Елордада алтын қазынаның күзетшілері марапатталды
Елорданың рухани ошағына айналған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында облыстық және ауыл мен аудандық үздік кітапханалар мен кітапханашылар білімнен бәсекеге түісіп, бақ сынады. Алыстан арнайы осы игілікті шараға ат терлетіп келгесін алтын қазынаның күзетшілері аянып қалған жоқ.
Айтулы шараға ел өңірлерінен 100-ден астам қатысушы келіп, бағын сынады. Биылғы конкурстың бір ерекшелігі, оған зағип жандарға арналған кітапханалардың қызметкерлері де қатысты. Бұл байқау мемлекеттік музейлер, мемлекеттік кітапханалар арасында өтетін республикалық «Рухани қазына-2019» байқауының үздіктерді анықтау аясында өткен болатын.
Іс-шара барысында әр өңірден келген конкурсқа қатысушылар өз жетістіктерін баса айтып, өз ісінің нағыз майталман маманы екенін көрсетті. Ойда жүрген идеияларын ортаға салып, Қазақстандағы кітаптарды цифрлық технологияға көшіру және сол арқылы кітап құндылығын көрсету мәселелері жөнінде өз жобаларын таныстырды. Одан бөлек латын әліпбиіне көшу, қазіргі заманғы жастардың кітап оқу ісіне деген құлшыныстарын арттыру, жалпы алғанда кітапқа деген қоғамның қызығыушылығын ояту мәселелерін кеңінен талқылады.
19 мамыр басталған «Рухани қазына-2019» өнер ұйымдары қызметкерлерінің фестивалі 22 мамыр күні қортындыланып, 18 номинация бойынша үздіктер анықталды.
Үздік облыстық маңызы бар кітапхана ретінде Солтүстік Қазақстан облысындағы С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы танылды. Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхана болып Жамбыл облысының Талас аудандық орталық кітапханасы анықталды. Атырау облысының Ақкиізтоғай ауылдық кітапханасы үздік ауылдық маңызы бар кітапхана деп танылды. Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналаған арнаулы кітапхана да үздіктер қатарынан көрінді. Үздік облыстық маңызы бар кітапхана қызметкері болып Ә. Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім жетекшісі Досмағанбетова Қалдыгүл Жалауқызы марапатталды. Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхана қызметкері ретінде Ақмола облыстық Зеренді орталық аудандық кітапхана қызметкері Ғабдулманова Гәкку Жанғалқызы марапатталды. Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана қызметкері Талдықорған қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесі Өтенай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Сейлханова Гүлнархан Оралханқызы атанды. Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері болып «Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналаған облыстық арнайы кітапханасы» басшысының орынбасары Қуантаева Лаззат Серікқызы (Павлодар облысы) марапатталды.
Байқау қатысушыларына арнайы марапатты Мәдениет және спорт министрлігі жауапты хатшысының м.а. Күміс Сейітова, ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұналбаева, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева ұсынды.
Бір қуанарлығы ауылдардағы кітапхана мен музейлердің жұмысын жандандырып, ұзақ жыл еңбек еткен қызметкерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Үздіктері 1 млн теңгеге дейін жүлде алды.Сондай-ақ, байқауға қатысушыларға Мәдениет және спорт министрінің атынан алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, фестиваль Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасын іске асыру мақсатында өткізілді.
Share: