«Бесінші мезгіл»

21.10.2018 6633

Мен ол қызды жүз жыл танимын. Таң ата оянып, жаңа күнді жымия қарсы алатынын, кейде өміріндегі келеңсіз дүниелерді қабылдай алмай, айына бір рет көз жасын сығып алатынын, сосын қайта күлімдейтінін де бұрыннан білемін. Онымен жылдың бесінші мезгілінде таныстым. Бәлкім, жүз жыл танитыным содан болар. Ол күн - жылдың төрт мезгілінің тоғысқан күні.  Күн қара бұлттан сәл асып, сәулесін жерге төге, мені есте сақтап қалыңдар деген кейіппен төбеден төніп тұрған. Бесінші мезгілде адамдар да оғаш тіршілік кешетін. Мен танитын бойжеткен күндіз өз уайымын жұмыспен, басқа да күйбең тірлікпен ұмыттырып, кешке үйге қайтқанда қараңғылыққа сіңіп, бетпердесін алып тастар еді. Сөйтіп өзі аңсаған өмірге бірнеше күнге болса да қол жеткізетін. Кейін мезгіл ауысқанда үйреншікті өмір дөңгелегіне қайта оралады.

Мен таныған қыз мені кейде түсініп, кейде ренжитін. Болмашыға қуанып, қылдай нәзік көңіліне қаяу түссе көрместей боп, араға мұз қатады.

Бірақ, ол кітаптарды сүйгендіктен мен де оны сүйемін!

Кімді күтіп, нені қалайтынын, қай әлемді, қай шығарманы оқитынын ол өз күнделігіне ақтарғанды жөн көретін. Ал мен сиясы кеппеген сырларын сол сәтте білуші едім. Мен оның санасында, жүрегіңде, жанында ылғи болатынмын. Тек ол мені жылына бір-ақ рет көре алады. Мен өзімнің кім екенімді толық білместен, ол қызды танып үлгергенім үшін қуаныштымын.

Ол – менің жан шуағым.

Оның бейнесі тым көп. Бірақ, сол бейненің барлығы бір сәтте тоғысқанда одан асқан керемет жан таппайсыз.

Ол жан тыныштығын қалап, не ішіндегі ауырлықтан құтылу үшін шулы ортаға жұтылып кететіні бар. Түнгі қыдырыста бөгде біреулерге өтірік жымия қарап, өз заманының қыздарына ұқсауға тырысатын. Онысы қолынан келетін де, бірақ тым сенгісіз көрінеді. Мағынасыз шуылдан соң таң ата театр премьерасына бара салуы да жан дүниесіндегі таразының құбылмалығын байқатып тұрғандай.

Құрбыларымен сыр ақтарысқанда, бақтарда қыдырғанда, іш пыстыратын дәрістерді тыңдап, еш керексіз дүниеге жанын сала уайымдағанда - осылардың барлығын бір күні қағазға түсіретінін білді, әрине. Өз өмірін кітаптай көрді. Қызыға оқитын роман іспетті. Сырттан ғана бақылап отырса ғой, шіркін!

Жазушы болу үшін ең алдымен аса байқағыштық пен сезімталдық керек.  Ол асыға күтетін бесінші мезгілі туралы жазғанды жақсы көреді. Бесінші мезгіл шынымен он сегіз мың ғаламға өз кезегімен кеп,  орнайтын болса бәрі де бақытты боларына сенімді. Әлемді шарлап кетсе, жүрегіндегі мейірім дәнін адам атаулының  барлығына үлестіріп берсе, жазған шығармалары титтей болса да адамзат жүрегіне жарық түсірсе... Жазушы үшін одан асқан бақыт жоқ.

Бірақ, әттең онымен ешкім де тіл қатып, жан –дүниесінің қатпар-қатпарына дейін қопарып, шер тарқатыспайды. Өзінің тұйықтығынан болар, ешкіммен достаса алмай жүргені. Жалғыздықтан алжасып кетпейін деп күнделік те бастап көрді, бірақ күнделікке де шынайы сезім суретін сала алмады. Оқып отырып тіпті өз-өзіне де сене алмайтынына ызасы келеді. Оның жазары тек мардымсыз шыққан осындай ойүзіктері, әңгіме-сымақтары...

Оған демалыс күндері ұнамайтын, себебі үйде әпкесі болады. Бір бөлмеде екеуі - үңірейген жалғыздық. Жүйкеңе қабырға тырнағандай сүйкімсіз әсер ететін тыныштық.

Кей күндері әпкесі жұмыстан қуанып келеді. Ол қуанса, бұл да «қуанады».

  • Бүгін бір қызық болды. Мен тағы жұмыстағы жігіттермен «ыспорить» еттім, және жеңіске жеттім. Менің қолымнан келетініне сенбейтін еді, мен олардың көздерін бақырайтып қойып «көлік жүргізушісінің куәлігін» ешқандай «связдарсыз» өзім тапсырып алдым! Представляешь?!
  • Іммм, жараған.
  •  
  • Айбар, маған бүгін тағы ұрысты (жұмыстағы әріптесі). Маған айтады : «Сенің өмірің құр босқа өтіп жатыр. Жұмыста жарты күніңді өткізесің, кешке келіп, ғаламторды қопарып жатып ұйықтап қаласың... Бар өмірің осымен өтеді» деп... – деді де,  шамалы ойланып қалды.
  • Онда кітап оқымайсың ба?!
  • Пфф, қайдағы кітап? Кітап оқитың еріккен адам дейсің бе мені?
  • Кітапты еріккендер оқиды екен ғой онда...
  • Әрине, ешқандай «проблемасы» жоқтар ғана оқиды. Әсіресе сендер сияқты құр қиял қуып жүргендер. Менің уақытым жоқ ондай далбасаға!
  • Імм...
  •  
  • Білесің бе, Айбардай адам кездестірмедім әлі. Ол сондай ақылды, түсінігі мол жан!
  • Осыдан екі жыл бұрын маған тұрмысқа шық дегенде неге бетің қайтардың онда?
  • Ол мүлде басқа әңгіме...
  • Соның атын аузыңнан тастамайсың, ал ол оның отбасысы бар.
  • Ол өте жақсы дос... Мен үшін...
  • Дос екеніне сенімдімісің?...
  • Әрине!
  •  
  • Бүгін Асылхан Байбатшаловтың үйіне бардық. Үш қабатты керемет сарай дерсің! Өмір сүрсең, солай сүр! Ақшаң болса қалтаңда басқа не керек? Не уайым шегерсің, егер май шелпектей шылқып жүрсең?!
  • Ееее бұл өмірдің мәні байлықта екен ғой!- деп кекетіп алды да, ішінен әпкесін аяғандай болып, жаны ашып, тағы да мұңды ойға жабысты: Отызға келсең де санасы кірмеген аңқау жаным-ай, саған қалай қол үшін берсем екен? Маған ең жақын да өзің екеніңді сезбейсің-ау... - Айтпақшы, саған ұсынған «Кішкентай ханзаданы» оқыдың ба?
  • Андағы жазушы еріккеннен сандырақтап, жазғанынын бәрін ойдан шығарып алған секілді. Ондай қиялға артық уақытым жоқ менің деп едім ғой. Қызығы жоқ ертегілерді оқып сенделе бермей, сен де жұмыс тауып алсаңшы.
  • Мен жұмыс істеп жүрмін ғой...
  • Қайдам, соған күнәнім бар. Кешке келсем түк бітірмей жатысың сол - не телефон не кітапты шұқылап...

 

Ары қарай жауап беруге зауқы жоқ, себебі арты бітпес дауға айналып,

 

... Тағы үнсіздік.

 

Екеуінің әңгімесі осылай шай үстінде немесе кешкі аста үзік-үзік тілдесуден әрі аспайтын. Жеке бас қамы, ақша, мүлік, ұсақ-түйекті арқау еткен әңгімелерді суқаны сүймейді. Басқа құрбылары әпкелерімен сыр ақтарып, нағыз досбола білсе, оның жанында ешкім де жоқ еді. Отыздан асқан шағында әлі күнге жалғыздығына мойымай жүрген әпкесіне жанашырлықпен қарап, бауырына басып, жылы сөз айтқысы келеді. Бірақ, жүрексінеді. Қызыл ет – жүрек қатайып, сіңірленіп кеткендей, иілмейді. Ауылдағы ата-анасы да хабарласпайды. Өзі хабарласып, қал-жағдайын білмесе тағы да тыныштық орнамақ. Олар үшін қарның тоқ болса болғаны. Бала кезден көргені: әкесінің арақ мүңкіген күпәйкесі, анасының көз жасы... Сол ащы иіс кеп жақындап, маңдайынан, бетінен сүйе бастағанда, «Қызым» деп еркелеткенде жиіркеніштен жылап жіберетін. Сол кезде әлемде жоқ қасірет тек өзінің басына кеп үйілгендей көрінуші еді.

Құдай-ау, қайда барып бас ұрса екен?! Кейде өз ойынан өзі шошиды: егер қолынан ештеңе келмесе, қыл арқанды мойнына сап, арғы бетке өтіп кетпек. Ол үшін ақша табу қамымен жүрген жай пенде болу – зор қайғы! Ішіндегі қатқан запыраңды шығармаса, өліп не кетпек. өлген мың есе артық. Егер жаныңды жеген ойларыңмен бөліспесең, ол ойлар сені бөле бастайды деген сөз рас шығар...

  1.  

Тырс – тырс еткен тамшылардан оянып кетті. Таңғы бес шамасы. Терезеге көз салды, әлі де қараңғы. Бірден қалам алып, жазғысы келді. Бірақ, ойына ештене келмейтінін сезді де, айнып қалды.

«Кім боп барамын?!»

Жуынатын бөлмеге барды. Бетін салқын сумен шайып жіберіп, айнаға ұзақ қарады:

  • «Мен бұнда не істеп жүрмін? Мен кіммің? Сенің аңсағаның осындай өмір ме еді?»
  • «Жоқ, сен әлі жассың. Өмірің әлі де алда. Осы оқуынды бітіріп, қалаған ісіңмен айналысып, арманыңа қолыңды жеткізесің әлі-ақ»
  • «Пфф, далбасалап кеттің ғой. Сенің «оптимистігің» елді шаршатып болды. Қайда барамын дейсің бе, ақша тапқыштар қатарын көбейтесің де. Барар жерің -  сол. Қазіргі жазушылығың - бос тыраш!»
  • «Олай емес, қаламын ұштап, тәжірибе жинақтап жүргені шығар. Ешкімді тыңдама. Менің ақылыма құлақ салсаң, көштен қалмайсың»
  • «Сенің осылай өз-өзіңе сенімді болуына таңым бар. Сені кім мойындайды, әлемде талай талант бар. Саған қарап қалды дейсің бе, одан да несиеге үй алып, жұрт қатарлы тұрмыс құр!»
  • «Талай талант сен секілді бос сарсаңға түсіп, түбіңде өз жолын тапты емес пе? Сенің де қолыңнан келеді. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Тек аз ғана сабыр мен көп еңбек қажет...»

Күнделікті өмірі осындай қарама-қайшылықтан тұратын оның алаңсыз күн кешуі де қиын еді. Жасаған қадамдарының оң - терісін санау, парадокс пікірлер санасын шаршатып, әбден қалжыратты. Осылайой қорытып жүргенде, уақыты сырғып бара жатқанын да сезеді. Енді ұйқы жоқ, ауа-райы бүгін қоңыржай болатын сынайлы.Ертемен жиналып, орталық саябаққа кетті. Қолыңда жасыл тыстыкүнделігі. Ол тағы да жазуға үмітті:

«Қарашада күн кешіп, маусым кешін аңсау... Бүгін 7-сі.  Күн ерекше жарқырап тұр.  Кеше үзіліс кезінде аспанға көп қарап қалыппын. Ал  дәрісхана іші гу-гу әңгіме. Өзіңннің жалғыздығыңды сезіну үшін жалғыз қалу міндетті емес екен, тек осындай шулы тобырдың арасында үнсіз отырғаның да жеткілікті, немесе  телефондағы сүйікті әуеніңнің біреуін құлаққапқа қосып,  терезеге үніле қарап тұрсаң да болады.

Дәл осы дәрісханада, дәл осы қалада жүз рет, жоқ, мың рет осылай өз ойларыммен арпалысып отырып, барлығын жек көріп, өмірден баз кешіп, кейде тағы да үміттене қарап, қайта жақсы көріп едім ғой. Сосын түсіңдім. Барлық мәселе ми қатпарларына байланысты екен. Әлемді тек өз миымыздың ішінде жасаймыз. Ойланамыз, ал көп ойланудың түбі жақсы болуы сирек. Одан да ойланбай әрекет еткен абзал. Тәуекел түбі – жел қайық деп жол бастап кет, мейлі батарсың, өшерсің, қайта жанып, лапылдауыңа да үміт бар!

...Менің ойлануым – менің трагедиям!

 ...Ал бүгін мен ешкімге өкпелі емеспін. Күзгі салқын самалға бетімді тосып, көк аспандағы саяхатшы бұлттарға тамсана қараймын. Олар менің белгісіз болашағымның бейбіт елшілері сынды. Тіпті, өмірімнің, тағдырымның сарайы да сол бұлттардың мекенінде орналасқан секілді. Хаяо Миядзакидің «Хаолдың ұшқыш сарайы» сынды, жұмбақ әлемдерге жетелер, жер шарының екінші шетіне әп сәтте жеткізіп салар алып ақ сарайлар, ал бізге жай ғана әр түрлі бейнедегі бұлттар болып көрінеді. Олар да жұлдыздар секілді жұмбақтан, ғайыптан пайда болып, шексіздікке еніп кетеді. Бұл айтқандарымды ғылымда нақтырақ, шынайы түрде басқа деекпен дәлелдеп қойса да, мен сенбеймін.  Мен ғажайып, жұмбағы мол құбылыстар  адам санасын бастапқы мекен еткен аспан әлеміне бір табан жақындата түседі деп сенемін.

...Автобус аялдамаларында, көшеде, кітапханада, кез-келген жерден «өзімді» кездестіріп қалатындаймын. Мені «есі дұрыс емес, алжасқан» деп ойлап қаларсың, мүмкін. Шынымен, он – он бес  жылдан кейінгі «өзімді» іздеймін. Бұл қалада болмаса да, басқа бір қаладан жолықтыратыныма сенімдімін. «Ол» да мені күтіп жүрген шығар. Маған не дер екен?... «Болашағыңа алаңдамай, қазіргі сәтіңмен өмір сүр» дер ме екен, әлде «Келешекте «мені» кездестіру үшін, мені шыңда, тынбай еңбек ет» дейді ме екен?.. Не десе де илануға бармын.

...Мен үшін өткен шақ және болашақ қазіргі кезеңмен бірге параллель жолда зымырап келе жатқан пойыздар секілді. Менің екі «өзім» де қазір өмір сүруде.  Лев Толстой айтпақшы: «Ақиқат тек Құдай ғана. Оның жаратылысы – адам, уақыт және кеңістік».  Пенде сол үш түрлі кеңістікте тағдырының тарауларын тарқатып, адам болу үшін тәжірибе жинақтауда. Ал уақыт сол үшеуін бір жолда тоғыстырмақ. Қазір мен жиырмадамын, өмірімнің жиырмасыншы қарашасын, жиырмасыншы күзін шығарып салудамын. Уақыттың зымырағаның терезе алдындағы жалаңаштанған  теректерден білемін де, көкірегімді қарс айырған өкініш пен белгісіз болашаққа деген құштарлық бойымды бірдей билеп, түсініксіз күй кешемін. Ал өмір пойызым болса тоқтар емес...»

Күнделігіне осы сөздерді жазған соң жаңа бір тыныс ашылғандай, сергек күй кешті. Үйге барып... Жоқ, жоқ. бірінші ата-анасына қоңырау шалып, қалдарын білмек. Кейін жолдағы гүл сататын дүкеннен пионы гүлдерінің бур бумасын алып, әпкесіне барады. Осы оймен орталық саябақтан дереу адымдап шығып кетті. Бесінші мезгіл таяп қалды-ау, сірә!

 

Жақсылық Сара

Share: