Бір күн

02.09.2019 3982

Қала сыртында үй салып жатқан Қасым қалаға бірер күнге дем алуға келген. Соны білгендей Белтерек ауылында тұратын нағашысы Құлайдар қонаққа шақыра қалды. Онысын телефонмен айтқан. Қасымның көп шуды, бос сөзді ұнатпайтынын білетіндіктен әңгімесін бірден бастап, өткен жылғы өзінің жетпіс жылдығына арнап кино түсірген режиссерді әйелімен қонаққа шақырғанын, оның қасына қонақ боп әңгімелесіп отыруға жиенім деп мұны қосқанын айтып, екі күн бұрын келісімін алып қойған. Жұмыстан шаршап жүрген Қасым демалысына тағы бірер күн қосып нағашысы жіберген көлікпен әйелін ертіп Белтерекке келді.

       

Режиссер алпыстың жуан ортасына кірген дембелше, орта бойлы, жуантық адам еді. Шашы сұйылып, бойы аласарып қалған екен. Мұны көре сала:
  

– Енді есіме түстің,– деп амандасқанда кейде «адам танымай» таныс адамымен жорта танысуын қайталаған жоқ. Көңілі мұны көргенде көтеріліп, ой бәрекелді дей қоймады. Бірақ қатынасында бір салқындық бар. Оның үстіне әйелі нағашысының ауылдасы болып шықты. Со жағынан танысып қолқа салған екен, 15 минуттік киноны түсіруге бүкіл сценарийін де өзі жазып бірталай еңбек еткен екен. Соның өтеуі деп жасаған құрметі екенін нағашысы дастарқан үстінде қайталап айтып отырды.
       

Олардың ортақ таныстары көп еді. Ауылдан шыққан замандас, туыстар жайлы сөз таусылмады. Қонақтағыдай әрқайсы тост сөйлеп еркін отырыс қылды. Қасым бұл режиссермен жиырма жылдай таныс. Ол кезде жіп-жіңішке саймандарын мықшыңдай арқалап жүретін түсіруші оператор еді. Кейін телевизиялық бір каналға бірнеше осындай түсірушілерді топтап соған осы Қалпе бастық болды. Артық сөзі жоқ, елгезек адамның не айтпағын іштей сезіп тұратын, көзінен аздап қулығы білінетін сауысқандай адам.
    

Дастарқан мол жайылған екен. Сөздің көпшілігі сол қаналда бірге істеген бір ақын туралы болды. Онымен Қасым жақын болатын. Онда жас еді. Кейін оның ұсақ әңгімеге үйір мансапқұмарлығын, жағынғыш, тек жоғарыға қарап үйренген ықшыл мінезін ұнатпай қалған. Содан аралары суыды да бұл көп ұзамай басқа жұмысқа ауысып кетті. Сол жиырма жыл бұрын ойлайтын еді осы адамдар осы күйі жүре береді-ау,– деп. Иә, сол бойы әлі жүр екен. Ойы да, бойы да сол қалпы. Ой, алла.
      

Жас күнде Қасымға мұндай адамдар күлкілі әрі қызықсыз еді. Бұл өзін зор болашақ күтіп тұрғандай өте еркін, жеңіл сезінетін. Тіпті кей беделдерді де ескере бермеді. Сонда бұған жетпегені осы Қалпенің бұқпалығы екен. Кім не айтса да иә деп, бастықтың айтқаны жөн деп жүріп каналдағы ең танымал, ең мықты маман боп алған. Бірақ талант шіркін аздау болатын.
      

Той болған күні кейін көрермін деп Қалпенің түсірген киносын жұрт тамашалап жатқанда бұл онша назар ауара қоймаған. Енді міне, үлкен шаруа тындырған құрметті қонақ баптана сөйлеп, беделді жиып төрде отыр. Қасымға қарағанда нығыз. Бұ жерде Қасым оның сөздерін мақұлдап, әңгімені демеп отырушы ғана. Бірақ қазіргі әлеуметтік жағдайы Қасымнан озып кетпеген екен. Марқұм ағасы Кәшім бұған осындай ықшыл, кісі жағалағыш, бірдеңені пайдаға асыруға жарап жүретіндерді үлгі қылатын. Сен оның үйін көрдің бе, жағдайы күшті дейтін. Жұмыстан кейін үнемі үй салумен жүретін Қасым сол әңгімесіне қызыққан емес. Редактор есебінде сөздерін жазып беріп, ылғи елдің көтерме жұмысын істеп жүретін еді. Сол әдеті пайдаға асқан екен, қазір өзі тұрғызған екі қабатты жеке үйде тұрады. Мына салып жатқаны баласына арналған шағын үй болатын.    
      

Сөзінен байқап отырса Қалпе әлі баяғыда алған жиырма жыл бұрынғы қазынаның көп қабатты үйінде тұрады екен. Қонақтар ет жеп, тамаққа әбден тойып әңгіме де көп айтылып отырыс соңына жақындап қалғанда Қасым өзінің әдетте осындай отырыстардан шаршап қалатын, қыруар уақытты алатын бос рәсуадан гөрі бірталай пайдалы нәрселер естігендей тыңайып қалды. Нағашысы да әдеттегідей бұған қайқая бұрылып қарап, менсініңкіремей тұрып сөйлейтін әдетінен сәл тайқығандай. Шапшаң қимылды ұлына тапсырмалар беріп мына қонақтарды үйіне жеткізіп салуды тапсырып жатты. Күн салқын еді. Жаз бітіп күз айының тақағанын білдіргендей бұлар мәшинеге отыра бастағанда сілбіреп жаңбыр да жауа бастады.
     

Жарты сағаттан кейін ескі таныстар қаланың абыр-сабыр тірлігі жайлаған көше бойынан бұрылып келіп бұйығы шағын аудандағы үйлердің арасына тоқтаған көлік ішінде бір-бірімен қоштасып, сау бол айтып жатты.
                                                                                              

 

22.08.2019

Share: