Абылай ханның дүние салуы

04.02.2019 8481

  

Абылай ханның имандылық жолында жүрген асылзада екенін дәлелдейтін көптеген құжаттар мен жырлар сақталған, соның біреуі М. Көпейұлының бумасында: «Бұқар жырау Абылай ханға келіп мен көрген-білгенімді айтсам, күннің көзі, жердің жүзіндегі әулиелер Абылай өледі, соның жаназасына Түркістанға бара жатырмыз деп, жындай жиылып, құмдай құйылып жүр. Қайтқаннан басқа (елге – С.Д.) жабдық жоқ, – деді. Абылай хан Самарқанға елші жіберді: «ұрысым, соғысым жоқ, әулиелерді зиярат қыла келдім, басты-басты ақсақалдар қонаққа келсін, – деп. Бірін-бірі сыйласып, қонақ болысып, Абылай хан сонда бір көк қасқа сойдырып, басына қойдыратұғын тас қаздырды дейді. Абылайдың бағына шыққан тасты Самарқан жұрты: «бұл баяғы Әмір Темірден соң ешкімге шықпаған тас»,–десіпті. Міне, осы бір аз ғана үзіндінің өзінен-ақ Абылай ханның тек бір ғана жаратушының құлы екенін соның ақ жолымен өзін айнытпай ұстауға тырысып келе жатқанын көреміз. Тіпті бір кездері ел-жұртқа аты да, заты да әбден танымал Әмір Темір көрегеннің басына қойылған тасына дейін ұқсап кетуі Абылайдың тегін жан еместігін көрсетсе керек?!

 

Абылай ханның Алла тілегін қабылдаған құдайдың сүйген құлы екенін көзінің тірісінде ел-жұртына істеген адал еңбегінен көрсек, қайтыс болғаннан кейін де Қожа Ахмет Иасауидың қасына жерленуінен тағы да байқаймыз. Бұл жөнінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының материалынан: «Ұлы жұма күні қайтыс болып, сүйегін теңге салып хазірет Сұлтанға алып келіп, ақ күмбездің ішіне бір бөлмесіне қойып, тасын үстіне орнатты.

 

Абылай ханның өлгенін естіген жалаңаяқ Әздер үш күн, үш түн жылаған екен. Тақсыр, мұнша неге жылайсыз?» деушілерге: «Есіл Абылай баяғыдан бері жүріп-жүріп, Сарыарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді. Енді хандық сартта қалды, қазақтан бақ кетті, құт қашты»,–деген екен.

 

Абылай ханның өлімі Арқаға естілді. Ордаға, қатын-қалаш, бала-шаға естіртпеді. Өліктің қырқы деген бір мал сойылатұғын күн ғой, сол қырқында бәріне естіртіп қырқын берді.

  

Ұлы ханның ерекше бр қасиетін біз оның қайтыс болған күнінен де аңғарамыз.

   

Ол кісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының айтуы бойынша Арыстың бойында қайтыс болған. Шын дүниеге аттанбай тұрып, қырық күн бұрын Арқаға Арқаға Абылай хан дүниеден өтіпті деген хабар келіпті. Тағы бір таңқаларлық жағдай, Абылайдың қырқын Арқада беріп жатқанда ханның қасында болып, өз қолымен аттандырған адамдар келіпті. Олар айтыпты: «Міне, бүгін қырық күн болды естігенімізге деп, ордасына естіртіп, бергізген екен. Артынан қолдарымен көмген, жаныда жүрген жолдастары келген соң, білісіпті бұлар мұнда өлгеніне қырық күн болды деп қырқын бергізген күні өлген екен. Сарыарқаға өлмесінен қырық күн бұрын естілген екен»,-делінсе, Бұқар жырау айтқандай жолбарыс күзеткен Абылай қызыр дарып, бақ қонған хан, сондықтан да тұқымын хандық үзілмей, кешегі Кенесарыға дейін келген.

Share: