Таң күліп атады

28.02.2019 7691

 

 

Мамыр  айының салқын таңы манаурап атып келеді. Жақын маңдағы қоңырқай таулар қол  созымда  тұрғандай көрініп, таңғы  сәулемен  қызарып  алаулай  түседі. Аспан бұлттан  тазарып, биіктей  түсіп,  күн  арайымен түрленіп,  осы  бір  салқын  шақта    енді  шыққан  күн  қызуы  молая  түссе  деп  тұрғандай.

 

Көктемгі  су  аққан  ылғалды  сай-сала,  желкілдеп шыққан  жас  құрақпен  өзгере  бастаған  қыр-қырат енді  ғана  тамыры  иіп, мамыр  айының  көптен  күткен  дер  шағына,  елжіреген  мейіріміне  пейіл  білдіргендей  манаурап,  көсіле  түсіп  балбырап  жатыр. Табиғаттың осы  көктемгі  шағына  сүйсіне қарап  келе  жатып  Кемелбек  ойша  алысқа  қыдырып  кеткендей. Кеше  өзен  жаққа  барғанда  құрқылдаған  үйректерді,  қалқып  ұшқан  қаздарды,  ұя  салып  қызу  тірлікке  енген  нешеме  жан  иесін  көріп  таңырқап  қайтқан.

 

Алыс  қыр  жақтағы   жазықтан  тырналардың  тыраулаған  сағынышты  үні үзік-үзік естіледі,  көз  ұшында  тізіле  ұшқан   тырналар  көкжиекке  қарай баяу  қалқып ұзап  барады. Тыраулаған  сағынышты үндері  осы  өңірге  қызу  өзгерістің  келе  жатқанын  жариялап  соны  ерекше  дауыстарымен  соза әнге  қосып  айтатындай.  Енді  өздері  де  сол  үнмен  бірге бірте-бірте  көмескі  тартып,  көз  ұшында бірте-бірте алыстап  бара  жатты.

 

Осы  бір мамыр айының көктем  шуағы білінген  күндерінде  Кемелбекте  ерекше  мазасыздық,  таңсәріде  оянып  алатын, түн  баласына  тырс  еткен  дыбысты  сезе  қоярлық сергек  ұйқысыздық  пайда  болады. Мұның  себебін  көктем  әсері,  жыл  жаңаруының  адам  баласына дарытатын  қуат  күшінің  жаңаша  тасып  оянуы  деп  түсінеді. Оның  бұл  күйіне  келіншегі  Шолпан  сырттай  онша  мән  бермеген  болса  да  іштей  сезіп,  күйеуінің жан  баласына  бітпеген  сезімталдығына  таң  қалатын.
 

Ауыл  адамдары таңғы шырт ұйқыда  жатқанда  Кемелбек бірдеңеге  әуес  болған  кісідей  ерте  тұрып  алып,  таңғы  ауаның,  лекіте  соққан  таңғы  желдің  даладан  жеткен  сарай  ашатын  лебіне  елтіп,  қырға  қарап  ұзақ  тұрады. Әрі-бері  жүргендегі  тез-тез  адымдап  кететіні,  өзен  жаққа,  көгілдір  аспан  жаққа  көз  салып, бірдеңе  іздегендей  телміре  ұзақ  қарауы  оның  есіне  әлденені  түсіретіндей. Күйеуінің  бүгін  де күндегіден ерте  тұрғанын  көріп, Шолпан  да оның ұйқысыздығы  өзіне  көшкендей  таң  енді  рауандап келе  жатқанда  көршілер  оянған  соң  барып  күнделікті  сиыр  саууға солардың  ауылды  оята  бастаған  дабырымен  тұрып  бірге  кірісетін.

 

Бұл  мезгілде  апасы оңаша  жерде  таңғы  намазын  оқып,  есік  алдындағы  пешке  шайын  қайнатуға  от  жағып  жүреді. Анда-санда  үйге  кіріп,  төргі  бөлмеде  тәтті  ұйқыда  жатқан  немересіне  таяп  келіп,  оның  пысылдаған  үніне,  кішкене  қолдарының  нәзіктігіне,  шекесінің  торсықтай  болып  қисайып  жатқанына,  аузы  аңқая ашылып  алаңсыз  ұйықтағанына  қарап  бірталай  бөгеліп  те  қалады.
 

Есік  алдына  шығып,  от  жанып  түтіндеп  жатқан  пешке  қарай отырып  жаңадан  сауылған  сүтті  сүзіп,  қазанға  қотарып  пешке  қояды. Келінінің  ауыл  арасы,  үй  тірлігіне  тәубә  деп  қана  отыратын алпыстағы  Ақжамал  әженің  отау  құрып  жеке  шыққан  басқа  балалары да  жетерлік. Сүйінетіні  осы  кенже  ұлының  шаңырағы,  атасының ырыздығы  мен  бар-молдығын  жоғалтпай  ұстап  қалса,  ел  алдындағы  абыройын  дұрыс  сақтап  жүрсе  екен  дейді.
 

Күнүзін  бітпейтін  тұрмыстың  қамымен күн  шықпай  тұрып ана  жерде  ұлының  өзі  де  жүр. Кемелбек  шешесінің,  не өзіне жақын  басқа  да адамның  көзіне  түсіп  щаруа  істегенді,  ұсақ-түйекке  олардың  басын  ауыртып   ақылдасып  жатуды  артық  санайды. Онысын  өзі  іштей  кемшілік  емес  дұрыс  деп  те  ойлайды. Бұлай  ойлағанда  ер  адамның  даладағы  қиын  шаруасына  үйдегі  адамдар   араласып,  келмей  тұрған  жеріне  көмектесем  деп  алаңдамасын  дегендік.

 

Әйтпесе,  Кемелбектің  шектен  тыс өзімшіл  менмендігі, басқамен  санаспай  киіп-жарып  жүретін  ұрма-пермелігі  жоқ. Сөйте  жүріп  егерде  шешесі  не  әйелі  тарапынан  бірдеңеге  айтылған  өтініш  болса  алдын  ала  ескере  біледі,  әйтеуір  оңтайлы  бір  сәтте  жүзеге  асырып,  қолынан  келмей  жатса  араға  уақыт  салып  барып  орнына   келтіретін.

 

Мына  заманның   көп  құбылыстары  Кемелбекке  түсініксіз  көрінсе  де  өзіне  біткен  зердемен  ел  қатарынан  қалмай  жақсы  тірлік  кешіп  келеді. Бастарына  әлдебір  қиыншылық  туа  қалса  туыстарының  көбі  қара  тұтып  Кемелбекке,  ақыл  сұрап  Ақжамал  кемпірге,  құрбы  тұтып  Шолпанға  келеді.

 

Иә,  бұл  уақыттың  өзгерістері  осы  көктемдегі  сияқты,  біраз  күнде  жер  мен  көк  өзгеріп  ерекше  құлпырып  кетпей  ме,  өмір  құбылыстары  да  сол  сияқты. Жақсылыққа, өмірде тек  жақсылыққа  бастайтын  тыныштық  тілеп,  адам  игілігіне  жасаған  адал  еңбегің  ғана,  еңбекке  төккен  терің ғана зая  кетпейтінін  ұғады.

 

Амалын  тауып  өзінше  күнкөріс етудегі Кемелбектің  ойлайтыны  осы  мал  мен  бастың  амандығы,  ырыздық  жолындағы  талмай  істеп  келе  жатқан  өлшеусіз еңбегі. Биыл  қыс  қатты  болғанымен  көктем  шуағынан  молшылықтың,  күзгі  берекенің енді  келе  бастаған лебі  сезіледі. Ол  осыны  іштей  сезгендей  көңілі  марқайып  жадырай  түсті.

 

 

 

*  *  *      

 

                                       

Әне-міне  дегенше  жаз  шықты. Мал  жайлауға  шығып,  өрістен  өріс  іздеп  ауылдан  ұзап  кетті. Осындай  жол  мойыны  алыс  жақта  жүргенде  Кемелбекке  қаладан  суыт  хабар  келді. Өзінің  шешесі  Ақжамал  тетелес,  аралары жеті атаға жетпей-ақ алшақтап кеткен жамағайынның   артында  қалған  жесірі  қайтыс  болып алыс-жақындағы  көзкөрген  ағайынға  хабар  салған  екен. Туыстығы екі-үш  атадан  қосылатын бұлар ғана емес бұның әкелерінің де  шек  қырындылары  араласып,  жиі қатынасып  аралас-құралас боп көрмеген.  

 

Бірақ  сырт  таныс  жақын  болса  да Кемелбек хабар  айта  келген мына  туыстарының   қайғысына  ортақ  болуға,  көп  ішінде  бірге  көрініп  артын  жөнелтісуге   тиісті  адамдар. Байы  ертеректе  өлген  жесір  әйелдің  тұрмысы  беріде  түзеліп,  балалары  өсіп, олар  туралы  кейде  жағымды  сөздер  де  еститін,  балалары  шетінен  іскер,  пысық  дегенді  айтқанда  барып  жақынырақ  танысуға  да  құлқы  оянатын. Бірақ  оның  бәрін  саралап  ойлап  жатуға  көп  уақыт  бола  бермейді,  оның  үстіне  жұмысы  көп  адамның  анау-мынауға  мұршасы  да  жоқ.

 

Енді міне, шешесін,  келіншегін алып, Кемелбек  шетелдік  көлігімен   қалаға  келе  жатыр.  Шілде  айының  ашық  күні  шақырайып  тұр. Таңертеңнен  ыстық  болатын  белгі  білінген  соң, ауылдан  ертерек  шығып  кеткен. Хабарды  кештеу  естіген  соң  бұлар  тым  болмаса  жерлеуіне  қатысып,  топырақ  салуға  үлгеруге  асығып  келеді.

 

Жолшыбай  қол  көтерген  соң мұрны  таңқиған  қара  қатынды отырғыза  кетіп  еді, қалаға  жетер-жеткенше  Сексеуілбай  әулетінің  бар  тарихын,  көзімен көріп келгендей сыздықтатып  айтты  да  отырды. Ара-арасында  Ақжамал  әжей кей сөзін жақтырмағандай қарап  қалса  үндемей  томсырая  қалады.

                                     

 

*   *   *

 

 

 

Осы  бетімен  бұлар  Сексеуілбайдың  кемпірі  Қарайшаны  жерлеуге  шығарып  жатқан  үйге  келіп  тоқтағанда,  маңайдағы  қарақұрым  халық  пен  әр  жерге  қойылған  көліктен  бос  орын  қалмапты. Көлікті  аулаққа  қойып  келіп,  Кемелбек  үйге  дауыс  салып  кірген  шешесінің  соңынан  ілесе  орамалын  даярлап,  жүзін  төмен  салып  ішке  кірді. Үй  іші  тып-тыныш, дауыс  салып  жылаған  қатты  дауыс  білінбеген  соң,  үйге  кіргенше  Ақжамал  әже  де қыстыққан  көз  жасын  күштеп  тыйып,  үйге  кірген  соң  ескі  көз  көрген  бір-екі  кемпірді  көріп,  дауыс  салып  қоя  берді.  Аңырап  келіп  көріскен  бойы  ішкі  шері  тарқағанша  қайғысын  өлеңдете төгіп  жылады.

 

Сыртта  тым-тырыс  боп  отырған  жұрт ішкі  жаққа  құлақ  тігіп,  жоқтау  айтқан  кемпірдің  ащы  зарына  құлақ  түрді. Тыңдаған  сайын  ащы  запыран  өзектеріне  құйылып,  жылаудың  амалын  таппай  қыстығып  отырғандардың  ішкі  шерін  шығарып, қайта  кіріп  іштегі ойын  айтып, көңілін  білдірушілер  көбейе  түсті. 

 

Әйтеуір  туысымыз  ғой  деп отырған  жас  әйелдердің  біреуі  де  жоқтау  айта  алмай  құр  сүңкілдеп  бүрісіп  отырғандары  болмаса,  өткен  жанның  өмірдегі  жақсылығын мына  әжедей  қозғап  айта  алмағанына  ұялады. Мына  әженің  айтқан жоқтауы  көңілдің  кірін  түк  қалдырмай  тазалап  жуғандай, қайғы  бұлтын  жел  боп  айдағандай. Оған  ілесіп  өлеңдете  келген  тағы  бір-екі  әйел  мына  жалғаннан  аттанған  адамның  барлық  жақсылығын  нұр  етіп  ел  көкірегіне  құйып  жатқандай  болды.

 

Келген  адамдар  көбейе  түсіп,  енді  іштегілерге  сыртқа  шықпаса  орын  қалмайтын  болды. Осы  сәтте  мұртты  келген  денелі  жігіт  ағасы  кіріп,  Ақжамал  әжейдің  айтқан  сөздері  мен  жұбатуына  орынды  сөздер  айтып  сәлем  берді. Бұл  осы  Сексеуілбай  әулетінің  үлкені  болатын. Өзі  жасында  сотқар,  тентек  те  болып,  талай  қызметтің  басын  да  шалған.

 

–  Мына  оқыдым-тоқыдым  деп  жымсиып  жүрген  көп  келіннен  сіз  оздыңыз  әже, – деді. – Қасиетіңнен  айналайын  ақ  әже.  Сен  болмасаң  қасіретімізді  де  өстіп  өлім  үстінде  көз  жасымызбен  шығара  алмай, жақсының  жақсылығын  дауыстап  айта  алмай  қор  болады  екенбіз  ғой, – деп  ол  кеңкілдеп  жылап  шын  сөзін  айтып  қалып  жатыр.

 

Тоқтарбайды  ұнатқанда  жұрт осындай  өтірігі  жоқ  аңқылдаған  ақ  көңілділігі  үшін  ұнатады. Қылықтарын,  кейбір  батылдықтарын  аңыз  ғып  айтады. Жомарттығын,  табыс  дегенді  судай  ағызып,  оның  бәрін  жинап  өзіне  жаратпай  сұрап  келген  елге таратушы  шүлендігін  аңыз  етеді.

 

Енді  міне  жоқ  күнінде,  табыссыз  жұмыссыз  сандалып  қалғанда  да  Тоқтарбай  жасып  тұрған  жоқ. Шешесінің  қазасына  жұрттың  осынша  көп  жиналуымен,  құрметімен-ақ  неше  кісімсіген  немелерге  оқ  атып  тұрғандай.

 

Оның  інілері  де  өзі  сияқты  шетінен  өр  кеуде,  жұмыс  десе  жанын ала кірісіп,  қанша табыс  тапса  да  өмірі  соны  ұқсата  алмай-ақ  келеді  Не қатындары  салақ  боп  кезігеді,  не өздерінің  алақанында  жылу  жоқ  па,  байлық  басы  осы  әулетке  құтаймай-ақ  қойған  еді.

 

Сегіз  ұлы  бар   Сексеуілбайдың  бір  келіні  де  енесін  анық  жоқтап  шын  жылап  шығарып  сала  алмады. Қарайшаның  бар  мұң-зарын  алыс  ағайындары,  құдағиылары  мен  Ақжамал  сияқты  көзкөрген  көнекөздер  айтып  аруағы  риза  болсын  деп  тілеуін  тілеп,  артының  жақсылығын  ұрпағынан  күткендей  ештеңеге  де  көңіл  аудармастан  артын  жап-жақсы  шығарысып  салды.

 

Алыстан  келген  құдағиы  кетерінде  дауыс  салып  жылап,  арман-мұңын  тірліктегі  әулет  зарын  келтіріп, –  ол  да  жылай-жылай  қызық  көрмей  кетті, – деп  мол  қайғысын  сыртқа  еріксіз  білдіріп  кетті. Бұл  уақытта  көп  жиылып  түс  қайта  Қарайшаны  жерлеп  қайтқан  көпшілікті  қала  ортасындағы  орталық  ресторанның  кең  залында  отырған туыс,  құда-жегжаттардың  әйелдері,  жастары  күтіп  алып,  асын  берін  соңын  күтуге  кірісті.

 

Астың  жөні,  өлікті  шығарып  салудың  барлық  реті  өзінен-өзі  жүріп  жатқандай  көрінді. Бірақ  осында жүрген нешеме жат  пиғылдар  жер  болып,  ел  тілегінің  астында  көрінбей  көміліп  қалып  жатқандай. Кемелбек  өзін  ер  көңілді  адам  деп  есептемесе  де  Сексеуілбай  әулетінің  аңызға  айналған  қасіреті  мен  қасиетін  ішінен  сезетін. Осы  бір  әулеттің  өміріне  бүкіл  қазақтың  мінез-құлқы, кісілігі  мен  кейбір  жадағай жағымсыздығы  сиып  кететіндей  таразылап,  қайта-қайта  ойына  салса  да  ешбір  себебін  ішке  берік  түйіп  қала  алмады.

 

Сол  бойы  өзінің  алып  келген  малы  мен  көмегін  Тоқтарбайға  табыстап, оған  да  басқа  балаларына  арнап  көңіл  айту  ниетін  білдіріп  шыққанына  іштей  өзі  разы  еді.

                              

 

 

*   *   *

 

 


Кемелбекті  мазалаған нәрсе  көп. Ол  осы  бір  күн  ішінде  есейіп,  көп  нәрсені  ойлайтын  саналы  қарияға  айналғандай. Көлденең  жұрт  көп  нәрсені  білмей  аза  тұтып  келген  соң,  ел  ниеті  артын  аттандырып  салған  ұрпағының  тірлігіне  риза  сияқтанып  та  байқалған. Берекесіз  бала,  бетпақ  келін  жайын  айтса  жаны  түршігіп  кетеді. Көзге  көрінбейтін  неткен  тұтасқан  надандақ  деп  ойлады. Ана  көңілін  ауламай  ерте  қартайтып,  жетпіске  келгенше  желін  тартқызған  неткен  санасыз  тірлік  деп  ойлады.

 

Бір  есептен  Қарайшаның  өліміне  барғанына  өкініп  те  келеді. Бір  есептен  осыны  білдірген,    көзіне  көрсетіп  көңіліне  түйгізген  осы  күнге,  адамдарға,  олардың  қайғы-мұңсыз  бейқамдығына,  өз  басын  ала  алмай  жүріп  біреуге  ор  қазатын  зұлымдығына  деген  қапалану  сезімі  бойынан  енді  ғана  шым-шым  етіп  біртіндеп  зорға  шыға  бастағандай.

                                 

 

 

*   *   *

 

 

 

Күн  кешке  қарай  сәл  бұлттанып  тұрған  сияқты  еді.  Көп  ұзамай  батыстан  жұлқына  келіп  соққан  асау  жел  қала  көшесінің  шаңын  аспанға  көтеріп,  айнала  әптер-тәптер,  ұйқы-тұйқы  болды. Сабалап  кешкене  жаңбыр  жауғандай еді,  ол  да  алдамшы  болғандай  не  заматта  қайтадан  ақшабыр  бұлттардың  арасынан  күн  жарқ  етіп  шыға  келді. Аңызақ  жел  әлгіндегі  дүлейлігін  қойып,  бірқалыпты  ырғақпен  дала  салқынын  көшеге  әкеліп,  емін-еркін  қала  ішін  аралап  кеткендей. Күн кешкіре  қала  сыртына  шығып  ауылға  қарай  бет  түзегенде  әсіресе  Ақжамал  әжейдің  жүзінен  шаршағандық,  белгісіз  езілген   мұң  білінгендей  болды. Көз  шырымын  алғысы  келіп  тұрғанын  сезіп  Шолпан  енсіне  машиненің  артқы  орындығынан  жайлы  жер  сайлап  берді.

 

Жаңа  көліктің  ұзын  жолдағы  ендігі  жүрісі  жайлы  көрініп,  Ақжамал  әжей  жол  ырғағы  тербеткен  сайын  тәтті  ұйқыға  шомып  кетіп,  өзін-өзі  ұмытқан  рахат  күйге   батқандай. Кемелбек  адам  жаны қандай  берік,  қандай  нәзік,  қандай  шыдамды,  қандай  қым-қиғаш  деп  ойлады. Бұл  сәтте  алыстағы  таулардан  асып  соққан  қыр  желі  көлікті  кедергімен  тоқтатып  тастағылары  келгендей  алдыдан  гуілдеп  тұрғаны  білініп  анық  естілді.

 

Бағана төмен  қарай жылжып  бара  жатқан  күн  енді  алыстай  түсіп  көкжиекке   құлдырап  баяу батып  бара  жатыр.  Күндізгі  жарқыраған ашық нұры  барған  сайын  алыстап,  солғынданып,  ең  қызулы  толқындары  өзімен  бірге  ұзап  бара  жатқандай. Анау  сансыз  көп  қыраттар,  бір-біріне  ілесіп  жықпылдасып  кете баратын  адам  өмірінің  ішкі  қатпарлары  тәрізді.  Олар  ештеңе  де  айта  алмайтын  үнсіздігімен,  мәңгі  сазарған  күйімен  неше  түрлі  өмір  тіршіліктің  айналадағы  арпалысына  куә  болып  келеді.

 

Олар  қанша  ғасырларға,  өмірдегі  азап  пен рахатқа  куә  болды  десеңші. Ал,  біз  болсақ  өзімізді  мәңгілік  өмір  кепіліндей  сезініп,  соның  азғана  күнгі  жарығын  ұқсата  алмай  тірліктен  қалай  келсек  солай  еш  жақсылыққа  қол  жетпеген  күйі  озып  жатамыз.  Сірә,  осы  өмірге  дән  риза  адам  сирек  шығар. Адам  баласының  жоғы  қанша  қуса  да таусылмайды.  Жоқ  қуған  пендені  уақыт  қана,  кәрілік  қана  тоқтатады.  Кейде  өлім  бары  да  жақсы. Әйтпесе  адам  баласы  ұзақ  жасап,  бәрін  біліп  әбден  айлакер  боп  алған  соң  не  істемес  еді.

 

Кемелбек  осы  араға  жеткенде  әйеліне  қарап  сәл  әнтек  жымиып  қойды. Айнадан  анасының  балбыраған  тәтті  ұйқыда  келе  жатқанын  көрді. Қасындағы  Шолпанның  анда-санда  бұған  көз  алмай  қарауынан  бұның  көңілі  баяғы  ыстық-суығымыз  басылмаған  кездегідей  әлі  де  сүйіспеншіліктен  айнымаған  қалпында  екен-ау  деп  іштей  көңілі орныға түсті.
 

 

Онысын  білдірмей  Шолпан  алдыға  карап  кеткенде  бұл  да  көзінің  қиығымен  оның  сұлу,  нұрлы  жүзіне қарап  қояды. Әттең  мұның  әншіге  тән  дауысы,  ақынға  тән  таланты  жоқ,  әйтпесе  тәнті  етер еді  жүрегіне  тұнған  осынша  махаббатпен.  Бүкіл  ғұмыр  бойы жиып-терген  бар бақытты  маған  сыйлаған  осы  өмірге алғыс  айтам, сол  сезімімді  білдірмейін  десем ән  салмай-ақ,  әспеттеп  айтпай-ақ  ұғып  тұрады  көзімнен.

 

Оны  айтып  жату, тіпті  жеткізу  мүмкін бе  екен, жеткізе  алмаған  соң  ғана  бәрін  көзбен  аймалап,  үнсіз  ғана  сезіп   жаныңа  жақын  адам  үшін  оның  айтпай-ақ  ұғынықты  екенін  түсінесің.  Өмірдің  бақытының  тәтті  шырындай  дәмі  кетпес  көп  қызығы адамдардың  бір-бірін  шын  түсіне  білуі  екен-ау  деп  ойлады  ол.   

 

Share: