Этюдтар

10.11.2018 7660

I
Жыңғылдар да гүлдепті-ау...
Күреңденіп,
Қызғыш гүлдер  үлпілдеп,
Бір өң беріп.
Сұлулыққа  үнсіздік  үңіледі,
Көгенденіп!
Тұрысын-ай,
Жыңғылдың  тербетіліп,
Жарасады өзінше ерке қылық.
Тойға киген көйлектің  етегіндей,
Жалт қаратқан... сәл ғана... 
Жел көтеріп.
Қандай жақсы биікте тербетілген,
Жерде тұрып?!

II
Күн жеткенде,
Зіл зарымен,
Шерлі еткенде...
Сен қалып ең,
Мен кеткенде.
Мына дүние қайтер екен?!
«Тең-теңіне,
Ел жеткенде»,
...бәрі күлген.
Шексіздік сол,
Бір күннен соң,
Мың  күн егес...
Сағыныш не қайыр берген,
Шын айтпаған, сары гүлден–
Күлкілі емес?!
Қара да тұр,
Жалғыз үннің қиялында,
Сен жоқ  жерде-
... бәрі де жоқ, 
Біреу кетіп бара жатыр,
Мүмкін... елес...

III
Үдеген қарқыны,
Аспанда атойлап...
Найзағай жарқылы,
Жарқ етті айналам.
Алыстан жалт ойнап-
Ағаштай тереңге,
Тамырын байлаған.
Шайқалған бұлтты күн,
Қайқы төс жарылған,
Жарық - Ай,
Дірілдеп...
Жаңбыр тек сөйлейді,
Табиғат тілінде,
Күбірлеп!

IV
Қараңғы.
Кім еді жаңағы?!
Жырды жүр жағалап...
Айтсана, Оғланды! Оғланды!
Ол емес,
Есіктен сығалап, 
Кірмеген,
Сол...  қызық.
Көз алдым көп елес -
Бір сызық.
Жүректің жарығы кірлеген, 
Жалғыздық келеді жол жүріп.
Кешігіп қалған-ау уақыттан,
Немесе бақыттан.
Жүректе тамшылар,
Жылаған кім дейсің?
Мен шығар...
Жүр дейсің кім елеп?!
Қарайды көзін ол алмастан,
Сұр кенеп.
Жылап тұр шаң басқан,
Сүгірет.
Ай, Оғланды, Оғланды...
Сенен де болсыншы бір медет!
Қасыңда Пір Бекет!

V
.Аларын алып,
Берерін беріп, 
Жатады-ау мына жыл өзі...
Апамды көргенде жүруші еді,
Бір Сұлу,
Жібектей есіліп  мінезі,
Көзімнің қырын салып жүремін,
Қамқорсып,
Келін қылам деп,
Шешем жақсы көрген қыз еді!..

Share: