Ардагердің сыйлығы
Сенбі күні түске таяу Әшімхан Мұрат пен Елеусізді кабинетіне оңаша шақыртып алды. Қолында адрес жазылған конверт бар. Екеуінің көзінше жарыққа қаратып, “ішінде не бар екен ә”, – деп күліп қойды. “Бізді неге шақырды?” деп күдікпен келген екеуі:
– Бұл не? – десіп сұраулы пішінмен бастыққа қарады.
– Ауданнан келген сыйлық қой. Соғыс ардагеріне. Совхоздың бастықтары кеңсеге шақыртып өздері беріпті. Беделхан ағамызды бізге тапсырды. Сірә, өздері барып салтанатпен тапсырып, жуғызсын десе керек. Осыны сылтау қып шалды бір құлатсақ қай-теді, – деп мәз болып күлді. Жауап орнына Мұрат сәл қызарды, ондайда жанып тұратын Елеусіз:
– Қуанышта бармағанда қашан барамыз. Күнде барып жатқанымыз жоқ. Оның үстіне, ертең мереке. Жеңіс күні, шал да қуанып қалсын. Әңгімелесіп, өткенді айтып, жырғап қалмаймыз ба?! Үйден шықпай ішқұса боп жүрген шығар, бір жасап қалсын,– деп мақұлдады.
– Мен таңертең Сәтбектен келеміз деп айтып жібергем. Онда не тұрыс, тартайық солай, – деп Әшімхан орнынан тұрып, плащын киді. Алдыңғы екеуі қостаған соң, Мұрат қалпағын киіп, тері күртешесін түймелеп, екеуінің соңынан ілесті. Түс мезгілі. Сабақ аяқталған. Үш қабатты мектеп үйі бос қаңырап тұр. Әйелдер шелектерін қаңғырлатып, суларын шылпылдатып, бірдеңелерді айтып, еден жуып жатыр.
– Сөйтіп, бұл қысты да бітірдік, – деді Мұрат есіктен шыға бере.
– Өзі тым ауыр, аяғы ұзаққа созылды, – деді Елеусіз, – әлі жылынбай тұр ғой күн жарықтық…
– Жауатын қар бар әлі, он бесінен әрі жылынады, амалшының есебі сол, – деді Әшімхан. Екі тәулік бұрын жауын жауған. Соңы-нан қар түсіп, суық жүрді. Жер қатқақ. Қабыршық мұз боп, әр жерде ағарған қар жатыр. Қыстан әрең шыққан ауыл жүдеу. Көлденең жүргінші, бос жүрген мал, көлік сирек.
– Япырм-ай, айналасы төрт-бес жылда ауыл тоз-тоз болды, ә, – деп Елеусіз таңырқады. Ауылдың сиқын бүгін көріп келе жатқандай.
– Мынау, Тәліптің үйінің орны ма? – деп Мұратқа қарады.
– Жоқ, бұл Дөңғабақтың жұрты. Тәліптікі анау ғой, – деп Мұрат кеңсеге жақын үйді иегімен нұсқады.
– Биылдың өзінде ауылдан отыз-қырық үй көшті деп отыр ғой Әуез, – деп Әшімхан ауыл әкімінің атын қозғады. Ол Елеусіздің ағасының ұлы.
– Болса болар, – деп Мұрат қостады.
– Шіркін, қандай ауыл еді, – деп тамсанды Елеусіз.
– Не, бұрынғы сельсовет кезіңізді армандап келесіз бе?– деп қағытты Мұрат.
– Ой, енеңді ұрайын, – деп жорта зекірді Елеусіз.
– Ол дәурен қанша армандасаң да келмейді десеңші, – деп Әшімхан кеңк-кеңк күлді. – Отырушы едіңіз қатындарға – “сүт жина” елге – “ет жина, мал өткіз” деп зікір салып. Елеусіздің қарасұр жүзі сәл-пәл қызарып, кәдімгідей ыңғайсызданып қалды.
– Қанша жамандасақ та сол кез жақсы еді, – деп Әшімхан нықтап қойды. Үшеуінің әңгімелері Беделхан төңірегіне көшті. Беделханның жиырма жыл мектеп директорына орынбасар болғаны, басынан бес директордің билігін өткергені, жасы сексеннен асса да әлі елудегі жігіттей бұрынғыша тамақсау, қонаққа барғанда арақ құйса қайтармай қағып салатыны әңгіме болды.
– Бір жылы мына Мұраттың әкесі қырық жасқа келгенін тойламақ боп, аяқ атынан дайындықсыз, апақ-сапақта елді түгел шақырып, қой сойып… Ой, таң атқанша дүрілдедік-ау. Аяғы қызық болды. Әділбек дегеннің сұлу қатыны бар еді, түннің бір уағында әйелдер алдап шампан ішкізген бе немене, ал кеп Беделханның мойнына асылсын “оңаша жүр де жүр” деп, Бекең қашып әлек. Әлдібек орнықты жігіт қой, бірақ шыдайтын қылық па әлгісі. Әйеліне шамасы келмей ол жүр. “Менің қызығымды бұздың” деп Мұраттың әкесі Таңжарық марқұм Беделханды ал кеп жерден алып жерге сала. Беделхан да қызып алған, жуастығы ма бір қызығы, Таңжарық марқұмға қарсы келмейтін. Бастық екеніне қарамай Тәкең сыбап кеп берді дерсің әлгі жерде Беделханды. “Тәке, қой” деп арашалап жүрміз.
Беделхан еңіреп жылап жүр. Әйелі бір жағынан жалынып, Таңжарыққа Беделханның кінәсіздігін дәлелдемек болады. У-шумен жүріп таңның қалай атқанын білмей қалыппыз. Ертеңінде он-он бес жігітті жиып, ішінде мен де бармын, Тәкең Беделханға қой сойғызып Әлдібектен кешірім сұратты. Сондағы қоятын кінәсі:
– Сен арам ой ойладың, – дейді.
– Онысы рас енді,– деді Әшімхан.
– Ондайы бар енді,– деп Елеусіз еріксіз қостады.
– Рас, әкей талай жылатты ғой Беделханды, біз онда баламыз. Ондай әңгіменің парқын түсінеміз бе? – деп күлді Мұрат.
* * *
Еңгезердей денелі шал, күпәйке мен көнетоз малақай киіп, терезе алдында сығырайып пима табандап отыр. Шегір көзінде – мүйіз көзілдірік. Алақандай көзімен қолындағы тебенге алая қарайды. Астына бөстек қойып, аласа орындыққа жайғасқан. Айналасында еденде жатқан түрлі аяқ киім, тарқатылған кендір жіп, біз, қайшы, балға, қалып, балта, қайрақ тас, қалбырға салынған әр түрлі шегелер. Танымайтын адам осы отырысына қарап Беделханды етікші дер еді. Үстінде жеңі қыршылып кеткен көнетоз костюм, оның ішінде жағасы биік свитер, сыртында – ағарып тозған үлкен ескі күпәйке. Көктем әлдеқашан шықса да күн жылынып кете қоймаған соң әлі пимамен жүр. Шаруа істеп отырып бірдеңеге шұқшия қарағанда үстіңгі ерні дүрдиіп тұрады. Дөңес мұрынды көсе шал шашын тақырлатып тастамай айналасын жұқалатып қиғызып қояды. Басына анау-мынау тақия сыймаған соң қолы білетіндерге қолдан тіктіріп алады.
Қызметтес серіктерінің келем деген уақыты болып қалса да бұл асықпай сабыр сақтап өз ісімен болып отыр. Қыстан қалған жылқының сүр етін қоса салғызып мол ғып қазан көтерткен, анда-санда есік ашылса сол жақтан дәмді бір иіс аңқып қоя береді. Тыстағы шаруаны ыңғайлап, анда-санда ішке Сәтбек кіріп-шығып жүр. Қырықтың жуан ортасына келген Сәтбектің түр-түсі әкесі Беделханның көшірмесі дерлік. Қарулы, жұмыскерлігі әкесіндей болғанмен, бойы тырбық, ортадан ары өспей қалған, қатар тұрғанда басы шал-дың иығына әрең жетеді.
Сәтбек өмірден адасқан жігіт. Жас күнінде тәп-тәуір жігіт болып өз қатарымен бірге жүріп, бірге тұрды. Мектеп бітіріп әскерге барды. Үйленгенде де ел қатарлы үйленіп еді. Бірақ алған әйелін ұнатпаушы еді. Өз ұнатқан қызы өгей шешесіне туысқан боп шығып, солардың араласуымен ақыры үйлене алмай бұл басы шатасқан бір тірлікке тап болып сол адасудан көз ашпай қалып еді. Ерте үйленсе де көңілі сүйіп тұрмаған соң ақыры тұрмыстың он он бес жылын артқа салып барып әйелімен ажырасты. Іркес-тіркес өсіп келе жатқан үш қызы әйелімен бірге кетті. Сол күйінде артынан да оларды іздеп бармаған. Ол кез дүниенің кең, жарықтық кеңес үкіметінің кеңшілік уағы еді. Сол кеңшіліктің де әсері болды ма? Әйтеуір, жұрттан озып тұрмаса да ел қатарлы тұрмыстан жеріп, Сәтбек өз-өзінен азып еді. Қазір ескі емхананың жанында жалғыз тұрады. Үйінде көбіне бойдақтар, арақ ішуге орын іздегендер жүреді. Сөйтсе де мұның үйі анау-мынау төсегі жиналмайтын салақ қатындардың үйінен таза. Ел қатарлы екі-үш сиыр, он он бес тұяқ ұсақ мал ұстайды. Онысы қыста қолға қарап, жазда табынға қосылады. Әкесінің үйіне келгенде де мұны келді екен деп елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Өгей шешесі бұл бірдеңесін ішіп-жеп кететіндей анда-санда келгенде:
– Неменеге келдің? – деп тергеп-тексеріп жақтырмағандығын білдіріп қалады. Оны іші сезіп тұрса да таяқ алып қуалап, ажылдап ұрсып жатқан ешкім болмаған соң амалдап бұл да шаруа істеген боп бірдеңесіне көмектесіп жүре береді. Со бетімен көбірек жүріп қалса құлағына ызың көбейіп, әр түрлі жұмыс шығып істеген сайын азаюдың орнына ойламаған жерден қайта туып, ұлғайып, өсе береді. Ақыры өз үйіне құл болуға айналған соң сылтауын тауып өзінің еркін өміріне қайтып келуші еді.
Бала күнінен қырықтық, шөп, отын, қырман деп жүріп ауыр жұмысқа пысып өскен соң қай шаруаның болсын ауыр жеңілін бірдей атқара береді. Бұл жұмыстан емес қара күш иесі болған соң жұмыс бұдан қорқады. Осы тындырымдылығын пайдаланып бұған жұмысын істетіп алуға шақыратындар бар. Істегенде анау-мынаудың емес ас-суы мол, қолы мырза бәйбішелердің малын, отын-суын қарап беруге шебер. Осыны біліп Сәтбекті бұрын совхоз деректірі, кейін кәсіподақ бастығы болған Көшек деген пайдаланушы еді. Соның ауласын сыпырып, малын қарап, отын-шөбін түсіріп, мәшинесін жуып, шаруасын билейтін. Көшектің ескі киімін киіп, Дариғаны жеңгелеп тәуір асын ішуші еді. Сәтбектің маңдайына сыймай биыл күзде ол да қалаға көшті. Ауылда ол сияқты тұрмысы әлділер аз еді. Совхоз тараған соң ұры көбейіп, кедейлік меңдеп, адамдар кедейліктен тарылып, ашына түсті. Бұрын бірдеңеге қол тигізсең шайға шақыратын мырза қолдар тиылды. Тойда арақ ішем деп өткен қыста жұмыссыз бос жүрген тентек балалардан таяқ жеді. Содан екі қабырғасы қисық бітіп, оң жақ көзі кем.
Әшімханмен кластас еді. Оны көргенде әкесін көргеннен бетер қуанады. Деректірмен кластас болғанын өзіне бедел көреді. Қазір де Сәтбек Әшімханның келетінін естіп, шешесінің қайт-қайтынан тайсақтап, аула сыпырып, қыстайғы көңді тазалап, кластасын көруге асығып жүр. Өзі көп әңгімеге де жоқ.
– Ой, Сәтбек, қалың қалай? – деп қолын алса соның өзі бұған зор мәртебе. Кәдімгідей құмары қанып, көңілі жасап, биіктеп, өсіп қалады. Ара-тұра:
– Сәтбек, анадай шаруам бар, – десе тамақ ішпесе де, ұйықтамаса да соны істеп бітіріп беруге бейіл. Дос көріп, керек етіп тұрса сол қуаныш.
* * *
Беделханның әңгімесімен үшеуі қыза келе өткенге кетті. Елеусіздің “Таңжарық марқұм, Тәкең, Тәкең” дейтіні мына Мұраттың әкесі. Ол да осы ауылда туып-өсіп, отыз жыл бала оқытып, елуге келмей тосын аурудан ерте кеткен. Беделханмен құрдас еді. “Соғыстан келіп, жеті кластық біліммен істейтін оңды қызмет таппай жүргенде, ауданға сөзі жүріп тұрған Қастек досыма айтып, қызметке алғызған мен едім” – деп айтып отыратын. Бертінде тентектігі басына дау боп, күн туғанда Беделхан дұшпанға жақ боп, содан көп зәбір көреді. Кейін басын ақтап, қайтып күшіне мінгенде Беделханға “Арамсың” – деп басқа төпеп сөйлеуге сатқындығы айғақ болған десетін жұрт.
– Марқұм, азулы еді, – деді Елеусіз, – қорқуды білмейтін.
– Рас, рас досқа айбар, дұшпанға сес еді, – деп Әшімхан қостады.
Дөңді қиялаған машина жолынан өтіп, үшеуі жалғыз аяқ соқпақпен сайдағы тоқал тамның желкесіне шықты.
– Серікқали марқұмның үйі ғой. Әлі баяғыдай, – деді Мұрат үйге қарап.
– Жо-оқ. Ешекеңнің үйі ғой, – деді Әшімхан, – әкем марқұм бала күнімізде салдық дейтін. Ол кісінің сексеннен асып қайтыс болғанына биыл бес жыл. Есептей беріңіз. Төбесі кептірілген қайың-терекпен жабылған. Неткен мықты құрылыс.
– Бұрынғылар құрылыстың бабын білген – ә! – деп Елеусіз аңғал сұрады.
– Енді білмесе тұр ғой әлі ескінің мазарлары. Жүз жыл, екі жүз жыл – деп Әшімхан қыза келіп өткенге меңзеді.
Қырға шыққанда алдарынан ылдиға қатар салынған үш үй шықты.
– Міне, келдік, – деді Әшімхан.
Әңгімелесіп таудан түскен үшеуін елпеңдеп Сәтбек есік алдында қарсы алды. Көп бөгелмей ішке ене бастады. Үшеуінің:
– Ассалаумалейкум, – деп жарыса берген көтеріңкі сәлемін Беделхан терезе алдында жайбарақат отырып қабылдады.
– Әліксәләм, – деп күйбеңдеп орнынан тұрып, қолын жуып, түгі шыққан ескі орамалға сүртіп, жағалай қол алысып, өзі бастап үйге кірді.
– Сізді майдангер ретінде Жеңіс күні мерекесімен құттықтай келдік, Бәке! – деп Әшімхан құттықтау сөздерін көңілді бастады.
– Бұрын ел боп, мерекелеп тойлап жатушы ек бұл күнді. Қазір заман басқа. Бірақ өкіметтің “памиты” мықты екен. Сізге арнап аудан әкімшілігі сыйлық тағайындапты, соны табыстайық, қуанышыңа ортақ болайық деп әдейі мына жігіттерді өзім бастап әкелдім…
– Әшімхан лекіте күліп айнала қарап, қолындағы конвертті көтеріп, шалдың қолын қысып, кеуде түйістіріп, құттықтау рәсімін жасады.
– Өркенің өссін, айналайын. Өкімет жарықтық ұмытпайды ғой! – деді шал. – Артымызда өздеріңдей жөн білетіндей жастар барда неге ұмытсын…
– Бұрын “өкімет пен партия” деп сөйлеуші едік. Партиямыз тарап кетті. Бірақ өкімет бар әлі, – деп жорта әзілдеп еді, Мұрат пен Елеусіз қосыла күлді. Күлмеске шара жоқ, төртеуі де бұрынғы коммунист еді.
Үйге әлі пеш жағылады екен, даланың суығынан кірген соң ба жайлы көрінді. Ауыз үйде азғана жарық жағып, қонақтар жеңілденген соң, үй иесі жарық бөлмеге кіргізіп, диванға жайғастырды. Еңгезердей шал үстіндегі ескі-құсқысын тастап, жарқыраған орден, медальдар тағылған костюм киіп, сыртынан сырлы қара шапан жамылып, төбесінде тақия қондырып, қайта кіргенде, жігіттер жарыса қостап:
– Е, мереке күні өстіп жарқырап жүру керек қой, – десті.
Оң жақ бетінде қалы бар, өңірі ашық қалың халат киген, жасы алпыстан асқан қара әйел:
– Адам шіркін, қартайғанда бір бала-ау, – деп ернін сылп еткізді. – Әй, бәйбіше, бүгін не қыласың, мереке ғой. Соны біліп кеп отырған мына балаларға рахмет десеңші! – деп шал кемпіріне қарап қойды.
– “Рахмет” деймін ғой! Неге демеймін. Бәрі кешегі өзің оқытқан балалар емес пе, Елеусізден өзгесі. Мұрат тіпті өзіміздің бала…
– Мен де өзіміздің бала емеспін бе? – деп Әшімхан әзілдеді.
– Естіп жатырмыз, қарағым. Мерейлерің өсе берсін. Бізді демалысқа шығарып, “списайт” қып қойсаңдар да, үйде жатып бәрін естіп отырмыз. Мектепте, ауылда жаңалық боп жатса жетіп тұрады бізге…
– Кемпір, балаларға дәміңнен әзірле! – деп Беделхан әрнеге бойлап, тереңдеу әңгімеге көшті. Оң жағындағы Мұратқа бұрылып: – Әкеңе құран оқытты деп естідім, қабыл болсын, балам. Біздің әлгі ортаншы ұл үйленіп, соның құдалығына барып, мойын бұруға шама болмады. Әке аруағын сыйлағандарын жөн. Шешеңе айт, өкпелемесін, – деді.
– Марқұм әкең жасуды білмейтін ер мінезді, бетті жігіт еді. Отыз жыл дос болдық. Өкініші – ертелеу кетті. Қызықтарыңды көріп тірі жүрсе о да бақыт еді. Бірақ алланың күні өлшеулі. Өлім біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Біз де қашанғы жүрер дейсің. Өзінің сексенге келгеніне кінәлі адамдай шал ақырындап барып:
– Мектептеріңде не жаңалық? Оқуды біттіңдер ме? – деді.
– Қыстай жылу болмай оқымадық. Енді жаз ортасына дейін қалған жоспары қуатын түріміз бар, – деді Елеусіз Әшімханның орнына.
– Әттеген-ай, бұрынғы мектеп дұрыс еді, соны босқа тонаттыңдар, – деді шал.
– Е, оны біз тонаттық па? – деп Әшімхан ыршып түсті. Тызалақтап, дембелше денесімен қозғалақтап диванды сықырлатты. Алдыңғы тістері сойдақ, ерні қалың беткен, беті сопақтау, аздап сеп-кілі бар шапшаң мінезді, сергек жігіт.
– Сендер тонатты деп тұрғам жоқ. Бірақ иесіздіктен ғой, – деді шал мәймөңкілеп.
– Иесіздіктен болғанда, бес жүз бала оқитын абажадай мектеп астыға басып отыратын бөстек пе? – деп кекеді Әшімхан.
Ішінен ыңғайсызданып отырған Мұрат “мұнысы несі” деп Әшімханға қарады.
– Жаңа мектебіміз – үш қабат. Ішінде жел қыдырып жүр. Оны жылыту үшін қыстай кемінде қырық-елу тонна көмір керек. Соны-мен, бірінші қабатта күннің жылуын тосып кезектесіп оқып жүрміз, – деді Елеусіз. – Екінші-үшінші қабатын жауып, шегелеп қойдық.
– Оны байқаңдар сендер, – деді шал шошынып. – Есік, терезесін, еденін тонап жүрмесін.
– Е, күзетші бар ғой! – деді Мұрат. – Қыстай жұмыс істемеген соң амал жоқ, бос тұрған, пеші бар үйлерге бөлініп оқып, әйтеуір, өткіздік қысты. Қиын, қиын-ақ, – деді.
– Әке-ау осындайдың бірі болмап еді. Әй, совет өкіметін жамандаймыз. Тәртіп бар еді-ау…
– Сағынғанмен қайтып келе ме? – деді Әшімхан. Шал:
– Сендер енді асықпайтын шығарсыңдар? – деп сұрады. Е, несіне асығасыңдар, – деп жауапты өзі берді де, кемпіріне: – бірінші қуырдағыңды даярла, – деді. Беделхан арнайы қонақты сирек шақыратын. Шақыра қалса, естен кетпестей етіп әбден сыйлап, не жоқты тауып, дастарқанын ешкімде жоқпен жайнатып, сықап қоятын. – Сосын, мына шараптан алыңдар, Алматыдан Кәкімнің папам ішсін деп беріп жібергені еді: мынадан ауыз тиіңдер, қаладан қызымның дәмі бөлекше деп арнайы әкелгені еді, – деп бұрын атын естімеген небір арақ-шарап, кәмпит-шоколад, жеміс-жидек, тағамның түрлерін сипаттап айтып отырады. Тамақ-дастарқан мәзірін егжей-тегжейлі әңгімелеп, орнымен ұсынуға шорқақ қазекеңе Беделханның қонақ күтуі қызық көрінер еді. Кей достары соны қызықтау үшін әдейі келетін. Бірақ көңілі түскен, ісі түскен не бір сыйлы адамы болмаса, екінің біріне Бәкең ондай сыйды көрсетпейді. Бүгін бір осындай құрметті сыйды көреміз бе дегенде, Беделханды Әшімхан ашуландырып алама деп Елеусіз қыпылдап отыр. Әңгіменің қызу кезеңінде столдың астынан Әшімханның аяғын аяғымен басып, “қой” деп ымдап, басын шайқап, көзін қысып әлектенді. Әңгіме үстінде үстел жасалып, қуырдақ желінді. Шарап әкелінді. Шампан атылды. Тәтті вино құйылды. Ащы арақ алынды.
– Қарындарын ашқан шығар. Тамақ алыңдар! – дейді шал.
– Көктемгі уақ қой. “Досыңның асын жаудай же” деген, қарақтарым. Ниеті түзу қонақтар қойған асты қалдырмас болар, – деп Қатипа кемпір өбектеп қояды.
Кеш батып, далаға шығып қонақтар шылым шегіп, сәл дем ал-ған соң, үйге қайта кіргенде, ортаға үйме табақ ет әкелінді.
Кеш түнге озып, қас қарайып, шам жанды. Отырыс жарасымды боп қонақтарда бірін-бірі мақтасып, Қатипа шешейге де вино ішкізіп, дәмді астың иесін көп мақтады.
– Әлдекімге ұқсап арақ ішпей, коньяк алыңдар, – деп Беделхан арақты тыйып, мөлдіреген әдемі түсті коньяктан құйып, өзі көтеріп отырды.
Қонақтар да тілек-көңілдерін, рахметін білдіріп жатыр. Әбден қызып қайтар кезде ғана Беделхан бұрынғыны аңсайтын көңілмен тағы да:
– Қатипа мен осы мектепке соңғы рет қашан бардым? – деді кемпіріне бұрылып.
– Былтыр көктемде-ау деймін, соңғы қоңырауда. Оны несін сұрадың? – деді кемпірі.
– Сол барғанда мектеп ұнамады маған. Қоңырау кезінде ию-қию жүгірген, шулаған бала. Тәртіп жоқ. Қалай болса солай киінген…
Шал қитығып көңілсіз кейіпке түсті.
– Біздің кезде тәртіп зор еді.
– Қазіргі балалар бұрынғымен салыстыруға келе ме? Қой, балалардың көңіліне келеді, – деп кемпірі бөгеп еді: Беделхан одан бетер қисайды.
– Жұмыс істемейді бұлар…
– Қой әрі сандалмай. Қонаққа шақырып, о несі, – деп дауыс көтере бастады.
– Ренжімеңдер, қарақтарым, ағаларың қызып қап, әшейін қалжыңдап отыр.
Шал ежірейді:
– Неге қызып қалам мен. Тапқан екенсің қызатын адамды. Тәртіп жоқ бұларда. Өздерінің жүрісі мынау. Үлкен сыйлауды білмейді. Бүкіл ауыл боп үш қабат мектепті жауып қойды деген не сұмдық, – деп алайды. Елеусіз шалдың Әшімханға қитыққанын сезіп, жуып шайып:
– Жұмыс деген шіркін бітпес дау ғой. Мұндай отырыста жұрттың соны айтпайтыны да сол-ау, – деп, – “Кел демек бар, кет демек жоқ”. Дәм айдап бүгін бас қосқан едік. Біз де жасап қалдық. Бәке, біз тізілген қаздай ығыңызды пана етуші едік, мына Әшімхандар доқ тұрған. Үлкен сыйламайтын кемістік бұған да тән, – деп бастығының мысын басып-ақ тастады. Әшімханға көзін қысып ым қылды. Шал оны байқамай:
– Міне, сөз білетін, – деп жаны кірді.
Шалдың тілін кетер кезде зорға тауып, түннің бір уағында үшеуі қараңғы көшемен тыпырлап, жаяулап, күбірлесіп, құтылғандарына қуанып, үйге асықты.
– Ай, шалдар, все таки мықты, – деді Әшімхан. – Әттең, бірақ білімсіз еді. Кітапты ашып ежіктеп отырушы еді.
– Кәрі қасқыр емес пе, ойбай-ау, – деді Елеусіз.
– Сексенге келсең сен одан бетер боласың.
– Көкжал де, – деп түзетті Мұрат. – Бұлар көкжал ғой. Әшекең мен біздікі түлкі бұлаң.
Әшімхан үндемеді. Мінім қайсы деп ойлады.
– Әй, Беделхан қасқыр ғой. Білімсіз-ақ сексен мұғаліміңді отыз жыл селкілдетіп ұстау деген…
Елеусіз басын шайқады. – Айбар ғой…
Share: