Алаш партиясының қандай тарихи мүмкіндіктері бар еді?

26.03.2019 15598

 

     

Бүгінгі Қазақстан тарихы жоғарғы сынып оқулықтарында ықшамдалған ең негізгі ақпараттар ғана берілген. Мәселен, Алматы «Мектеп» баспасынының 9-сынып Қазақстан тарихы оқулығында (М.Қозыбавев, Қ. Нұрпейіс, Қ. Жүкешев): “Алаш” партиясы 1917 жылдан бері большевиктерге елеулі оппозиция болды. Дегенмен, 1919 жылы Қызыл Армияның әскери күшіне төтеп бере алмай, азамматтық соғыстың кері ықпалынан алашордалықтар саяси күш ретінде жеңіліс тапты”.

   

Әлбетте, жоғарыдағы тарихи фактіні ешкім жоққа шығармайды. Расында да, алғашқы Қазақ Үкіметі Кіші Қазан төңкерісінің салдарынан, жалпы халықтың бытыраңқылығынан, толыққанды ішкі әскердің жоқтығынан ақыры 1937 жылы Әлихан Бөкейхановтан бастап, тіпті Кеңестік Үкіметті қолдаған Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровке дейін ату жазасына кесілді. Ең алдымен, бұл Ленин Үкіметінің немесе сол кездегі Мәскеу саясатының әскери жеңісі еді. Алайда, рухани турашылдық - әрине азаттық үшін құрбан болған алашордалықтардың, Түркістан автономиясын қолдаушылардың жағында болды. Әйткенмен, бұл халқымыздың ұлтсүйгіштігін жоя алмады. Бастапқыда ұлы Қазақ әдебиеті (Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсрепов және т.б.), кітап оқырмандарға беріліп отырған патриоттық сезімдер кейінірек 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында айқын көрініс тапты.

      

Иә, большевиктер санының көптігімен, Ленин және Сталин жіберіп отырған озық қару-жарақпен жоғарғы деңгейде жабдықталған әскери отрядтар мен тағы Азаматтық соғыс тұсындағы ел ішіндегі бірен-саран сатқындардың опасыздығынан Тәуелсіз Алаш мемлекеттілігінің идеясы орындалмай кетті. Тек 1991 жылы ғана Тәуелсіз Қазақстан Республикасы әлем картасында пайда болды.

   

Әйтсе де, мені бір сұрақ мазалайды. Егер Алаш париясында өзінің әскері болғанда, бүкіл халық бірауыздан қолдағанда және Азаматтық соғыс тек РСФР төңірегінде өрбігенде не болар еді? Ойға бірінші келетін жауап: әрине, Қазақ елі тәуелсіздікті сол тұста-ақ алуға мүмкіндігі болар еді. Әрі біз бүгін тәуелсіздіктің 27 жылдығын емес, 100 жылдығын тойлап отыратын едік. Бұған мысал, Финляндия. Ол Ресейден тәуелсіздікті 1918 жылы Лениннің бұйрығымен алған еді. Тек саяси және таза әскери тұрғыдан алып қарасақ, әрине мұндай жағдайда шүбәсіз Алашорда үкіметі әлі талай Қазақ елін экономикалық, өндірістік тұрғыдан егемендік жағдайында дамытар еді. Осыған тағы бір мысал, сол замандағы Түркия мемлекеті. Осман империясы бірінші дүниежүзілік соғыста ыдырағанымен, алғаш Түрік Республикасы ыдырамақ түгілі, Ататүрік Мұстафа Кемалдің бастауымен тіпті жеке саяси күшке айнала алды. Қазір Түркия Республикасы Таяу Шығыстағы дамыған елдердің бірі.

   

Дегенмен мен жоғарыдағы сұрақты басқа қырынан қарастырғым келеді. Әлихан Бөкейхановтың басты идеясы қандай болды? Кенесары хан жасап үлгере алмаған Егемендікке кеш те болса қол жеткізу еді. Елестетейік 1918 жылы Ленин тек Финляндияға ғана емес Қазақстанға да Тәуелсіздік берді деп есептейік (әрине, мұны елестету қиын болса да). Сонда не болар еді? Мінекей, сол кезде-ақ азаттыққа жеттік делік. Екінші мақсат қандай болар еді? Бәлкім Ахмет Байтұрсынұлының Қазақ әліпбиін құрастырғанына қарағанда ағартушылық болар ма еді? Мүмкін Түркияның үлгісімен латын қарпіне өтіп, жаңа мектептер аша бастадық делік. Егер большевиктер пролетарияттың диктатурасын ұсынса, онда алашордашылар ұлттық заманауи зайырлы демократияны ұсынғаны белгілі..

     

Егер Алашорда бір ғасыр бұрын тарих сахнасында жеңгенде не болар еді? Бұл сұрақ – өте қызықты! Әлихан Бөкейханұлының ең түпкі ойы, басты негізгі мақсаты (автономиялық және тіпті Тәуелсіз Республиканы құрудан бөлек) қандай еді? Әрине, бүгінгідей дамыған, тұрақты, бейбіт әрі жарқын болашаққа ұмтылған Отанын көру!!! Елбасымыздың көп векторлы (айтпақшы, бұл бүгінде Еуразия құрлығында кең танымал саясаттану термині Қазақстанда пайда болған еді) саясаты осы мұратқа бір сағатта болмаса да, жылдан-жылға жақындата түсуде.

     

Осы ірі ғылыми мәселе (Алашорда тақырыбы) жан-жақты ұзақжылдық тарихи-ғылыми зерттеуді әлі де талап етіп тұрған сауал екенін мойындау керек. Иә, бүгінгі ішкі нарығы және қуатты әскери күші дамыған Түркия немесе Әлем бойынша жоғары деңгейлі білім жүйесіне ие болған Финляндия жоғарыдағы сұрағымызға қосымша ой салып тұрғандай... Әрине, ертерек тәуелсіздік алғанымызда, көбірек экономикалық-әлеуметтік жетістіктерге жетіп үлгерер едік. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Қазіргі Рухани Жаңғыру бізге XXI-ші ғасырда болса да, отыз дамыған елге қосылып үлгеруге мүмкіндік беріп тұр. Егер, әрине, барша халық болып осы ұлттық жоспарлармен бірауыздан айналыса бастасақ.

   

Мақаланы қорытындылайық, еліміздің кәсіби тарихшылары, академиктері, жазушы-публицисттері, ғалымдары тарапынан Алашорда тақырыбын, әсіресе Алаш зиялыларының түпкі идеяларын әлі тереңірек, әрі жан-жақты, одан да көбірек зерттеу керек. Кейбір академиктерге тек «пәлен болыпты, сосын бүйтіпті» - деп қана жалпылама сөзден, өнімдірек және пайдалырақ зерттеу еңбектеріне көшуге уақыт келген секілді. Менің айтқым келгені, отыз дамыған елдің әрқайсысының өзіне ғана тән ұлттық идеясы бар (мәселен, АҚШ - өзінің Жаһандық Экономикалық идеясымен, Қытай - өзінің жаңашыл транзиттік «Жаңа Жібек Жолы» идеясымен, тіпті Жапония өзінің Технологиялық идеясымен). Егер біз солардың қатарында болғымыз келсе, бізге де бағыт-бағдарымызды айқындап алу маңызды. Құдайға шүкір, біздің «Мәңгілік Ел» ұлттық стратегиялық жоспарымыз бар. Енді соны татулықты сақтай отырып, бір ел болып жүзеге іс жүзінде асыруға одан да көбірек күш жұмсасақ болғаны!!!  

 

Бұл мақаланың тағы бір маңызды мәні – Қазақстан тарихы пәніне, ғылымына өскелең ұрпақтың, жалпы әлеуметтік қызығушылығын тудыру. Отандық тарихты (оның ішінде бұған дейін әлі толық зерттелмей келген, тіпті Қазақ хандығына дейінгі көне тарих парақтарын да) бұдан да терең зерттеу және насихаттау ісі – ол да Рухани Жаңғыруға оң ықпалын тигізетін іс екендігін ескеруіміз керек.

                                                                                                                                

Share: