Нұрлан Әлімжанов. Мықтының бәрі ауылдан шыққан

17.08.2019 6275

 

Қазақ тіліне дубляждалған Disney компаниясының 5 жаңа фильмінің таныстырылымы өтті. «Болашақ» Корпоративтік Қорымен «Өзіңнен баста» жобасы аясындағы шара Орталық Коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған. Аталмыш іс-шараға Дисней фильмінің басты дубляж актері, әнші, композитор Нұрлан Баянғалиұлы да қатысқан болатын. Сіздерге актердің сұхбатын ұсынамын.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: Нұрлан Баянғалиұлы, жаңа тұсаукесер кезінде қазақ актерлері Голливуд актерлерінен еш кем емес дедіңіз. Актерлік ортада неге әлі де болса қазақтың өз “Брэд Питті” жоқ? Неліктен көрермен бірауыздан 100% баратын актер жоқ?

 

Нұрлан Әлімжанов: Ол үшін әуелі көп фильмдер түсіру керек. Тәрбиелеу қажет. Ол – Америка. Бұл – Қазақстан. Жас мемлекетпіз. Енді-енді бастап келе жатырмыз. Америка мен Қазақстанның кино өндірісін тіпті салыстыруға да келмейді ғой. Онда экономика, нарық басқа. Бізде сымбатты, тұлғалы, харизмасы күшті талантты, әрі сұлу әртістер бар ғой. Мысалы, Дәурен Серғазинді алсаң, олардан еш кем емес. Біздің тәуелсіздік алғанымызға дейінгі уақыттарда, Шәкен Айманов тұсында түсірілген фильмдерге халық баратын еді, мен де біреуін қалдырмай баратын едім. Бірақ, ол кездерде мен болған жоқпын. Әнуар Молдабеков, Серке Қожамқұлов, Шәкен Айманов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова сынды әртістердің кинотуындыларына қуана-қуана әр көрермен келер еді ғой. Тек 90-жылдары кино түсірмек түгілі, халық не ішемін деп күнкөріс қамын ойлауға мәжбүр болды. 2000 жылдардан бастап қана ақырындап кино қайта қолға алына бастады. Сондықтан, екі мемлекеттің компнияларын салыстырудың қажеті жоқ. Бұл теңеу жер мен көк, Жер мен Марс секілді. Дәл осы тұста мәселе, актерлердің талантында емес, ақшада.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: Лық толы залдарды жинап, көрерменге қызықты, шебер ойнай алады деген қазіргі заманауи үздік бес актерді атап берсеңіз?

 

Нұрлан Әлімжанов: Еөпшілік өкпелеп қалар. Мүмкін, он актерді айтып берермін. Жастардан Берік Айтжанов, Дәурен Серғазин. Ержан Тусупов – ол сүйікті актерім. Вайнер Сека вайн, Мейіржан Төребаев бар. Оның Регистратор деген фильмін көрдім. Бар оқиға көліктің ішінде ғана өтеді. Бюджетсіз қалай түсірген! Сіздер де көрсеңіздер болады. Оған бір Құдай талант берген.
 

РИЗА ЫСҚАҚ: Елбасы рөлінен кейін қандай түсірілімдерге түстіңіз?

 

Нұрлан Әлімжанов: Иә, одан кейін Моңғолияда фильм түсірдік. Ол халықаралық жоба болды. Ресей, Моңғолия, Қазақстанның бірлескен жобасы – “Духовитый конь”. Онда басты рөлде ойнадым. Красная дорожка болды Моңғолияда. Жақында Қазақстанда көрсетіледі. Пост продакшнды “Сони Продакшн”  Голливудта жасайды. Одан соң Қазақстан телеарнасы түсірген сериалда Кемел рөлін ойнадым. Мелодрама жанрындағы туынды.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: Ол бір ерекше образ бола ма? Әлде сіз ылғи тек көрікті жігіттердің рөлін ғана сомдай бермексіз бе?

 

Нұрлан Әлімжанов: Мен үшін, негізі, аса айырмашылығы жоқ. Сұлудың рөлін ғана ойнау міндет емес. Бірақ, соңғы кездері өзім күтпеген тосын рөлдерді ойнағым келіп жүр. Мүлде қарама-қайшы, толықтай басқаша рөлді ойнасам деймін. Әзір ондай рөлдерді ұсынып жатқан жоқ. Түрім сәйкес келмейді деп те айтуға болмас, себебі бастысы, адамның ішінде ғой. Грим бар, өзгертуге, түрлендіруге болады.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: Дубляж саласына қашан және қалай келдіңіз? Бұл ең алғашқы қадамыңыз ба?

 

Нұрлан Әлімжанов: Дубляжға 2005 жылы алғаш қадам бастым. Дубляж саласына аса қатты құмартпаймын. Дубляж – өте қиын. Голливудттың фильмі болған соң, өзіміздің ана тілімізде болған соң осыған қызықтым. Және кастингттен өттім. Бәлең актердің ішінен мені келіп іріктеп, мына рөлге лайықты деп таңдап алды. Олар біздің қазақтар емес, бұл кәдімгі Диснейдегі американдықтар ғой, олар мені, мен оларды танымаймын.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: Қазақ дубляжының өзгелерден ерекшеліктері неде?
 

Нұрлан Әлімжанов: Қазақ дубляжы қазақ үшін ыстық қой. Өйткені, өзінің ана тілінде ғой. Тілдің тазалығы жүрекке сіңімді, жанға жайлы, құлаққа жағымды, жылы естіледі. Мен өзі қазақы жанды азаматпын. Ауылда өскенмін. Және де ауылдан шыққан қаншама сондай азаматтар бар. Мықтының бәрі ауылдан шыққан. Біз келер ұрпақты ана тілімізде тәрбиелеу керекпіз!

 

РИЗА ЫСҚАҚ: Нұрлан Баянғалиұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

                                                                                                                   

 14 наурыз 2019 жыл

Share: