрі рухтандыратын ойын.
Тағы бір ерекшелігі бұл ойынның шекарасы жоқ, атқан сақаң қай жерге барып тоқтайды, сол тоқтаған жерден топайды атуға тиіссің, егер ептілігің болмаса атқан сақаң көмбеден ондаған метр жерге кетуі мүмкін. Сондықтан бұл ойын ептілікті, әдіс –айланы талап етеді және күшіңді тиімді жұмсауға үйретеді, бұндай қасиеттерің болмаса ұтылыстан көз ашпай барлық топайларыңнан айрылып қалуың мүмкін.
Барлық ойыншылардың топайларын ұтқан ойыншы жарыс жеңімпазы аталып, ұтып алған топайлардың иесі болады. Бұл ойынның бар ережесі осы. Бұл ойында топай санына және ойыншылардың санына шек қойылмайды, бірақ ойынды жылдамдату үшін топ - топқа бөлініп ойнауға болады. Әр топтың жеңгендері өзара кездеседі.
Ал сақаны таңдаудың өзі – өнер. Ойыншы сақасы әрқашанда алшы түсіп отыру үшін асықтың табанын тегістейді. Содан соң сақаға қорғасын құю деген болады. Бұл – сақаны күшейтіп, ұту мүмкіндігін арттыру үшін жасалатын қарекет. Маманданып алған ойыншылар қорғасынды сақасын иіргенде, үнемі алшы түсетіндей етіп құяды.
Қорғасын құю үшін әуелі сақаны дайындайды. Себебі асық таза болуы керек. Одан соң оны теседі. Бұл ретте, өте мұқият болмаса, асықтың сынып кетуі де мүмкін. Содан соң асықты саздың ішіне салып қойып, қалбырға ерітілген қорғасынды құяды.
Ал қой асығына келетін болсақ бала кезімде қолмен ойнайтын «хан талапай» дейтін асық ойынының түрі болды. Ол да қызық тартымды ойын еді. Бірде жұмыс бабымен бір басшымен жолығу үшін кабинетіне кірдім. Басшы 50 жасты еңсеріп қалған кісі екен. Бір таңғалғаным столының үстінде қойдың асығын қойыпты. Асықты қойған себебін сұрап едім «ырым ғой, осы асықты жаныңнан тастама деп атам берді, асық расында бойыңа қуат беріп тұрады екен» деп еді. Содан бері мен де асықты қалтама салып жүретін болдым, расында арқа біткендей болады екен. Тіптен асық фараондардың пирамидаларынан да табылған дегенді оқып едім.
«Асық» та, «топай» ойыны да – біздің ұлттық спортымыздың бір түрі. «Сақа» ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Сақа ойыны өзінің түрлеріне қарай баланың күш-жігерін арттырып, мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын сақа ойыны жас баланың намысын жанып, «қатарымнан озсам» деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Ол үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.
Сондай-ақ бұл ойынды жаңа заманға бейімдеп те ойнауға болады, яғни ұтысқа ақша салып, бірақ оның ережесін таратып жазу басқа тақырып.
Сөздік: Көмбе - топайларды тігетін жер; Топай- ірі малдың аяқ сүйек мүшелері; Сақа- топайды атуға арналған ірі малдың асығы; Асықты иіру- сақаны ойынға қосу үшін ойыншылардың жерге сақаны иіріп алшы түсіру; Алшы- сақаның қырынан табанымен түсуі ойынға рұқсат; Бүк – сақаның кіндігімен жерге етпетінен түсуі; Шік- сақаның кіндігімен аспандап түсуі.
Share: