Мен сүйетін Бродский
Дүйім жұртқа өзінің ерекше ойларымен һәм қылықтарымен танылған, адамзаттық ойлармен құдай жайлы ойлардың арасы жермен көктей екенін өзіндік стильмен дәлелдеп, бір сөзді өлеңге айналдыру үшін түбір жұрнағымен қоса қиып тастауға болатынын көрсеткен - Иосиф Бродский. Мектепті тастап, бір жұмыстан екінші жұмысқа ауысқаны үшін кеңестік идеологияның салқыны тиіп жер аударылып ақыр аяғы елден қуылуға дейін жеткен, кейіннен білдей бір оқу орнының профессоры болған, ол аз десең Нобель сыйлығының иегері атанған Бродскийдің ел білмейтін , тарихтың қойнында, бәз біреулердің қолтығында кеткен дүниелері қаншама. Бродскийдің адамзатты таңқалдырған ақындығы, сыншылығы һәм эссеистігі құдайдан келген құдірет пе әлде адам бойындағы өнер ме? Аласа бойлы келген еврейдің бойында нендей құдірет бар? Бір қызығы оның бойындағы бар өнеріне, біліміне, жазған дүниелеріне тәнті болдым. Тәнті болғаным соншалық бір-екі өлең дастандарын ана тіліме аударып көрдім. Аудардым. Тәп-тәуір, жұп-жұмыр.
Иосиф Бродскийден*
Бөлмеден шықпа, жасама қателік,
Күн саған не керек, күндей ғой қаперің.
Мәнсіздік торлаған есіктің ар жағын,
Шаруаңды бітіріп,оралсаң болғаны.
Бөлмеден шықпағын, басам деп әр ізге,
Өйткені кеңістік жасалған дәлізден.
Және де ол уақыттан жасалған тықылдақ,
Кіргенді қуып шық, әлемге жұтылма.
Ауырып қалдым деп өзіңді қабылда,
Əлемде ең қызық, орындық пен қабырға.
Шалдығып оралар қайтадан шалғайдан,
Бөлмеден шығуда, бар екен қандай мән.
Билей бер, шықпай-ақ ұста да селтеңді,
Жалаңаш кеудеңе киіп ап пәлтеңді.
Ауыз үйден тамаша иістер тұр аңқып,
Əріптер көп жаздың, тағы біреу тым артық.
Бөлмеден шықпағың қателік болмасын,
Жасырын бейнеңді тек бөлме болжасын.
Жүрекке тоқтау сал барлығың білінсін,
Көшенің франция емесін ұғыншы.
Ақымақ болма да, өзге бол тобырдан,
Жиһазға еркіндік беруің қолыңда.
Есікті жауып ап, шкафқа қамал да,
Тығылып жатып ал,
хроностан, эростан, рассадан, вирустан, ғаламнан.
Share: