Аспанды аңсау

12.09.2019 4689

     

                   (поема)

 

Еркіндігін, ерлігін асқақ ән қып,

Бау ашқан көк шеңгелін тасқа жанып.

Қанды көз қара шегір бір мұзбалақ

Жүретін құз- дараны баспана қып.

 

Биік ұшып алыстан аң көздейтін,

Қарасын ит пен құсқа көргізбейтін.

Өр мінез көк серісі еді бұл өңірдің,

Тамсана құсбегілер көп іздейтін.

 

Қу тірлік кім- кімдерге не көрсетпеген,

Не қап еді табиғатта белдеспеген.

Ұрпақ үшін есіл қыран қолға түсті- ау,

Боздап жүріп боз інгендей жер көксеген...

 

Аяр тәсіл, оңаза ындын, обыр құлқын,

Сәйкесіп жолдас болса алқын- жұлқын.

Құс емес- ау адамды да алып соғар,

Қаратпай екі сөзге жазып тырқын.

 

Баста тымақ, қолда таяқ келді аңшы,

Айғыздап ақша жүзін терлі тамшы.

Күпісін шештідағы орап алды,

Өңгеріп қара керге басып қамшы.

 

- “Арда емген ақжіліктен тұлпар шығар,”

“Жалғыздан дара туған сұңқар шығар”

Кәрі көзім құс көргені рас болса

«ақиық сұңқар» мынау мыңнан шығар, -

 

Деп аңшы мақтанышпен алып келді,

Құс тегі асылдығын танып келді.

- Мынауың ырық бермейт оңайда,- деп

Сұм айла, ой- межесін құрып келді.

 

Қос баулы мойынына жіп таққызды,

Арқанға керген сымдай отырғызды.

Жігіттер кезегімен ұйқы қуып,

Ырғақпен неше таңды атырғызды.

 

Асқанда бес сөткеден құс бейшара,

Кезекпен түскендерге жетпей шама.

Шырылдап құлап түсті амал бар ма?!

Өлсе егер жекне- жекте арман бар ма!?

 

Орады ащы терлі кір киімге,

Тәсілдің улысы осы көндіруде.

Жүйкені кері бұрып мәңгүрт қып ап,

«Туада осылайға» сендіруде.

 

Ащы тер, күлімсі иіс адуындап

Қыранның жүйкесіне шабуылдап,

Бір жола бұзып тынды ой- сезімін,

Босатты бой- ажарын ақырындап.

 

Недеген улы тәсіл біліндірмей,

“Қаруын” жан алатын көріндірмей.

Адамды сақта құдай осындайдан,

Құр сүлдер жетелейтін сүріндірмей.

 

Ертесі жаутақтайды иесіне,

Қырық кез ұшып кеткен киесі де.

Көз алды көрген түстей бұлдырайды,

Жете алмай “жаңа тірлік”шиесіне.

 

Жаралған жүрек асыл қаны ойнап,

Дүр ете алғысы бар кейде атойлап.

Біле алмай аң- таң болып қомданады,

Тұрғандай көмескі күш алақайлап.

 

Айрылды түз тағылы қасиетінен,

Әйтпес былайша тез бас имейтінет.

Дала емес тар қапазда кеңірдектен,

Ежелгі күн болса егер ас жүрмейтінет.

 

Солайда өзгермеді шамшыл мінез,

Ашулы от шәшәді көзден әр кез.

Әйтеуір, тек даланы ұмытқан- ды,

Тәкәппар шеке қарайды асау кербез.

 

Болды ақыр сол үйдің бір мүшесі де,

Айналған аяр аңшы “шешесіне”.

Ағаштан, жүннен, мұздан қоя салып,

Қайырып аңға салды ертесінде.

 

 

* * *

 

 

Жыпсйған жылан көзді көсе кісі,

Тар маңдай, тарбақ танау, орсақ тісті.

Тас ғана емес, құм да санап үлгіретін,

Бұл аңшы пысық кісі ілгері істі.

 

“Түлкіні түлкіден де қу алады”

Қайырып түз тағысын сала алады.

Жүнін жұлып қызылшақа қоя берсе

Барыста әуел көлеңкеңе паналайды.

 

Қағида қасаң- қасаң көп жинаған,

“Тастан шөп, жұмыртқадан жүн қырнаған”

Қаңтарда қайраң көлден балық аулайды,

Лайсаңда етігіне су жұқпаған...

 

Тағыда осы кісі болатұғұн,

Біраз ел “кепешіне” қарайтұғұн.

Буып ап несиемен қол- аяғын,

Тазыдай орайлы іске салатұғұн.

 

“Ақ мысық, қара мысық, ала мысық

Әйтеуір тышқан алса бәле мысық”

Дей берсін ел не десе онда нем бар,

Әйтеуір осы кісі өте пысық, өте пысық...

 

Аңшы тұр соғып алған түлкісі бар,

Көзде аяр, езуінде күлкісі бар.

Үстінен біреу түссе беретұғұн,

Қойнында суыртпақтай жыртысы бар.

 

- Осындай күнде олжалы бола берсем,

“Тон емес, орамал” деп бере берсем.

“Ұрғаның емес, шымшығаның...” дегендей- ақ,

Бұлдағы ойландырар шығын екен, -

 

Деп аңшы біраз ғана соққан есеп,

Аз емес есебі де болған кесек.

“Талқан ал жол азыққа, күндіз аула,

Түнде қайт атты тастап мініп есек” ...

 

Есебі біраз уақыт есте қатқан,

Аңшы шал өгізге артып түлкі сатқан,

“Сынықтан басқа бәрі жұғып елге”

“шығайбайлар” жомарттыққа ауыз салған.

 

Адамның ой- санасын қулық меңдеп,

Тасырқап тату көңіл, сұмдық дендеп.

Ақыл апшып, азып адам, салт жаңарып,

Тұрған кез пара үдеп, қоғам жүдеп.

 

Аңшы шал озат болып өлке асқан,

Қайткенмен “сараң байдың” десі басқан.

Ойыншы ұл малға қыр жоқ қарай алмай,

Аңшының аты өліп, құсы қашқан.

 

Шалекең үлкен жерде жүре тұрсын,

Қызығын қысқа құмыр көре берсін...

Қашқан құс қайда барып нені көрді,

Тыңдаңыз бас геройдың кешірмесін.

 

 

* * *

 

 

Есіл құс көк сеңгірде самғайтұғұн,

Қанаты көк жиекте талмайтұғұн.

Айрылған ежелгі осы қасиеттен,

Шоқақтап тап бермеден аспайт бүгін.

 

Таязып кеткен оның талғамы да,

Тышқаннан аса алмай жүр алғаны да.

Көзге ілмей түлкі, жәйран... қасқыр ілген

Қайран күндер есінде оның қалмады да.

 

Деседе өзінше аздап “сайрандады”,

Танысты құстарменен ормандағы.

Жаутаң көз, жәутік мінез құстар екен,

Бәрі де мекенденген бөктер тауды.

 

Дән теріп шөп жейді екен бірталайы,

Қашқын құс таңғалыспен көп қарайды.

Деуші деп “жұтқан жұтамайд” бейшара құс

Дән таусап, олда оларша шөп шайнайды.

 

Тұмсық имек, тіл орамсыз, иек үшкір,

Болмады бұл ауқаттан көмек ешбір.

Шақырды оны аяп “қонақ бол”деп

Қара құс боқ шоқыған суық кеспір.

 

Қашқын құс жүрегіне ем іздеген,

Отаға құс сиын тартып- жеңіз,- деген.

Азырақ тартынды да- ұят ғой,- деп

Салды ауыз “силы асына”жеп көрмеген.

 

 Бұрқ етіп сасық иіс қолқа қапты,

Сыланып бақал тұмсық боққа батты.

Баспақшыл басқа түссе қайран есіл,

Осылайша ылжарақтың дәмін татты.

 

Тентек мінез, асау сезім тәккәпар жан,

Тәсілмен улы, улы аласталған.

Ұсақшыл тобыр орта ықпал етіп,

Асқақтық, өршілдіктер қағыс қалған.

 

Амал жоқ ойлау жүйе бұзылған соң,

Өмір заңы керісінше сызылған соң.

Зорлана сала ауызға құса салған,

Тағыда жүрек қарсы соғылған соң.

 

Тұмаурап дене қызып жатып қалған,

Көзден жас, танауынан сарсу аққан.

Ақтөс құс кіп- кішкене айыр құйрық

Тазалап тұмсық, ауызын ақыл айтқан:

 

- Әй, аға, асыл текті көк еркесі,

Құстардың емеспе едің сен серкесі,

“Қыран жүр күресінде боқ шоқып”деп

Сөз қып жүр намыссыз бір сермас сері

 

Онанда биік құзға қалықтаңыз,

Қайтадан көк зеңгірде шарықтаңыз.

Мыналар теңің емес жатақ құстар,

Бәрін де ойға салып парықтаңыз.

 

Сізсіз ғой құс падшасы «бүркіт» деген,

Бойда асыл қасиет бар іркіп келген,

Бұйырған ырыздыққа қанағат қып,

Албаты аң- құстарды үркітпеген.

 

Жүрегі ана құстың тулап кетті,

Семіріп көңіл- күйі қунап кетті.

Жалғыздық, өгей тұрмыс жанға батып,

Қорланып, намыстанып жылап кетті.

 

Құстың зары:

Айыр құйрық ала құс,

“Бәлкім өзі бала құс”

Шын болса егер айтқаның,

Не болып барад бұл тұрмыс.

Емеспе аңшы шешекем,

Онда оның несі екем?

Көрінбей кетіп аңшы шал,

Құтырық ұлға кез келгем.

Ойыншық қып алған соң,

Амалсыздан безген ем.

Үлкені не, кішісі

Жібімеитін тым іші.

Бірақ, шалдың артығы-

Қатаң еді тәртібі.

Бір білгенім, әйтеуір,

Көрінбейтін мейірім-

Бәрінің де көзінен,

Йәки, айтқан сөзінен...

 

Айыр құйрық ала құс,

“Бәлкім өзі, бала құс”

Шын болса егер айтқаның

Не болып барады бұл тұрмыс.

Менбе едім көк серісі,

Қырандардың перісі.

Алты қабат көк аспан

Болған еркін өрісі.

Қалай түскем бұл күйге,

Қалай барғам аңшы үйге?

Есірік бала жұлмалап

Қанат- құйрық қалмады,

Қарашы мына хал- күйге?

Ұша алам ба қалықтап,

Көрейін шама парықтап,

Арғы текті анықтап.

Жәніма шипа қостың- ау,

Ұмытпаспын достым- ау,

Қайтарармын қарымжы,

Алып бір кетсем жанімды...

 

Қарлығаш ана құсқа келе берді,

Қанатпен ізгілік су себе берді.

Ұшталып біраз уақыт қанат- құйрық,

Жәйімен ұлы тауға өрмеледі

 

Ат мініп ұлы тауды айланбаған,

Не білсін түзден олжа байланбаған.

Қарға мен жатақ құстар қала берді.

“Шың- құзың күлтөбе емес” деп ойлаған.

 

Ми әлі толық тұнып кеткені жоқ,

Ұялы шың- құздарға жеткені жоқ.

Бақа тал, барқыт белге дамылдады,

Қожыр тас, сауысқанды кептері көп.

 

Бір сауысқан шықылықтап қоя берді,

Дегендей шүйіншілеп “қонақ келді”

Мұрнына жағымды бір иіс келіп,

Ана құс жан- жағына қарай берді.

 

Жұбы жоқ жалғыз сарша бұл тоғайда,

Неше жылдан бері қарай болған пайда.

Ар- бері ойын салып әдейілеп

Қонған ол ана құстың жел жағына.

 

Ой- жүйке жадыланған ауыс- күйіс,

Жүрседе көкіректе шер тауысқысыз.

Жүрек отын шерлі құстың үрлеп қалды,

Қоздырғыш саршадағы сиқырлы иіс.

 

Қу сарша бұл мейманды ерте сезген,

Қитұрқы елтпе сезім бой кернеген.

Желікті бір күш билеп тұла бойын,

Алыстан арбағандай белгі берген.

 

Қашқын құс көңілде ауыр жарақаты,

Саршаның ем боларма махаббаты?!

Бірақта секемшіл боп қалған байқұс,

Байқастады тимесін,- деп пәләкәті.

 

Сарша енді онан ары төзе алмады,

Бір түйсік оған енді қозғал,- деді.

Ақыры ұшып келіп құс қасына

Қылмыңдап мойын сала көз алмады.

 

Дүр етті жүрек оты ана құстың,

Танытпай оғандағы жаман ұсқын.

Таранды аққу- қаздай қанат қомдап,

Жасаурай көзден шәшіп мейірлі ұшқын.

 

Танысып кеңесті олар таңға жуық,

“Аяғы кеңесінің мұңға жуық”

Көрім- ақ айналдырды сарша оны,

Бейшара қалған екен әбден суып.

 

Жолыққан сарша оған екінші дос,

Болады махаббатпен көңілдер қош.

Кие де осы, ие де осы тек махаббат,

Құсым- ау оныменен көңліңді қос!

 

Сынасып ұзақ уақыт жұптасты олар,

Куә боп орманда аң- құс, қарағайлар.

Ұзақ жыл бүлінген соң ішкі сезім

Қазірше көрмеді ұрпақ бұл жұбайлар.

 

Сондада махаббаты қою болды,

Жұптасып көк зеңгірден ою ойды.

“Тұяқ, қанат, тұмсығыңды алмастыр” деп

Бір күні сарша оған талап қойды.

 

Ана құс: - неге? - деді қарап оған,

Сарша айтты: бөгде елде тұрдың талай заман.

Шырқырап шыбын жәнің қиналса егер,

Тіріледі өлген жүйкең арамдалған.

 

Жыртылған тозған шидей қанаттары,

Жалбырап бөтеге мен тамақтары.

Мүйізі сияқтанып кәр қошқардың

Қалыңдап кеткен тұмсық, тұяқтары.

 

- Орынды,- деді ол да, қатаң талап,

Жирене өз бойына сынай қарап.

Әрине, мй жаңарса бой да жаңа,

Алайда бұған үлкен қажет қайрат.

 

Тәуекел, әуеліме оралайын,

Күреспен өмір жолда қайралайын.

Егерде жасық болсам кеттім құрдым,

Жүректе отым болса жаңарайын.

 

Осылай басты ана құс тәуекелге,

Сенбейсің өжеттікке көз көрмесе.

Әуелі қу қауырсын суырды олар,

Қан болып қанат- құйрық жатты жерде.

 

Онансоң көбе сөкті тістеп- тістеп,

Босатты ұрып- ұрып тасқа үйкеп.

Мүйізін қойдың үйткен суырғандай,

Тұяқты жұлып алды күштеп- күштеп.

 

Келмеиді қызыл сирақ тірегенге,

Тұмсықтың түп көбесін ірегенге.

-Шап,- деді тұмсық түптен саршекеңе,

Жақсы ғой бәрі тегіс түлегенге.

 

Саршекең тұмсық түпке ауыз салды,

Бидәидай тұмсық түпте қауыздалды.

Алғанда имегінен тартып жұлып,

Шолтаңдап астынғы иек жалғыз қалды.

 

Қолайсыз тереңде иек қысқа екен,

Қан тамыр, бадамша без тұста екен.

Көзінен көкшіл күлгін отын шәшіп,

Оны да қоймай күнде тасқа үйкеген.

 

Ойпырай неткен төзім, неткен шыдам,

Тәуекел, бұл—тек сақтауға белді буған.

Таптырмас қастерлерлік ұлы руых-

Намыстан азбас- тозбас тулап туған!

 

Ана құс ұя басар жәйсаң жанды,

Саршекең өр қайратқа қайран қалды.

Қайсар жән, батыр мінеэ намыс құлын

Борышым, әм даңқым деп күтімге алды.

 

Біз шәншіп тұла бойға жатқандай- ақ,

Яки, тікен темір батқандай- ақ

Сырқырап ауырады тұтас дене

Үстіне кірпі тонын жапқандай- ақ.

 

Ыңқ еткен үн шығармайд есіл көкжал,

Осы ерлік жарасқандай затына дәл.

Бұл қимыл “алтын ине” рөлін алып

Кеп алды жүйке түлеп қалпына ол.

 

Жыл аунап аяқ, тұмсық көкшілденді,

Бұрынғы жас күніндей өткірленді.

Ой- жүйке тұнып қайта бұрынғыдай

Өр серпіп зеңгір көкке еркіндеді.

 

Қарагер зеңгір көкте саңқылдады,

От шәшіп екі көзі жарқылдады.

Бір күні самғап жүріп бұрындарда,

Дараға ұя салған жақын барды.

 

Ұлы тау, ұялы орман, ұзын қаптал,

Биік шың құс саңғыған ақ жолақ бар.

Өрбіген әулет бойы ата мекен,

Көңлінен есік ашты қатпар- қатпар.

 

Қонғаны ұя салған биік дара,

Сырты сау, көңілінде бар- дұр жара.

Жас иіс ұятастан аңқығанда

Жүрегі болып кетті- ау пара- пара.

 

Ылғалды дымқыл дәмді салқын ауа,

Бір басты- ау сағыныштың мауқын ауа.

Еріксіз көзден жасты парлатып ол,

Зарлады ұлы тауға мұңын шаға:

 

Ұлы тауым ұларлы,

Жүйрік басың мұнарлы.

Арып- ашып мен келдім,

Қарығымды ашып жер,

Зарығымды басып жер.

Іздегенім сен едің,

Жоғалтқаның мен едім.

Жадыланып жат жерде

Ес- ақылдан жаңылдым,

Тұғырға ағаш таңылдым,

Жарық күнге зар болып

Басыма бұғау жамылдым.

Не көрмеді мына бас,

Шүкір, әйтеу өлмедім,

Тек өлгенді көрмедім.

Күндіз- түні яапырай

Азап болды көргенім.

 

Ұлы тауым ұларлы,

Жүйрік басың мұнарлы.

Арып- ашып мен келдім

Қарығымды ашып жер,

Зарығымды басып жер.

Алла жар боп оралдым,

Шыңыңа шығып тарандым,

Жан- жағыма қарандым.

Келбетіңе көз тоймай

Көре бергім келеді,

Тау самалы аңқылдақ

 Ере бергім келеді.

Көк сүрі қар жарқылдақ

Сусылдаған күріштей

Тере бергім келеді.

Орман баба бармысың

Бала болғым келеді,

Ұсақ құстар бармысың

Ана болғым келеді.

Қасиетті құзар шың

Басыңды ерте күн шалған,

Тағызым қып бас идім

Кеш күнәмді кір шалған.

Тарам- тарам бұлақтар,

Өзендердің төркіні.

Тек сендер ғой, сендер ғой

Кең дүниенің еркіні.

Еркіндіктен асар асыл жоқ

Қадірлеңдер сол күнді.

Мыңға балап шүкір ет,

Еркін жүрген бір күнді.

Еркіндігің- елдігің,

Елдігіңде- ерлігің,

Ерлігіңде- теңдігің!

 

 Ұлы тауым ұларлы,

Жүйрік басың мұнарлы.

Арып ашып мен келдім

Қарығымды ашып жер,

Зарығымды басып жер.

Шын жеттім бе, жеттім бе

Толтырып кеуде ауаңнан

Құшырланып өптім бе?!

Құйқалақ құмыр құлша өткен

Әз басымнан өттің бе,

Шыныменен кеттің бе!?

Осы таудан мендағы

Түлеп ұшқан түлек ем,

Жыртқыштарға рақымсыз

Көк шеңгелді білеп ем.

Рас екен “дөңгелек”

Дегені мына дүние,

Бір- ақ күнде қунадым

Көрім- ақ менде жүдеп ем.

Шүкірлік енді қылайын,

Қабыл болды тілегім

жаратқаннан бес уақ

Арнайы күнде тілеуші ем.

Құмырым сендік ендігі

Бұлбұлың болып сайрайын.

Дүлдүлің болып әрдәйім

Намысы үшін отанның

Қосылып бәйге озайын,

Тұяғымнан тозайын.

Ұрығың болып ашылып,

Тау гүлі боп жәйнайын.

Тамыры терең қарағай

Асқарыңа орнайын.

Жебең болып атылып,

Туған жерді қолғайын!

 

Төлежіп көңілі өсіп қунады құс,

Жеріне кіндік кескен аунады құс.

Қоздырып қарсы жыныс делебесін,

Тасқа жусап, қиянға зулады құс.

 

Қалдырды неше мәрте ұрпағын да,

Туған жер туын тіккен ұшпағында.

Жүрегі жарылардай қуанады,

Көгінде егеменді ұшқанында.

 

Өмірдің құндылығы дос көңілде,

Мән берме тұрлауы жоқ ескеуілге.

Шын достық, пәк махаббат ұлы өмірдің

Қос қанаты шығаратын қастеріне!

 

Қол ұш берген қиын күнде қарлығаш дос,

Ана құс есіне алды көзге алып жас.

Қылмақ боп бөктер тауда досқа сәлем,

Сәлемде қарғалдақтан талдады құс.

 

Неше күн даяшыға еріп жүріп,

Жолдығын басекеңе беріп жүріп.

Жолықты қарлығашқа әрең зорға

Өткендей ине көзден болып жүріп.

 

Қарлығаш аз уақытқа зорға шықты,

Екі дос құшақтасып аймалысты.

“Үзімін алма, алмасын қауындай қып”

Өсірмек міндеті бар, қарбалас- ты.

 

“Орманы түзу емес, жер де қисық,

Тәртіп жоқ аң- құсында жүреді ұшып”

Осы бір “кінәлармен” бөктер тауды

Өзгертіп жасағанды қайта пішіп.

 

Табиғи ормандары кесілген- ді,

Су үшін шұрық боп жер тесілген- ді.

Бәрін де қайта жасап “зор дамуға”

Аң- құсты қолда ұстап өсірген- ді.

 

Бұл күнде айналған ол құс фермаға,

Түскен- ді бұрынғы емес, басқа арнаға.

Қапталған темір тормен алып қапаз,

Құстар бар неше түрлі басқармада.

 

Ақ, қара..., үлкен- кіші, әрбір тектен,

Хорегін айыратын ыңғай шөптен.

Ұшатын, ұшпайтыны аралас жүр

Ас- су береді бір қазан, бір шүмектен.

 

Жасанды жолдарменен ұрықтанған,

Бал сезім, ләззәт көңіл құрықталған.

Бауыр ет балапандары көзден ғайып,

Тек ғана көзге түседі парниктерден.

 

Мейрінен ата- ананың жұрдай болған,

Табиғи даралықтар дырдай болған.

Тоналып өмір заңы не боп барады,

Жасалып барлық нәрсе ыңғай қолдан?!

 

Бар екен біз тұқымдас “қазық тілдер”

Қойыпты аяғына салып “шідер”.

Көкке емес, жерге қарайды, түсіңкі иық,

Жүргендей алғы күннен үзіп күдер.

 

Кетіпті ұрпақтары тауыққа ұсап,

Ұша алмай қомданады, сауыс құрсақ.

Көрмесе көк айдынды қайдан ұшсын,

Әудем жер тұрады ылғи алысқа ұсап.

 

Ұққаны қарлығаштан осыларды,

Тағы да ақыл берген досы болды:

- Табиғат ұлы заңы бұлай емес,

Мынау тек зор жоғалту басы,- деді.

 

Жаралған онсегіз мың үлкен ғалам,

Бәрі де бір- бірінен дараланған.

Талғаусыз бұл даралық ортақтасса,

Зор зардап туындайды экологиядан.

 

Жиған жөн ес- ақылды тезіменен,

Көргенім осы аға көзімменен.

Ал, қош бол рахымет келгеніңе,

Бұл қүндер кетсе екен өзімменен.

 

- Бекер жан емесіңді көзіңнен мен,

Әу баста- ақ сезінген ем сөзіңнен мен.

Махаббат, достық жолын силадың сен

Батырлық, бағалылық төзімменен.

 

Иландым үлкен ойлы сөзіңе мен,

Қош бол,- деп жарқ етті көк күмбезінен.

Саңқылдап сайып қыран онан сайын

Жар салды қарлығаштың сөзіменен!

           

 

(2008 жыл тамыз)

Share: