БІР ТАНЫСТЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Еңбек жолымды қалай бастағанымды айтып берейін. Тоғызыншы сыныптан соң мектепті тастауға тура келді. Оған пәлендей тұрмыстық тауымет те әсер еткен жоқ. Оқығым келмеді, бітті. Үйдегілер де аса кейіп, қолқа салмады. Өзің біл дегендей, қол сілтеу тәрізді ымыра танытты. Сынып жетекшісінен бастап, мектеп директоры тіпті, аудандағы оқу бөлімі де бір қабат дем қайтарып, кең тыныстапты, менің кеткенімді естігенде.
Енді қайда барасың?.. Колхоздың қара жұмысынан өзге оралып тұрған дәнеңе де жоқ. Оқу десе - тұла-бойым түршігеді. Сенделіп үйге симай жүргенде кеңсеге шақырып жатыр деп шабарман келді. Жүрегім алып-ұшып, бейнебір басқарманың орны босағандай жеттім.
- Бала, мына кісілермен еріп, отгонға бар. Не істеу керектігін осылар айтады. Жұмыс жасағың келе ме, өзі?
- Әрине, аға!
Білдей бір басқарма шынашақтай мені кісі көріп сөйлесіп тұрса, төбең қалай көкке жетпесін... Екі-үш мәшине шықтық. Бір-екі қызыл қалпақты заң адамдары және ауданнан келген біреулер мен өзіміздің басшылар... Түк түсінсем бұйырмасын! Құдды осылар мені жұмыс орныма кернейлетіп алып бара жатқандай көрінді. Ауылдан жүз елу шақырым алыстағы отгон орталығына да жеттік. Ондағы екі көзі төрт болып бізді тосып отырған меңгерушіні мінгестіріп алып, ары тарттық. Бәрі суыт. Дабырласқан әңгіме жоқ.
Көздеген қыстауға да келген сияқтымыз. Есік алдында состиып жалғыз адам тұр. Көмірбек деген шопан аға. Сақал-мұрты ербиіп өсіп кеткен. Түрінен-түр қалмапты. Ол кісіге таяғанның барлығы қол алысып, сосын көріскен сыңайда төс қағыстырып жатты. Абыр-дабыр әңгімеден соң барлығы мал қоралайтын үлкен базға бет алды. Елдің алдында Көмірбек аға. Ол үлкен ағаш қақпаны ашып, өзі шеткері шығып кідірді. Алдымен қызыл қалпақтылар сосын олардың соңын ала қалғандары кірді. Қораның іші алакеуім, түп жағы қап-қараңғы екен.
Ербиіп есіктің көзінде қалған мені дауыстап шақырды да: «Жүр бері» деп алдарында салды. Қараңғылыққа көзім үйренгенде байқағаным, баздың түкпірінде сала құлаш боп ілулі тұрған бір нәрсе... Олар алдарына мені салып, желкемнен пыс-пыс демалып келе жатты. Жаңағы ілулі тұрғанның адам екенін аңғарғанымда жүрегім тас төбеме шығып, кері шегіндім. Бірақ қос иығымнан қаусыра қысқан мықты қолдар мені тырп еткізбеді. Асылған адамның бойы соншалықты ұзарып кете ме, әлде сондай биік адам ба білмедім... Аяқтары жерге тиер-тимес. Ту сыртымдағы біреу желкемнен нұқып қалғанда мәйіттің белінен құшақтай тежелдім. Ары жағын ойлауға мұршам жетпеді, тек өлген адамның денесі өзімді жапыра сылқ еткенде тәлтіректеп барып, әрең қалдым. Тастай салғанның орнына дедектеп сыртқа, жарыққа қарай жан далбаспен ұштым.
«Малды қарай тұр. Бір-жар күнде кісі жібереміз» деп олардың кеткендеріне жарты айға таяғанда, бір жігіт келді. Менен ересек, тасыраңдаған біреу екен. Мал баққаннан гөрі қазан-аяқтың маңында жүргені көп болды. Және тілі де бейпіл екен.
- Сен білесің бе? Бар ғой... – деп бірде ол аузы қайыса бір ерсілеу
әңгімені бастады. – Көмекеңнің бәйбішесі өте көрікті адам болған. Көзі түскен адам есеңгіреп қалатын дейді білетіндер. Жер ортасынан асса да бетінің қызылы кетпеген еді. Көмекең өмір-бойы қызғанып өтті. Үйіне келген кісінің барлығынан қызғанды. Байқұс тәте таяқтан көз жазбады. Ақыры қорлыққа шыдамаған секілді...
- Бұны несіне айтып отырсың? Әркімнің өз өмірі өзіне. Өзің де қатын
бар ма?
- Жоқ...
- Ондай болса, жөні жоқ әңгімені көйітпей шаруаңды істе!
- Ей! Шынашақтай болып-ап, өзің қалай-қалай сөйлейсің?
- Өлген адам туралы тағы бірдеңені бықсытсаң, ренжіме!..
- Піштіру деппін саған!
Бір жолы кешкұрым шәйден соң ертоқымның кеткен жерін қайыспен қайып отырғам. Әлдене ақырып-бақырып үстіме қона кетті. Оп-оңай кім жан бергісі келеді. Жан ұшыра үстіме жабысқанмен қоса атып тұрып, әлгі пәлекетті жерге алып ұрдым. Тегі, бала күнімнен қазақша күрестен ешкімге дес бермейтінмін. Сөйтсем маған құбыжық болып қарғып жүрген әлгі әумесір екен. Қос қабырғасы сынып кетіпті. Өз обалың өзіне деп оны таяу жердегі стансаға арбамен апарып тастап құтылдым. Одан соң тағы біреуі келді, көмекке. Ол неме де баздың ішінде сенделіп жүрген кісінің сұлбасын көрдім, жылаған дауысын естідім деп, ақыры бір күні таңертең ізін суытты.
Сөйтіп күндер өтіп жатты. Малды қақпайлап шалы қораға беттеткен бетім еді. Баздың есігі қайырыла ашылып ішінен бір қара шықты. Менің көзіме де елес жеткен екен дедім. Осы біраз уақыт арасында қорқыныш атаулыға сонша төселгенім, үрейге бой алдырмай, атымды тепеңдеп таяп келдім.
- Здрасти сынок! – деп қолында күрегі бар, қый оюға келген ауылдың сар орысы тұр, екі езуі ыржиып. – Натерпелся, однако! Тебе надо героя присвоить...
Туған әкемді көргендей әлгі сары орысты құшақтай алып, солқылдап жыламайсың ба! Оқуды тастап кеткеніме осы сәтте қатты өкіндім. Сол күзде үйленіп, әлгі отарға өзім бүтіндей ие болдым. Менің малсақтық қасиетім одан ары дамып, ел арасында атағым да шықты. Бір қызығы балаларым оқуға құмарлық танытты. Олардың бірде-бірінің бетінен қақпадым. Жалпы, әр адамның кәсіптегі өз ұйқасы болады екен. Соны білдім... Иә, еңбек жолымды осылай бастап едім...
Share: