Қалам ұшындағы ғұмыр

02.06.2017 6110

Ауыл адамдары Темірхан Жаппаровты «ауыл энциклопедиясы» деп атайтын, өйткені ол орыс тілінің маманы бола тұра ауыл тарихын зерттеп зерделеп жүретін. Әсте, бұндай қасиет елін, жерін сүйген адамдарға ғана тән шығар. Осы жерде Никольское селосының тұрғыны тарих пәнінің мұғалімі марқұм Ескендіров Есләмбекті де атап өтуге болады, ол ықылым заманнан бабасы Ботайға шұрайлы қоныс болған жердің тарихи қоныс екенін дәлелдеп оны бірінші ашқанын және ол тарихи орынды «Ботай» деп атап тарихта қалдырдым дегенін өз аузынан естіген едім. 

Темірхан ағаймен кездескен уақытта сұхбатымыздың басы ауыл тарихынан басталатын. Ол «Доктор Құсайын» есімімен Айыртау өңіріне танымал Құсайын Темірбековтің ауыл балалары үшін орыс мектебін ашқанын және оның шәкірттері Жұмағали Тлеулин мен Біләл Малдыбаев Алаш -Орда мүшесі болғанын, сондай-ақ олар халық ағарту саласына елеулі еңбек сіңіргенін атап өтетін. Сондай-ақ, 1927 жылы Біләл Малдыбаев Қаратал ауылында аймақаралық мектеп ашқанын және осы аталмыш мектепте есімдері елімізге танымал қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков, ақын-жазушылар: Табылды Кенжетаев, Жұмағали Есекеев, Мамантай Ементаев сынды тұлғалар оқығанын және осы аталмыш мектепті Нұржан Әуелбековте басқарғанын мақтанышпен айтушы еді.

Бірде ол сұхбат барысында репрессияға ұшыраған ауыл азаматтарын еске алып «менің жүрек түкпірімде Смағұл атамның айтқан бір үзік сыры жатыр оны «қалам ұшындағы ғұмыр» деп атасам да болады. Ал енді еліміз тәуелсіздік алды, қоғам өзгерді, ойымызды еркін айтатын заман туды атам айтқан сырды жариялауға болатын шығар, - деп сөзін әрі жалғастырып:

- Атам Смағұл ауылдың қарапайым шаруасы тұғын. Шау тартып колхоз жұмысынан қалса да, ескі дағдысымен белін бүкпей үйдің жанында шаруамен айналысып жүргені. Мен оның көмекшісімін атам соған мәз. Дегенмен адам ғұмыры өлшеулі ғой атамның денсаулығы кілт етсе әрқашанда жанынан табыламын. Сол кезде атам құс жастығын басына бүктей жатып, өмірінің сан қилы кезеңдері туралы айтқан естеліктерін ынтамен тыңдаймын.

- Балам,- деген бір күні,- 13 жасқа толдың ондай баланы қазақтар «отау иесі» деп атайды. Яғни ақ пен қараны айыратын жастасың. Мұны айтып отырған себебім менің жұрттан жасырған құпия сырымды сенімен бөліскім келеді. Алла жазып есейіп менің айтқанымды таразыларсың, ол кезде заман да өзгеріп шөберелеріме атаң туралы айтарсың.

Ал тыңда балам, мен соғыс қарсаңында мектепке атқосшы болып орналастым. Сол кезде Қаратал жеті жылдық мектебінің директорлығына Біләл Малдыбаевпен үзеңгілес қызмет еткен Нұржан Әуелбеков тағайындалған еді. Жас келсе іске емес пе, келе сала оқу үрдісін жандандырып әкетті. Көп ұзамай соғыс та басталды. Сол кезде ел бар күш-жігерін жеңіс жолына жұмылдырды. Нұржан да оқушыларды жұмысқа өзі бастап барып егістік алқабында жүретін. Солай бола тұра балалардың оқуы ақсамасын деп оқушыларды класс класспен жылжымалы кесте арқылы жұмыс істетіп балалардың оқуына жағдай жасады. «Соғыс бітер, ал балалардың сауатсыз қалғаны дұрыс болмас» деп айтатыны есімде.

Сондай-ақ Нұржан, ауылдың қоғамдық жұмыстарына да атсалысты. Майдан даласынан «қара қағаз» алған отбасылардың қайғыларына басу айтып, қолынан келгенше қолқабыс жасап жүретін. Жаны жайсаң зиялы азамат еді. Қызметін абыроймен атқарып, ел алғысына бөленген оны күндеушілер де табылды.

Бірде жұмыстан кештете келіп асқа отыра бергенім сол еді, терезе тақылдаған соң сыртқа шықсам жақын туысқаным келіп тұр, жүзінде үрей. «Не болды?» деймін «Ешкім мені көрмесін деп әдейі түн жамылып келіп тұрмын, кеше бір топ адам Нұржанды қаралап облыс басшыларына жасырын домалақ арыз жолдағанын естідім, Нұрекеңді жамандыққа қимаймын, әйтсе де олардың хаты Петропавловск қаласына әлі жете қойған жоқ шығар, сондықтан сен оған басына төнген қауіпті ескерт, ақылды кісі ғой, бір амалын табар. Ал, бұл әңгіме арамызда қалсын», - деді де қараңғылық құшағына сіңіп жоқ болды.

Мынандай күйіп тұрған заманда Нұржанды қаралаған адамның кім екенін ішім сезеді, бірақ оған істер амалың бар ма!?. Өйткені осындай қарау адамдардың кесірінен ауылдың арыстай бес азаматы 1937 жылы «жалған жаламен» тұтқындалып, із-түссіз кеткен болатын. Мен суыт хабарды ести сала лезде Нұржан үйіне бардым. Үй-ішінің жарығы сөніп ұйқыға жатқан екен. Ойланып тұратын уақыт па, есікті тақылдаттым. Сыртқа шыққан Нұржан мені көріп «ау, Сәке не болды, тиыштық па?» деп таңданып қалды. Мен жаманат хабарды айтып «қазір қай жерге барайық десеңде мен дайын, өзіңіз бір амал қылыңыз» дедім. Нұржан жағдайды тез түсініп, жылдам жиналды. Біз түн қараңғылығын жамылып Қызылжар қаласына жүріп кеттік. Астымдағы атыма сенімдімін, өйткені ол талай аламан жарыстарда жүлде алып жүрген сәйгүлік ат болатын. Қаңтар айы. Табиғатта бізді қолдағандай лүп еткен жел жоқ. Бағымызға қарай айлы түн, қар да қалың емес.

Ауылдан Қызылжарға дейін 200 шақырымдай жер. Ежелден екі аралыққа жүріп үйренген мен төтелетіп отырып таң ата шаһарға жеттім. Нұрекең бірден аттың басын облыстың пошта үйіне бұрғызды. Мен атымды отқа қойып Нұржанды сыртта тосып қалдым. Таң ата кеңсеге кірген Нұржан түске қарай поштадан көңілдене шығып «Сәке, бұл жұмысты ыңғайладым, пошта басшысы таныс кісі еді, - деп сырын шашпай жымиып қойды. Мен де арыстай жігіттің аман жүргенін қаладым.

Содан үш күндей Қызылжарда жаттық. Нұрекең обком партияда, облисполкомдағы қажетті жұмыстарын реттеп қана қоймай Ленин орденін кеудесіне тағып елге оралады. Ленин орденін алғаны туралы жаңалық шағын ауылға тез тарады, халық оған қайырлы болсын деп айтып жатты, ал қараулардың аузына құм құйылды.

Иә, балам осылай шамам келгенше қалам ұшымен келген уыттың бетін қайтарып, жақсы адамның атын өшірмеуге сеп болдым. Екінші жағынан балаларына «халық жауының» баласы деп озбырлық танытса, олардың болашағына балта шабылады емес пе. Әйтеуір ауыл адамдарының ауызбірлігінің арқасында жаманаттан құтылдық. Бірақ, өкінішке қарай Нұржан басқа мектепке ауысып кетті, жақсы адам еді, - деп атам үндемей көзіне жас алды.

Осылай түн жамылып отырып сырын ақтарған атаммен 1950 жылы жаздың жайма –шуақ күні мәңгілікке қоштастым...

Нұржанның баласы Еркін Әуелбеков 1968 жылы Көкшетау облысының 1 хатшысы болып тағайындалды. Ол Қаратал ауылына 1969 жылы ақпан айында келіп, ауыл адамдарымен кездесу өткізді. Шынында ауыл құрудың аз-ақ алдында тұр еді. Ол біздің үйге соғып, Смағұл әкеме құран бағышылатты. Еркін өткен күндер туралы тіс жармады, бірақ оның жүрегінде әкесінен естіген естелігі сақтаулы екенін сездім. Еркін Әуелбеков 1969 жылы 23 тамыз күні қоңсы қонған алты қазақ ауылының басын біріктіріп «Қаратал» кеңшарын құруға жарлық шығарды. Қаратал ауылы кеңшардың орталығы болды. Еркін Әуелбековтың арқасында қазақ ауылдары жойылмай қанат жайды. Шіркін, Еркін ұлтжанды азамат еді ғой, - деп айтқан Темірхан ағай бүгінгі күні арамызда жоқ. Ол атасының құпия сырын жарияласаң да, жарияламасаң да еркіңде деп маған рұқсатын берген болатын. Топырағың торқа, жаның жәнәттә болсын, Темірхан аға.

Share: