Менің әжем
Әкем 49 мүшел жасында дүние салғанда, мен небәрі 10 жастағы бала едім. Есім кіріп қалса да, оны өлдіге қимадым. Сырттай еңіреп жыласам да, үйге жарқ етіп кіріп келетіндей іштей елегізідім... Мәйітті кебіндеп, кілемге орап жүк машинасына салғанда ғана санамда «Мәңгілікке айырылдым-ау» деген ой қылаң берді. Бірақ ішкі түйсігіме қарсы шығып, мәйітті ортаға алған қаралы топпен бірге зират басына бардым. Туыстарым, бірге туған ағаларым тұнжырап төмпешікке топырақ салғанда ғана жүрегім солқ ете қалды. Әкемнің қазасында оның шын аты Ертай емес, Ерғайып екенін білдім. Мәйіт оң жақта жатқанда құран аударған молданың «Ерғайып Қайырханұлының аруағына бағыштадым» деп атағаны әлі күнге дейін көкірегімде сайрап тұр.
Бертін Ерғайыпқа бой үйрете бастағанда, әкемнің төлқұжаты қолыма түсті. Бұрын әке-шешеміздің құжаттарына мән беріп, кім қараған? Отыз жылдан соң, бойымды сағыныш билеп, төлқұжатын оқысам, онда «Ергазин Василий Андреевич» деген жазу тұр. Әкем марқұм көзінің тірісінде бізге құжатын көрсетпек түгіл, Алтайдағы есімін ауызға да алған емес. Тіпті, орыс мектебін бітірсе де, бізбен орысша тіл қатыспапты-ау...
1928 жыл. Қазақ даласына жаңа өкіметтің енді орнай бастаған кезі. Әлдекімдердің түртпектеуінен Шоқтал ауылы жанындағы «Таналар мекені» атамыз Қайырханға пана болмай, ол бәйбішесінен туған, ендігі отау көтерген екі ұлы: Атахан мен Керейді елде қалдырып, он төрт жасында қырық жетісін беріп, айттырып алған Күлшат тоқалымен бірге (біздің әжеміз) Алтай өлкесі Құлынды ауданындағы Новопокровка (қазақша Бөрте) ауылына көшеді.
Жаңа қонысы туралы әжемнің естелігінен: «Өмірі танып-білмеген Бөрте ауылына көшіп келдік. Бәрі бейтаныс адамдар. Қайырханнан басқамыз бір ауыз орысша білмейміз. Тұңғышымыз Айтқали, одан кейін Ораз деген қызымыз дүниеге келді. Ертай (біздің әкеміз) дүниеге келіп, қырқынан шығар-шықпастан Қайырхан аталарың көз жұмды. Жат жерде үш баламен жесір атану маған оңай тиген жоқ. Ол уақытта қазақ әйелдері ерлеріне арқа сүйеп үйренген ғой. Ақша табу, оны ұқсатудың ретін біле қоймаймын. Елден жырақта жүрсек те, ағайыннан қол үзбеген едік. Қайырхан аталарыңның жылын берген соң, әулет ақсақалдары өзара кеңесіп, мені Қайырханның жамағайын туысы, Ерғазының Жанағына қаратты. Жанақ Қазақстандағы ақсирақ ашаршылықта әйелінен, балаларынан көз жазып қалған азамат еді. Ақсақалдардың ұйғаруымен бас қосып, көшке ілестік.
Айналамыз толы орыстар, обалы нешік, отағасының қазасын бізбен бірге бөлісіп, қызыл қарын, жас балаға жандары ашитын. Кейін Жанақпен түтін түтеткенімді көріп, түсінбей, аңтарылып қалды. «Қазақтың әмеңгерлік салтымен қосылдық», дегенімізге қайсыбірі тіпті, үрке қарады.
Кейінгі шалым шаруаға ұсынақты болып шықты. Қайырханнан қалған малға ие болып, оның балаларын кеудеден итермеді».
Ертай қарақанаттанып, аяғын апыл-тапыл басқанда, әжеміздің аяғы ауырлап, Күлбай, одан кейін іркес-тіркес Ажар, Жаңыл, Айтжамал атты қыздары жарық дүние есігін ашады.
Өмірдің ағысымен балаларының алды жетіліп, мектепке барады. Қара орман орыстың арасында күнелтіп жатқан жалғыз қазақ отбасына кім таңдау берген? Қаласын, қаламасын – әжеміз балаларын орыс мектебіне береді.
Қазағы жоқ ортаға тап болған әжемнің үш баласы – Айтқали, Ораз және әкем Ертай бастапқыда орысша түсінбей, мұғалімдерді біраз әуреге салса керек. Алайда «Оқытпаймыз, алып кетіңдер» деп үзілді-кесілді бас тартпаған.
Тілдік орта қайткенмен өзіне бейімдейді емес пе? Орта буынға өткенде, балаларының орысша сайрап кеткені әжеме ұнамай қалады. Мінез-құлықтары да өзгерген секілді ме, қалай? Қазақ балаларындай ата-ананың көңіліне қарау деген жоқ, бетке айтып салады. Оның үстіне Айтқалиы «Анатолий», Ертайы «Вася», Оразы «Рая» болып кетсе, әжем күйзелмегенде қайтсін! Байқайды, балалары бастапқыда «жаңа есімдерін» мойындамаса да, біртіндеп бой үйретіп келе жатыр. Ертайы «Вася» дегенде жалт қарайды екен. Мұғалімдерді кінәлайын десе, қолдарына тапсырған тағы өзі! Діңкесі құрыған әжеміз шарасыздан «оқтау» педагогикасына жүгініпті.
«Біз үйде бәріміз қазақша сөйлейміз. Ауладан ары шыққанда, жаңа әлемнің есігі ашылады. Мектепте сабақ орыс тілінде өткізіледі, яғни апамның әмірі жүрмейді. Кейде мектептен кейін үйде баяғы әдетімізге салып, әке-шешеміздің жақтырмайтынын біле тұра орысша шүлдірлеп кетеміз. Әке-шешеміз де бізге ескерту жасаудан жалықты ма,кейін олар да жаңа әдіске көшіп алды. Дастархан басында немесе үй ішінде аузымыздан орысша сөз шықса, бітті дей беріңіз! Басымызға темір күрешке сарт етіп тиеді. Әшейінде біз үшін жанын беруге даяр әкеміз мұндайда қабағын да шытпастан көрмегенсіп отыра береді. Темір күрешкенің басыңа сарт-сұрт тигені қайбір жақсылық дейсің, жан тәтті, енді өз-өзіңнен оны дарытпаудың амалын ойластыра бастайды екенсің.Оның бір-ақ жолы бар: әке-шешеміздің алдында тек қазақша сөйлеу!»- деп әкемнің кенже қарындасы Айтжамал анасының қаталдығынан қазақтығын сақтап қалғанын мойындайды.
Таман орыстың ортасында жалғыз қазақ отбасы болып отырғаны әжемді мойыта алмаса керек. Кейде ұлттық мүддеге, яғни салт-дәстүрді сақтауға келгенде, нәсілі момын Жанақ атамыз тайсақтап: «Күлшат, шаңыраққа қара! Біз өз елімізде отырған жоқпыз!» - деп жергілікті халықтың ығына жығыла салуды сұраса, адуынды әжеміз одан сайын өршеленіп, өз дегенінен қайтпайды екен.
«Руыңды қорғаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды қорғаймын десең, қызыңды тәрбиеле», деген ұстанымдағы әжеміз ұрпағының келешегіне алаңдайтын. Қыздарының шашын өріп, кесте тігуді, тоқуды, қонақ келгенде, қой сойып, оны мүшелеп, табақ тартуды үйретеді.
Көршілерін таңғалдырып, бес уақыт намазын қаза қылмайды. Ерінбей-жалықпай, көктемде уыз, жазда құрт қайнатады.
Елуінші жылдары ағайын-туыс жиылып, әжемнің тірегі, бес қызының әкесі Жанақты мұсылман ғұрпымен соңғы сапарға шығарып салады.
1955 жыл. Қызы Оразды Дәуреш атты қазақ жігітіне жігітіне ұзатқан әжеміз 24 жасқа қараған ұлы Ертайды үйлендіру қамына кіріседі. Орыс деревнясында қазақ қыз қайдан табылсын. Сол жылдың жазында әжеміз төркін жұрты - Керекудің Есілбай ауылында тұратын өзінің бөле сіңлісі Гүлбануға қонақтап барады. Бұл сапарының да мәнісі бар: Гүлбанудың үйіндегі Бәтима, Қадиша, Рахима атты қыздар тұрмыс құратын жасқа жеткен. Алдында қыздарды сыртынан көрсеткенде, Ертайы ірі денелі, ақсары, көк көз Қадишаны ұнатқанын сездірген еді. Гүлбануға базынасын айтқан Күлшат туыстығын алға салып, ыңғайы келсе, қызды осы жолы алып кетуге бейіл екенін білдіреді.
Ертеңіне он алты жасар қызға шәлісін жамылдырған Күлшат ат-арбамен Алтайға жол тартады.
«Вася, Вася,үйіңе қайт! Әжең Қазақстаннан сенің қалыңдығыңды әкелді!» - деп егін басындағы орыстар әкеме сүйіншілей жеткізіпті.
«Кешке жұмыстан кейін үйге кірсем, көрген, шашы ұзын, әдемі қыз шымылдықтың ішінде отыр. Апам: «Ертай, сенің қызға сөз салғаныңды қашанғы күтемін. Қалыңдығыңды өзім барып алып келдім!» - деді салған жерден. Апамдікі қашанда жөн ғой. Сөйтіп, ауылдың сұлу қыздарын қапыда қалдырып, аяқасты үйлендім!» - деп әзілдейтін әкеміз.
Әкемді аяқтандырған соң, оның қарындастарын да қазақ жігіттеріне ұзатады.
Әкем мен анамның тұңғышына азан шақырып қазақша «Жиянша» деген есім береді. Немеренің алды дүниеге келгенде, әжем елге көшуді ойластырады.
«Бұл уақытта Қазақстанмен салыстырғанда Алтайдағы тұрмысымыз көш ілгері болатын. Мал ұстаймыз, бау-бақша егеміз. Киім-кешек, азық-түліктен тарыққан емеспіз. Бірақ орыс деревнясында немерелерім ұлттық салт-дәстүрден ажырап қала ма деп қауіп қылдым. Бұрынғыдай емес, ендігі күш-қуатым да қайтқан. «Есің барда, еліңді тап!» демекші, атамекенге қоныс аударуға шешім қабылдадым» , - дейтін әжем.
1960 жыл. Әжем өзі бас болып, азаматтық іс жасап, Ертайын отбасымен ағайын-жұртымен табыстырады.
Нардың жүгін арқалаған Күлшат әжем ағайын алдындағы аманатын орындап, осылайша бір үйлі жанды орыстандырудан аман сақтап қалады. Бұл істі ешкімнің әмірінсіз, жүрегінің қалауымен орындады.
Share: