Қу дауысты Құттыбай бидің шешендік өнері

01.04.2019 9367

 

      

Еліміздің тәуелсіздік алып, дербес ел болғанына біраз уақыт өтті. Осы жылдарда халқымыз өзінің бұрынғы өткенін түгендеуге, ескі мұраларды игеріп жас ұрпақтың игілігіне айналдыруда көп жетістіктерге жетті. Елімізде өткен қазақ хандығының 550 жылдығына арналған, тағы да басқа осындай тарихи қажеттіліктен туған маңызды шаралардың көптеп өтті. Өзінің аталар салған ұлы да даңқты жолын басқа халықтарға жарқырата көрсету үшін қазіргі уақыт белсенді  қызмет атқарып отыр десек қателеспейміз.
       

 

Осындай өзіміздің ата тарихынан өшіп қала жаздаған тағы бір ұлы есімді ауызға алып, ел алдындағы қызметін ұлықтап, оған байланысты оқиғаларды қалпына келтірудің сәті енді түсіп отыр. Біз бүгін Қу дауысты Құттыбай атамыздың рухына бас ие тағзым етіп, оның ұрпақ үшін істеген қызметін, кейінге қалдырған асыл мұраларын сөз етуге жиналып отырмыз. Бүгін осы Аякөз жерінде өтіп отырған мәдени оқиғаны өз тарихымыздың өткен шағында өмір сүрген аталарымыздың асыл рухына көрсетілген құрмет деп білеміз.

 

Құттыбай биді тек Аякөз өңірінің ғана алыс-жақынға еңбегі сіңген көрнекті адамы болып, сол арқылы қазақ тарихында қаларлық іс тындырды десек ол асығыстық болады. Ол өзінің туып-өскен елінің ішінде өнер тауып жетілгенмен берісі рулық кездегі аймағынан асып, сыбан, найман елінің хандық дәуірдегі басты адамдарының бірі болды, ел басқарып, келелі сөзге көпті ұйытқан кемеңгер биі, көсем басшысы болды. Қазіргі күн мен оның заманын бізден алыстатып тұрған арадағы 300 жыл алыстан қарағанда көмескі көрінгенімен тарих үшін тез жетіп келетін, таяқ тастам жер десе болғандай. Сол себепті де уақыт қанша ұмыттырды дегенмен Құттыбай бабамыздың атқарған келелі істері төңірегінде көшелі әңгімелер айтуға тарихта таңбаланып қалған азғана деректердің өзі де біраз жайды баяндауға жеткілікті.
        

 

Қазақтың қай аймағын, қай кезеңін алсаң да тұнып тұрған тарих. Тіпті, әр дәуірдің белгілі есімдерін ауызға ала бергенде-ақ олардың сөйлеген сөзі мен кейінге өнеге болып қалар мінез-құлқы ойда жатталып қала береді. Кезінде көсемдігімен қазақ даласына аты жайылған Нар дауысты Нарынбай, Қаз дауысты Қазыбек, Қу дауысты Құттыбай, Еңсегей бойлы ер Есім, Салқам Жәңгір, Қасқа жолды Қасым хан, Айбыны асқан Абылай деп халықтың аузында басты қасиеттері бойындағы ерекшеліктеріне сай теңеу болып аңыз-жырдай айтылып кейінге жатталып қала берген.
       

 

Құттыбай би хандық дәуір әдебиетіндегі Жиембет, Доспамбет, Тәтіқара, Бұқар жырау, Дулат жыраулар сияқты оның ірі өкілдерімен қатар тұратын,  хан кеңесіне қатысуға қақы болған ерен тұлғалы адамгершілік пен сарқылмас шешендік өнер иесі. Өкінішке орай Құттыбай бидің көптеген туындылары, ел ішіндегі талас-тартыс, келелі жиындарда айтқан кеңестері мен нақыл сөздері, жақсыға берген баталары мен айтқан өсиеттері кейінге сақталмай ұмытылып кеткен. Бірақ, Құттыбайды өзінің замандас би шешендерінен ерекшелейтін қыры – оның артындағы асыл өнерін дамытып, оның ісін жалғастыратын белгілі ұрпақтарының қалуы. Оның дәстүрін жалғаған ұрпақтары кейінге дейін үзілмей, соңынан жарыса шығып, қазақтың билік жүйесіндегі сөз ұстаған тіл өнерінің дүлдүлі, жүйрік шешен, топ алдында тосылмаған орасан шоғыр күйінде кейінге дейін үзілмеген. Құттыбай бидің дәстүрі әйгілі сөз өнерінің дүлдүлдері орта жүзге аты жайылған Байғара би, Ақтайлақ шешен, Сабырбай, Қуандық берісі Сыбан елінің он жеті ақынының бірі болыған атақты Әріп ақынға келіп жалғасады.
        

 

Осы сөзді тыңдап отырғанда тыңдаушы қауым би-шешендерді әдебиет сияқты үздік өнер өкілдерінің қатарына жатқызуға бола ма деген сұрау қоюы да мүмкін. Болады әрине. Тек қазақ әдебиетінде ғана емес күллі дүние әдебиетінің тарихында шешендік өнер сөз өнерінің ежелден халық арасында үзілмей келе жатқан ақыл-ойдың кені, бастау-бұлағы, қайнар көзі боп саналады. Бұл туралы әдебиет тарихының белгілі терең білгірлері орта ғасырдағы Әл-Фараби бабамыздан бастап аз айтпаған.

 

Мұндай асыл өнер ұлтымыздың бойына тән қасиет, сөзі ұғып, қастерлеу, айтқан сөздің дұрыстығына көз жеткізе тоқтау, тыныс-тіршілігінің барлық мәселелерін сөзбен шешу үрдісінің тамаша дамығанын қазақ даласына саяхат жасаған орта ғасырлық ғалымдардың да тамсана жазғанын бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.
        

 

Өткеннің өнегелі әдебиет үлгілерін қастер тұтқан Ш.Уәлиханов, А.Құнанбайұлы, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Әуезов,  С.Сейфуллин, М.Мағауин сияқты ғалымдар хандық дәуірдегі шешендік өнердің дүлдүл шеберлері айтып қалдырған өсиет өлеңдерді, нақыл, мақал-мәтелдерді, ел аузынан жазып алып, көркем әдебиеттің озық үлгісі ретінде хрестоматиялық жинақтарға енгізді. Олардың қызметі туралы арнайы пікірлер, құнды зерттеулер жазып қалдырды. Кеңестік кезде бұл жағынан билердің шешендік өнері туралы Н.Төреқұлов, Б.Адамбаев, С.Негимов сияқты ғалымдар жүйелі зерттеулер жүргізді. Осы ғалымдар ішінде есімі күллі дүниеге мәшһүр  Мұхтар Әуезов қазақ халқының шешендік өнерінің сан түрлі үлгілерін алғаш жинап бастырып, олар туралы зерттеулер жазды. Хандық дәуірдегі би-шешендердің  жарқын істерін тарихи туындыларына арқау етті.

 

Оның «Еңлік-Кебек» пьесасындағы билер сценасы қазірге дейін өзінің шешендік өнерді көркем әдебиетте бейнелеу жағынан үздік үлгі болып саналады. Жазушы мұның шебер өрнектелуінің сырын өзіндік құпия етіп ұстағанымен, оның ескі әдебиеттің үлгілерінен тәлім алғаны атақты «Абай жолы» романындағы оқиғаларда көрініс тапқан. Біз бір ғана жазушымыздың шешендік өнерге берген бағасы мен одан өзінің шығармашылығына тапқан күш-қуатты сөз етіп отырмыз. Осы билік өнерінің 19-ғасырдағы дүлдүл шебері Абайдың шешендік өнерде көрсеткен шебер өрнектері әдебиет тарихында аз айтылмаған.
      

 

Қазақтың бас ақыны Абайдың ізін басқан зор жазушымыз  М.Әуезов өзінің «Әдебиет тарихы» атты еңбегінің ішінде тобықты елінің елеулі билері Әнет баба, Кеңгірбай, Қараменде жөнінде терең зерттеулер жүргізіп, олар туралы  кеңінен сөз етті. Орта жүздегі тобықтымен іргелес көршісі сыбан елінің Дулат ақынын жыраулық поэзиядағы ерекше құбылыс ретінде Абайға ұстаз болуға жараған шебер ақындығын да суреттеп берді. Оның заманында өмір кешкен арғы-бергідегі Құттыбай, Байғара, Ақтайлақ билердің есімі де биік өнерді бағалай білетін айтулы ғалымның назарына ілікпей қалмаған. Осы еңбегінің өзекті тұсында Құттыбай бидің ел аузындағы:
         

 

Құйрығын ұстап мал берсе,     

Қолыма тиді демеңіз.          

Алақанын жаймай ас берсе,          

Асатты ғой демеңіз»–

 

деген бір ауыз өлең жолын мысалға келтіретіні де тегін емес.

 

Қазақ даласына өздерінің шешендік сөздерімен әйгілі болған билердің жай қатарында ғана емес, олардың алдыңғы шебінде болған Құттыбай ескі билер сүйенген заң жораларын, қазақтың дәстүрлі заң жүйесін бес саусағандай білген жүйрік өнер иесі. Сол дәуірдегі ауыл-үйдің арасындағы мүлік, отбасы, жер, жесір дауы, ұрлық, қылмыс, небір күрделі азаматтық істерді қарау барысында бұра тартпаған әділ би болуымен қоса әр аймаққа аты шыққан күрделі істерді, мемлекеттік мәселелерді қарауға дейінгі жиындарда Құттыбай қазақтың белгілі билерімен терезесі тең адам ретінде маңызды қоғамдық істерге ат салысты деуге болады.

 

Бұл жағынан алғанда оның 1760 жылы Абылай хан мен Әбілмәмбет хандардың тапсырмасымен Пекинге Цинь императоры Цянь-лунге қазақ елшілігін басқарып баруы тарихи дерек қана емес, жан-жақты сөз етуге тұратын қоғамдық оқиға.
       

 

Осы шағын ғана деректен еларалық іске қатысты сапарға барған Қу дауысты Құттыбай бидің ел арасындағы тұрмыстық, қылмыстық, түрлі дауларды шешумен бірге түрлі халықаралық істе де өзінің орны бар, белгілі мәмлегер болғандығын аңғаруға болады. Осы сапардан кейін Қытай мен қазақ арасындағы елдік  қарым-қатынаста бірқатар жетістіктер орын алғаны туралы деректер тарихи құжаттарда көптеп келтіріледі. Осы келісімдер нәтижесінде қазақ саудагерлері көрші шын елінің Құлжа, Үрімжі, Шәуешек сияқты ірі қалаларына келіп сауда жасауға мүмкіндік алып, екі ел арасындағы қатынас бұрынғыдан да нығая түседі.
        

 

Қазақ хандығы мен Цин империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты жарық көрген құжаттар жинағында мынадай дерек келтіріледі:
         

 

Патша... қазақ елінен Әбілмәмбет, Абылай, Әбілпейіс хан бабалар жіберген елшілерге қонақасы берді және былай жарлық жариялады:
       

 

«Қазақтың ел ағалары Әбілмәмбет, Абылай, Әбілпейіс хан бабаларға: Сіздердің ... елшілеріңіз Құттыбай, Атығайларды...амбандарымыз Бейжиңге жеткізді. Оларды қабылдап, өтініштерін сұрап білдім. Сіздерге атап бірқатар маңлық қамқа, торғын, және ыдыс-аяқ сияқты тартулар жібердім... Елшілеріңізге де, ұлық айдар бөрік, шекпен, салтанат алқасы, күміс торғын, торқа, ыдыс-аяқ сияқты азды-көпті сыйлықтар бергіздім. Қастарына елге апарып салатын қорғаушылар қостым»,–деп жазған  (100 құжат, Алматы. Санат. 1998. 50-51-б)
        

 

Осы құжатта көрсетілгендей Абылай ханның сыртқы істерін жүргізуші, келіссөзге барушы адамдар өз қызметтерін ойдағыдай аяқтап елге аман-есен абыроймен оралғандығы сол уақыт үшін мәнді уақиға. Сыртқы жағдайдың ерекшеліктеріне орай арнайы тапсырмамен жіберілген дипломатиялық топ алға қойған мақсатқа жету жолында қолдан келген шеберліктерін аянып қалмағанын келіссөздің нәтижелі аяқталуына әсер еткен. Бұл оқиғаның сол уақыттағы маңыздылығы  хандық дәуіріндегі еларалық қатынасқа халықтың арасынан шыққан белгілі билердің де араласқандығынан хабар береді. Осы арқылы өзінің білімі мен ақыл-парасатын Құттыбай би сыртқы елдермен жүргізілген дипломатиялық қарым-қатынаста да көрсете алғандығын осы құжаттағы деректер толық растайды. Бұл жерде тек қазақ арасындағы қарым-қатынастарда емес, сыртқы елдермен сауда, құқық, жер, алыс-беріс мәселесіндегі Құттыбайдың шебер мәмлегерлігі пайдаға асқандығын келіссөз нәтижелері көрсетеді.           
        

 

Біздің халқымызда, ел үшін еңбек еткен адал ұлдарға құрметпен қарап, олардың қызметін ұмытпай ұлықтап отыру үрдісі ежелден қалыптасқан.  Бүгінгі ұрпақтың өткендегі халыққа қызмет еткен ата-бабалар алдындағы парызы оларды еске алу, ұмытпау, үлгі тұту, алдағы уақытта олардың ісін лайықты жалғастыру болса бүгін соның тағы бір көрінісіне куа болып отырмыз. Бүгінгі орын алып отырған бабалардың өнегелі істерін ұрпаққа жеткізу ісі сол парыздың азғана бөлігі деп ойлаймыз. Алда әлі Құттыбай бидің толықтай мұралары мен істерін зерттеу шаралары бар...
         

 

Аякөз өңіріндегі Құттыбай ұрпақтары бүгінгі күні өзінің ұлы атасына деген құрмет көрсетіп ескерткіш белгі орнатуымен перзенттік парызын  атқарды деуге болады. Тарих аталатын тізбекті уақыттың жүрісі кейде ай-күндерден, баяу жылжыған жылдардан тұратыны қандай рас болса, оның алды-артқа қаратпай кететін асау, орасан ұшқырлығы да сондай шындық. Біздің ата тарихымызда артында ұрпаққа өнегелі іс, өшпес мұра қалдырған ақын-жыраулар, тарихи есімдер жеткілікті. Олардың көпшілігі хатқа түсіп, зерттеліп, көпшіліктің рухани  игілігіне айналған. Алайда түрлі себептермен халық жадынан ұмытылып, мүлде өшіп кеткен есімдерді қайта жаңғырту ұрпақ үшін қажет. Өз кезінде істеген қызметі мен қалдырған мұрасы жөнінде анық деректер сақталып, еш жерде ұзақ уақыт айтылмай келген есімдер қаншама. Соның бірі Құттыбай бабамыз еді. Бүгін есімінің қайта оралуымен қазақтың тамаша шешен биінің өмірі, оның қызметі мен сөздерінің зерттелуі өзінше арнаға тоғысады деген үміт бар. Бұл саладағы зерттеулер осы өлкеде өмір сүрген атақты ақын-жыраулардың, белгілі батыр, ел басқарған хандардың өмірімен, бұрынға өткен замандағы Әнет баба, Кеңгірбай, Құдайменде, Байғара, Жаңғұлы билердің тарихымен сабақтасып жатыр. Оның архив қойнауында жатқан еңбектері, ел аузында жүрген өсиет сөздері, нақыл өлеңдері, тапқыр, шешендік сөздері келешекте әлі де өз зерттеушісін таба береді.
      

 

Кешегі кеңес заманы тарих жөнінде ел мүддесіне теріс  саясат ұстанды. Бірақ қанша сұрапыл замандар да, небір аласапыран уақыт та өшіре алмайтын оқиғалар, деректер кезігеді. Өшіп кеткен есімдерді уақыт қалпына келтіреді. Бүгінде олардың ел алдындағы атқарған қызметі мен жетпей қалған аталы сөздері қаншама, қаншасы ұмыт болды, қаншасы оралып жатыр. Соның бәрі уақыт шаңына көміп кеткен 20 ғасыр өзінің қайшылықты тарихын әлі аяқтаған жоқ. Кеңестік қоғамдағы келеңсіз саясаттан қалған жат әдеттер ұрпақ санасына бұрынғының даналықтары мен ата тарихымыздың керемет қасиеттерін ұрпақ сіңіруге мұрша бермеді. Кейінгі 25 жылда тапқанымыз көп, оны ел санасына жеткізудің қиындығы одан да көп.
      

 

Өткендегі тірі тарихты хатқа түсіруші, жинаушы тарихшылар десек, сол тарихтың оқиғаларын көркем әліптейтін көркем әдебиетті сөз етпей кете алмаймыз. Өйткен, зәулім үй тұрғызып, шекарасын шегендеп, өркениет қызығына ерте жеткен елдерден қазақ халқының ерекшелігі оның күллі өнері, ақыл-ойы мен мәдениеті, заңы мен салт-дәстүрі көне әдебиеті мен аңыз-жырларында,  фольклорында сақталған. Демек тарихқа түрен салғандар қатарында кәсіби тарихшылармен бірге ақын-жазушылар тұр. Егер бүгінгі күнгі қу дауысты Құттыбай бидің дауысы өткен ғасырлар қойнауынан саңқылдай естіліп жатса, ол да қазақ тілінің құдіреті мен бар рухын қасиетті тіліне дарытқан көркем әдебиетіміздің қуат-күші екеніне  талас жоқ.
       

 

Қазақ халқының хандық дәуірі өзіндік тарихы бар, шаруашылығы, ішкі-сыртқы саудасы дамыған, мәдениеті мен заңы орныққан, мемлекеттілігі аталы адамдарымыздың қолында болған ерекше дәуір еді. Сол дәуірде де осы тарихи  ата қонысымызда сан ғасырдан, әлімсақтан өмір сүріп келе жатқан халқымыз тарих көшін одан ары жалғастырды. Алда тұрған барлық түйткілдерді ата заңының әділетті күшімен, қасиетті де дәстүрлі ата жолымен шешіп отырды. Ұрпақ тәрбиесімен берілген ересен білімді қазақ табиғаты әрдайым ана сүтінен дарыған даналығымен меңгеріп, аумалы-төкпелі заманның өткінші оқиғаларын өлең сөзі мен тарихи жырларында, шешендік өрнектері мен мақал-мәтелдерінде түйіндеп, олардың ең асылдарын ұмытпай жадында сақтады.
      

 

Осындай хандық дәуір әдебиетіндегі ақын-жыраулар, сөз өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген би-шешендері халықтың сана-сезімін тәрбиелеуші, әрдайым жаңалыққа ұмтылушы, тереңге бет қойған озық ойдың иелері. Олардың көпшілігі ішкері жақтан, шет елдерден хат танып, түрлі оқу оқығандығы, сандықта текшелеп кітап жиып елге таратқандығы, Бұқара, Бағдат, Самарқан сияқты қалалардан теңдеп алдырып, білгенін жұртқа ұсынған білімпаз болғандығын қалдырған асыл мұраларынан байқалады. Қазақ арасындағы тұрмыста белгілі би-шешендер халықтың рухани өмірінің қолдаушысы, сүйеніші, ішкі-сыртқы жағдайларда не болып жатқанынан жете біліп араласушы, соған үн қатушы, ескіше-жаңаша біліммен сусындаған сол уақыттың рухани көшбасшылары, билік тізгінін дұрыс ұстап әділеттілікті орнықтыра білген елдік мұраттың шынайы күрескері болуымен олардың есімі тарих беттерінде сақталып, айтқандары жазылып қалды.
      

 

Сол себепті де олардың кейінге қалдырған мұрасы мән-мағынасы жағынан рухани тарихымыздың құрамдас бөлшегі, оның ең шұрайлы, ұрпақ санасын нұрландыратын өнегелі парақтары деп мақтанышпен айтамыз.
       

 

Еліміздің президенті Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы  өткендегі әдеби, мәдени қазынамызды қайта тірілтуге себеп болғаны белгілі. Қолдағы бар игіліктерді игеріп жатқан осы қазынадан өзге, түрлі себептермен жиналмай қалған, зерттелмей жүрген мұраларымыздың да баршылық.
Сөзімізді қорыта келгенде, Қу дауысты Құттыбай  қазақ халқының бар даналығын бойына сіңірген, ескі әдеп-ғұрып заңдарын терең біліп оны билік жүйесіне ақаусыз қолдануымен даңққа бөленген, айтқан билігіне үлкен-кішіні уыздай ұйытып, елдің құрметіне лайықты мұра қалдырған көреген көшбасшы, көрнекті тұлға. Өткеннің аузымен құс тістеген шешендерді арасында бүгінге дейін сөздері ел жадынан ұмытылмай келген биік мақсатты көздеген қайраткер, шебер дипломат, өз дәуірінің қоғамға белгілі адамдарының арасындағы зор бедел ие болған көрнекті тұлға екенін уақыт көрсетіп берді. 
                                                                                                         

 

20.10.2015
                                                                                                            Алматы.

 

Share: