Жұмекеннің күнделігі. 19-тамыз

26.02.2019 4882

Бүгін 19 август.

 

Осы жұма мен үшін өте ауыр болды. Өткен Сембі күні Қоныс қайтыс болыпты. Сейсенбі күні жерлегенге ұқсайды. Оны жұрт менен жасырып келген екен, Керей келіп айтып қойды. Өмір деген сол – бәріміз де бір күні бұрқ ете қаламыз ғой, дегенмен өмірдің өзі секілді, өлім де: бақытты, бақытсыз болып бөлінеді деседі. Кім біледі, бізге (маған) қайсысының дайын тұрғаның...


Қалай дегенмен, қайткен күнде де асықпаса болмайтын секілді. Өз қоңсығыңды өзің жинап, өзің реттеп кеткенге не жетсін! Соларды жинақтап, бәрінің басын қосып – бір жарық көрсетсем... ар жағында ғұмыр болып жатса – тек олжа деп қана санар едім...

 

Бұл итіңіз осындай болады екен ғой. Мені жұрт қиын ақын санайды. 60-70 жылдар арасында жазылған жырларда ... есть некоторые неточности. Но, в-основном, я – литератор народный. Тым қарапайым жазам. По-моему, (короче говоря) вся беда в том, что я как поэт состоялся.

 

Әлгі айтылған «некоторые неточности» дегенді (бірер сөз, бірер жолды) жөндеп жіберуді жөн көрем. Ал, кейбіреуін восстановить ету керек. Себебі, біздің баспалардың редакторлары (әрине бәрі емес) бүлдіруді, не бүлдіртуді жөндеу редакциялау деп ойлайды. Әттең, осының өзін (осы шындықты) өз басым тым кеш түсіндім. Өзімнен өзгенің бәрін білгіш санап жүре беріппін. Сөйтсем... олар да өзім сықылды оқығандар болып шықты. Немесе, әдебиетке пәлендей жандары ауырмайтын – бұл біздің кездің, әсіресе, қазақ әдебиетінің негізгі қасіреті – адамдар творчестволық атмосфера жасап келеді...


Бәрі (әрқайсысы) өзі, тек өзі «болғысы» бар. Кейбіреулер «болу» үшін жазу, еңбектену (жаман да болса) керек екенін де ұмыт етті. Пысық болсаң «боласың» деген ұғым (неше алуан айла-әрекет), өз тілінде басылуға жарамайтын шығармасымақтардың басқа тілдерге аударылып, тіпті орталық баспасөз беттерінде тәуір аталып кетуі (бірінші планға шығып тұр). Ұят-ақ.

 

Көп-көп жазушылар (ақын да жазушы ғой) өзін мақтатқан да емес. Рецензияларды өздері жүріп өткізеді екен дегенге... Соңғы бес жылда ғана көзім жетті. Неткен сұмдық! Осыны көріп отырып адам қалай ағынан жарыла алады! Сап! Сап! Ерлік керек! Сен де Бауыржан секілді, өз қолыңнан келгенін істе – қалған жұртта шаруаң болмасын! Міне, мен де нағыз тоғышармын! Ештеңені айтпасаң, қорғамасаң, күреспесең – тұрмыс жайлы, жаның тыныш деген шіп-шикі өтірік сөз! Әйтпесе мен тыныш (благополучие) өмір сүрер едім ғой? Жұрт ғұмыр бойы маған тиісіп келеді. Ал, мен әлі жауап бергем жоқ. Еңбек! Жауаптың да, сұрақтың да көкесі – сол еңбек. Біздің қолдан басқа не келеді!

 

 

Оқи отырыңыз. Жұмекеннің күнделігі. 10-11 тамыз


 


Әнуар Шманов жүр. Работник ЦК – бывший, секретарь обкома – бывший, зам. министра – тоже бывший. На черта ему нужны были эти лауазымы. Видимо судьба. На самом деле он готовый человек, ученый-эрудит, идеологический секретарь Или наркомпрос, как Луначарский, конечно, при нынешнем «Ленине».

 

Былай ашық (адам ретінде) адам екен, сөйлесу, жақындасу өте оңай. Басшы қызметтерде істегенмен, характер – қарапайым, халықтық. Ел басқаратын-ақ адам. Қазіргі жағдайда мұндай адамдар тек қана доктор, профессор болып, бала оқытып қана жан сақтаулары керек. Әйтпесе... Ленині жоқ жұрт (жер, үкімет) Луначарскийлерді (болған күннің өзінде) өз орындарынан – мәселен, шын идеологтарды идеологиядан, шын ғалымдарды – ғылымнан, шын (мемлекет қайраткері деген мағынада ) бастықтарды – басшылық жұмысынан, әдебиет пен өнердің шын қайраткерлерін (жазушы, артист, суретші ) халықтан аулақ ұстауға тырысады. Және бұдан оңай ештеңе жоқ. Положениесі жоқ жазушы (әрине қабілетті) сауатсыз редактор талантты жазушының қолжазбасын (қолжазбасы - өзі, өзінің шығармасы ) ит қып жібере алады. Себебі, редактор қол қоймай қойса... әрине, келіспеуге, талқылау етуге әр жазушы құқылы. Бірақ сол арыз айтқан адамыңыздың, әділет талап еткен адамдарыңыздың әлгі редактордан сауатты, не талантты (талант деген сөзді они терпеть не могут) екеніне кім кепілдік ете алады.

 

Әдетте талқылаушылар да – положениесі барлардан (көбіне-көп) іріктеліп алынады... Жай әдебиетшінің даусы жоқ деуге болмайды – демократия бар – бірақ түптеп келгенде ештеңе шешпейтін демократия. Анда-санда ашынып жиналыста сөйлейтін жұрт болса... ондайлар қатты ескеріледі. Күн көру де керек. А, система у нас очень хорошая. Социализм – действительно самое лучшее общество... но, кадры решают все деген принцип ешқашан ескірмек емес. Бұл әркімді өз орнына қою деген мағнаны береді. Әрине, оңай жұмыс емес, қателіктер сөзсіз болуы мүмкін. Қызметкерлерді жиі-жиі тексеріп, сынап (сөзін емес, ісін) отыру шарт. Ең орташа (нашар) басшының өзінің парақорлық, саудагерлік, карьеристік т.б. қарсы, құрығанда, қорықпай күресе алатын күш-жігері болуы керек. Бұлай болмайынша, Әнуар Шманов түгілі Бауыржан Момышұлы да қаңғырып далада қалады.


Интересно. Маяковскийді замандастары түсініксіз жазады деп кеміткен екен. Осы ұғым, осы түсінік ұлы ақынның соңынан әлі қалмай келеді. Соған қарағанда бақ-даңқтың өзін әу баста сор-қырсығымен қосып жарататын болса керек.

 

Ж.Нәжімеденов

Share: