Ауылымды сағындым!!!

19.11.2017 11382

Бойжеттімде, арман қуып аттандым мен қияға,

Студент боп, қол бұлғадым ауылым-алтын ұяма.

Қаладағы тіршілікті көре тұра, білгенім,

Жетпейді екен ешбір нәрсе кіндік кескен ұяңа.

 

Анашымның жылы жүзі, ес білгелі көргенім,

Әлі есімде, еркелікпен асыр салып күлгенім.

Әжетайдың «Тәйт!» дегенің, естіп алып бұртиып,

Үйге кірмей, барлығына өкпелеп те жүргенмін.

 

Атам сонда, шақыратын «келе қойшы қызым!»-деп,

Бір жылулық болушы еді, қараторы жүзінде.

Маңдайымнан бір иіскеп ап, беруші еді қолыма,

-Қане, қызым ала қойшы, міне саған жүзім!-деп.

 

Шашты өріп, бантик тағып мектепке де барушы ем,

Достарыммен ойнап-күліп бірге әнде салушы ем.

Кейбір балдар бұзық болып, мазақтаса ашумен,

-Мұғалімге айтамын!- деп, өзімше боп қалушы ем.

 

Үйге келсем, дастарханда құрт, бауырсақ тұратын,

Әжем отыр, төр жағында сапырып ап, шұбатын.

Әжетайым ұрысар деп, ойладым ба, білмеймін?!

Анашыма ымдап тұрып, бір кесе шұбат сұраттым.

 

Ауылым-ай, түлеп ұшқан саған ерке перзентпін,

Сенде алған тәрбиеммен қылықты боп бойжеттім.

Кең далаңның төскейінен еркіндікті жинаған,

Қырандай боп, арманымның биігіне мен жеттім.

 

Сағынамын, сағынышым жүрегімді жылытты,

Деп ойлама, -Мына қызым мені мүлде ұмытты!

Оқуымды бітірген соң саған қарай аттанам,

Жастарына үлгі берер, маман болам білікті!

 

Ауыл деген-қымбат екен, менде енді түсіндім,

Қайнар көзі тек өзіңсің «ақын» деген күшімнің.

Сен-музамсың, сен-жырымсың, өзің болдың бастауы,

Туған жер!-деп жүріп келген менің тылсым күшімнің.

Share: