«МЕН» ЖӘНЕ «БІЗ»

24.11.2017 6094

   Қарашаның 23-і күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Астана қаласының «Жастар театры» 2017 жылдың Елорданың  төл перзенті – Астана Жастар театры мен театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылық әлемінен жан-жақты сыр қозғалып, көркем тілмен байыпты сараптама жасалатын өнертанушы-журналист  Назерке Жұмабайдың  «МЕН» және «БІЗ»  атты егіз кітабының (twinbook) тұсаукесері болып өтті.

         Егіз кітаптың (twinbook) «МЕН» деп аталатын І бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылық әлемінің қыр-сыры жан-жақты әңгімеленген. Өнер иесінің, актерлік пен ұстаздық жолынан бөлек, әсіресе, режиссура саласындағы өзіндік қолтаңбасы, яғни театр әлеміндегі соны сүрлеуі – шығармашылық «Мені»  тереңнен талданып, бейнелі тілмен көркем сараптама жасалған.

         Ал  «БІЗ» деп аталатын ІІ бөлімінде биыл тарихына 10 жыл толып отырған елорданың  төл перзенті – Астана қаласы Жастар театрының  құрылу мен қалыптасу жолы кеңінен баяндалған. Жастар театрының соңғы 10 жыл көлемінде қазақ театр өнерінің дамуы мен жалпы шығармашылық деңгейіне қосқан үлесі театр репертуарындағы спектакльдерге арнайы сараптама жасала отырып, баға берілген.

         Қазақконцерт өнер бірлестігінің бас директоры, Философия ғылымдарының докторы – Асхат Маемиров кеш үйлестірушісі болып, Ұлы Тұлға – Нұрқанат Жақыпбай туралы әдемі әдеби естеліктер мен ғылыми баяндама оқыды, тұлғаның театр төңірегінде жасаған реформаларына тоқталып өтті. Осы қасиетті шаңырақты әдеби-мәдени кештер өтетін «КІТАПХАНА ҮЙІ» деген атты қалыптастырған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Басшысы – Мұңалбаева Үмітхан Дәуренбекқызына алғыстарын білдірді.

   Кештің құрметті қонақтары болып келген көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты – Роза Мұқанова және белгілі режиссер, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері – Нұрқанат Жақыпбай кітаптың тұсауын кесіп, Назерке Жұмабайдың алғашқы кітабының тұсаукесерімен құттықтады. Жас театртанушыға театрдың жілігін шағып, майын ішкен қос алып, театр тарланы мен әдебиет анасы ақ батасын берді. Өнертану ғылымдарының кандидаты, ҚазҰӨУ-нің доценті, профессор, өнертанушы, киносыншысы – Назира Мұқышева сөз алып, өнерді зерттеп, оны кітап қылып шығару үшін үлкен махаббат керек екенін тілге тиек етті:

  • Бұл жарыққа шығып отырған кітап – театрға деген махаббат, сахналанған қойылымға деген махаббат, сахна саңлақтарына деген махаббат, суреткерге, ұлы режиссерға деген махаббат екені сөзсіз! – деп, барша өнерсүйер қауымды театрдың құнды деректерінің жарыққа шығуымен құттықтады. Тұсаукесердің жанға жылулық сыйлайтын, рухани азық беретін, әдемі әдеби кеш болды!

         Кітап өнер саласындағы оқу орындардың студенттері мен ұстаздарына және жалпы театрсүйер көпшілік оқырманға арналған.   

Share: