КӨК ТУЫМ ЖЕЛБІРЕСІН - 2
ӨКІСІКПЕН ӨТКЕН ЕШ ҒҰМЫР
(жалғасы)
Жасы сексеннен асса да әлі тың, сөзі саралы Сәуле Базарбайқызы (2014 жылы қайтыс болды) әке басына нәубет түскен кезде 3-4 жасар балақан екен. Қат-қат мұнар басып, соноу алысқа кеткен азапты күндерді апамыз көкірегі қарс айырыла еске алады:
- Әкем төрт ағайынды еді: үлкендері Мұхамеджан, Тілеулі және Құлахмет. Бауырлары Базарбай ұсталған соң оларда жан-жаққа бас сауғалай қашты. Мұхамеджанды қолға түсіріп, соттап, Қарағанды жаққа жөнелтті. Атылды ма, аман қалды ма онысын ешкім білмейді, хабар-ошарсыз кетті. Тілеулі де құрыққа ілініп, әйтеуір, 1935 жылы елге аман оралды. Құлахмет арғы бет асты.
Басынан өткен-кеткендерін әкем әңгіме-ғып көп айта бермейтін тұйықтау адам еді. Аз сөзділікке сол өткерген өмірі де төселткен тәрізді. Бірде 1920-21 жылдары соноу Ригаға барып, «Продпомощ» бойынша ашыққан ел-жұртқа азық-түлік әкелгені туралы айтқан болатын-ды. «Алаш-Орда» өкіметіне сіңірген еңбегі туралы осы аттас орталықтың шығарған кітабында аталады. Әкем кәсіби заңгер ғой, өкімет болған соң оның тәртібі, заңы демекші маңызды құжаттары сауатты жазылуы тиіс, менің ойымша соған қосқан үлесі де мол болуы керек.
Сонымен «Алаш-Орда» қайраткерлері бірінен соң бірі ұсталып, әкем де тұтқындалып, Алматыдағы түрмеге жабылды. Сол кезде есімді еміс-еміс білемін, шешем екеуміз кездесуге бардық. Сонда әкем түрменің тор терезесінен кішкентай шәй қасықты бізге лақтырған еді, талайға дейін сақтап жүріп, кейін жоғалттық. Сол бір көрініс әлі күнге дейін көз алдымда.
Әкемнің үстіне небір пәле-жала жамалған көрінеді. Тергеу кезінде беттестіруге бір қазақты әкеледі. Анау кірген бетте-ақ: «Е, міне, Мәметов Базарбай деген осы. Бұл Ойжайлау Лепсіде шекарашыларды аттыртып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген!» дейді. Осы арада тергеуші шығып кетеді. Сол мезетте: «Қарағым, сені танымадым, мені қайдан білесің?» деп сұрайды әкем. Ол: «Шынымды айтсам, Сізді танымаймын, бірақ осындай жала жап деп мені зорлықпен көндірді.» депті. Бұл сөзді сыртта тұрған тергеуші де естиді. Осы сияқты небір қитұрқы әдістерді қалай қолданса да әкемді жауырынына түсіре алмаған соң, жер аударып қана тынған тәрізді.
Мен үшінші құрсақ едім, алдыңғылары шетінеп кеткен, сіңлім - Әлия тоғыз айлық. Анам айтып отыратын: «Аяғы ақсақ, көзі соқыр бір қыз бер деп құдайдан тілегеніміз-сен »деп. Екеумізді Серікбай деген туған бауырының үйіне тастап, шешем Мәскеуге ЦК-ға жол тартты. Бір ай жүріп жетіп, Калининнің қабылдауына кіреді. Ол сондағы «қазақ бөліміне» сілтейді. Кремльдің маңында қазақтар көп екен. Шешемді танып, құрмет-қошамет көрсетеді. Қазақ бөлімін басқарған Тұрар Рысқұлов: «Сізді мұнда кім өткізді?» деп салқын қарсы алады. «Рұхсат қағазбен кірдім!» деп шешем де тайсалмайды. Арызбен танысқан соң: «Қайта беріңіз, жауабы артыңыздан барады.» депті. Ақыры әлгі арызға ешқандай жауап келмей, әкем этаппен жер аударылып кетті. Арып-ашып Мәскеуден оралған шешемді кішкентай Әлия жатырқап, жоламай әлек қылғаны бар-тын. Анам сол азапты сапарын еске алғанда Тұрар Рысқұловтың қол ұшын бере алмағанына кейіп, ренжіп отырушы еді. Төл ұлтына іші бұрса да мүмкіндігін шектеген «қызыл саясат» қанша арысты ақ жолдан тайдырғаны мәлім ғой, ақыры сол Тұрар Рысқұлов та сойылын соғысқан жақтастарының құрбаны болып кеткен жоқ емес пе.
1929 жылы біз де әке соңынан сапар шектік. Бар мүлкіміз қос шабаданға сыйды, оның ішіндегі құнды дүниеміз: шешемнің 12 алтын қасығы, білезіктері мен сырғасы және әкемнің портсигары болатын. Осы барымызды арқалап, екеумізді жетектеп, шешем де этаппен пойызға отырды.
Саратовқа келдік. Қала шетінде цемент және бөшке құрастырғыш зауыттары орналасқан екен. Төңірегінде үлкен алма бағы бар. Со маңдағы бір орыстың үйіне пәтерге тұрдық. Екінші қабатынан бір бөлме босатып берді. Әкем цемент зауытына қара жұмысшы болып орналасты. Анам өмірі ауыр мехнат көрмеген адам еді, әлгі бөшке зауытына шегелеуші боп жұмысқа тұрды. Кетерінде екеумізді сыртымыздан қамап тастайды. Сонымен не қазақ емес, не орыс емес халде шүлдірлеп өсіп жаттық. 1931 жылы анам тағы бір қызға босанды. Атын Русия қойды. 1932 жылы жер аударылған мерзіміміз тәмамдалып, бостандық алдық. Бірақ, ел жаққа бізге тиым салынған еді, өз бетімізше баруға қорықтық, содан Қарақалпақстанда тұратын шешемнің бауыры Серікбайды сағалай тұрғанды жөн көрді. Ол су шаруашылығында инженер боп істейді екен. Арал теңізімен пароход арқылы Арал қаласына жеттік. Одан ескекшілері бар қайық жалдап, Амударияның төменгі ағысымен Төрткүлге (қазіргі Нүкіс қаласы) бет алдық. Өзен суы тасқынды сәт еді, біздің қайықпен ілісе ағаш, бұта, томар қатар жарыса ағып, шешем марқұм: «Е құдайым, сақтай гөр!» деп жол бойы жалбарынумен болды. Күн қайнап тұр. Әбден масаға таланып, шимандай қотырға айналдық. Әкем бізді кезек-кезек суға шомылдырып қояды. Сөйтіп келе жатқанда Русияның көйлегін суға ағызып алдық. Қызыл көйлек еді, су бетінде көлкілдеп ағып бар жатқаны әлі жадымда...
Төрткүлде әкем ГПУ-ға аудармашы боп орналасып, шешем де көзі ашық оқыған адам еді, паспорт столына жұмысқа кірді. Ол кісі кезінде приходская школа, гимназияда білім алған және ескіше де хат тани білуші еді. Шыққан тегі Жетісу өңіріне белгілі - Нияз батыр, ал әскер оқуын бітіріп, офицер болған ағасы Қожамсейіт ақтардың қолынан қаза тапты ғой. Шешем сол жердегі тұрғындардың кейбір қылықтарын айтып күлдіріп отыратын: «Фамилияң қалай десең күйеулерінің атын айтады, ақыры көбісі солай жазылып кетті!» деп.
Осы кезде бұл жаққа да ашаршылықтың салқыны жетті. Көбіне тұзды балық қана жейтініміз әлі есімде. Қасымызда Мамыт деген диірменші тұрды. Соның бақшасында жайқалып өскен жоңышқаның дәнді басын орып әкеп, бізге дәрумен болсын деп көже жасап беретін-ді шешем. Екі жасарында Русия көз жұмды. Мектеп жасына жеткен шағым еді, оқуға баруға жарамай төсек тартып жатып қалдым. Мені де өлмейді деген жоқ. Ақ қағаздай болған құр сүлдерім. Сол тұста Мәскеуден бір дәрігерлер келе қалғаны. Мені жастыққа салып бәтеңкелеріммен салбырата көтеріп, көрсетуге апарды. Тұзсыз нан мен витамин беру керек екенін айтады. Ұн алуға ақша жоқ. Қолдағы бар қымбат заттарды айырбастап болған. Сонда жалғыз ғана алтын қасық қалыпты. Соны «торгсинге» өткізіп, «саған арнап жүруші едім, бір кәдеңе жарады ғой» деп бір пұт жоғарғы сорт ұн алады. Сол қасықтың арқасында жаным қалған сияқты.
Қойшы әйтеуір, ашаршылық та өтті. Бұның алдында бір өзбектің тоқал тамында тұрып жатушы едік, енді мелисаның казармасынан бір бөлме берді. 1934 жылы Роза деген сіңлім туды. Ендігі ол да өмірден өтіп, артында Гауһар, Мира жене Ермек атты балалары қалды. Гауһар Мырзабекова жер - әлемге есімі әйгілі өнер шебері, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы деген осы емес пе.
Әкем екі-үш жыл бойы еңбек демалысынсыз жұмыс істеген-ді, кейде бірнеше тәулік ГПУ кеңсесінде жатып та жасайтын. Бір жақсысы, соңынан аңдып, қудалау болған жоқ. Ұйқымыз тыныш. Сонымен бір жыл демалуға рұхсат алды. Ұшарға қанатымыз болмай, шіркін, топырағын бір бассақ деп жүрген елдің дәмі де бұйырған сыңайлы.
Алматыға келдік. Осында Орталық Комитетте әкемнің бірталай бұрнағы таныстары бар болып шықты. Әкем мен шешемді аса құрметпен қарсы алып, өкіметтің қара «Волгасымен» қыдыртып, талай қошамет көрсетті. Біз Мұхамеджан атамыздың үлкен ұлы Сәкеннің үйіне тоқтаған едік, біраз қонақ болып, енді Қапалдағы шешемнің сіңлісі Берсүгірова Дәмештікіне баруды шештік. Сұлтанбеков деген күйеуі сондағы веттехникумның директоры екен. Олардікінде бір айдай жаттық. Ағайын-туғандар елге қайтыңдар деп кеңес берді.
Төрткүлге оралған соң, есеп айырысып, Жамбыл қаласына ат басын тіредік. Серікбай нағашымыз да Төрткүлден ауысып, осындағы су шаруашылығында бас инженер боп істейтін. Ол бізді өз қанатының астына алды. Қала шетіндегі Татарка деген пұшпақтан пәтер еншіледік. Ата-анамның да өңдеріне қан жүгіріп, мерейлері өсті. Бірақ бұл қуанышымыз да ұзағынан сүйіндірмеді. Ол кезде ағайын адамдарға жұмыс бабымен араласуға тиым салынған-ды. Және әкемнің кешегісі кесе көлденеңдеп, тағы да алдынан шыққан тәрізді.
Сөйтіп әкемді Бурно-Октябрск деген ауданға «Райводхоз» басшысы етіп ауыстырды. Қазына иелігіне ауысқан байдың бау-бақшасы бар үлкен үйінде тұрдық. Жағдайымыз енді жақсара түсті ме деген де, 1937 жылы тағы қудалау басталды. Әкемді қайта-қайта әкетіп жатты. Екі-үш күн жоқ боп кетіп, қара түндей түнеріп тарығып оралады. Шешемнің екі көзі бұлаудай. Біз әлі жаспыз, ересегі мен - 3-ші, әлде 4-ші класта оқитын болармын. Бала болсам да жағдайымыздың мәз емес екенін іштей сеземін. Біздің үйде «Алаш-Орда» қайраткерлерінің Омск, Томскіде жүргендерінде түскен көптеген суреттері мен бірталай құжаттар сақталып жататын. Соның ішінде есімде қалғаны Сәкен Сейфуллиннің және басына тымақ киіп түскен Ілияс Жансүгіровтың суреттері еді. Солардың арасында шешем де бар, ол кісі әкем қатысқан жиындардың бәрінде де болған көрінеді. Тінту жүрсе тауып алып айғақ етер деп қорқып, анам солардың бәрін өртеп жіберді. Апырай, орыс немесе неміс құрбыларымның үйіне сол құжаттарды неге жасыра тұрмадым деп кейін өкінемін де... Әкемді ары тергеп- бері тергеп, ештеңе таңа алмаған болуы керек қайтарып жүрді.
1939 жылы шет ауылға учаске гидротехнигі етіп ауыстырды. Казанка, Самсоновка, Турксиб, Алексеевка деген және тағы басқа елді мекендердегі колхоздарға ат үстінде жүріп су таратты...
...«Ел тірегі – ер» демекші, халқымыздың маңдайына біткен не бір асылдар мен арыстар - сол сұрқы сұсты жылдары сұм саясаттың құрбанына айналды. Тірі қалғандары тірсегінен қиылып, біртуар қабілеттері бағаланбай «тірі өлік» боп, тума халқының арасында қасіретті өмір кешіп, шарасыздықтан іштен тынды. Жау жар астынан емес, өз ортамыздан-ақ табылып, «мәре-сәре» боп жатқанда нағыз жаудың алапат ойраны бір бүйірден киіп кетті.
Соғыстың алғашқы жылдары, жұлдыздары шынайы жарасып қосылған жан жары Зейнеп - ауыр науқас зардабынан дүниеден өтті. Жақсылардың арасында да жарқылдап жарасым тауып, қиын-қыстауда да қасынан бір елі қалмаған асыл жарынан айырылған Базарбай, енді, тек балалары үшін ғана өмір кешті. Кейпі көп пенденің бірі, іші – қайнар көзі ашылар-ашылмастан тапталып қалған тұйық тұма іспетті; сусағанға сусын болмақ түгілі, өз ерні кеберсіді. Естияр шаққа жеткеннен білім қуып, халқының қамын жер ұлы екенін ерте түсініп, еліне еркіндік пен теңдік тілеген арда арманы адыра қалды. Түйсігіне түрпідей тиген ұраншыл, жалаң саясат - Базарбайдың сауаты мен заңдылықты арқау еткен сындарлы көзқарасын қажетсінбеді.
...Лепсі кенті шетіндегі қалың зираттың бір бұрышында «Мәметов Базарбай-Алаш қайраткері» деген анықтама ғана қашалған қалқиған қара тас қараяды. Алпыс жылдан соң ата сүйегінің анық қай тұста екенін білмей, артындағыларының аңырап жүріп, жобалап тұрғызған құлпытасы – бұл.
Осыдан біраз жыл бұрын М.Тынышбаев атындағы қордың басы-қасындағы азаматтар мен Алаштың ардақты ұлдарының бірі генерал Ә.Болсамбеков бастаған бір топ зиялы қауым Базарбай Мәметовтың туысқандарының шақыруы бойынша Лепсі кентіндегі зиратының басына барып, рухына тағзым етіп қайтқан еді.
Базарбай Мәметов өмірінің аяғына дейін соңына от байланып, талай жердің дәмін татып, ақыры туып өскен Бөрлітөбе ауданына келіп тұрақтаған-ды. Бұнда әртүрлі шаруашылық жұмыстарда еңбек етіп, 1946 жылы 58 жасында қайтыс болды. Артында үйелмелі-сүйелмелі үш қыз қалған еді. Сол үш қыздың үлкені Сәуле апай. Бұлардан тараған ұрпақ мәуелі бәйтеректің бұтағындай жайылып, Гаухар Мырзабекова сынды немересі күллі музыка әлеміне аян.
Зиялылардың басы қосылған сол жолы «Халық жауы» деп нахақтан қарғысқа ілінгендердің бірі Мәметов Базарбайдың да рухы мен еңбегі қастерленіп, ол үшін де әділет таңы туар деген үміт оты оянған-ды. Ат төбеліндей ғана қазақ ұлтының алақанда аялар арыстары арасында есімі елеусіздеу қалған азаматты ел-жұртымен табыстыру жолын қарастырып, оның есімімен Лепсі кентіндегі атауы жараспай жүрген бір мектепті атаса деген ой туындаған болатын.
Кезінде «ақтың да», «қызылдың да» табасына ұшыраған арысымызды бүгінгі егеменді елінің ұлтжанды басшы азаматтары елеусіз қалдырмас деп сенеміз.
Share: