Таланттарды алақанға салып, кітаптан оқымайынша іс түзелмейді
Жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұтпен сұхбат.
– Көркем әдебиет саласында қазіргі уақыттағы өзекті мәселелердің бірі – тәуелсіздік жылдарын арқау еткен шығармалардың аздығы. Бұл тұрғыда сіз өзгелерге үлгі көрсетіп, өндіріп жазып жүрсіз. Осы ізге түсіп жатқан жергілікті қаламгерлерден кімдерді атауға болар еді?
– «Қазақстан – 2050» стратегиясының «Ұлттық интеллигенцияның рөлі» деген бөлімінде «Жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсетуіміз және жасауымыз керек» деген жері бар. Жалпы, біраз жылдардан бері жаңа заман, егемендік, тәуелсіздік тұсындағы кейіпкерлер туралы татымды туындылар, әсіресе романдар жазылмай жүр деген сын-ескертпе қай тараптан да жиі айтылып келеді. Сіз меңзегендей, мына біздің өндіріп жазып жүргеніміз негізінен шағын жанр – әңгіме және публицистика. Көркем әдебиет жанрлары – әңгіме, повесть, романдарда «жастар еліктеп, бой түзейтіндей жаңа қаһармандар» бейнелері жасалмай жатқаны да рас. Қазақ әдебиетінің классигі, марқұм Қалихан Ысқақ кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жағымды, жасампаз кейіпкер сомдайын десем, қай салада да парақор, жемқор, тек пайда көздеген пысықайларды байқап, адал адамдарды таба алмай дал боламын» деген мазмұнды сұхбат беріп еді. Сондықтан, әзірше көптеген қаламгерлердің толғанып, қиналып жүргені рас. Осыдан жүз жылдай уақыт бұрын АҚШ-ыңызда да тап біздегідей болған. «Заманауи романдар қашан жазылады?» деп, сыншылары да, жазушылары да, басқалары да ондаған жылдар бойы «зар жылапты». Байқасаңыз, «үлгі көрсетіп жүрсіз» деп отырған мына менің де заманауи әңгімелерімде «ұнамды» кейіпкерлерден гөрі «ұнамсыздар» басымырақ. Ал публицистикада «Кәсіпкер келіншектер» сияқты дүниелер баршылық. Бәлкім «ұнамдыларды» солардың арасынан тауып, көркем дүниелерге де кейіпкер етерміз. Ал, жергілікті қаламгерлерден бөле-жарып атамай-ақ қояйын. Бірін атасаң, екіншісі ренжуі мүмкін. Бүгінгі заманды жазып жүргендер жоқ емес. Баршылық.
– Сіздің әңгімелеріңізден жаңа ғимараттардың тас қамалдай қоршалуы, сыртында «Джиптердің» сығылысып тұруы, күзетшілердің адамды менсінбеуі, көшедегі көлік кептелісі сынды ұнамсыз көріністерді байқаймыз. Осы еңбектеріңізге ризалық білдірген облыстық, қалалық мекеме басшылары болды ма?
– Бір-екі облыстық мекеменің жетекшілері, қалалық әкімшілік қарауындағы екі-үш басшының, саяси партиялардың кейбір жетекшілері мен кейбір оқу орындары басшыларының менің шығармашылығыма оқта-текте болса-дағы уақыт бөліп, назар жығатынын байқаймын. Әсіресе, «Банктің иттері», «Сүмбіленің суы», «Тәржіман тірлік», «Тексеру», «Тоқсабаның тоқалы», «Әкімнің әйелі» сияқты әңгімелерім мен «Шымкентшырыл», «Беретінін бермесең...», «Аға-досқа арзу хат» сияқты толғам-толғанысты мақалаларыма пікір білдіріп, алғыс айтушылар көбірек болды.
– «Оқу залы» атты әңгімеңіздің кейіпкеріне Әл-Фарабидің тойына әкімдер мен ғалымдар тағзым етуге емес, ұпай жинап, ымдасып-жымдасуға келгендей көрінеді ғой. Сөйтіп оның кешке шатақ шығаруы ұлттың күйініші ме, әлде жанайқайы ма?
– Әдетте бізде жоғарыда да, төменде де жалғыз Әл-Фараби емес, сондай титан тұлғалардың көпшілігіне арналған іс-шаралар, тойлар тек «ой-хай, осындай той, іс-шара өткіздік!» – деп мақтану, масаттану, көзге түсу үшін ғана ұйымдастырылып, шынайы меңгеру, игеру, айналымға қосу жағы мұқым-мүлде ұмыт қап қоятыны өтірік емес. «Оқу залы» дейтұғын әңгіме, өзіңіз айтқандай, ұлттың күйініш-мұңын да, жандайшаптық, жасандылық, жалғандық жайлаған қоғамыңыздың ата-бабалар аманатына қиянатын да, Әл-Фарабилердің ұлы мұраларын игерудегі имансыздық пен икемсіздікті де шарлап тұрыпты.
– Сіз үшін бүгінгі қазақ қоғамының қандай ұнамды жақтары бар?
– Көркем әңгімелерімде де, «Беретінін бермесең...» сияқты мақалаларымда да қоғамыңыздағы кесел-кесепаттарды сынаңқырап та, үкідейін үлпіл-лүпіл халде көрінетін ұнамды жақтарын да шама-шарқымша меңзеп, тұспалдап жүрген секілдімін. Қазіргі қоғамда аздап болса да адамгершілік, адалдық, абзалдық, білімділік деген ұғымдарды аңсаушылық, ізгілікті іздеушілік басымдана бастағандай. Діндегі жат пиғылды «ағым-сағымдардан» бой тартып, бабалардың бағзы салт-дәстүрлерінің озық, құнарлы жақтарына ұмтылушылық үдерісі үйлесе бастады. Аса байлардың астамшылығы да байыптана-байсалдана түсетін шығар. Жастарымыздың білімге шынайы құштарлығы ұнайды. Жігіттеріміз көркемдене, қыздарымыз сұлулана түсуде. Рухани уыз жағына көбірек көңіл бөлінсе, жаман болмаспыз.
– Сіз эссе, естелік жазасыз, хат түріндегі эпистолярлық жанрда да қалам тартасыз. Пьеса да жаздыңыз. Шығармашылығыңыздың осындай бағыттары алдағы уақытта да жалғасын табар деген ойдамыз.
– Маған талай адам осылай дейді. Көп жазасыз дейді. Ал шын мәнінде аз жазатындардың қатарында сияқтымын. Осы уақытқа дейін жеті-сегіз повесть, жүзшақты көркем әңгіме ғана бар. Рас, публицистикада біраз өнімдірек еңбектеніп жүрмін-ау. Алла жазса, ақ қағаз бен қаламды және оқырманды алдамасақ болғаны.
– Қазіргі жасөспірімдердің дүниетанымы мен болмысы, болашағы жайлы көзқарасыңыз қандай?
– Жасөспірімдер көркем әдеби кітаптарды, классиканы да, бүгінгі көркем әдеби шығармаларды да – Бейімбетті, Жүсіпбекті, Мағжанды, Мұхтар Әуезовті, Ғабитті, Шерханды, Әбішті, Сайынды, Оралханды, Мұқағалиды, Жұмекеңді, Фаризаны, Бексұлтанды, Дулат Исабековті, Тынымбай Нұрмағамбетовты, Жұматай Жақыпбаевты, тағы басқа да таланттардың туындыларын өз алақандарына салып, кітаптан оқымайынша іс түзелмейді. Дүниетаным мен болмысы, болашағы да кітапты таңдап, талғап, байқап, аңдап оқуға тікелей байланысты. Жоғарыда аталған қаламгерлердің бір-бір шығармасын оқып, сыныбында қызу талқылап, отбасында айтып отырған жасөспірім қылмысқа бармайды, қатыгез болмайды. Бұзақылыққа қарсы шығады. «Теледидардың отыз пайыздық дүниелері пайдалы, жетпіс пайызы зиянды, бүкіл ұрпақты бұзып бітті» деген пікірді қаламгерлер қашаннан-ақ айтып та, жазып та келеміз ғой. Қоғамда да, адамда да, отбасында да, мектепте де сөз бен істің бірлігі болуы керек, қай салада да толық болмағанмен, әлеуметтік әділеттілік басымырақ сезілмегі абзал. Сонда жасөспірім, жалпы жас ұрпақ тәрбиесі де шынайыланады.
– Қазіргі оқыту бағдарламасын реформалау қажет пе? «Әпкемнің ауылы» әңгімеңізде оқушылар сыныпта отырып еден жуушы апайдың өмір тауқыметтеріне, тағдырға қатысты әңгімесін ұйып тыңдайды ғой. Ал міндетті түрдегі сабақты мұншалықты зейінмен тыңдаулары неғайбыл жағдайлар көп.
– Реформалар жүріп жатыр ғой. Білім сапасы, мұғалімдер біліктілігі, мұғалім беделі жөніндегі пікірталастар аз емес. Мұғалімдікке кімдер оқып, қандай адамдар барып жатыр? Мектеп директорлары кімдер? Мектепке мұғалім, еден жуушы боп кіру үшін қанша ақша береді? Дегендейін сауалдар саулап қоя береді. Кейде. «Әпкемнің ауылындағы» менің әпкем – еден жуушы. Бірақ, мұғалімдерден зиятты. Зиялы. Неге? Кезінде оқи алмай қалған «көке-жәкесі», «крышасы» болмай, оқымай қалған қайран әпкем ғой ол!
– Жас таланттарға кім қолдау көрсетеді? Жазушылар одағының жергілікті бөлімшесі жастармен жұмыс жүргізіп жатыр дей аласыз ба?
– Қазір де қазақтың небір қабілетті қыздары қаржы-қаражаттарының тапшылығынан таланттары ашылмай, қызметте өспей, қалып жатыр емес пе?! Қыздары ғана емес, ұлдары да... Есесіне, түкке арзымайтындар тайраңдайды.
Жергілікті бөлімшеңіздің өзіне қамқорлық қажет қой. Хал-қадерінше тырбанып жатады. «Шығармашылық шырақшысы» деп қоямыз. Бөлімше баулып жатқан жастар көбінесе – балауса ақындар. Өкінішке қарай, прозашылар жоқ.
– Өзіңіз пір тұтып, еліктейтін бұрынғы-соңғы қаламгерлер кімдер?
– Бейімбет Майлин. Эрнест Хемингуэй, Акутагава, Василий Шукшин.
– Қоғамымыздың ең нәзік жақтарының бірі – дінаралық, ұлтаралық қатынастар. Шап-шағын «Крест» әңгімеңіз елге әсер етіп жатыр. Осы тақырыпқа қайта соғу жоспарыңызда бар ма?
– Алла жазса, амандық болса, көре жатармыз. «Крестке» «крест» қоймаймыз. Андрей Бісмілләұлы – кресті қысып жатса-дағы, қимас-қымбат кейіпкерім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Share: