Шағын проза шырайы

26.02.2019 7136

                                                                             

      

Қазіргі қазақ прозасын сөз еткенде әңгіме, повесть тәрізді өмір құбылыстарын суреттеуге ыңғайлы шағын жанрда шығармалар жазып жүрген қаламгерлер сөз болады. Кеңестік кезден бері бірнеше кітаптарын шығарып, оқырманға танылған көптеген жазушыларымыз өз еңбектерін кейін қайта қарап, бұрынғы кездегі өткінші талаптардан арылып, қазіргі заман ыңғайына да бейімделе бастағандай. Өмірде, айналада болып жатқан қоғамдық құбылыстар көркем шығармаларға арқау бола отырып, өз уақытының көркем шежіресіне еніп жатыр деуге болады. Бүгінде орта буынға айналған біраз қаламгерлеріміздің прозалық кітаптары көп томдық болып та шығуда. Кейінгі жылдары жазушы Ә.Асқаровтың, С.Байхоновтың, С.Асылбековтің, Ж.Шаштайұлының 2-томдық кітаптары, Т.Мамасейітовтің екі томнан тұратын «Таңжарық» романы жарық көрді. Бұдан өзге де танымал жазушылардан Т.Қаупынбаев, К.Сегізбаев, Қ.Қараманұлы, Т.Сәукетаев, Н.Ақыш, М.Байғұтов, С.Дүйсенбиев, Д.Әшімханов, Н.Ораздың түрлі тақырыптарды қозғайтын прозалық кітаптары оқырман қолына тиді.
      

Кейде дүкеннен жаңа кітап деп сатып алған кітабыңыз жаңадан шықты дегенің болмаса осыдан жиырма жыл бұрынғы дүние болып шығатын жайлар кезігіп жүр. Қолға алған прозалық жинақтың ішіндегі көптеген шығармалар бұрын кітаптарға шыққан, оқырманға таныс, әрі кітап сөресінде жайқалып тұрған кітаптар екені бүгінде оқырманға құпия емес. Жазушы ондаған жылдар бойы өзіне белгілі, жанына жақын тақырыптарды зерттей жүріп жазғанының көлемі жаңа кітапқа толмай жатса кейде асығыстық жасамай шартын толтырып барып, кітап етіп шығаратын талапшылдық осы арада байқалып қалады.
    

Бірақ бүгінде кітаптың ішкі мазмұнына қарап жатқан ешкім жоқ тәрізді. Соның салдарынан кейбір қаламгерлер жыл аралатып өзінің ескі кітаптарын ішіне бірер жаңа шығармасын қосып қайта шығарып жүргенде, кейбір жаңа дүниелер жарық көрмей сөреде жатып қалатыны да бар. Егер жаңа кітаптың ішіндегі шығармалардың көпшілігі бұрын жинақ болып шықса, онда алғысөзде, немесе бірінші беттегі таныстырылымда оның екінші басылып отырғаны айтылуы тиіс. Сонда оның қандай кітап екені, оқырманға ұсынылу мақсаты анықтала түседі. Енді екінші, үшінші басылым көріп, автордың күшімен көптеген басылымдарға еніп жүрген кітаптардың да кейде бағасы, оқырманы жоқ екені уақыт өте келе анықталып жатады. Мұндай кітаптарды да баспадан сұрыптап, қайта қарап, жөндейтін жері болса жабық рецензияға беру арқылы жөндетіп отырса одан кітаптың сапасы жақсармаса төмендемесі анық. Кейде кітапты даярлау барысында жазушының баспа редакторының айтқандарына құлақ асып, көзге көрініп тұрған кемшіліктерді жөндеп жетілдіре түсудің оқырман үшін маңызы бар.
        

Кітапты оқырманға кеңінен таныту, оны көпшіліктің көкейіне жеткізу әдебиеттің беделін арттыра түседі, жақсы кітаптың бағасын білуге үйретеді. Көркем әдебиеттің ықпалын сезінген көпшілік айтылған кітаптарды тауып оқуға, оның мән-мағынасын түсініп тануға талпынады. Осы орайда кейінгі жылдары жарық көрген бірнеше кітаптардың жарық көруі мен олардың оқырман қауымға ұсынып отырған ойлары жөнінде бірталай сөз қылмақпыз.
      

Оқырман қауымға бірнеше прозалық кітаптарымен белгілі, жазушы Арасанбай Естеновтің «Ай жаңғырық» кітабы 1996 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. (Алматы.Жазушы. 384-б.) Кітапқа жеті әңгіме мен көлемді үш повесть еніпті. Әңгіме, повестерге 60-80 жылдардағы  ауыл өмірі мен қала тіршілігі арқау болған. Кеңестік кезеңдегі өзі көрген адамдардың еңбек тынысын қаламгер негізгі тақырып еткен. Олардың әлеуметтік өмірге араласа жүріп еңбек етуі, мінез-құлқы мен өмірге көзқарасы түрлі оқиғалар барысында, характерлер қақтығысы нәтижесінде ашылып дамып отырады, сол арқылы оқушыға ой салады. Жазушы өмір сырын, кейіпкердің бітім болмысы мен шынайы характерін мейлінше зерттеп, олардың әрекетіндегі мінез-құлықтарын шындық өмірге жақын алып жазады. Жеке  адамның мінез ерекшелігі мен еңбекке, айналаға қатынасын суреттей келіп қаламгер сол қоғамдағы кейбір сыңаржақ, әбден қалыптасып қалып дамуға бөгет болатын келеңсіздіктерді, социалистік қоғамның кейбір ескірген заңдылықтарын да ашып көрсеткен.
       

«Үкім» әңгімесіндегі жылқышы Жүргенбай осындай жазықсыз жалаға ұшырайды. Мал мамандары мен басшылардың айтқанын жасаймын деп жүріп алданып, ақыр соңында істі болады. Бұл азаптан құтылу үшін өзіне қатал үкім шығарып өмірмен қоштасады. Былайғы өмірде сирек те болса кездесетін осындай жайдың себеп-салдарына кейіпкер көзімен үңілген жазушы қоғамдағы етек алған бірталай кемшіліктерді қиналып тығырыққа тірелген адамның айналаға деген көзқарасы арқылы ашады. Әңгіме барысында оқиғаның  жай-жапсары түрлі пікір, көзқарас,  кейіпкердің өз ортасымен болған қарым-қатынас арқылы көрсетіледі. Жазушы қайта құру кезеңіндегі адамдардың социалистік меншікке деген көзқарасын өзгертуге тырысқан Тастан тәрізді партия басшысының еңбек адамына деген жанашырлық сезімдерін оның өзі сөйлеген сөздерімен беруді ұмытпайды.
        

Болар іс болды оқиға аяқталды. Бірақ кінәлі адамдардың болған іске еш түйсінбей жүре беруі ойландырады. Бұл рухани мешеулік сол батпандаған күйі қалып қоюы түрлі ойға жетелейді. Жазушы оқырманға ой салу арқылы шығарманы жазғандағы мақсатын орындап шыққан. Енді осы жақсы идеяның, орындалған ойдың көркемдік деңгейі қандай, қаламгер бас кейіпкердің төңірегіндегі оқиғадан қилы характерлер жасай алған ба деген сұраққа келер болсақ біраз бас қатыруға тура келеді. Қоғамдық меншік дегенде мінбеден сөйлеп жүрген кейбір жылпос басшылар мен мамандардың қоғам мүлкіне суық қолдарын жүгіртіп отырып, жауапкершілікке келгенде қылмыстың себебін басқаға аудара салуы сол қоғамдағы екі түрлі моральды анықтап береді. Осындай мал мамандары, ферма басшылары өздері істеген қылмысқа біреуді итеріп жауап беретін мезгіл келгенде судан таза сүттен ақ болып шыға береді. Екінші жағынан оларды да кінәлі деп айта алмайсың.
        

Жазушы шеберлігі анықталатын осы жерде қаламгер журналиске тән жылдамдықпен оқиғаны кейде құрғақ баяндап кеткен. Оқиға сырын там-тұмдап көркем әдебиетке тән шеберлікпен ашу орнына бірден кінәліні іздеуге талаптанған жылдым ойдың соңында жүріп оқиғаның мән-жайын тиянақтап аша алмай қалған. Көркем әдебиеттің міндеті қандай оқиғаның болғанын емес, сол оқиғаның қалай болғанын әдеби шеберлікпен жеткізе білуде ғой. Оған араласқан адамдардың бейнесі мен әрекетінен оқырманның эстетикалық сезіміне әсер етерліктей болып суреттелуінде. Қоғам мүлкін қымқырған адам сол тексеру кезінде ізін жасырып істеген қылмысын басқаға аудару үшін қандай заңсыздыққа барды, оны істеген кезде қандай сезім мен ойда болды, міне осы жайлар оқушыны қызықтырады. Топтық қылмысқа барғанда оның кейбір мүшесі істеген ісінің мән-мағынасына онша үңілмей самарқау жайбасарлық, көнтерілікпен, немесе заңды біле қоймаған соң біреудің айтқанын істеп жүре беретін ескілік әдетінен, білместікпен барады. Олай болса бұл адамдардың сол мезеттегі көңіл күйі де оқырманға керекті оқиғаның шарты сияқты қажет еді, алайда ол жеткілікті мөлшерде ашылмай қалады.
      

Әңгімедегі оқиғаның уақыты біраз мерзімді қамтып жатса да оны жазушы шағын көлемге сыйғызған.  Шығарма ішіне кейде болбыр, бос баяндаулар көбірек еніп кеткен. Өткен қоғамдағы қомақты мәселені көтере отырып, жазушы оқырманға бірталай айқын ой тастаса да осы жайларды көркемдік тұрғыдан мінсіз орындап шығуда шеберлік қырлары әлі де жетпей қалған.
      

Кітапқа шыққан әңгімелер «Артқы аяғы ақсақ қасқыр», «Ай жаңғырық», «Ақпамбеттің ашуы», «Көкпар», Айәже», «Досыңа достық парызың» деп аталады. Жазушы әңгіме жанрына қойылатын талапқа кейде мойын сұна бермейтіні байқалады. Көркем әңгімеге тән шымырлық, аз сөзге көп мағына сыйғызу, тіл көркемдігі жағынан бұл туындыларды әлі де жетілдіре түсетін жерлер кездеседі. Әңгіменің аттары да мақала тақырыбы тәрізді шұбалаңқы етіп ойланбай қойыла салғандай әсер қалдырады. Жазушы қайта құру дәуіріндегі адамдардың еңбекке деген көзқарасының жаңғырып өзгеріске түсуін суреттеген бірнеше әңгімелерінің ішінде («Ақпамбеттің ашуы») ферма бастығының шоферы Досанның көзімен бірталай шындықтарды ашып, өмірде орын алған кейбір әдеттердің адам бойына біртіндеп орнығуын орынды суреттейді.
      

«Көкпар» деген әңгімесінде жазушы ұлттық ойынға деген еңбек адамының жанашыр көзқарасын Таубай қарттың мінез-құлқындағы ерекшеліктер арқылы білдіреді. Бақташы қарт көкпар үстінде жігіттің барша қасиеті батылдығы, ептілігі, күші, айласы сыналғанын қалайды. Ойын кезінде қалайда көкпарды айламен болса да алып қашып иеленіп кетуге тырысқан жасанды көкпаршылардың әрекетіне айызы қанбайды. Сол сәтте Пернебек деген досының көкпарға түскен әрекетін еске алып, өткенді ойлап есіне түсіреді. Бұл жерде қарт адам бұрынғы замандастарының ірілік, кісілік қалпын, әрекетін дәріптеп көтермелеп қояды. Қазіргімен салыстырса ол кездің адамдары өзгешелеу болып көрінеді. Сол арқылы жазушы өмірдегі әрбір ұрпақтың өмірге көзқарасын бір-біріне деген қатынасын көрсетумен оқушыны ойға қалдырады.
       

Жазушы отбасында, өмірдегі қысқа тірлікте ұрпақ үшін бар қиындықты көтеріп кейін бойынан әл кеткенде де сол ұрпақтың берекесі мен бірлігін ойлайтын аналар, әжелер болмысын «Айәже» әңгімесінде суреттеген. Өмірде қасыңдағы жақын жүрген адамға достық ету, адал пейілмен сыйлас болу өнегесін қаламгер сонымен бірге «Досыңа достық парызың» әңгімесінде жан-жақты сөз етеді.
       

Осы кітапқа адамның ең албырт та романтикаға толы жастық шағын көрсететін «Дариға дәурен» повесі еніпті. Мектеп бітірген жастардың өмір жолындағы бір-бірімен қарым-қатынасы, өсіп азамат болу жолындағы қалыптасу кезеңі түрлі оқиғаларға негізделіп шынайы беріледі. Повестің  көлемі де бірталай, бірнеше кейіпкердің басынан кешкен оқиғаларын ортақ желіде баяндай отырып олардың өмірге көзқарасының шыңдалып, табанды еңбекке араласуы, әркімнің өз орнын табуы нанымды дәлелдермен суреттелген. Жазушы сол кездің қоғамдық өмірдегі өзгерістерін де кең түрде қамти алған. Повестің баяндау, суреттеу, оқиғаларды кеңінен алып қамтуы роман кейіпкерлеріне тән мол пішінмен жасалған деуге болады. Адамның мінез-құлқы мен бір-біріне әсер етуі барысында өзгеруі психологиялық жағынан өте нанымды суреттеледі. Жазушының әңгімеден гөрі көлемді повесть жазуға бейімділігі, оған қарым-қабілетінің толық жетіп отыруы кітаптағы үш шығарманы оқып шыққанда анық байқалатындай. «Киелі асу» повесінде ауылдағы шаруашылықты басқаруға араласқан жас маманның өмір жолында жолыққан қиындықтар көп жылдарға созылады, бұл бейнетті кейіпкердің өзі іздеп, ауыл тұрмысын көтерсем деген үмітпен қажет істерге араласады. Жазушы бас кейіпкерді үнемі жеңіске жеткізіп, жасанды ситуация жасамайды. Мұндағы оқиғалар кейіпкердің ішкі толғанысынан, оның рухани болмысы мен қажеттілігінен шығып отыратындықтан оқиғалар мен әрекеттер оқырманды еріксіз сендіретіндей нанымды болып отырады. Осы повесть жалпы әдебиетіміздегі 80-90 жылдарда жарық көрген туындылар арасындағы елеулі шығармалар арасында тұруға лайық деп айтуға болады.
       

Кітаптағы үшінші повестің аты да қызық «Сырттандар» деп аталады. Жазушы оқырманға әңгімені осы атаудың мағынасын түсіндіруден бастайды. Мұнда да өткен ғасырдың 70-жылдарындағы студенттер өмірі кең көлемде шынайы суреттелген. Жазушы өзіне тән шеберлік қырларын, кейіпкердің ішкі дүниесін ашудағы өзіндік қолтаңбасын таныта алған. Қаламгер өзі суреттеп отырған оқиға барысында алған кейіпкерінің қандай мақсат адамы екенін, алдыға қойған мұратын, адамдық келбетін барынша терең ашып береді. Повестің оқиға желісі де тартымды әрі ширақ өрбиді. Бас кейіпкер айналамен қарым-қатынас барысында неғұрлым өзінен мықты студенттер кезіксе де олармен достық үстінде өзін-өзі тани түседі. Кейде қимыл әрекетімен өзінің де болмысын танытып отырады. Повестің басты жетістігі әр кейіпкер адам ретіндегі өз көзқарасын сақтап қалады, жағдайға қарай іс-әрекетке барады.
       

Оқырманға бұрын да бірнеше прозалық кітаптарымен таныс, белгілі қаламгер Нұрдәулет Ақыш өзінің кейінгі жылдары жазған бірнеше повесі мен бірқатар әңгімелерін топтастырып «Бейуақта жанған от» деген атпен жинақ етіп шығарыпты. (–Алматы. Нұр-принт-75. 2010.318-б) Кітапта алдымен көлемді повестер, одан кейін оннан астам әңгімелер орын алған. Жинақты оқып шыққан адам осы еңбектерден жазушының көп жылдардан бергі ізденістерін, өсу жолын тани алады. Көркем әдебиетті жақсы білетін оқырман мұндағы әрбір шығарманы оқып шыққанда оны дайындығы мол, қазақтың ұлттық мінез ерекешеліктерін айқын аңғара білетін, жазушылық шеберлігі қалыптасқан суреткердің жазып отырғанын бірден аңғарады. Алған оқиғасын, жазып отырған кейіпкерін әбден зерттей отырып, оны өмірдегі болмысына жақын алып көрсетуде қаламгерге өзінің өмірді тани білетін ұлттық көзқарасы көмектесіп тұрғандай болады. Н.Ақыш адамның ішкі дүниесіне еніп, соны барлай отырып жазатын психолог әрі сыршыл жазушы. Оның кейіпкер дүниесін сезінуі, сыртқы әрекеті мен адамның ішкі ойындағы өзгерістерді оқиғаларға сәйкес дұрыс көрсетуі шығармаларының шыншыл болуына жол салады.
         

Нұрдәулеттің «Баба Таня», «Көнбіс бәйбіше», «Учаскелік алыпсатар», «Еркегүлдің екі күйеуі» атты әңгімелері қазақтың ұлттық мінез-құлқы мен салт-дәстүрін жазамын деп дәл көрсете алмай жүрген, шындық болмысқа жақын келуге шеберлігі жетіспей жатқан қаламгерлер үшін үлгі деп айтуға боларлық шығармалар. Бұл әңгімелер туралы әр кездері көптеген сыншылар мен әдебиет сүйер қауым өкілдері өздерінің жылы пікірлерін баспасөзде білдіріп, әдебиетіміз жайлы сөз болғанда ол жайында ауызға да ілініп жүргені белгілі. Біз әдебиеттегі, көркем шығармадағы шеберлік туралы айтқанда оны көбіне қолмен ұстап, көзбен көретіндей етіп көрсетуді қалаймыз. Ал шынайы шеберліктің құпиясы сонда оны қанша айтып сөзді көбейткеніңмен бар сырын ашу мүмкін емес. Сол себепті Нұрдәулет Ақыштың әңгімелері мен повестерін қазіргі жас қаламгерлеріміздің оқығанын қалар едік.
      

Осы жинақтағы «Саяқ жауынгер», «Сезім жетегіндегі жігіт», «Құз хикаясы» повестеріндегі жастар, студенттер өмірін терең суреттеген. Адамның жастық кезеңіндегі болатын түрлі сезімдерінің ішіндегі ең арманшыл биігі де, асқақ мұраттар жетегіндегі асау шағы да, еш мән-мақсат демей-ақ қияпат тіршілігіне жегіліп соны бақыт санап жүрген қарапайым еңбек адамының тірлігі де мейлінше шынайы өміршең қалыпта беріледі. Бұл шығармалардың ерекшелігі жазушының адам өміріндегі қызық сәттерді әспеттеп биікке көтермелемей-ақ, адам баласының әу бастағы жаратылысына сәйкес қоңыржай тіршілікте алып бейнелеуінде жатқан сияқты. Халықтық эстетикада қалыптасқан адамгершілік өлшемдерін жалпы кейіпкерлеріне ортақ ерекшелік ретінде дарыта отырып, жазушы оларды шектен тыс өзімшіл де, шектен тыс озбыр да етіп жібермейді, әркім өзінің істеген  қылығына сай өз ортасынан алатынын алып, еститінін естіп жатады.
       

Біз бастабында Н.Ақышты ұлттық бояуы қанық, танымы халықтық негіздегі жазушы деп  айттық. Бұл осылай болайыншы, не осылай жазайын деуден емес, қаламгердің өзінің дүние тану ерекшелігінен келіп шығатын қасиет. Оқырман егер бағалау керек болса Нұрдәулеттің осы ерекшелігін бағалауы керек. Осы арқылы әлгі кейіпкерлер бойына дарытқан адам баласына тән жылы сүйіспеншілікті, қазақы болмысты іштей сезінген оқырман бұл шығармаларда суреттелген адамдардың өзіне жақын қасиетін іш тарта отырып тани түседі. Өзі де сол болмыстың бір бөлшегі екенін сезінеді. Бұны оқырманның эстетикалық сезінуі, өнерді іштей түйсік арқылы танып білуі деп айтуға да болады. Өнердегі ұлттық бояу дегеніміз осы. Ол әрбір оқиға үстінде, диалог астарында, ойлаған ойда, істеген әрекетте өз бояуын қалдырып, қолтаңбасын салып үлгіреді. Біздің әдебиетімізде осы бағыттағы Қ.Қазиев, Б.Қанатбаев, Т.Нұрмағамбетов, С.Асылбеков, С.Дүйсенбиев, Т.Әсемқұлов, Р.Отарбаев сияқты қаламгерлердің шығармасындағы ұлттық ерекшелік пен оның түп-тамыры, қадыр-қасиеті, олардың оқырманға тигізетін көл-көсір эстетикалық шарапаты өзінше бір таратып айтуға тұрарлық әңгіме.
       

Көркем проза жайлы айтылған пікірлерде кейде шығарманы жіліктеп талдау жетіспейді дегенді айтушылар сол үш жүз бет романды үш сөйлеммен түйіндеп беретін түсіндіру, аннотация, немесе шағын шолу мақала да кейде жеткілікті болатынын ескере бермейді. Жақсы шығарма жазған жазушыға өз шығармасынан артық қандай жарнама болуы қажет. Мұндайда расында көркем әдебиетте шығарманың тағдырын көбінесе шеберлік шешеді дегенді қайталап айтуға тура келеді. Бірақ сол шеберлік, шебер жазып жұртты бір айран-асыр қылайын деген, немесе ешкім жетпеген шыңға бір шығайын, не ешкім жете алмайтын іс қылайын деген мақтангөйліктен емес жазушының ішкі таза ойы мен талантынан туып жатса, ондай шығарманың ғұмыры ұзақ болмақ.                                                                                        

      
 

Share: