Техногенді ұрпақты қалай тәрбиелейміз?

28.06.2017 5152

 Бүгінгі күні белгілі бір тұлғаның шығармашылығына байланысты ...тану сабақтары көп. ...тану, ..тану... Сол ...танудың көбінде қай жерде дүниеге келіп, қай жылы дүниеден өткенінен бастап, кімдер зерттегеніне дейін егжей-тегжейлі мәліметтер қамтылады да, сол тұлғаның шығармашылығын не себепті оқу керек деген басты сұрақ тасада қалып қалады. Қоғамымыздағы көптеген ...тану курстарының басым көпшілігінде өмірі мен шығармашылығының атауын, оны зерттеушілер есімін танумен шектеліп жатқанымыз жасырын емес-ті. Кімдер зерттегені, қандай диссертация қорғалғаны т.б. мәліметтер керек-ақ. Егер сол саланың мамандарына оқытылса тереңдетілген салалық білім беру мақсатында (міндетті түрде) қажет.


Ал басты мәселе: сол тұлғаның шығармашылығында, атап айтсақ, дидактикалық, ой байыта аларлық мазмұнында.


Ең біріншіден, білім алушы оқыған шығармаларынан рухани байлық алуы керек, оны өмірде өздерінің мақсаттарына пайдалана білулері керек. Бір тұлғаның өмірін жан-жақты танығаннан, көркем шығармасының мәнін таныған артығырақ. Көркем шығармасының нәрі таңдайына барса, өмірін онсыз да өз қызығушылықтарымен танып алары сөзсіз.


Қоғам ізгілену керек. Техногенді ұрпақ деп қарап отырмай, түптің түбінде ізгі санадағы адамның рухы мен абыройы биік болатындығына сеніп, өсіп келе жатқан жастарды сендіріп, соған үлес қосуға асығуымыз керек. Жаңа компьютерлік бағдарлама, ойын, галерея, тарих, спорт т.б. әдебиетті оқытудан шет қалмауы қажет. Алдыңызда отырған шәкірт ертең әдебиетші болмауы мүмкін. Басқа саланың қызметкері болуы мүмкін. Бірақ оның қай салада жүрсін, әдебиетке, туған тарих пен салт-дәстүрге жаны ашып тұратын, қолдау көрсетуге дайын тұлға болып қалыптасуына әдебиет айдынының рухани кемесінде жүзіп келе жатқан барлық адамдар өз үлестерін қосуы тиіс.


Техногенді ұрпақ деп қарап отырмай, түптің түбінде ізгі санадағы адамның рухы мен абыройы биік болатындығына сеніп, осыған үлес қосуымыз керек.

Арай Жундибаева

Share: