Шіркін, өлең

07.05.2019 5275

      

Шіркін өлең, аманбысың сырласым

Қажымас дос, күйлі-қоңыр мұңдасым.

Мәні терең мақамдарың болмаса

Сөзіме ұйып мені кімдер тыңдасын.

 

Жайыңды ұқпай жұмсап сені әрнеге

Бабың үшін шыдап келем әуреңе.

Жанның сырын, жүрек үнін айтсам деп

Ауық-ауық созам қолды пернеңе.

 

Мына өмір тозақ па әлде жұмақ па?!!

Күңіренген жетеді үндер құлаққа.

Табамын деп жауап қиын сұраққа

Кешір мені, кетсем алыс жыраққа.

 

Өзіңменен өрге жүзсем нұрландым

Құлпын ашып құлыптаулы сырлардың.

Көрмесін деп шабыты жоқ кезімді

Күйім жоқта жұрт көзінен ұрландым.

 

Шақырасың мен ортадан шеттесем

Жырақтасам арта көрме өкпе сен.

Айыбымнан кірлеп бәлкім кетер ме ем

Жан сырымды жаңбыр етіп төкпесем.

 

Көңілімдей күйі бөлек қастерлім

Таза ойымды тамаша деп ап келдім.

Қыл үстінде сүйеп мені келесің

Тіреуі жоқ өмір деген өткелдің.

                                                    8.09.2015

Share: