Кім кінәлі?

24.04.2019 6080

 

Сол дауыс. Тағы да сол... «Апа!» дейді ме? Түсіне алсамшы айтқанын... Не дейсің құлыным-ау?! Көзіме көріңші! Құшағыма еңші бір, ботам-ау! Менің ана екенімді есіме бір салшы жарығым!.. Құлыным!.. Өз дауысынан өзі шошып оянды тағы да. Осымен бүгін – қырық күн.

 

Есін жиса жастығын құшақтаған күйі булығып жылап жатыр екен. Бөлме іші ала көлеңке болғандықтан түсінде көргендей айналасы да тұманданғандай. Көзін жұмса болды, кенжетайының жансыз денесін құшағынан тартып алып бара жатқан бір топ адамды көреді. Түсі суық, көзқарастары да біртүрлі қорқынышты жандар өзара келісіп алғандай көңілі жетімсіреген анаға тіс жармайды. Не ойлағандары бар, белгісіз. «Тірі!» дейді бұл оларға, «Менің қызым тірі!». «Қайтарыңдаршы!» деп жалына бастады бір уақыт. Жоқ, ешкім елемейді оны, естімейді айтқанын.

 

Кенжетайын ақырғы сапарына шығарып салған ана үшін тірліктің еш мәні қалмаған. Үй тірлігін дөңгелетіп, қонағын қарсы алып, ата-енеге де құрметін аямайтын. Ыңылдап ән айтып, күлімдеп қана жүретін келіншекке көрші-көлем де қызыға қарайтын. Жарқырап та жайнап жүретін бұл жанның төрт құбыласы теңдей көрінетін әркімге.

 

-Иә!,- деді ішінен жастығын кеудесіне қысып ауыр күрсінген ана бір кезде. – Өзімді қыздарындай көретін ата-енем, шығарда жанымыз бір жолдасым бар. Мамалап етегімнен тартқан ұлым бар. Қызым болса деп арман қылушы едім төрт жыл бойы. Ол да орындалды. Менің жұрт айтса айтқандай-ақ, төрт құбылам тең еді ғой. Алайда төрт жыл арман еткенімді төрт айға ғана бергенің не, Құдайым-ау. Тоғыз ай құрсағыма сыйғызғанда, құшағыма төрт-ақ айға бергенің қалай? Қалған тірлігімде қызы барларға қызыға қаратып қойғаның не, қу тағдыр!

 

Көз жасына тұншыға қиналған ана болған барлық жайтты елестете бастады. Төрт жыл бұрын өмірге алып келген ұлдарының қарындасы болса екен деп армандайтын еді жолдасымен бірге. Отағасының қамқорында ұл мен қызға тәрбие беріп отыруды жаны қалайтын. Сөйтіп жүргенде құрсақ көтеріп, бір қыз баланы дүниеге алып келген. Көптен тілегені көктен берілгенде ана жүрегі жарылардай қуанған. Алайда ол қуаныштың ұзаққа бармайтынын қайдан білсін?!

 

Күн санап өсіп келе жатқан кішкентай Самалдың бесікте бөленгенінің өзі-ақ ерекше әдемі еді. Моншақтай қара көздері анасы жанына келгенде күлімдегендей көрінетін. «Қызым мені танып жатыр» деп ана байғұс та мәз болып қалатын. Тек сәбидің аяқ астынан көтерілген қызуы бар қуанышты су сепкендей басты. Ал дәрігерлер сәби жүрегінің ақауы бар дегенде жағдай тіпті қиындап кетті-ау.

 

Ақ халаттылармен ақылдасқан жолдасы Жомарт бар жағдайды мойнына алып азаматтық танытқаны рас. Барлық таныс-тамырларын ортаға алып, Алматыға жүретін жүрдек поезға да билет тапты-ау. Олардың асығуына бас дәрігердің «жылдамдатпасаңыз болмайды» деген бір ауыз сөзі әсер еткен еді. Осыдан-ақ жағдайдың ауыр екенін, енді сәл кешіксе арман қылған қызынан айрыларын сезген әке барын салып енді сонда.

 

Поезға келіп жайғасқанда ғана ана көңілі сәл тыныш тапқандай еді. Өйткені өздері мінген поез орнынан қозғалғанда бар қиындық шешілетін қадамның алғашқысы жасалғандай еді. Енді аз күн шыдаса қыздарына ота жасатып, дәрігер берген емді алып үйге де сау-саламат оралатындай көрінді. Жетім көңілге үміт отын берген сол бір елеске ана жүрегі ерекше сенгендей...

 

- Неге?,- деп дауыстап жіберді бір мезет тағы да көз жасына ерік берген келіншек. – Неге бұлай болды бәрі?  Неге ғана тілін алмадым сол бейтаныс әйелдің? Неге?

 

Қайғы басқан жүрек осы сауал қойылған сайын өкініштің отына өртене түседі. Неге? Жауабын біліп тұрса да өзіне-өзі осы сұрақты қоя беретін.

 

Алматыға жетуге аз-ақ жол қалғанда бұлар отырған жерге бейтаныс бір әйел келіп жайғасты. Өзінен сәл үлкендеу, азын-аулақ жүгі бар жанға көп мән бере қоймаған. Тыныш ұйқыға кеткен Самалын көрпемен қымтай түсіп, дәлізге шығып кеткен жолдасын тосып отыр. Үнсіздікті бейтаныс әйелдің «Қызыңызға қатты көз тиген» деген дауысы бұзған еді. Терезеге қарап бейжай отырған ана басында дауыстың қайдан шыққанын аңғармады. Оның үстіне баланы көріп, білмей бірден айта салған келіншектің сөзіне мән бермеуге тырысқан. Алайда бейтаныс әйелдің көзіне көзі түйіскенде, есін білмей өздігінен қызын дүниеге алып келген сәтті ойлап кетті. Толғақ қысқан сәт есіне түскені сол еді, бір сәтте сәбиін қараған медбике келіншек көз алдына келе қойды. Құрсағына сәбиі біткен күннен бастап өзіне қараған осы медбикені ерекше жақсы көретін. Татар ұлтынан шыққан оның алдына келген  жанға мейірім танытуы, олармен тіл табысып сөйлесуі қандай десеңші?

 

- Есіңе кім түсті? Көз алдыңа кім келді? Міне, сол жанның көзі тиген қызыңа,- деді бір кезде бейтаныс әйел.

 

- Өзімді қараған медбикені ғана көрдім. Оның болуы мүмкін емес.

 

- Өмірде бізге мүмкін болмастай көрінетін дүние көп, айналайын. Оданда тілімді алсаң, тез арада үйіңе орал. Өлген иттің сүйегін тауып, соның орнына қызыңды аунатып ал да, ескі киім-кешектерін кигіз. Сенің қазір қызыңа сол ғана көмек.

 

Бейтаныс жанның сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей ана жүрегі тағы дал. Ішке кірген жолдасына айтып еді ол көнбеді. Алдымен отаны жасатайық, амандық болса көре жатармыз дейді отағасы. Амал не? Алматыға болса келіп қалды, отаны да көп ұзамай жасайды. Ал ауылға қайтып кетсе, бейтаныс жанның өтірік айтпасына кім кепіл? Бар жайтты басынан жаңа ғана өткерген ана оның сөзі өтірік дегенге тағы сенбей тұра алмайды. Қайтпек керек? Жалғыз қызының өмірі қыл үстінде тұрғанда кімге сенбек?

 

Алматыға табан тірегендеріне екі күн дегенде сәби жүрегіне ота да жасалды. Періштелері жарық дүниеге келмей жатып дәрігердің пышағына іліккен сәт әке мен шеше үшін ең ауыры еді, құдды сағат тілі қай бағытқа жүру керегін ұмытып қалғандай. Бірнеше сағат ғасырларға теңескендей күй кешіп еді шарасыз ата-ана. Бір мезетте дәрігердің «Ота сәтті аяқталды. Қызыңыздың денсаулығы жақсарып кетеді. Таңертең сәбиіңізді қолыңызға аласыз» деген сөзі жүдеу көңілді көтеріп тастаған. Жаратқанға рақметін жаудырған ана сәбиімен бірге өмірге өзі де жаңа келгендей еді. Алайда таңертең отадан кейін жатқызылған бөлмеде әке мен ананы қыздарының суық денесі ғана күтіп тұрған. Себеп? Себебі сол бөлменің ашық қалған терезесін медбикелер жабуды ұмытып кеткен еді.

 

Ойлап көріңізші, кім кінәлі?

Share: