Дулат Бабатайұлының ақындық ерекшеліктері

18.03.2019 19427

 

 

 

Қазақтың тамаша ақтаңгер жүйрік ақыны, халқымыздың ой-санасынан алыстай түсіп тарих қойнауына сіңіп кеткен жыраулық поэзияның өкілі Дулат Бабатайұлының мол мұрасы осы күнге дейін жетіп халқымыздың рухани байлығына айналып отыруы бүгінгі ұрпақ үшін зор бақыт. Өмір сүрген дәуірі небары екі жүз жылдан азғана асқанымен Дулат ақын туралы айтқанда орта ғасырларда ғұмыр кешкен алыс заманның адамындай көріп санамызда оның дәуірі мен кезеңі жайлы көмескі де бұлыңғыр уақыттың адамы қылып көз алдымызға елестететуіміз оны бізден алыстата түсетіндей.

 

Тарих үшін екі ғасыр азғана уақыт екенін есептесек ақынның өмір сүрген дәуірі туралы көптеген ойларды дұрыс танып болжауға болатынына көзіміз жетеді. Ақын еңбектерін қазіргі күн тұрғысынан жақынырақ танып, жас ұрпақтың санасына сіңіріп оқытуға әлі күнге дейін бөгет жасап келе жатқан бұрынғы ескі көзқарастар бойымыздан әлі арылып біткен жоқ. Бұған бірнеше тарихи себептер бар екенін көзі ашық оқырман біледі. Әдебиеттің өткенінен азды-көпті хабардар, халқымыздың кейінгі орыс бодандығына енген үш жүз жылға жуық тарихында рухани өмірімізде болған өзгерістерді білетін саналы оқырман бұл сұраққа ойланып барып жауап іздері белгілі.

 

Кешегі тәуелсіздік кезеңіне дейінгі заманда Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты ақындардың ел мұңын басым жырлап, халқымыздың алдында күтіп тұрған қилы замандар туралы ескертіп жазған өлеңдері кеңестік жылдарда «кертартпа» көзқарас болып саналуы заңды еді. Өйткені кеңестік биліктегі кертартпа саясатқа өзінің жөнсіздігін көрсетіп тұрған шындық поэзиясы әзірейілдей болып көрінетін. Олардың заңды жалғасы болып дүниеге келген  көркем әдебиеттегі Абай дәуірі, одан кейінгі алаш кезеңі кеңестік солақай саясаттың құрбаны болып жетпіс жыл жабық жатқанына тарих куә болғаны кеше ғана. Бірақ осылардың бәрінің алдын алып, жақын көршіден келе жатқан тар заманды алғашқы болып ескерткен Дулат поэзиясының құдіреті бұлардың ешқайсынан кем емес. Тіпті күштірек әрі алғыр, көркем, ерекше затты, тот баспайтын дерлік текті өнер.

 

Бүгінде Абайдың ұстазы деп заңды аталып жүрген Дулат өлеңдерінде жаңашылдық, ескі дәстүр, заманының күрделі мәселелеріне үн қатып адамды ойландыру, келешек заман туралы ой тастау сияқты жыраулық поэзияға тән үздік қасиеттердің барлығы да бар деп жазу аздық етеді, осы қасиеттер оның өлеңдерінде тамаша қолданыстарын тауып, Дулатты қазақ поэзиясында ешкім жетпеген биіктерге көтеріп тұр десек оған ешкім де дау айтып таласа қоймас еді. Амал бар ма әртүрлі уақыттардың кедергілерінен өтіп бізге келіп жеткені ақынның бір ғана томға толар-толмас мұрасы заман туралы толғау-арнаулары, өлеңдері болып оның барша шығармаларының жинағын құрайды. Ал осы уақытта оның шығармалары туралы жазылған пікірлер мен зерттеулер, қазақ поэзиясына қосқан жаңалықтары мен тілімізді көркейтуге сіңірген еңбегі туралы айтылған пікірлер, зерттеулер мен білдірілген көзқарастар ойымызды еріксіз қозғайды, осы бір тамаша ақынның қадіріне жетіп әлі күнге дұрыстап құрмет көрсетерлік дәрежеде оны насихаттай алмай жүрміз бе деген ойға жетелейді.

 

Кезінде Дулат Бабатайұлының ақындығы туралы академик жазушы М. Әуезовтен бастап ғалым-зерттеушілердің барлығы оның зар заман ақыны екендігін айтып, әдебиет тарихынан қомақты орын берді. Олардың қатарында А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Мұхаметханов, Р.Сыздықова, Б.Кенжебаев, Т.Кәкішев сияқты ғалымдар болды. Кеңестік жылдарда да Дулаттың ақындығы туралы сөз бола қалса оның шеберлігі туралы айтпас бұрын алдымен кертартпалығы туралы, зиянды жақтары туралы айтып алу керек болатын. Өстіп ғылыми ортаға да сыналап қана енген ақынның ерекше талантымен қоса, ешбір қалыпқа сыя қоймайтын оның көзқарастары, дүниетанымы әрдайым оқушыны да, зерттеушілерді де тың, жаңа ойларға жетелеп кете беретін. Сол себепті де ол әлдеқайдағы бір елес заманды жыр етуші, алыс уақыттың бұлдыр ойлы ақыны етіп түсіндірілді. Біреулер өзінің жаңаша ойларын өткізу үшін, енді біреулер келер ұрпақ өздері түсініп алар деген сеніммен осылай жазып келді. Бірақ Дулаттың жырлағаны әр қазақтың көкейінде сайрап тұрған тәуелсіздік, еркіндік, елдік мәселелер екенін айтуға саясатты құрығы жібермейтін еді.

 

Күні кешеге дейін түрлі көзқарастармен түсіндіріліп келген Дулат ақындығы қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін қайтадан  алдыға шыққан болатын. Бірақ оны түсіндіріп таныту мен насихаттау сол бұрынғы деңгейден ілгері басып алға дамып кетпеді. Ақын шығармашылығын  бүгінгі күн тұрғысынан зерделеуде заман көшіне ілесе алмай кешігушілік бар.  Әдебиет тарихына немқұрайды қарап «қойшы сол Дулатты феодалдық заманның ескішіл ақыны» деген көзқарасты ұстанар болсақ, онда өткен уақыттың келешекпен жалғасып жататын құдіретті заңдылықтарын түсінбегеніміз болады. Ақыл-ой, әдебиет даму заңдылықтары да әрбір ұрпақтан бұл туралы ойлана сөз етуді керек қылады.  Дулат тәрізді ақындар әдебиет тарихында көп емес. Осы тамаша ақынды бүгінгі күн тұрғысынан қайта зерделеп, ол туралы айтылған ойларды жүйелеп дамытсақ әдебиет тарихына қосқан ерекше үлес болар еді.

 

Осы тәуелсіздік жылдарында бұрынғы талай ақын-жазушылар жаңаша сараланды, барлық жағынан түбегейлі қарауды қажет ететін тұлғаның бірі – Дулат ақын. Дулаттың еңбектеріне де бүгінгі күн тұрғысынан қарап зерттеу, көзқарас білдіру, оның бұрын теріс түсіндіріліп келген ойларының неліктен қоғамға жақпаған, жат көзқарас есебінде саналып келгендігі өзінен өзі оқыған адамға түсінікті бола қоятындай жағдай емес.

 

Өткен ғасырдың басында Абайды көп уақыт түсіндіре алмай келуіміз, оның шынайы халық қазынасына айналуына бөгет жасағаны, оны талдап түсіндіруде көп еңбек сіңірілгені, әрбір ақынға қайта-қайта айтып оралып отырудың ғылыми үшін маңызы зор екенін көрсетеді. Ендеше Дулат ақынға да қайта оралып отырудың ғылым мен әдебиетіміздің, көркем ойымызға беретін жемісі бар ойландыратын мәселе болмақ. 

 

Дулат Бабатайұлының шығармашылығында оқырман үшін ойлана қарап зерделейтін, қыр-сыры мен сыр-сипатына тоқталып арнайы сөз ететін жайттар көп. Мұндай түсіндірулерсіз, ғылыми сипаттамасыз екі ғасырды артқа салып бүгінге жеткен ақынның өмір сүрген уақыты мен дәуіріндегі оқиғаларды түсініп тану кімге болсын қиындық келтіреді. Оның көптеген өлеңдері  сыр-сипатын анықтап, талдап-түсіндіруді қажет ететін, ойларында таратып қоғамдық тұрғыдан пікір бере отырып сөз ететін мәселелердің көп болуы ақынның өз заманынан бойы озық, алдағы уақытқа көз салған ойшылдығын танытады. 

 

Бүгінгі жас ұрпақ, мектеп оқушылары мен жас қауым студенттер Дулаттың қандай ақын екендігін нақты танып айта алмай келеді, өйткені оған берілген бағалардың көпшілігі кеңестік уақыттың бағасы. Ал ол туралы айтылған көзқарастар әлі толықтыруды, жаңаша ойлап қайта жазуды талап етеді. Дулат туралы жазу, оны жас ұрпаққа түсіндіріп беру шынында қиын болғаны ма деп сұрайтын болсақ расында ойлануға тура келеді. Сөз жоқ, Дулат қатардағы жай ақын емес, оның шығармаларын талдап түсіндіріп, айтқандарын орын-орнымен неге бұлай дегенін көзқарасқа сәйкес әңгімелеп беру бірталай жүйелі еңбектенуді, қажырлы білімді қажет етеді.

 

Дулаттың бізге жеткен еңбектері ел аузынан жазылып алынған, бұрынғы ескі жазу бар кезде хатқа түсіп, әр жерде жарияланған дүниелер. Олардың жүйелі жинастырылуы туралы, текстологиясы да қалыптаспаған. Бүгінге төгілмей-шашылмай жеткен осы дүниелерден -ақ Дулат тәрізді ұлы ақынның қолтаңбасы бірден байқалады. Оқыған адамның есінде сақталып қалады. Сол жазу-сызу ескі заманда өлеңдерін ауызша айтып елге таратып жүрген ақынның барлық мұрасы осы ғана деуге аузың бармайды. Ақын мұрасы бұдан әлденеше есе мол болғандығы еш күмән тудырмайды. Бірақ өкінішке орай олардың бәрі бірдей хатқа түсіп сақталып қалмаған.

 

Бірден-бірге айтыла жүріп өз заманында даңқы зор болған ақынның сөзі еді деп әркімдер баспасөз бетіне шығарғанша ел ішінде ауызша сақталып келген деп айтсақ бұл пікіріміз кате болмас деп ойлаймыз. Сол заманда өмір сүрген талай орақ тілді, от ауызды ақындар ұмытылып кеткенде ел есінде сақталып қалған Дулат ақынның олардан таланты мен мүмкіндік аясы, шығармашылық әлеуеті зор болған деуге болады. Ақын өлеңді суырып салып та, ұзақ ойланып-толғанып та айтқаны байқалады. Себебі оның кейбір шумақтары суырып салма ақындардың қолынан келе қоятындай жеңіл дүниелер емес. Өмір сырын терең болжап білген, ой-жүйесі терең даналық сипаттармен байыған, шығармашылық таланты өте күшті ақынның ғана қолынан келетін дүниелер.

 

Бұрынғы зерттеушілер Дулаттың үлкен, кең ойлы, эпикалық сипаттағы ақын болғанына да тоқталады. Өзіне дейінгі жыраулық поэзияны жазбаша әдебиеттің де сипаттарымен байытқандай белгілердің болуы, Дулаттың ескіше хат танығандығынан да хабар беретіндей. Оның оқу оқығандығы жөнінде анық деректердің болмауы себепті бұл ойды ашық айтып дамыта түсу қиын, болжап қана білуге болатын ерекшеліктердің өзі Дулаттың хат таныған ақын болғандығын көрсететіндей. Ел арасындағы деректерге сүйеніп кейбір ғалымдар ақынды тұрмыс жағынан кедей болған дегенді айтады, алайда ескіше өлең-жыр, қисса-дастандарды, тарихи жырларды, нешеме толғауларды таңды-таңға ұрып жатқа айтатын адамның ел ішінде тіпті ауқатты адамдар арасында да беделсіз болмайтыны белгілі. Ендеше ақынның өмірдегі жеке бас тұрмысы кедей, жүдеу болған дегенге анық негіз жоқ дегіміз келеді.

 

Өзін ауқатты, тұрмысы әлді адамдармен салыстыра айтқан сөздеріне қарап тым кедей болған деп топшылауға болмайды. Ел ішіндегі қазақтың бір үйіндей шағын дәулеті бар, қолы дәулетке бірде жетіп, бірде жетпей жүрген дүниені соңына түсіп қуа қоймаған, қанағатты хош көрген тақуа адам деп топшылауға болады.

 

М.Әуезовтің атақты «Абай жолы» романындағы суреттелетін Барлас ақынның бейнесі сол өмірдегі Дулат ақынның бейнесіне жақын тәрізді. Ақын мал байлығынан жан байлығын, өнер күшін, шындықты хош көріп, өзіне біткен өнердің күшімен өмір сүрген, сол өнеріне дақ түсірмей сақтауға тырысқан ақын ретіндегі бейнесі оқушы санасына дәл орныға қалар еді. Себебі осынша талант, жан байлығы мен ерекше өнер иесінің киер киім, ішер асқа жарымаған кедей етіп суреттеу шындыққа тура келе қоймайды. Бұған қарап малы бар байларға құрақ ұшып, тілемсек ақындарша көр-жерді өлең етіп, ел ішін кезіп кететін сатымсақ ақындарға тән қасиетті де Дулат мінезіне сиыса қоймайтын әрекет деп ашық айтуға болады. Осы қасиеттері мен өзінің мінез ерекшеліктері Дулаттың өлеңдерінде айнымай түскен. Оның айтатыны көбіне жеке бастың мұңынан гөрі ел сөзі, тыңдаушының қалауы, соларға айтатын, адам, заман, уақыт, өмір жайлы толғаулары Дулатты басқа ақындардан ерекшелеп, оның ақындығын ойшыл, болжағыш, жыраулық дәрежеге көтеріп тұрғандай.

 

Ежелгі жыршылық, көпшілік сүйіп тыңдайтын қисса-дастандарды жатқа біліп айтып жүруі Дулаттың жай ғана қатардағы ақын емес, ел ішіндегі жыраулық атағының күн санап өсіп, қазақ даласына кең жайылуына әсер еткен тәрізді. Өз қатарластарымен салыстырғанда кейінге ақынның біраз мұрасының жетуі оның көзі тірі кезінде-ақ атақ-даңқы қазақ даласының барлық шалғайына жеткен жүйрік те дүлдүл ақын болғандығынан хабар береді. Кеңес әдебиетін зерттеушілердің көпшілігі мысал етіп айтып жүрген Абайдың атақты өлеңіндегі пікірді де осы жерде айта кету орынды сияқты.

 

«Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау
Өлеңі бірі–құрау, бірі–жамау.
Шіркін-ай қара таныр кісі болса
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау»
,– деген өлеңді көп зерттеушілер осы күйінде тура мағынасында пайдаланып келеді. Енді дұрыстап қарап тағы да бір оқып ойлансақ мәселеге екінші қырынан қарауға болатынын көреміз. Ақын бұрынғы ақындарға аяушылық білдіріп отыр, сөзін жұртқа тыңдатамын деп бірде қисса айтып, бірде терме-толғау айтып, арасында өзінің көрген-білгенін сөз етіп отырған ақындарға осы сөздерді арнаудың ешбір өрескелдігі жоқ. Абай оларды сынап тұрған жоқ қайта сөзін тура айтып жеткізе алмай түрлі амалдарға барып жанын қинап жүрген ақын күйін түсіне сөз етіп отыр деуге болады.

 

Осы бір шумақ өлеңмен екі ақынды бір-біріне қарама-қарсы қойып, Абай ескі ақындарды былай сынаған деп оның өзін ешбір адамнан үйренбеген, халық поэзиясынан нәр алмай төбеден түсе қалған ақын етіп көрсету шындыққа сия қоймайды, ендеше бұл сынға абайлап ойлана қарап оқығанымыз жөн. Бұл жерде сынаған күннің өзінде ескі ақынның күйі қандай болғанын айтып кетсек екі ақынды да толық түсіне аламыз және олардың ойлары бір-біріне қайшы келіп жатқан жоқ дегіміз келеді.

 

Осы айтқан сөздерімізден қазақтың бейуақта, мезгілсіз заманда өмір сүрген ақынының бет-бейнесін көз алдымызға келеді. Оның шығармаларын оқу арқылы кім болғанын, қандай өсиет қалдырғанын, осы шындықтардың әр заман өткелдерінен қалай өткендігін білу бүгінгі ұрпаққа керек. Мана айттық Дулат тәуелсіздік ақыны, ол бодандық қамытына мойын сұна бастаған қазақ даласындағы қоғамдық құбылыстардың себеп салдарын көре білді. Оның кейбірін ертерек айтып ескертіп те кетті. Бірақ тарихтың дөңгелегі теріс айналдыруға ақынның қауқары жетпейтін еді. Ол өзінің сұңғыла білімімен алдағы замандарды болжап, тың ойлар айтты, ұрпаққа алда келешек не болатынын ескертті.

 

Өз заманының көп қатынастарын теріске шығаруы Дулатты зар заман ақыны, өмірден түңілу сарына басым ақын деп айтуға негіз болды. Алайда оның айтқандарының көбі дұрыс болып шықты. Дулатты кеңестік биліктің де, оның алдындағы патшалық дәуірдің де қабылдай алмауы заңды еді. Бірақ қазақ халқының толы егемендікке қолы жеткен дәуірде елі үшін тәуілсіздік пен бостандықтың ең қасиетті ұғым жоқ екенін жарғақ құлағы жастыққа тимей күңірене жырлап өткен ақынды көп дәстүршіл ақындардың қатарында бағалап жүруіміз қолда бар алтынның қадіріне жетпей мысқа айырбастап жүрген рухани жүдеулігімізді білдіреді. Егер бұрынғы ескі әдебиет үлгілерін жазып алушылар оның еңбектерін түгелдей жазып алғанда бүгінгі уақытта біз Дулаттың ақындық, жыраулық, жыршылық, дастаншылдық, термешілік қырларын, жеке тұлғасына көптеген қасиеттер орныққан жан-жақты өнер иесі ретінде зерттеген болар едік. Ақын өлеңдерінде оның айналаға, өмірге көзқарасы анық сайрап жатқандай көрінгенімен кейбір ойларынан даралық сипаты, өзге ақындардан ерекшелігі айқын көрінеді. Қай ақынмен салыстырғанда да Дулаттың өзгешелігі, өзіндік таным өресі, ақыл-ой биіктігі  саналы ойдың өрнегіне өрнек қосып, көркемдік тұрғыдан қай тұлғамен де таласа тұруға жететіндей талантының кесектігі оған қатардағы таланттарға қарағаннан өзгеше бағалауды қажет етеді. 

 

Ақын Дулат Бабатайұлының жеке ақындық тұлғасы оның заманы мен шығармаларының құндылығы әлі талай зерттеулерге арқау болары сөзсіз. Үлкен ойшыл, кемел ақыл иесі, дүниеге тәуелсіз көзқарасы бар, азаматтық белсенділігі жоғары, көрген-білгенін қоғамдық сана тұрғысынан қорытып елдік, ұлттық мүддені қызғыштай қоритын ақынды өз заманының дана кемеңгері, сара шешені, ұлы ақыны деуге лайық. Ақын шығармашылығы жайлы шындыққа сәйкес марапат сөздерді айтуға кешеге дейін кеңестік дәуірдің ықпалы жол бермеген кезде ол туралы солқылдақтықпен түрлі пікір айтылып келді, енді егемен ел тұрғысынан алғанда оның бір жарым ғасыр бұрын айтқандары бүгінгі күні өзгеше айтылған шындықтай ерекше естілуі поэзиядағы өршіл жаңашылдықты көрсетіп тұрғандай болады.

 

Талай қапас қараңғы заманда небір әділетсіздіктермен алысып қиындық көрген ақынның рухының алдында бүгінгі күні адал пікір білдіру – азаматтың ақыл-ойымыз бен келешек ұрпақ алдындағы парызға адалдығымызға қойылған сын тәрізді. Ел мүддесі алдында адалдық –ақын жырлаған үлкен де соқталы тақырып еді. Бұл тақырыпты ерекше жырлауы ақын өлеңдерінің тамаша бір тәрбиелік сипаты. Бүгінгі жас ұрпақ сүйсіне оқып осынша мұра қалдырған ақынның еңбектерін, қалдырған өсиет, аманатын сезіп өсуі ұлттық тәрбиеміздегі  егемендік арқылы қол жеткен тамаша жетістік деуге болады.

 

Дулат Бабатайұлының ақындығы мен қоғамдық-әлеуметтік көзқарасын сөз еткенде оның өмір сүрген дәуірінің ерекшеліктері жете ескерілуі тиіс. Себебі Дулат қайнаған өмірдің көрігінде соғылып, тартысында шыңдалған ақын. Оның өлеңдерінің шыншыл болып келетіні де содан. Ақын көзқарасы айқын, түсінікті көрінгенімен кейде таратып айтуды керек ететін тұстарында  әрбір жайдан хабары мол білімді көзқарасты талап ететін пікірінің ойшыл, дара сипатты, өмір пәлсапасын таныған, адам сырын терең білген ерекшелігі тереңірек үңіліп, ойлана сөз етуге жетелейді.

 

Ақынның билікпен қарым-қатынасы қандай деген сұрақ қоятын болсақ жауап іздегенде жеке адам ретіндегі ақынның қоғамдағы өзінің бейнесі де айқындалып, өлеңдеріндегі пікірлерінен заманынан бойы озық, тұлғасы биік жанның бейнесі сомдалып шығады. Бұл жерде ақын туралы ресми деректің, нақты құжаттың тапшылығы да оның рухани бейнесінің өлеңдерінде көрініс табуында бөгет бола алмағандығын байқаймыз.                                                                                

 

Ақынның өмір сүрген дәуірі хандық кезеңнің ыдырап, жаңа қатынастар қазақ даласына суық қолын созған шағына тура келсе де ондағы жеке адамдардың билік құрған, тізгін ұстаған істеріне баға беріп, немесе олардың жөндемекке әлектеніп сынап жүрген адамнан гөрі келе жатқан уақыт ырқына еш шара таппай соның барлық сипатын тарихи, адамгершілік, эстетикалық тұрғыдан ой елегінен өткізген тұлғалы ақын табиғатын оның өлеңдерінен табамыз. Дулат өз заманының тарихи сипатын дәл тауып, соны көреген ақын ретінде жырлады. Оның өлеңдерінде болған жайдың бәрін бай-манаптардан көріп, хан-төрелерге мін тағып, не мақтап айбынын асыруға талаптанған жөнсіз әрекеттердің ізі байқалмайды. Ақын өзінің заман, қоғам, адам туралы пікірлерінде әр нәрсенің ара қатынасын дұрыс сақтап, ешбір құбылыс жайлы қоғамдық ойға қайшы келетіндей пікір айтпаған. Демек біздің алдымыздан өз заманының төл перзенті, өз уақытының барлық шындықтарын тани білген ойшыл, өзінің қарым-қатынасын, ойын сол заманның алдыңғы қатарлы пікірлерімен тең қоя білген өрелі де зиялы ақынды танимыз.

 

Дулат өлеңдерінде жазба әдебиетке тән сипаттардың молдығын бірқатар ғалымдар оның өзіндік ерекшелігі ретінде жазған. Ендеше «айтқаны кітап сөзіндей» дерлік даналық қасиеттер Дулат ақында тумысынан бар, бұл оның өлеңдерінің әрбір жолында сайрап жатыр. Өз кезінде көңіліне жақпаса билікке өкпе айтып, оны сынап жөнге салмақ болып, тарихи жағдайлармен санаспай пікір айтып өткен ақындар да өткенде көптеп кездеседі.

 

Бірақ олардан Дулаттың жөні бөлек. Ол өз дәуірінің перзенті болып өзі шыққан ақыл-ой биігінен ақындық сөзін сөйлеп өтті. Қай кезде де тәуелсіз көзқарас білдіріп, ел мүддесін, адамдық ар-намысты бәрінен жоғары қоя білді. Ақыл-парасат биігінен өмірді жырлап өту – санаулы ақындардың ғана қолынан келетін ілуде біреуге ғана бұйыратын шынайы бақыт. Ерекше ақындық мәртебе. Еркін оймен қазақ даласына қатқан үні неше ғасыр бойы ұрпақ санасында жаңғырып өшпей келе жатқан Дулат та ел алдындағы мәртебесі жоғары, аспанға самғаған рухы ешқашан төмендемейтін, қайта өршіл сипаты уақыт өткен сайын халық жүрегіне жақындап, жоғарылай беретін биік ақын.
                                                                                               

15.09.2014

 

Келіс Рахымжанов, ф.ғ.к.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
 институтының жетекші ғылыми қызметкері

 

 

 

Share: