Абайдан соң ақын өтті қаншама

06.08.2019 5538

 

 

Көбі бекер керемет деп жүргеннің.

Түбі шикі жалған тірлік сүргеннің.

Жаңылыстым демей бірақ бәрі де.

Сарнап жүр ғой ығын алып іргеңнің.

 

Жанған оттың жұмысы не шаламен.

Миы аздар теңесе ме данамен.

Қалғып кетсе түртіп қалып оятар,

Қазақ үшін керексің сен қара өлең.

 

Өйтіп-бүйтіп дүр атағын алса да.

Абайдан соң ақын өтті қаншама.

Қасиетіңді сезер болды-ау қара өлең,

Ақын түгіл, әдепкі жұрт болса да.

 

Нұрлы жырға басы алтынан бағалы.

Әркімдер де барын салып бағады.

Қара өлеңнің көш басында алайда,

Ақын болып Абай кетіп барады.

 

Самсап ойлар әр ұйқастың ішінде.

Мықты болсаң Абайды оқы түсін де.

Білімсіз де тағзым етер оған кеп,

Білімдіні біліп қоймақ пішінде.

 

Ұрпақ келіп дәстүрден көз жазбаған.

Содан бері өтті-кетті көп заман.

Қара өлеңмен көтерді Абай қазақты,

Жер бетінен өшіп кете жаздаған.

 

                     ***             

 

Заман бар деп бұдан да асқан көрікті.

Жүректердің мұзын жырмен ерітті.

Жыр еліне жалған атақ қумай-ақ,

Елдің жоғын жоқтап жүріп келіпті.

 

Заманының қайғы-мұңы көп еді.

Нар көтермес жүк артыпты-ау демеді.

Адамзаттың жүгін артқан сол көшті,

Абай әлі өзі бастап келеді.

 

Дәурен өтті дауылдаған құйынды.

Өлмес атақ қара өлеңге бұйырды.

О, қара өлең серік болған данаға,

Сезем кейде сертсіз қалған күйіңді.

 

Әрбір таңда ел күйіне елеңдеп.

Жыр жазсам да мен ақынмын дегем жоқ.

Шыңыраудан қазған құдақ сияқты,

Сен барасың күннен-күнге тереңдеп.

 

Түссең-дағы не тауқымен тезіне.

Ақындарсыз бақ бұйырмас өзіңе.

О, қара өлең қазынасы қазақтың,

Ақиқатты ойып жазған сөзіне.

 

 

 

 

            Ойлар, ойлар

 

Өмір жайлы ойға қалам күнде осы.

Мен олардың сияқтымын шын досы.

Күндіз-түні іздеп келіп жүреді ол,

Босқа кетпей өмірімнің бір кеші.

 

Ойларменен дос боп ылғи келемін.

Достық жайлы жазылады өлеңім.

Қалың ойдың кенін қаз деп тынбастан,

Аманат қып жібергендей мені елім.

 

Тіршілікте болса ғой деп ойдағым.

Пенде болып күпірлік те ойладым.

Мен ойлардан кейде күйреп жеңіліп,

Кейде жеңіп жеңіс тойын тойладым.

 

Ойлар мені қай қиырға салмады.

Олар мені сағым боп та алдады.

Ақиқаттың ауылынан көз байлап,

Әкетсе де алыстата алмады.

 

Күдік боп та мазалады ой мені.

Кейде олар шақырсам да келмеді.

Ұзақ түнге түн ұйқымды төрт бөліп,

Көк толқын боп көңілімді тербеді.

 

Ойлар кейде өлең боп та төгілді.

Таңға жуық шаршап барып көз ілді.

Менің аппақ айдынымда жүзді олар,

Аққу болып қызықтырды көзімді.

 

Бала күнгі достарымдай қаумалап.

Жатты олар жайлауымды жайлап ап.

Көрікті ойдан күміс іздеп жүргенде,

Өмір кешіп жатты жұрттар ойнап-ақ.

 

Сан күдікті қуып тастап иенге.

Ой қуамын сал күреңге мінем де.

Кетсем деймін ой соңына ілесіп,

Бақыт деген баяны бар бір елге.

 

                                        7.05.2011.

 

Share: