Мырзабайдың Құлназары
Пеш түбіндегі құмшаға көрпе төсеп, құс жастыққа қисая кетсе, көзі ілініп, ұйықтап кетіпті. Үйдің ішін шыбын кірмесін деп, қараңғылап тастаған. Қабырға сағаты тық-тық етеді. Мырзабай ояна сала төсін қармап, қалта сағатын іздеді. Қолына бауы ілініп еді, сол баудан ақырын сырғыта тартып, саумалап сағатын шығарды. Тері кеудешенің төсін ағытып, сағатын ашып қараса – үш болған екен.– Әлгі қайда жүр екен?! – деді кіржиіп. Мырзабай мазасыз адам. Дүниедегі келісті деген шаруа қолайына жақпай тұрады. Жұрт жиналып әңгіме соққанда: Әлгі пәленшекеңнің салған үйі жөндем екен, кең екен,– дей берсе, Мырзабай тұрып жұлып алғандай:
– Пәлі, Құснеденнің үйінің қасында сол үй болып па, ауласы тар, қорасы дұрыс жабылмаған, өзі тура жол үстінде, – деп тақап тастайды.
– Ау, енді бай, ауқаттылармен емес, өзі сияқты қара шаруамен салыстырғанда көш ілгері ғой, – деп Мырзабайды білетіндер бір жағына жығыла салады. Қисаймаса болмайды.
– Ә, онда жөн. Екі-үш басқа жарайды. Рас, рас.
Ауылдың сөз аңдыған әзілкеш мысқылшылдары қолы боста кеңсе маңына жиналғанда, алыстан төбесі көрінсе, «Мырзабай келе жатыр» деп қаша бастайды. Мырзабай өзін турашыл санайды. Клубта жиылыс болса, қонышына аудандық газетті қыстырып Мырзабай жүреді. Сөз тимей қалса, мінбеге таласа шығып, алдына газетті жайып қойып: «Үкімет пен партия былай деп отыр, ал біздің басшылар қаулыны бұзып, бүлдіріп бітті» деп бастап, тисе бастайды. Ертеде Мырзабайды тәлкек етіп, сүйрегендей қып мінбеден итеріп түсіріп жіберетіндер жариялық кезеңде «осы не дер екен» деп «кәзит оқиды ғой, бірдеңе білер» деп осыған жалтаңдайтын. Мырзабай болса дәп бір дүниенің бір тетігін ұстап тұрған адамша сынды төпеп-төпеп алып, сөзін: «өйту керек, бүйту керек» деп ақыл айтып бітіретін.
– Әттең оқымай қалған, әйтпесе ел басқаратын-ақ, – деп құрдастары кекегені белгісіз, хош көргені белгісіз разы боп, күлісіп алады.
– Жоқ, бұл байқұс адал ғой. Ана зұлым басшылар ғой бұрмалап үзіп-жұлып ел ырысын жейтін, – деп шын бағасын беретіндер де бар. Сөйтіп, біресе жұмысшы, біресе есепші, біресе қайрақшы, біресе экспедитор, біресе күзетші боп әр шөптің басын бір шалып жүретін Мырзабай ақыры дүрілдеп ауылда газдың бастығы бола қалды. Астында мәшине. Апта сайын тізім жасап, үйді-үйден бос балондарды жинап, ауданнан газ әкеледі. Жұрт кәдімгідей жалынышты. Кейде ауыл аралап, газ плиткаларын тексереді. Мырзабай үй аралаған күні ауыл әйелдері у-шу болып, қасқыр шапқандай дүрлігеді. Бірінікі түзу қойылмаған, енді біреуі өрт қауіпсіздігін ескермеген. Бірі олай, бірі бұлай. Дұрыс емес. Мырзабай жұрт сияқты «әке-көкеге» көне ме, теріс нәрсені көк дәптерге теріс деп жазып қояды. Түзеу керек. Жұрт бірінен-бірі сұрап, түзей бастайды. Өйткені Мырзабайды алдай алмайсың. Қыдиып ертең тағы келіп тұрады. Елдің еркектері сияқты бұл арақ та ішпейді. Мырзабайды көндіру қиын.
* * *
Есік сықырлағанға басын көтерсе, әйелі екен. Байпақшаң шойнаңдап ауыз үйге шықты. Тоңазытқыштан бидай көже алып ішті.
– Әлпіш келмеді әлгі, – деп шопырын жоқтады. – Кеңсе жақта не болып жатыр? – деді сосын әйеліне.
– Ауданнан комиссия келіпті. Директорды тексеріп жатыр дейді. Совхозды таратамыз, жекешеленеміз деп Берікбайдың ұлы мен Мақан екеуі елді дүрліктіріп жүр дейді. Соны тексеруге келіпті. Сен о жаққа бармай-ақ қой, аналарды жақтадың деп жүрер…
Мырзабай әйеліне ежірейіп:
– Мені немене, бала деймісің! – деді. Бірақ тез жұмсарды.
Кім біледі, бәлкім, осы толықша сары әйелдің мұны адам қып жүргенін мойындаған болар іштей. Сөйтсе де ұстағанды жібермейтін мінезбен:
– Сен қатын ана ұлды шегеле, – деді. – Жүрмесін селтеңдеп. Жасы болса жиырма алтыдан асты. Септігі жоқ. Құртсын көзін. Іс қылсын. Шөп, отын деп-ақ өлетін болдық. Не қылған бітпейтін той ол!… Күнде той, күнде той… Ғайша сөзге үйренген әйел. Тосын құлаққа Мырзабайдың сөзі шегедей ғой. От дұрыс жанбаса да қарғап-сілеп жүретін долы қатын болса, Мырзабайды баяғыда-ақ бір жайлы етер еді, не тулақ қып илер еді, көнбесе қаңғыртып, ауылға қонақ қып, ербитіп қояр еді. Амал не, Ғайша жуас, ақылды ғой. Қазір де екі оттың ортасында тұр. Тұңғыш ұлы сырттай оқып, ауданның бір мекемесінде қызмет қылатын. Екі айға ақысыз демалыс алып ауылда жүр. Шаруа басты боп, табыс табу жоқ. Той қуып тоқтай алмай, күнде дырдумен жүр. Әкенің сөзі оған оғаш, шаншудай. Шешесі айтса «қойшы соны» дейді. Ғайша түсінбейді.
– Ойбай, күнім-ау, әкең емес пе! Қарсы келме. Істей сал айтқанын, – деп бәйек болады.
Құлназар болса құтты әкесі сияқты шалқайып тұрып: – «отын, шөп», – дейді. –Как будто мен бір трактор айдап жүргендей. Қайдан табам көлікті!?
– Қарағым-ау, өзің сияқты трактор жүргізіп, шөпте жүрген балалар көп қой. Баяғыда әкең анау жолдасым, мынау жолдасым деп жүріп, бәрін істеп алатын. Жас емессің бе, қарғам. Күш-қайратың бар. Біз болсақ жер ортадан астық. Көмектескенің жөн болады, балам әкеңе.
Құлназар қабағын түйіп ойланды. Үй ішінде әрі-бері жүрді. Есіне бірдеңе түсті ме, аздан соң жадырай бастады.
* * *
Кешкілік оң құлағы тілік, семіз қара қой қораға келмеді. Өрістен қайтпады ма, мал бөлген балалар үркітті ме, әлде ит қуып етті ме белгісіз. Қой өрістен күн бата келді. Қора-қораға бөленгенше ауыл үсті азан-қазан шу, шаң-тозаң боп, әп сәтте қас қарайды. Мырзабай шойнаңдап екі-үш үйге барған соң шаршады. Елдің малын өзінікінен бетер түстеп танитын Оқшамның ұлы қоңыр таймен желе жортып өтіп бара жатып, кілт тоқтай қалды:
– Аға не іздеп жүрсіз, – деді үлкендерше дауыстап.
– Қой еді, балам.
– Қара қой ма? Қолтығының ағы бар.
– Иә-иә! Ботақанның қорасында. Аға, іздемей-ақ қойыңыз, – деп жөнеле берді. Мырзабай еріксіз үйге бұрылды. Ботақанның үйі ауылдың екінші шеті, барам десе де бара алмас еді. Балалар барда мал іздемейтін Мырзабай айналасы он-он бес күнде тарыға бастады. Күнделікті малды Ғайша өзі түгендейтін. Мырзабайдікі еріккендік. Мен де бір көрейінші дегендей жалған іскерлік. Ауыл үстінде кеш орнап, шам жанды. Ғайша қойларды қотанға енгізіп, сиырды сауып, сүтін пісіріп, есікті сыртынан орындықпен тірей салып, о да жоқ іздеп кеткен екен, Мырзабай есік алдында демін алып, тосып отыр.
Қаракөк аспан биіктеп, жұлдыздар жымыңдап, таласа-тармаса аспан төріне жыпырлап, қаптап шыға бастады. Арғы жағы шетсіз-шексіз тұңғиық дүние. Жер бетіндегі қиқы-жиқы тірлікке түк қатысы жоқ.
– Шіркін, сонда одан ары не бар екен? – деп Мырзабай күрсінді. Бұл құпияны білмекке құмар, аңғал көңілінің еріксіз ағытылған түймесі еді.
– Әй, Мырзабай, неғып отырсың? Мінгес артыма, кеттік жайлауға, – деді есік пен төрдей кер ат мінген біреу. Аттың екі бауырына кезек түсіп, еліріп, қызынып, көкпардан қайтқандай жұлқынып барады.
– Ай, қу арақ-ай, – деді Мырзабай Ақбердіні аты мен жалбыраған шапанынан танып. Осы маңайда қызы тұратын. Сол үйден шыққан-ау. Осылардікі рахат, уайымсыз тірлік. Ала жаздай көкпар, той, қымыз, қонақ, қыдырыс. Иә, малшы өмірінің де бір қызық шағы ғой жаз деген.
Қора жақтан айналып, үйдің алдын орап өтіп, ұзын телешке сүйреткен көк трактор абажадай қақпаның алдына барып тоқтады.
– Ур-ра, қи әкелді, қи әкелді, – деп қақпадан жүгіре шыққан ойын балалары жыпырлап телешкеге шықты.
– Түсе тұрыңдар-әй… Дұрыстап қора жаққа қойып берейін,–деп адырақ көз қара жігіт кабинадан жалтыраған тақыр басын қылтитты. Балалар шулап трактор соңынан қақпаға кірді.
– Қақабай, әй Қақабай! Үй, жүгермек қайтпаймысың енді. Ойының осылғыр. Қайтпаймысың, – деп Төребектің қатыны дауысы шаңқылдап үйіне беттеді. Тұяқтары сытыр-сытыр етіп өрістен қайтқан сиырын айдап екі қатын самбырлап сиыршыны сөгіп барады.
– Ең аяғы алдына салып берген малды да дұрыс бақпайды. Қара шоқыда қалып қойыпты арам қатқырлар, – дейді біреуі.
Мырзабай әйелі келе қоймаған соң үйге кіріп, жарық жақты. Шынтағы жамалған сұр пенжегін алып киді. Кешкілік хабарды мұқият, жібермей тыңдайтын әдетімен телевизорды қосып, қорабын ашып, көзіне көзәйнегін тақты. Бірден көрсете қоймай ыңылдап, белдеуленіп, секіріп тұрып алған телевизор сәлден кейін самбырлап, анық көрсетіп, бұлдырағанын қойып, ел жаңалықтарын ағыта бастады.
* * *
Басына гүлді орамал тартқан толықша сары әйел кешкі асты қамдай жүріп әлденеге алаңдап қояды. Сүйкенген мал құлатпасын деп маңайын қоршап қойған жерошақта тезек оты жылт-жылт ойнайды. Сүт құйылған қазан беті қақпақпен жабылған. Қазандық маңына шәугім қойып, ет иісі аңқыған кішкене табашаны оңтайлап Ғайша отыр. Әлденеге алаңдаулы. Тау жақта ел дабырлап, той боп жатыр. Уақыты, кезегі келгенде көрмеген қызық та өкініш-ау. Құлназардың уақытында үйленбегеніне шешесі риза емес. Ештеңеге қызығу жоқ, шырт киініп алып, менмен қалыппен, анау-мынауды менсінбей шікірейіп тұруы Мырзабайдан аумай қалған. «Тартпай қалғыр» дейді күйініп.
Ғайша қаптың аузын ашып, пешке тезек қалай бергенде кенеттен суық жел тұрды. Қазанның қақпағы қаңғыр-қаңғыр етіп желге ұша жаздады. Пеш ұйытқып түтіні көмейінен де, аузынан да будақтады. Ғайша түтіннен көзі жасаурап жел жаққа темір есікті қалқалап жылжытты. Жалма-жан ыдыс аяғын біртіндеп үйге тасыды. Екі кештің арасында етегі көлеңдеп үйден шыға беріп еді, Әзбергеннің секектеген жалбыр шаш қызы ербеңдеп алдынан шыға келіп: – Құлназар аға ауырып қалды. Әліптің қорасының артында арбаға жатқызып кетіпті біреулер, – деді сабақ айтқандай тақылдап.
– Көтек, қой не дейді, – деді Ғалия шошып. – Сап-сау кетіп еді ғой.
– Білмеймін, – деді қыз иығын қиқаң еткізіп – апам айтып кел деді.
* * *
Мырзабайдың келуін күтпей-ақ Ғайша аяғына ескі мәсісін кие салып Әліптің үйіне қарай жүгіре басып жөнелген. Есікті қалай жауып, келімен қалай тірегенін білмейді. Ауыл ортасындағы асфальт жолдан өткен соң, көк қақпалы үйді айнала бере Әліптің қорасына бұрылды. Құлназар ауырды дегенге сенер-сенбесін білмей дал болып келеді. «Әлде тосын бірдеңеге ұшырап қалды ма?» дегенде тұла бойы шіміркеніп, денесінен әл кетіп қалғандай болды. Аздап қызу жүргенін, ішімдік ішкенін ептеп сезуші еді. «Әлде арақ ішіп бүлдірді ме бірдеңе?» деп ойлауы мұң екен, сол ойы өзіне дұрыс сияқты көрінді. Айтқан жерге келсе Құлназар «Мен мұндамын» дегендей дәртесі аспанға қараған ескі арбаның үстінде шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр. Киімі көп былғанбаған. Басына жаман дорба жастап қойыпты. Маңайында шуылдап тығылмақ ойнап жүрген балалар ’’Енді не болар екен?’’– дегендей жақындап жинала бастады.
– Оны Құрман мен Салық ағай жатқызыпты. Салық аға да әрең жүреді. Құрман аға оны көтеріп әкетті, – деді ересектеу ұл.
– Маған Құрман ағай ешкімді жолатпа, – деді, – аналарды жолатқан жоқпын. Ана Қазанбай: «давай үстіне топырақ шашып, бетіне сиырдың жапасын жағайық» – деді.
– Қой, – деді Ғайша шошынып, – ағаларың емес пе?!
Алғашында жүрегі қысып ауырды ма, не болды деп қорқып келген Ғайша көзінің жасын саусағымен іліп тастап арбаға таяп, баласына төне беріп: –
- Құлназар, – деді. Білегінен ұстап, терең тыныстап ыңыранған Құлназардың ауру емес, удай мас екенін сезді.
– Масқара-ай! Масқара болдым-ау. Үйге қалай жеткізем енді?!. – деп тұрғанда жүгіріп Құрман келді. Ол да ішкен. Беті қызарып, жүрісі теңселіп, ақырын зорға сөйлейді.
– Әке-ау, мынаған у ішкіздіңдер ме? Қуатым Құрман-ау, бұларың не?– деді Ғайша ұрсудың орнына жыламсырап.
– Кішкене, көбірек ішіп қойыпты, тәте,– деді Құрман.
Сосын Ғайшаға күзеттіріп қойып, көшеден түнделетіп қайтқан машиналардың біріне Құлназарды көтеріп салып, қызыл іңірде үйіне жеткізген. Ұйқысы қанып қалған ба, жоқ мастығы тарап кеткен бе, үйге таяғанда Құлназар оянып алды. Көзін ашып таңырқап:
– Тәте, сіз қайдан жүрсіз? – деді.
Ғайша не дерін білмей, ұлының тірілгеніне қуанып:
– Сен ауырып қалды деген соң келгенім ғой, балам, – деді бәйек болып. Машина үйдің қасында келіп тоқтады. Құлназар денесін әрең билеп, аяғын басып тұра алмай, сүйемелдеумен түсіп, есік алдындағы әкесінің қолдан жасатқан темір креслосына отырды. Не қылса да ұлдың бұл түрін әкесі көрмесін деп машина кетісімен Ғайша жүгіріп үйге кірді. Мырзабай ойында түк жоқ, көзіне әйнегін іліп, телевизор көріп отыр. Әйеліне бұрылып бір қарады да: – Қайда жоғалып кеттің-ей? – деді ежірейіп.
* * *
Құрман күндізгі жеңіл киіммен жүр еді, түн салқындап, тоңдырып барады. Құлназар оны сезер емес. Креслода тербеліп, шалқасынан жатыр. Әлі есі толық кірмеген. Міңгірлеп, біреуге ұрсып, қолын шошайтып, басын шайқайды. Қашанғы тиіскіш, сөзшең қалпымен Құрманды сөгіп, балағаттап отыр.
Құрман Құлназардың сөз реті түзелді-ау дегенде үйге кірейік деп үгіттей бастады.
Құрман Құлназарға қарағанда бойшаң, қарулы. Бірақ ол да әбден шаршап еді. Әке-шешесін көрген соң мүмкін ұйықтап қалар деп, бір жағы өзі де тоңған соң, қалақтай жігітті қолтықтап, демеп, үйге кіргізді.
Мырзабай қаннен-қаперсіз қаймақ қатқан қою шайды сораптап, терлей түсіп, төрдегі көрпе үстінде жантайып жатыр екен.
– Кеш жарық! – деп екеуі кіріп келгенде көтеріліп отырды. Ауызғы жатқан екеуі тез өтіп кетті. Төрдегі бөлмеге кіріп алған соң ешкім білмес, ұйықтап қалар десе, олай емес, есік шықырлап, диван сықырлап, орындық дырылдап, Құлназардың даусы қаттырақ шықты. Құрман жалынып-жалпайып сырт киімін шешіндірді. Шешесі қыл үстінде отыр екен, ауыз үйден жүгіріп кеп:
– Құлназар, құлыным, әкең білмесін, көзіне түсе көрме! Ренжіп жүрер, – деп жалына бастады. Құлназардың басылу орнына дауысы үдей түсті.
– Білсе қайтеді. Қашанғы осы үйде аяқтың ұшымен жүреміз. Көрсін. Шақыр бері, – деп жұдырығын түйіп, тісін шықырлатып, ерегісіп алды. Құлназардың сырт киімін шешіп, шалбар, көйлекшең диванға қисайтып Құрман:
– Тәте мен қайтайын, – деді. Осы кезде Мырзабай кіріп:
– Әй, сендер неғып мас адамша сонша дабырлап кеттіңдер? – деді.
– Жай, саған қалған ештеңе жоқ,– деді Ғайша Мырзабайға. Залға қарай кете беріп еді, Құлназар жатқан жерінен:
– Ал маспыз, не істейін деп едің?! – деп атып-ақ тұрғаны.
– Ойбай, ұста ана ұлды, – деді Ғайша Құрманға. Құрманның қолынан жұлқынып шығып, Құлназар әкесінің алдына тәлтіректеп, сүзіп жібергендей төніп, жетіп барды. Еденді теуіп қап:
– Ал, маспыз! – деді.
– Жетіскен екенсің, – деді Мырзабай тістеніп.
* * *
Құрманның сол түнгі ұйқысы ұйқы болмады. Құлназарды зорға тыныштандырып, елеусіз шығып үйге қайтқан. Үйлері осы маңда. Аулаға кіре бергенде Ақтөс шынжырын сылдырлатып алдынан жүгіріп шықты. Үйдегілер есік алдындағы кішкене сарайда кешкі астарын ішіп отыр. Кіші ұлы төсек жанындағы бесікте ұйықтап жатыр. Үлкені атасының тізесіне шығып алыпты. Тақия киген төртбақ мұртты шал төбедей боп төрде отыр. Шүйкедей қара кемпір шалына таяу жерде, о да шай ішіп, әңгімелерін естімей қалармын дегендей кимешегінің бір жағын тартқылап қояды. Түймебай жас кезінде ақаңды өзі де тартқан ғой сылқитып. Көбірек ішкенін білсе де ұлына ләм-лим демеді. Түгел отырып астан соң телевизор көрді. Шал қыңыр еді. ’’Өтірік киноларыңды өздерің көр’’ деп есік алдындағы көрпе қаққышқа жайғасып шылым тартты. Түймебай ағаштан түйін түйетін шебер. Мына салынған үй, шарбақ қоршау, қора жайға қарап, көрген адам риза болады. Іркес-тіркес екі ұлды жұмыс қылса қасына ертіп алу Түймебайдың әдеті. Риза болса – дұрыс, – дейді. Риза болмаса, сылқитып бір боқтайды. Өйтті деп ұлдар шулаған емес. Кеңкілдеп күледі, кейде күңкілдейді. Бірақ қара шалға қарсы тұрған емес.
* * *
Құрманның ұйқысы сергек. Қанша шаршап ұйықтаса да, далада ит үрсе, не машина дүрілдесе ояна кетіп терезеге қарайды. Түн ортадан ауғанда терезе алдындағы телефон шар ете түсті. – Да – деді Құрман қырылдаған дауыспен.
– Ойбай Құрман! Мыналар соғысып жатыр. Айырмасаң өлтіріп қоятын түрі бар. Тез жет! – деп Құлназардың шешесі телефонды үзе салды. Құрман жалаңаш селтиіп отырды да, түкке түсінбей киіне бастады. Күндізгі оқиғалар миынан шығып кеткен екен. Түс көріпті. Ашық сабақ өткізіп жатыр екен. Мұғалімдер мақтап жатыр жабылып: «Айтпақшы бағана Құлназар мас еді-ау». – Ойына күндізгі оқиғалар сап ете түсті. Бәріне кінәлі өзі сияқты. Бағана соны текке ерткен екенмін деп қинала киініп, жан баласы жоқ түнгі көшемен жынды кісіше сенделіп, Мырзабайдыкіне келді. Сыртқы есік ашық тұр, әлі жабылмапты. Сенекте ашуға мініп, кісі жердей боп түтігіп Мырзабай ары-бері теңселіп жүр екен.
– Әй, анаған жындандыратын бірдеңе бергенбісіңдер? – деді ежірейіп. Кінәлі адамша кібіртіктеп диван тұрған бөлмеге кіргенде өз көзіне өзі сенбеді. Жалаңаш еденде төрт аяғы соятын қойша байланған Құлназар жатыр. Аузын орамалмен тығындап қойыпты. Құлназардың үсті-басы қан, оң жақ көзі көгерген, ісіп, жұмылып кетіпті. Қабағы түсіп, Құрман үн-түнсіз өлікке тізе бүккендей Құлназардың қасына тізе бүкті.
– Құлназар, не болды саған?
Құлназардың көзі бағжаң-бағжаң етеді. Есі ауысқан адамша тыпырлап, басын кегжеңдетіп, көмейі бүлкілдеп ыңырсиды. Бірдеңе айтқысы келді ме деп аузындағы орамалды ала беріп еді:
– Ойбай, алма! Боқтайды ол. Сосын шыдамайды анау, – деді шешесі тұншыға жылап. «Болар іс болыпты ғой мені несін шақырды» екен деп кейіді Құрман. Осы ойын танып қойғандай Мырзабай Құрманды да аямай сөкті.
– Адам осынша арақ іше ме. Бірге жүрсеңдер, бір-біріңді тартып, байқап, бақылап неге жүрмейсіңдер. Әлде «іш, іш» деп әдейі істейтін қастықтарың бар ма? – деп көп кейіді.
Сол түні Құлназар зорға ұйықтап еді.
* * *
Үйге сәуле кіре, шошып оянды. Басы зілдей. Су ішуге тұрайын десе қол-аяғы қозғалмайды. Қараса матап байлап тастаған екен. Тыпырлап, тістелеп, зорға дегенде қол-аяғын алды. Үй іші өлі ұйқыда. Терезе сынған, дүние-мүлік шашылып жатыр. Құлназар бір сұмдықтың болғанын сезді. Дереу орнынан тұрып, үйден шығып, шала мас күйі теңселіп кеше не болғанын сұрап білу үшін тәлтіректеп Құрмандыкіне келе жатты.
Share: