Мұхтар Шерім. Обшым адам емессіңдер!

25.03.2019 5675

 

 

Облыс әкіміне бәрі есеп беріп жатыр. Ең соңында мінберге шыққан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Мәзболған Талтаңбаев қақырынды, жөткірінді. Пәпкісін ашты да:

 

–Жыбырлап, бір-бірімізге сыбырлап, әйтеуір қыбырлап жұмыс iстеп жатырмыз. Бұйра–бұйра шашымыз, ирек-ирек қасымыз бар, генерал деген атымыз бар. Облыс бойынша алты жүз ауыр қылмыс жасалып, оның 599-ы қысқартылды. Былтырдан берi  1500 адам өлiп, оның 500-i тiрiлiп кеттi. 300 адам ендi өлейiн деп жатыр.  Алты айда алпыс қыз–келіншек зорланып, жетпiс жеті кемпiр зорланып қала жаздап, елу бес мектеп оқушысы гүлдерiнен айырылып...–деді міңгірлеп.

 

– Гүл-пүлiңiздi қоя тұрыңыз! Баяндамаңыз тек зорлаудан тұрады екен. Обшым, адам емессіңдер! Ары қарай?

 

– Бұйра–бұйра шашымыз, ирек-ирек қасымыз бар, генерал деген атымыз бар. Министрлiктен алған хатымыз  бар. Айтайын дегенім: алты айда алты тонна героин тәркiлендi.  Оның бес тоннасын ұрлатып алдық. Төрт тоннасын тауып алдық. Үш тоннасын өртейiн деп жатқанда, екi тоннасы кем болып шықты. Бiр тоннасының қайда кеткенi белгiсiз.  Тағы да айтайын дегенім, жұма намазда қымбат  туфли, етік киіп барғандарды ұрылар зар қақасаттырып, аяқ киімдерін ұрлап кетуде. Сондықтан, біз қымбат туфлилерге дабыл қаққыш орнатып алуды үгіттеп жатырмыз. Немесе, туфлиді пышақпен ортасынан кесіп тастаса, ешкім ұрламайтынын айтумен келеміз. Бiз алты айда алты қауiптi қылмыскерлермен атыстық.  Осы қақтығыста бiр камаз патрон жұмсадық.  Екi қапшық жаңғақ жардық. Кешіріңіңіздер, граната жардық. Отыз екi пышақ лақтырдық. Нәтижесiнде, алты қылмыскердiң бесеуi тiрi қалып, бiреуi сеспей қатты.  Бiз оны өлген соң тұтқындап, қолына кiсен салдық. 

 

–Обшым адам емессіңдер! Есеп беру жиналысын аяқтаймын, ертең тағы жиналыс, бәріңді қатаң сөгіспен таяқтаймын!  Өңшең, адам еместер!–деген облыс әкімі орнынан тұрып, кете барды. Қалғандары жағымпазданып, артынан ерді.

Share: