#Наурыз-сұхбат. Тойған Ізім: «Жастар рухани бай болса екен деймін...»

29.08.2019 5109

                                                                                                                          

 

ҚР еңбек сіңірген артисі, өнертану ғылымының кандидаты, профессор, хореограф Тойған Ізім ханыммен әз Наурыз мейрамы қарсаңында жүздесіп, әңгімелесіп едік.  Танымал биші, өнер зерттеушісінің Ұлық мейрам туралы салиқалы ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

 

 

РИЗА ЫСҚАҚ: Наурызды біз қалай тойлап жүрміз, қатардағы көп мерекелердің бірі ретінде ме, әлде басты мерекелердің бірі ретінде ме? Қадірі, маңызы жағынан тәуелсіздік мейрамы іспеттес көре аламыз ба?

 

ТОЙҒАН ОСПАНҚЫЗЫ: Бұл сұраққа әр түрлі жауап беруге болады. Қазақта ұлтын ерекше сүйген Өзбекәлі Жәнібеков деген ағамыз болған. Сол кісі Қазақстан Компартиясының хатшысы болды. 1988 жылы наурызды тойлауды қайтадан енгізген болатын. Есімде қалғаны Алматыда анау Республика сарайынан Абайдың ескерткіші тұрған жерден Абай даңғылы бойымен бүкіл театрлар бас қосып театрландырылған көріністер көрсеткені, көшіп бара жатқан түйе, бала-шаға. Бәрін керемет етіп көрсеткен. Солай наурыз басталған. Кейін айлап бүкіл Қазақстан тойлайтын болды. Себебі, оңтүстік қазір тойласа, солтүстікте жаз шыға әбден қар кеткен соң тойлай бастады. Кейін осының бәрін доғару керек, барлығы бір уақытта тойлануы керек деген бұйрық шықты. Ал қала адамдарының отбасында тойлап жатқанын көрмедім. Мекемелерде міндеттелген ғой енді. Мен Алматыда қыздар педагогикалық университетінде жұмыс істегенімде, онда кәдімгі қазақы тұрғыда тойлайтын. Сол уақыттарда Шәмші Беркімбаева ректор болатын. Ол – қазақы орта. Ал кейінгі Астанаға келгендегі жұмыс істеп жатқан жерімде – Қазақ ұлттық өнер университетінде Айман Мұсақожаева басқарып отырған онда да қазақы орта бар. Кәдімгі кереметтей 2-3 күн қатарынан тойлап жүретінбіз. Менің қазіргі ортам – «орыс тілді» орта. Бұл жерде үшінші сәуірде тойлайын деп жатырмыз. Өнер ордасы болған соң концерт ұйымдастырамыз. Дегенменен, ондай алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Жалпы бәріміз бір ұлттық киім киіп, дастарқанда бас қосып жатқан әзір мұндай көріністер жоқ. Сондықтан мен ойлаймын, наурызды тойлау ортаға байланысты. Қала қазақтарынан наурызды ауылдағыдай тойлап жатқанын тағы да көрмедім.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: Ұлт тәрбиесіне наурыз мейрамының әсері қандай?

 

ТОЙҒАН ОСПАНҚЫЗЫ: Әрине, ұлт тәрбиесі дегенде біз ұрпақты, ұрпақ тәрбиесін ойлаймыз ғой. Менің жасымдағы адамдар Кеңестік кезеңде тәрбие алған кетті сол қалпынша. Ал ұлт тәрбиесінде ұрпақты қалай тәрбиелеп жатырмыз деген сұрақ туады. Сондықтан жалғыз наурыз емес қандай да болмасын ұлттық-дәстүрлік, салтқа байланысты өтетін іс-шаралардың бәрі де ұрпақ тәрбиесіне өз ықпалын жасайды ғой деген ойдамын. Ұрпақ тәрбиесін тек қана біз әлгі далада тәрбиелемейміз, ол қазір ғой бәрін тек мұғалімге жауып қоятын. Жалпы ауылдағы балаларға малды суар, артын тазала дегендей. Қыздарға шай жаса, төсек жина дегендей. Ол да ұлттық тәрбие. Сондықтан, тәрбие отбасынан басталуы керек деп ойлаймын. Бұрын біздің бала кезімізде наурыз мерекесіне үй ақталып, далаға төсек орындарын бір шығарып, сандықтарды ашып. Сақтаулы матаға дейін бәрін желдетіп жайып қоятынбыз. Ол кездерде қайдағы ілгішектер? Жай жіпті керіп жайып қоямыз. Негізгі асымыз наурыз көже дайындалып. Бауырсағымыз пісіріліп, қазы-қарталар асылып жататын. Қазірде де біз үйімізде наурыз көже жасап, үйді сыпырып, жинаймыз дегендей. Бірақ, бұрынғыдай жіп керіп далаға шығып, қағып олай істемейміз. Наурыз көжемізді жасап, әлі де соғымымыз бар. Қаланың адамдары біразға жеткіземіз ғой. Қазы-қартамызды асып. Ой, жылқының етінен жасалған наурыз көженің дәмі қандай болады! Басқа жұрт жасамаса да, мен үйде асқан қазы-қартамды салып, көжені үлкен ыдысқа құйып, жұмысқа алып келемін. Солай әріптестеріме шағын шай беремін. Наурыз көжемді осылай ұсынамын. Үйге тума-туыс, көрші-қолаң келіп жатады. Әйтеуір дастарқаным жасаулы тұрады. Соның өзі үйдегі балаға тәрбие. Мысалы, олар аурыздап, қыдырып жүрген, қолдарына тәттілерін ұстап алған әдемі киінген қазақтың келгенін көреді. Бізден кейін ертең олар да солай істей бастайтын болады. Себебі, көріп отыр ғой. Оны міндет деп ойлай бастайды. Кейін ол міндет емес өзіңінің жан дүниеңнен шыққан бір ықыласың екенін түсінеді. Мен ойлаймын наурыз мерекесін қалада тойлаудың өзі жастарға, балаларға рух беретін, қазақ екендігін сезіндіретін дүние деп танимын.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: Би, әсіресе наурыз биі туралы айтып берсеңіз.

 

ТОЙҒАН ОСПАНҚЫЗЫ: Қазақта анау ертеден келе жатқан бір би бар. Ол буын биі. Қазір мынау жұрттар қара жорға деп, қыз шалқайып, жігіт еңкейіп бірдеңелер жасап жүр ғой. Соның бәрі буын биі. Буын биленетін ертеден келе жатқан бидің түрі сол. Сосын еліктеуден туған қоян би, аю би, бүркіт би деген ер адамдар орындайтын билер болған. Билердің негіздері ойындарға негізделген. Ал наурыз биі беріде туған. Ол хореграфиялық өнердің даму деңгейінің өскен кезеңінде қазақ биінің анау отызыншы жылдары алғашқы музыкалық спектакльдеріменен сахнаға шығуы, сахналық үлгісінің пайда болуы арқылы бүгінгі күні наурыз биі деген би шығып жүр. Ол биді мысалымемлекеттік Алтынай би ансамбльінде Түркештің көңіл ашар күйіне қойған болатын наурыз би деп. Одан кейін де талай балетмейстерлер қойып жүр. Жаңағы Розаның да әніне де қойып жүр. Сондықтан жалпы қазақта наурыз биі болды деген мағлұмат еш жерде жоқ. Кеңестік кезеңде өскен біз алғашқы бір естіген керемет ән Роза Рымбаеваның «Наурыз» әні болды. Қазір енді авторлар көп, би қоюшы авторлар да көп. Би қоюшы авторлар да көп. Наурыз жөнінде, әртүрлі мазмұнда да қойып жүр. Ән де көп.

 

РИЗА ЫСҚАҚ: Жастар жылында жастарға не айтасыз, қандай тілегіңіз бар? Не нәрсеге көбірек мән берсін?

 

ТОЙҒАН ОСПАНҚЫЗЫ: Мен жастар дегенде, көбінесе елдегі жастарды ойлаймын. Болашағымызды тек қаламен байланыстырып қоюға болмайды. Сондықтан қазіргі елдегі болып жатқан жантүршігерлік оқиғаларды көргенде, естігенде әнеукүнгі қазақы орта болса да Түркістандағы мектепте балалардың бір-біріне әлімжеттік жасап жатқандары. Сондайды көргенде ойлайсын айналайын балапандарым-ау көбірек кітап оқысаңдар ғой... Елдегі жастардың арасында рухани кемшілік бар. Елдегі жастар тұрмақ қаланың жастарының өздерінің де қазір кітап оқып, театр аралап жүргендерін көрмейсің. Балет театрына барса, балет әртістері, операға әншілер, драма театрларына болашақ актерлер барады. Ал бұрыңғы жастарда менің студенттік шақтарымда Алматыда оқып жүргенде Завецкий деген институттар болған нағыз қазақ балалар елден келген балалар оқитын. КазПИ-дің, ЖЕНПИ-дің студенттері театрдан шықпайтын. Кейін гастрөлдік сапармен ел-елді аралап жүргенде, елді тәрбиелеп отырған сол мамандар болатын. Қазір сол үрдіс үзіліп қалды. Оқып жүрген жастар елге қайтпайды. Елдегі отырған балалар бәрін тек телефон арқылы біліп отырады. Газет оқымайды. Бұрын қай үйге барсаң да, «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» тұратын. Кәдімгі о заманнан келе жатқан басылымдар. Қазір оның біреуі де жоқ. Сол күйзеліске ұшыратады мені. Осы әңгімені қозғағанда жаным менің ауырады. Жастар өзін рухани байытуға бет бұрса деймін. Тек табыстың, ақшаның құлы болмай. Дипломдарын алар алмастан, миллиондап ақша тапқылары келеді. 3-4 жерде жұмыс істегілері келеді. Білмеймін, біздің заманымызда ондай болмаған секілді. Біздің уақытымызда қанағат болған сияқты. Әркім өзінің қалтасына қарай өмір сүрген секілді. Қазір қалтаңда бар ма, жоқ па кредит деген жақсы болды қазақтың бәріне. Менің ойымша, қалтаға қарай күн көру керек. Жастарға рухани тәрбие қажет! Арты жылауға, өкінішке алып келеді. Білесіз бе, тоқсаныншы жылдардың басында кітапханалардың кітаптарын далаға лақтырып, өртеп жібергендерін. Сол кездерде бір жерде кітаптарды тағы сөйтейін деп жатыр десе, сол ауылға қарай жүгіретін едім. Қажеттерін алып қалайыншы деп. Қазір жастардың кітап оқымайтындығы – ҮЛКЕН ҚАЙҒЫ!!! Интернет (ғаламтор) деген таңертеңнен кешке дейін айтатындары қып-қызыл өсек. Ол адам баласына ештеңе бермейді. Жастарға рухани тәрбие беру қажет. Өздері де рухани тәрбиеге бет бұрулары керек.

 

 

   18 Наурыз, 2019

Share: