Тәттімбет күйлерінің шығу тарихы
Тәттімбет «Саржайлау» күйін Майдасары жайлауына қоныстанған кезде, күз мезгілінде шығарған. Мұнда табиғаттың әсем суреті, жаз-сайраңдағы рахатты шақтар бейнеленеді. Күйдің ішкі философиясы табиғатты суреттеу арқылы жаз думанын бастан кешкен адам өмірінің қайта оралмас бұралаң жолдарын табиғат мезгілімен салыстыруды меңзейді. Күй табиғаты сыршыл, қиялшыл, мөлдір лиризмге толы. Нәзік нюанстары мен әсем ырғақты иірімдері тыңдаушысын бірден желпіндіріп, енді бірде тәтті мұң толқынымен тербетеді.
Тәттімбет күйлерінде негізінен өмір тартысы, тағдыр тауқыметі, сұлулыққа құштарлық, алыс арман, сарғайған үміт, өкініш сарыны баяндалады. Ал «Былқылдақ» күйі жер атына байланысты (елінде былқылдақ атты сазды жайлау болған) шықты. Күйдегі романтика – мың бұралған өзен ағысы, бұлақтың қоңыраулы сыңғыры, тоғайдағы құстың әсем үні, сұлу табиғат тынысымен ұласып жатыр.
Тәттімбет шығармаларының ең биік шыңы – «Көкей кесті». Бұл күйді сазгер өмірінің соңғы жылдарында шығарған. Мұнда халық шежіресінің ұлылығымен ұлағатты ақыл-ойдың парасаты толғанады. Домбыра орындаушылық шеберлігінде кездесе бермейтін екі қолға бірдей вибрациялық діріл толқынын түсіру арқылы және саусақтарымен жоғары қарай орап қағу «Көкей кестінің» өте күрделі туынды екендігін көрсетеді. Күйдегі орындаушылықтың жаңа пошымы, яғни шерту тәсілдерінің сан қырлы өрнегі – Тәттімбеттің күйшілік мектебін даярлай түседі. Сөйтіп, ол домбыра үніне «жан бітіреді», күйдің табиғатын, сырын ашады.
Тәттімбет лирикасының тағы бір қырын ашатын «Сылқылдақ» күйі. Бұл күйді композитор өзімен күй сайысына түсіп, өнер көрсеткен домбырашы қызға арнап орындаған. «Сылқылдақ» күйінің музыка тіліндегі күміс қоңырау үні, әдемі әуен тыңдаушыға ерекше әсер қалдырады. Күй бойынан жастық жалын мен өмірге құштарлық лебі еседі. Күй сарыны Тәттімбетке тән композициялық ерекшелік қолтаңбасын даралап, оның шертпе күйдегі нақышын танытады.Тәттімбеттің «Қосбасар» күйінің бірнеше түрі бар. Осы аттас күйлер Тоқа, Әбді, т.б. халық күйшілерінде де кең өріс алған Әр «Қосбасардың» өз тарихы, айтары бар. Тәттімбет «Қосбасарлары» туған жер табиғатын, халық өмірін суреттейді. Тәттімбет күйші ғана емес, сөзге ұста, шешен, шыншыл, әділетті көксеген ақын жанды сері адам болған. Композитор «Бес төре» күйін халықты қыспаққа алып, жәбірлеген атқамінерлерге арнап шығарған. Бұл юморға толы туынды. Тәттімбет қоғамдық болмысқа сын көзімен қарап, өзінің шығармалық туындысы арқылы әлеуметтік бағыттын аңғартады.
Share: