Менің екінші теоремам

05.12.2017 6594

                              Менің екінші теоремам

         Салқын күз. Елең еткен сары жапырақтар тамшылаған ақ жауыннан қорыққандай бұтақтарына жармасады. Салқын лепті жүрегім де сезіп тұр. Айналамен қоса бойымды да күзгі мұз басқандай. Жарқыраған аспаннан түскен алтын күннің шуақтары жанымды жылыта алмаса да, мен отырған саябақты әніне тербейді. Табиғаттың тылсым күші мені елітіп, махаббат күйін жырлатуда. Жаңбырдың астында жауһар тас бардай малмандай су болып отырмын. Оның әр тамшысы менің шексіз сезімімді, ең алғашқы пәк махаббатымды есіме түсіреді. Бақта ойнаған бейтаныс әуен, ұясында көздері жәутеңдеп сайраған құстар, мені шалғай күндерге жетелеген сары ағаштар, бозғылт аспан, жаңбырлы күні суықпен арпалысқан нұрлы сәуле...

         Бір сәтке көзімді жұмдым. Бүгін мен үшін сиқырға айналған жұмбақ күн. Кезекті он бірінші жыл, он бірінші қазан. Он бір жыл алдын жат бозбаланы дәл осы күні кездестірген едім. Дәл осы сағат, дәл осы минуттар... Көзімді аштым. Он бір жылға жасарып, жүзіме күлкі үйірілді. Мен сүйген бақша, мен сүйген гүлдер, мен сүйген әсем әуен.... Шуақты күннің сәулесімен әрі-бері ойнап, оған ерекше еркелеудемін. Аспанға көз тастағанымда көк аспан жаймен қарауыта бастап еді. Міне, жел де ойнады. Жан-жағыма алақтап, таныс жан іздегендей сыңай таныттым. Жаймен адымдап, баяғы хикаямды тамашалауға бара жатырмын. Оның әрбір бөлігі менің жадымда...

 – Қайырлы күн, достар! Сіздермен бірге «Таңғы арай» бағдарламасында мен Луиза Дастанқызы. Өздеріңіз көріп тұрғандай біз бүгін әсем қала Алматының ең әдемі саябағындамыз. Бүгінгі қонағымыз атақты әнші Естаева Құралай Әшірбекқызы...

Тікелей эфир. Жан-жағымда маған төнген камералар. Саябақта басты қонағыммен серуендеп, әңгіме құрудамын. Иә, мен журналиспін. Бір қызығы, өзімді тым жоғары  қоямын, ең күшті, ең әдемі, ең танымал тележүргізуші сияқтымын өзіме. Ешқашан қателеспейтін сияқтымын. Бірақ бүгін емес. Көзім қарауытып, ойымды жинақтай алар емеспін. Басым айналып барады. Ешбір сұрақ та қоймадым. Ұзақ кідіріс. Қолдарым дірілдей бастады. Жүрегім сыздап, жылап жіберердеймін. Неге? Шаршадым ба? Алдымнан «жалғастыр, тоқтама, Луиза, саған не болды?» деген сөздерді еміс-еміс естудемін. Көзімді екі қолыммен қыстым да, ұстап отыра қалдым. Қонағым не істерін де білмей қалды. Операторлар дереу камераны сөндірді. Бас маман бұйрығын шығарды.

 – Стоп. Болды, жетер. Луиза, бермен кел. Не десем екен, бүгін басқаша болып отырсың. Бір емес, бірнеше рет қателестің. Білем, тікелей эфир. Саған ауыр тиеді. Қобалжып, қорқып тұрған шығарсың. Бірақ бүгінгі күннің жауапкершілігі тым жоғары. Өзіңді қолыңа ұста. Дауысты анық жеткізе алмай жатырсың, ойың тым басқа жақта. Құралай ханымнан ұят қой. Кішкене эмоционалды жауап қайтарып отырмаймысың. Денсаулығың сыр беруде ме? Қазір 10 минуттық үзілістен кейін, сенің орныңа екінші бөлімшедегі жүргізуші шығады. Сен демал. Шаршаған шығарсың.

 – Мырза. Бұл не дегеніңіз? Мен...мен... мен бәрін жөндеймін. Маған бір мүмкіндік берсеңіз... бәрін жөндейм... Шын айтам..

 – Болды. Бара ғой!

 – Мырза! Осы уақытқа дейін мен ғана жүргіздім. Бұл – үлкен қателік!

 – Баста ойлану керек ед. Келесіде шығарсың. Айтқан тілді алсаң, өзіңе жақсы. Мен сені мүлдем жүргізбейсің деп жатқам жоқ. Егер қазір жүргізушіні өзгертпесек, бағдарлама тым қызықсыз болып барады. Бұл уақытша, ары қарай көре жатармыз. Бар енді.

 – Бірақ...

 – Сәлеметсіздер ме! Кешіккеніме кешірім сұраймын. Айыпқа бұйырмасаңыз, жұмысқа кірісейін.

 – Танысып қой, жаңа жүргізуші – Сәкен Алмырза.

 – Сәлем, Луиза. Өмірде тым басқаша екенсің. Кешір, орныңды алғаныма. Бірақ бұл – менің міндетім. Ренжімессің, иә?

 – Жоқ, мен түсіндім. Мырза, мен онда кете берейін.

 – Әрине, бара ғой. Кейін өзіңмен хабарласамын. Сәкен, іске кірісейік. Жүр.

Бас оператор менен бас тартты. Бес жылдық тәжірибемде алғаш рет сорақы қателік жібердім. Тілім де бұрмаланып, неге ойымды... Бірақ Сәкеннің даусы тым өзгеше. Өзі де сымбатты, энергияға толы... Қызық... Мені таниды екен, ал мен неге ол туралы мүлдем естімегенмін. Сәкен Алмырза! Сәкен! Басым... сынып барады..

 – Армысыздар, достар. Белгілі бір себептерге байланысты бағдарламаны ары қарай мен, Сәкен Алмырза, жүргізетін боламын. Сіздерден кешірім сұрай отырып, Құралай ханыммен жоспарлы әңгімемізді жалғастырсақ...

Қызғанамын, қызығамын... Сырт көзге оның көздері лаулап жанып тұрғандай көрінеді. Мен көрген жігіттерден мүлдем бөлек... Түр келбеті, дене бітімі... Тіпті, киінісі де мені баурап алғандай. Өзімнің жылы орнымды жат біреуге ұстатып, өзім, міне, қара талдың астында жалғызсырап отырмын. Әттең! Ол неткен сымбатты, өзі ұқыпты, мүләйім... Жалған бәрі... Өтірік жағымпазданып тұр да тегі, басқа не?! Классика, қара, ақ, сағатын қарай гөр өзінің? Күлгені де америкалық киноактерлердің күлісіндей... М-м-мм... Жағымды болғанымен, ол менің орнымды алып қойды. Жоқ. Тамсана отырып жылап, мұңайып отырып күліп тұрғанымды өзім де байқамай қалыппын. Көзімнің жастары мөлт-мөлт етіп тамуда. Қолымдағы қағаздарым мазақтап, маған қарап тұр.

 – Не қарайсыңдар? «Бізді оқымай қалдың» деп тұрсыңдар ма? Жаңбыр жауып кетсе де дұрыс болар еді. Еш өкініш болмайтын. Мына бейтаныс, айдаладағы Сәкенді қайдан тауып алды екен біздің Олег. Жер жұтып жүрді ма мұны?! Бірден елес құсап пайда болып... Басқа адам табылмай қалған ба екен. Бәрібір, қанша жерден әдемі болсаң да, менікіндей аудитория жинау қайда саған... Бірақ неге сонша әдемісің, а? Көздерің бір тұңғиық... Күлмеші, тек күлмеші... Әйткенде жек көріп отырып, ұнатып қалармын... Неге маған қарайсың? Әлде, мені қаратам деп келдің бе, а? Оның іске аса қоймас. Мен ақымақпын, неткен ақымақпын. Жаңағы бері ұйықтап отырып, енді, міне, тентек болып отырмын... Ақымақ басым...

 – Сіз ақымақ емессіз!

 – А? Не дедің? Сен кімсің? Елеспісің өзің?

 – Жоқ, адаммын. Өзің айыпты бола тұра, өзгені жазғырғаның дұрыс болмас, сірә?!

 – Маған ақыл үйретпей-ақ қой. Өзім өзіме жетіп отырмын, – даусым дірілдеп, жыламсырап отырмын. Қолдарымды қайта-қайта айқастыра беремін. Жанымдағы жігітке қарай да алмаймын. Қарамаймын да.

 – Ммм... Не десем екен? Сізге...саған ұнап қалды ғой, иә?

 – Сен өзі кімсің?

Көздеріміз айқасқанда, есімді жоғалтардай халде болдым. Бүкіл ғалам мен үшін жоқ болып кеткендей сезімдемін. Көзімнен аққан сылдыр су аспаннан жауған тамшы жаңбырмен қосылып, мені су әлеміне шарлатқандай. Саяхаттап барып, қолдарым бейтаныс, тым жат адаммен ұштасатындай әлекте... Өзімді қоярға жер таппай, беттерім қызарып та барады. Шаштарым теңіз перизадасының жібек шаштарындай, жұмыс киімім ханшайымның гауһар көйлегіндей болып кеткен... Ә дегенде ұшып кететін бозторғайдай тілімді ішіме жұтып, ләм-мим дей алмай қалдым... Сәкеннен басқа ешкімді көрмей отырған жылтыр көздерім ойнақшып, қазына тапқандай күлімсіреп қалды.

 – Не болды? – жаңағы бері байқамаппын. Жанымдағы жігіттің даусы қоңыр сазды екен. Құлаққа таныс естілгенімен, мен білмейтін жанның дауысы. Кірпіктері ұзын, әдемі, себебі тамшылар оның шаштары мен көзін мен үшін нұрландырып тұрғандай.

 – Осылай ойланып отыра бермекпісің? Жүрсеңші, – деді де менің қолымды ұстап, үстіндегі киімін шешіп, басымызға қойды да, артына мені ілестіріп жүгіре жөнелді. Бағыма орай, жақын маңдағы ғимараттың астына барып тұра қалдық. Өзімді ұстап тұрмын. Жаңағы аңқаулығымнан өзім ұялып тұрмын.

 – Таныспайсың ба менімен? Әлде осылай тұра береміз бе? Жауын қатты. Сен қалағандай-ақ.

 – Сонда жаңағы бері менің әңгімемді тыңдап тұрдың ба? Рұқсатсыз. Өзің...

 – Мен саған даусыңды шығарып, қатты-қатты сөйле дегенім жоқ. Тіпті, жаныңда отырғанымды байқамадың да ғой. Маған не дейсің?

 – Ақымақ. Таныспайм. Керек емес. Білгім де келмейд есіміңді...

 – Өзің бір қызық екенсің ғой. Журналиспін де. Ұқсамайсың. Сені кішкентай қыз ба десем.

 – Өзің кішкентай. Мен... мен... ауырып тұрдым жай ғана...

 – Есімім Артур. Арнайы...

 – Луиза. Жолы бүгін болмай қалған журналиспін. Кеше және ертең көрде тұр басты экранда боламын. Киіміңе қарасам әскери адам сияқтысың. Солай ма?

 – Иә... әскери адаммын. Елді қорғаймын.

 – Мұнда не істеп жүрсің?

 – Демалысқа шықтым. Арнайы берілген тапсырманы жоғарғы, жоғарғы деңгейде орындағаным үшін демалыс берді маған, – деп маған күлімсірей қарады.

 – Мазақта, күл, күл. Жақсылап күліп ал. Айың оңынан туған екен. Өзіңді менімен салыстырып тұрмысың.

Жаңбыр себелеп жауып тұр. Үстімде Артурдың сырт киімі. Жылынып тұрмын.

Баяу қадаммен екеуміз тұрған жерге жақындап келемін. Оның әрбір іс-әрекеті есімде менің. Жаңбырдың дауысы да сол кездегідей. Бәрі-бәрі сол мезеттегідей. Тек жанымда бейтаныс күлегеш пен үстімде мені жылытқан жейдеше ғана жоқ...

 – Жұмысыңа...қашаннан бері жұмыс істейсің? Біздің теледидар көруге уақытымыз болмайды. Сондықтан сені онша танымаймын.

 – Мүлдем танымаймын десеңші. Бес жылдық тәжірибем бар.

 – Сонда қазір қаншадасың?

 – Жиырма бірдемін.

 – Оқымадың ба сонда?

-Ей, ақымақ, оқыдым. Бір жыл болды ресми түрде жұмыс істеп жатқаныма. Оқып жүріп практика ретінде бастағанмын.

 – Енді түсіндім. Мен сенен 4 жасқа үлкен екенмін. Мен сенен үлкенмін. «Сіз» деп сөйле маған...

 – Тым дөрекісің. Қыздармен осылай сөйлесесің бе? Бірақ түсінем. Қайдам! Тәжірибе болмаған соң...

Ұзақ үзіліс. Мен жаңбырдың дауысына таңдана қарап тұрмын. Қолымды шығарып, жаңбырға тостым. Мен үшін жаңа сезімді сезіндім. Жүрегім гүлденіп барады. Себебі ол маған қарап тұр. Артурдың мөлдіреген жанары маған қарайлап тұрғанда онысын сезсем де, білдіртпей тұрмын.

 – Жұмысың тым ауыр, таңертеңнен кешке дейін камерамен жұмыс істейсің. Шетелдерде немесе түрлі қалаларда ақпарат жинап жүресің. Қаншама мамандықтармен жұмыс істейсің. Демек, қолың басқа шаруаларға бос болмайды. Әрі жассың. Демек басың бос, бір қараған адамға ғашық бола қалғаныңа қарасам, жігітің де жоқ.

 – Жұмысың тым ауыр, таңертеңнен кешке дейін қарумен жұмыс істейсің. Шетелдерде немесе түрлі қалаларда не болмасам шекарада, түрлі отрядтарда күзетіп немесе команда беріп жүресің. Қаншама мамандарды қорғайсың. Мені де... Демек, қолың қорғаудан басқа шаруаларға бос болмайды. Әрі жассың. Демек басың бос, теледидар қарауға да уақыт болмағанда, өзге қыздарға да қарамайсың, қызың жоқ, – бір-бірімізге қарап күлісе қойдық. Жаңбыр саябырсығанша табиғаттың сыйын тамашалап, ұзақ-ұзақ әңгімелестік. Күн ашылып, аспанды жеті түрлі кемпірқосақ жаулағанда бірімізге-біріміз қарап жымиысып, үйімізге қайтыстық.

Ертеңгі күні маған суық тиіп қалғаннан төсектен бас көтере алмадым. Қанша ауырып тұрсам да, бір сәт болсын Артурды ойлауымды доғармадым. Бірге өткізген бір күнімнің өзі мен үшін үлкен сыйлық болғандай.

Телефоным баяғы әніне салып, мені алыстағы үстелдің үстінен шақырып жатыр. Басында жұмыстан болар деп аяғымды да қимылдатқым келмеді. Қазір кешкі уақыт. «Неге хабарласты? Кім болды екен?» деген ойлар мазалап барады. Бір кезде Артурдың хабарласуы мүмкін болар деп ауырғанымды ұмытып жүгіре жөнелдім. Қателеспеппін. Жүрегім алдамапты.

 – Бір сағаттан кейін сені «Амазон» ғимаратының 21-қабатында күтемін.

 – Сәлемдесу қайда сонда? 21 қабат жоқ қой. Шатырда ма?

 – Кешікпе! Уақытың аз қалды!

Мен тыпырлап киіне бастадым. Қолыма керекті дәрілерімді алып, сақадай сай киініп, есікті аштым. Үстімде қызыл көйлек, басымда сүйікті қалпағым, аяғыма ең сәнді туфли киіп алғанмын. Ал даладағы ауа-райы мені бұл жолы қуантпады. Сағат жеті болса да, менің романтикалық сәнді киімімнің шырқын бұзды. Дала ызғар. Киімімді ауыстырып, көлік тоқтаттым. 15 минут шамасында ғимарат алдында Артурға асыға бармақпын. Шатырға бір адым қалып, есікті аша бергенімде шатырда әскери киіммен тұрған Артурды көрдім. Көзім шарасынан шығардай. Таңғалып, бармақ тістеп тұрмын. Маған күле қарады да:

 – Қалай? Күшті киініппін бе? – дейді.

 – Жарайсың. Күшті киініпсің. Неткен әдемі, неткен сымбатты!

 – Асығыспын. Мен білетін қаладағы жалғыз жер осы. Сондықтан осында шақыруға тура келді. Романтик емеспін, шынымды айтсам. Бүгін арнайы тапсырма алдым. Жөнелуім керек. Үш сағатым қалды. Кешір. Алғашқы кездесуіміздің шырқын бұзып тұрмын. Бірнеше күнде қайта келемін.

Біз бір-біріміздің көздерімізге қарап, сырымызды ұғыстық. Мен оны түсінуге тырыстым. Артық сауал қоймадым. Жанымды қорқыныш сезімі билеп алды. Ол менің қимас көңілімді сезді де құшағына алды. Қолымды қысып тұрып, мойнындағы алқасын маған тақты.

 – Мен уәде берем, мен оралам. Біз қайта кездесеміз. Сен мен үшін әлі де жұмбақ жансың. Сені әлі де танымаймын. Сен туралы барлығын білгім келеді. Сағынатын боламын. Егер мүмкіндік болса, хабарласамын.

 – Аман бол. Өзіңе қарайлап жүр.

Мен он бір жылдан кейін бұл ескі ғимаратқа қайта келіп тұрмын. Оның қалай менімен қоштасқанын ұмыта алар емеспін. Кеше болғандай еске алып, жылап тұрмын. Артурдың қалай қолымды қысып, сөмкесін асына төменге кеткенін көз алдымнан кетіре алар емеспін. Оның сол күнгі соңғы сөзі оның маған айтқан ең соңғы сөзі боларын білмеген екенмін. Жүрегімдегі албырт сезімім үміт отын сөндірмей, жаныма медет бола білді.

 – Біз әлі кездесеміз. Мен оралам. Мені күт. Мен оралам, мен оралам...

Мен оның тіпті қандай бөлімде, қай жерде істегенін де білмедім. Тек қолыма бір жылдан кейін «Арнайы миссия орындаушылары» құрамасынан хат келді. Бірі менің телефон номерім мен мекенжайым жазылған Артурдың өз хаты да, екіншісі жасырын стратегиялық шабуыл ісі кезінде іс-түссіз жоғалғандығы туралы хат. Ашпадым. Аша да алмадым.

Осы бір жылдың ішінде оның хабарламасы мен қоңырауын күн-түн күттім. Журналист ретінде арнайы қылмыс органдарына бардым, үнемі ең қауіпті жаңалықтарға тілшілік етуге аттандым. Одан хабар келіп қалар деп белгілі әскери одақтарға да бардым. Есімі еш жерде көрсетілмеді. Әр күнім оны ойлаумен өтті. Әр түнім сарыла сарғайып сағынумен, қарайып жылаумен өтті. Әр жауған жаңбырдың артынша ол келіп қала ма деп жол қарайлайтынмын. Тамағымнан ас өтпеді. Қыстың қаталдығына, жаздың ыстықтығына да шыдадым. Кей елдердің алапат дауылын, сойқан жер сілкінісін көрдім. Қаншама жанның жазықсыз жапа шегуі мен әділетсіздіктің үстемдік құрғанын бастан өткердім. Қаншама елдің мыңдаған мекемелеріне аяқ басып, таяқты да көрдім, қан кешіп те көрдім. Оны асыға күттім. Іздедім. Сағындым. Сағынған әр күнім оған деген махаббатымды арттыра түсті. Екеуміз жолыққан саябаққа жүз бардым. Оны шақырдым да... Бірақ ол келмеді... Уәдесінде тұрмады... Ол оралмады...

Міне, араға бір жыл салып, оның хаты келіп тұр. Мен қалай ашамын?! Хабарсыз кеткен жанның не тірі екенін, не өлі екенін білмейсің. Неткен азапты күндер.... Хатты сақтап жүргеніме алты ай өтпей, жасақтан Артурдың өлгені туралы хабарлама келді. Ерлерше жан тапсырыпты. Мерт болыпты... Мен таппай жүрген ғашығым менімен қоштасқан күннің ертесіне жау қолына түсіп, бір жыл жау азабын көріпті. Қашпаққа бел буғанда, жау қолынан ауыр соққы көріпті. Арадан үш ай өткенде арнайы жасақ сарбаздары капитандарын құтқаруға барғанда, капитан екі сарбазын құтқармақ болып, жау бомбасына түсіпті. Мен оқыған алғашқы хат осылай деді.

Көзімнен жасым қан боп ақса да, баяғыша тіл қатуымды доғармадым.

 – Тоқыма. Қандай ертегі? Маған неге хикая құрастырып жібергенсің? Неге менен қашасың? Мен соншалықты аңқаумын ба? Расында, менің ақымақ болғаным ба? Сен кімсің? Қайдасың? Неге келмейсің? Неге жоқсың?

Қолдарым діріл қағып, сақтаған қос хатты аша бастадым. Бірінде капитан Санжар Арманович іс-түссіз жоғалды делінсе, екінші хат менің жүрегіме қанжар сұқты. Өзімнің ақымақтығыма, әлсіздігіме жаным ашыды. Неткен аянышты халдемін...

«Менің нұрлы жұлдызым! Луиза! Сені көрген сол бір күн жадымнан еш кетпес! Не жасасам да сені есімнен шығармаймын. Сен мәңгі жүрегімдесің. Мені жазғырма. Бәлкім, бұл хат сенің қолыңа түспес, бірақ мен хатты оқығаныңды қаламаймын. Мен... сен мені кешір... Өзімді қайта таныстыруға тура келеді. Хатты оқып жатсаң, демек, менің шындығымды білгенің абзал. Сенімен өткізген сол күнім менің туған күнім болатын. Сен менің ең ғажайып сыйлығым болдың! Менің есімім – Санжар. Өз жұмысымды жасыру үшін лақап атыммен таныстым. Өз жасағымның капитанымын. Сен ойламастай сорақы істерді жасаймын, ал кейде адамды да өлтіремін. Мен сенің мұндай жауыздықты хабарлағаныңды қаламадым. Сен әлемді зұлымдықты хабарлау арқылы құтқарасың, ал мен сол зұлымдықты  қорғаныс мақсатында жасаймын. Менің есімім де, өзім де жасырынмын. Жұмбақпын. Тіпті, менің өлімім де жасырын қалмақ. Уәдемде тұра алмайтыным үшін кешір. Мен сені сағындым, алтыным. Сенің маған жадырап қараған көзіңді, маған әлемді сыйлаған күлкіңді сүйіп қаламын. Сен мен үшін ең сұлу жансың. Мен сенің самұрығың болып, сені барлығынан қорғағым келді. Әттең, қорғаймын деп залалымды тигізгеніме өкінемін. Біздер қайта кездесеміз. Мен уәде беремін. Себебі сен менің таспен қоршалған жүрегімде маған мәңгілік жауыныңды төгіп, нұрыңды себелеп тұрасың. Менің аппақ жауыным! Қош...»

Қолымдағы хатты ұстап әлі де жылаймын. Көз алдымнан оның жанары еш кетпейді. Кетіре де алмаймын. Көзімді жұмсам да, ашсам да оны көремін, оны естимін. Ол менің ең алғашқы махаббатым. Оны жадымнан шығару тіпті мүмкін емес. Қаламаймын. Өмірімде бірге болмасам да, жүрегімде бірге болғым келеді. Махаббатты жырлаймын. Махаббат үшін өмір сүремін. Ол менің қанатым. Әр жаңбыр жауғанда терезені тасырлатқан тамшылар маған қарап күлімсіреп, мендік Артурды есіме салады. Оны аман-сау дейтіндей маған. Ол мен үшін тірі, мәңгі жанымда, мәңгі жадымда.

Көзімді аштым. Жасқа толған жанарымнан тамшы тамуда. Тағы да он бір жылдық тағдырыма саяхат шегіп келдім. Он бірінші қазан, он бірінші жыл, он бірінші күз. Қолыма тамған он бірінші тамшы...

 – Сәлем!

 – Сәлем!

-Тым өзгермепсің. Әлі де жылауыңды қоймайсың. Мен үшін жылама.

Жаныма қарадым. Таныс дауыс. Бір кезде жат болған дауыс қазір мен үшін өте қымбат. Таныс көздер. Бір кезде ерекше болған тұнық көздер қазір мен үшін солғын. Таныс жүз. Бір кезде бейтаныс болған жүз қазір мен үшін ең асыл. Бұл жүзді қайта көріп, бұл дауысты қайта естіп, бұл қолдарды қайта ұстау үшін он бір жылдық өмірімді сарп еттім. Оны қайта кездестіру үшін жүректегі үмітім мен сенімімді еш сөндірмедім, оның амандығына сендім. Оны күттім. Оның оралған мезетін күттім. Қатты жабықтым, азаптандым, қиналдым. Бір ғана махаббаттың тылсым нәрі менің өмір сүруіме күш берді.

 – Уәдеңде тұрмадың. Ақымақ. Қайда болдың? Осыншама уақыт қайда болдың? Бірнеше күнде келем деп ең ғой... Қайда болдың?

Аяғына егіліп жылап отырмын. Жаңбырдың астында суға малынып, жылауымды еш тоқтата алар емеспін. Алдыма қарағанда мен көрген жанның ізін де байқамадым. Ол жоқ... Мен үшін шешілмес теорема болған жан енді жоқ. Болмады да... Артур. Мен үшін өткенімнің естелігі, ертеңімнің жаршысы. Алғашқы жұмбағым шешілмесе де, ол менің келесі сырыма жауап табар, бәлкім. Аппақ жауынның символы болып мен де қала бермекпін мұнда.

 – Сәлем!

Жаныма қарадым. Бейтаныс жан. Тағы да...

 – Тұрыңыз. Мұнда не істеп отырсыз?! Жүріңіз!

 – Сіз...сіз кімсіз?

 – Менің есімім – Артур. Кейін сөйлесерміз. Сізді көріп қалдым. Жаурап қаласыз, сосын ауырасыз... Тұрыңыз. Кеттік, жаңбыр жауып жатыр...

 – Мен сізді күттім, Артур...

                                                                             Авторы: Ізтілеу Ақмарал Сарсенбекқызы

Share: