Жаңа астанаға қош келдің, қазақ жасы!
- Ал, ХХІІ-ші ғасырдағы Қазақ Елінің астанасына қош келдіңіз, жігітім! - деді көзілдірікті қарт дәрігер қолын созып.- Бұл 3054 жыл!..
Әмір қатырылған денесін қайта қалпына келтірген Әбу-әли ибн Сина атындағы ұлттық клиникадан сыртқа шыққанда өзінің мүлдем жаңа ғасырдың табалдырығын аттап енгенін анық сезінді. Көркіне көз тоймас әсем қала. Ұлттық нақыштары көзге оттай басылған зәулім үйлер, түр-тұрпаты бөлек көліктер.. Қызылды-жасылды түске боялған қаланы қақ жарып аққан көгілдір өзен.
- Газет оқыңыз!-деді оны сыртқа ерте шыққан клиника қызметкері, сөйтті де жауап күтпестен қарсы алдында тұрған әдемі темір бағандардың бірінің түймесін басып қалғанда, бірнеше газет атып-атып шықты.
Әмір әлгі адам ұсынған “ҰЛТ ҮНІ” газетін қолына алып, бірінші бетіне көз жүгірткен еді, кенет өзінің суреті шыға келді. “Өткен ғасырдан келген қонақ” деген тақырыбы ірі-ірі әріптермен менмұндалап тұр.
“Апырау, менің тірілгенім жаңа ғана емес пе еді?” – деп іштей таңдана бергені сол еді : “Сіз осыдан тура 2 сағат 15 минут бұрын “оянғансыз”. Бұл газеттің тілшілері сізді сол заматта суретке түсіріп әкеткен” - деді қасындағы серігі мұның ойындағысын айтқызбай-ақ түсініп.
- Ә, әне олардың өздері де келе жатыр,- деп жолдың арғы жағынан
өздеріне қарай бұрылған екі жас жігітті нұсқады.
- О, қош келіпсіз, Әмір-әріптес!.
Екеуі жарыса амандасып жатыр.
- Кешір, біз өте асығыспыз, жол-жөнекей сөйлеселік,- деген еді бір кезде ересектеуі қайдан пайда болғаны белгісіз қарсы алдында тұрған шар тәрізді көлікті көрсетіп.
- Кәне, енді танысайық, достым! Әлгі ересектеуі көгілдір түсті
көлік орнынан сырғып қозғалғанда қолын ұсынды.
- Менің есімім – Ілесбек, ал мынау серігім Шынтас.
Осы кезде Шынтас тіл қатты : Көңіл-күйің қалай , Әмір?
- Жаман е-е-е-емес!-деді Әмір аң-таң күйінен әлі де арыла
алмағанын жасырмай.
- Е, екі сағат бұрынғы суретіңді газеттен көріп таң қалып келесің
ғой, сірә? - деп жымиды Шынтас. – Оның еш құпиясы жоқ, біз сенің Астанаға келетінің туралы алдын-ала есітіп, жұрттан бұрын жеттік те, хабарды газет басылмай тұрып жіберіп үлгердік. Ал қазір газеттің түскі шығарылымына жедел хабар дайындауға кетіп барамыз.
- Тұра тұрыңыз, сонда қалай өзі?.. Газетіңіз бір күнде екі рет шыға
ма? Астанада мұндай қанша газет бар?
- Екі рет емес, төрт рет шығады,- деді Ілесбек. - Өйткені қандай да
бір хабар не оқиғаның жедел халыққа тарауы – бірінші шарт. Ал газеттерді санап көрмеппін. Кез-келген әлеуметтік топқа, мамандыққа, әрбір адамның талғамына арналған басылымдар бар.
- Ал сонау Испаниядағы болған оқиғаны қалай жедел нөмірге
бергенсіңдер?
- Әлемдегі барлық БАҚ-тар біртұтас ақпарат кеңістігіне біріккен.
Осы кеңістіктегі ақпарды кез-келген ел қажетіне жарата алады. Әрине, бір ортақ кеңістікте орналасқан соң БАҚ арасында үлкен
бәсеке болары сөзсіз. Алайда баспасөздің бірінші ұраны – хабарды халыққа ұзынқұлақтан бұрын жеткізіп беру. Міне, бар болғаны осы!-деп жауап қайтарды Шынтас.
- Ал, жаңа айттық қой, газетіміздің бір күнде төрт саны шығады
деп. Соған қазір өзің куә боласың. Редакция тапсырмасы бойынша түскі шығарылымға жаңа хабарды үшеулеп жасаймыз,- деп Ілесбек Әмірдің қолын салтанатпен қысып-қысып қойды.
Ендігі сәтте үшеуі мінген ерекше көлік өз жылдамдығын арттыра түсті.
Ғажайып қала алақандағыдай ап-анық көрінді.
Share: