Ауылға сағыныш
Сағындым жусан исін жайлаудағы,
Жанымды кешегі түн-ай баурады.
Қара ошақ басында қара кемпір,
Түсіме енді: «Құлыным» -деп айланғаны.
Мен жалғызбын, ол дағы түндегі ай,
Қауыштырар бізді ылғи түнде құдай.
Ех, ауылым,сенен безіп қаланы аңсап,
Қадіріңді білмеген күндерім-ай!
Ақ жаулықтым үйреткен маған әдеп,
Сақтап жүр-ау, құрт- майын балама деп .
Қиын санап жүргенде ауыл ісін,
Тиын санап қалдық-ау, қалаға кеп.
Қасиетін даламның ұғындым кей,
Жүріппіз-ау, қадірін бұрын білмей.
Құтты күнде құдай-ау ,құрт атысып,
Құрта түстік астың да құнын білмей.
Білінетін бірден-ақ бітіміңнен,
Жан едік ауыл жайын жіті білген .
Жүрміз қазір қаланың газын жұтып,
Ауылдың қашып келіп түтінінен.
Тіл қатпастан жайыңды білген ымсыз,
Кетем десем...
Ауылым күлген үнсіз.
Сар далада сандалған салттығымды ,
Тар қалаға тоғыттым күрмеуінсіз.
Қала тек әдемі екен сүгіретте,
Арттық-ау, бұл шаһарға ғұмыр өкпе.
Ауылым саған барып арыздасам,
Тірлікті шер толтырған жұмыр етке.
Share: