Қортықтың беймаза күндері (әңгіме)

05.03.2018 8447

Жантық ойда-жоқта әлдекімнен сөз естіп қалғанына шамданып, ішкі әлемінің ұйпа-тұйпасы шықты. Бұның қысыр сөзіне орай қоңыр дауысымен бөгде кісінің әзілге жеңдіре айтқаны жанды жеріне дөп тигенін, жауап ретінде қарсы шабуылға шығу кұр байбалам болып, күлкіге қалатынын ойлап, үн-түнсіз, тілін жұтып алғандай ләм-мим дей алмады. Оның үстіне бейтаныс кісі таптап өтердей дәл жанынан асығыс түрде, менсінбеген сыңай көрсетіп өте шықты.

 

Сөз айтылды, құлақ естіді. «Естіген құлақта жазық жоқ». Құлақ тек жақсылық, жақсы сөз естуге арналмаған. Ештеңені талғамайды, жұта береді. Осыған шыдап жүрген жүрек неткен көнбіс.

 

Жантықтың осы мекемеде қызмет атқарғанына он төрт жылдай болып қалған. Басқа жерге ауыссам, қызметімді жоғарылатсам деген ниеті жанын жегідей жеп, төзімін төпелесе де әзірге орнынан балшыққа батқан мәшинедей қозғалар түрі жоқ. Әрине, қозғалу үшін сүйреп шығар «трактор» керек. Жо-жоқ, «трактор» емес, «танк» дұрыс. «Танкінің» табылуы дайын асты ішкендей оңай ғой, сол құрғырды «жүргізу» үшін көмейінен құйып, қарнын қампайтатын «жанар май» болмай тұрған жоқ па?

 

Жоғарыламақ былай тұрсын, он төрт жыл ішінде жеті бірдей бастық ауысып, әрқайсысының көңілін табамын, жағынып, қызмет орнымды қалай сақтап қаламын деумен-ақ ол жиған тергенін төгіп-шашып, діңкәсі құрып, демікпе ауруға шалдықты емес пе?

 

Осы мекеменің бастығы-ақ ауысқыш. Тура екі жылда сарт етіп жаңа бастық келеді де тұрады. Биыл әйтеуір ауысатын түрі жоқ. Әй, қайдам, бұрынғылар да ауыс-түйіс жасай салатын еді ғой.

 

Жантықтың бір байқағаны, әйтеуір кеткен бастықтардың төмендегенін көрген емес. Бәрі де жоғары жақтағы жайлы бір орынға жайғаса қалады. Бұл мекеме әлдекімдердің қызметінің өсуіне, биікке өрлеуіне арналған баспалдақ іспеттес. Олар өсіп жатады, ал бұл... Бұны ешкім көзіне ілер түрі жоқ. Өйткені, ол мекемедегі «бірінші» емес. Бар кінәсі осы. Бейне бір солардың өсуі үшін жұмыс істейтін «механизмнің» бөлшегі секілді. Егер бұл «бұзылса» «бірінші» өрге өрмелей алмай қалатындай. Жо-жоқ, мүлде олай емес, өйткені Жантық «бұзылса», қосалқы бөлшек алмастырған секілді басқа біреуді орнына әкеле салу сөз болып па? Ең болмаса бірге қызмет еткендігін, талай отырыстарда, жиындарда шашбауларын көтеріп, шашасына шаң жұқтырмай, жанталаса жәдігөйленгендігін бірде-біреуі ескермей, өзіне қызметке, яғни, барған жеріндегі патшалығына шақыра да қоймайды. Әй, бұны неғылсын? Ол жақта да бұдан өткен кәсіпқой жағымпаз, жандайшаптар қожасына жағынуға кезек күтіп, сабылып жүргендігін кім білмейді?

 

Жантық қызмет істейтін мекемедегі жиырма шақты адам сырттай қарағанда бір әке-шешеден туғандай бауырмал, бірақ, шын мәнінде, сүйек тасталса бітті, көздері қанталаған төбет секілді таласа кетуге дап-дайын. Тек, «біріншіден» сескенеді. Әйтпесе... Не десек те, Жантық, әйтеуір бір жайлы орынға жайғасарына сенеді. Егер сенімі жоғалса, не боларын кім білсін?

 

Ол үшін қазіргі шығып тұрған баспалдағынан төмен түсіп қалмау, жалақы алу қандай қажет болса, бұл да сондай... Баспалдақ – бақ пен байлыққа жеткізер жол. Басқа жолдан баспалдақтың айырмашылығы, ол жоғары өрлете алады. Ал, төмен түскеннен беті аулақ.

 

Жантық жаңадан келген бастықтың алдында не істемейді дейсің? Жағымпазданудың неше түрлі әдісін жымын білдірмей атқара алатын ол, бейне бір өмірдегі негізгі міндеті жымысқылыққа, бастығына жағынуға ғана бағытталған-ау деп ойлап қаласың. Жантық жәдігөйленудің неше атасын меңгеріп, сыртқы көзге білдірмей тұрмын деп есептейтін. Ал, жәдігөйліктің жасандылықсыз туындамайтынын, жасандылықты қанша бүркемелесең де ақ көйлекке тиген қара дақтай бадырайып, көрініп тұратынын біле бермейтін.       

 

Жантық бастығының алдына кіргенде, не болмаса дәлізде кездесіп қалса, қос қолдап амандасып, жік-жапар хал-ахуалын сұрап, сіркесі су көтермей, ішіндегі ақ түтек боран көңіл күйінің әптер-тәптерін шығарып тұрса да көздері күлімдеп, жайнаңдап, құйрығын бұлғаңдатқан қу түлкідей мың түрге еніп шыға келетін.

 

Бастығының кейбір қыңыр, орынсыз тапсырмасына орай пікір айтып, қарсыласу, «жоқ олай емес, бұлай істейік» деп өзіндік ойын білдіру бір рет болса да кездесті ме екен, шіркін? Бар болғаны басын шұлғып: «Мақұл, мақұл, жарайды, жарайды», дегеннен өзге әрекет жоқ. Анау болса бұның қол қусырып, иілгеніне жаны рахаттанып, хор қызының құшағында тұрғандай еліте түседі. Бірақ, сыртқы пішініне титтей де өзгеріс енгізбей, сол қалпында, яғни, шірене түсіп, бұл сәлем берсе, сәлемін алғансып, жұмыс барысында сөз болса, қабағын тыржитып, одан сайын маңғаздануын жалғастыра береді.

 

Жантық кейде бірінен соң бірі келген бастықтарын ойлап отырып, таңданатыны бар-ды. Өйткені, бір қалыптан шыққандай бір-бірінен айырмашылығы жоқ олардың ұқсастығына қалай таңданбассың?! Бәрінің де үстеріне киетіндері қара костюм-шалбар, ақ немесе сұр көйлек, мойнына тағатындары көкшіл галстук. Жүздерінен күлкі күлмейтіні, егер жымия қалса сұрлана түсетіні, түстерінің суықтығы, бағыныштыларымен белгілі бір дәрежеде қарым-қатынас, арақашықтық орнатып алғандары, өзіне еркінсітіп, жақындата қоймайтындары, жоғары жақта әрқайсысының  «көкелерінің» барлығы, тіпті бойларына дейін бірдейлігі, тізе берсең басқа да пендешілік сәйкестіктері көп еді.

 

Егер олар дәл осылай ұқсас болмаса, түгелдей жайлы креслоға жайғаса алмас еді-ау. Егер осы ұқсастықтардың бірі біреуінің бойында кем болса, сөз жоқ, ол жеткен биігіне жете алмай, жолда қаларына дау айтпаңыз. Осы ұқсас қасиеттерді Алла сыйлады ма екен, әлде, арнайы осы жөнінде дәріс алды ма екен? Бәлкім, олар бір-біріне өздерін осылай ұстау керектігін баса айтып кететін шығар.

 

Олардан ешкім табиғи қабілет, іскерлік талап етіп көрген емес. Тек, бағыныштыларымен және сүйеніш, тіреушілерімен қарым-қатынастарын кереметтей сәтті орната білсе, атқара білсе, сол жетіп жатыр. Бұл жерде тіреуіш, сүйеніштеріне жұтқызатын жылы-жұмсақ, әрине, қажет. Онсыз бола ма? Бірақ, одан кейінгі басты мәселе, бар күш-жігерін жамағат үшін пайдалы іске емес, өзін-өзі ортада қалай ұстай білу керектігіне жұмсай білсе, әрі қарай өсу, өрлеу өздігінен реттеле береді.

 

Олар осылай өседі, осылай жоғарылайды. Ертең өздері де әлдекімді, нан талапты өз жүрген жолымен жүргізе отырып, баулиды, сосын жетелейді, көтереді. Егер ол бұл жолмен жүргісі келмесе, құрдымға жібере салу түк емес. Өйткені, бәсекелестер сасық көлшіктегі құрбақалардай жыртылып, айырылып жатыр. Солардың бірін әлгі жолға түсіре салады. Оп-оңай.

 

Өсіп шыққан жаңа дөкей немесе дөкейше тағы біреуді өзінің жалғыз аяқ жолына түсіріп алып, көзді арбайтын, сырты жылтыраған, жезбен зерленген қайыс ноқтаны басына кигізеді де, ешкі қылынан есілген шылбырмен жетектеп, сүйрей жөнеледі. Ол алданғанын ешқашан білмейді. Өйткені, соны аңсаған, соны армандаған, сол үшін түнгі ұйқысын төрт бөліп, мазасызданған. Одан басқа ештеңе тілемеген. Ертең ол да біреуді...

 

Ештеңе өзгермейді. Неге? Себебі, олар бір-бірінің көлеңкесі, бірін-бірі қайталаушылар. Ал, ең бастысы бар күш-жігері, қабілет-қарымы қара басының қамы мен атақ-абыройдың жолында ғана қор болып, ысырапшылдыққа ұрынады. Өкінішті!

 

Олар үшін өте бір күйініштісі, басына күн туып қысылғанда, күштері қайтқанда өздері жетектеп өсірген «иттері» көз қырын салмай, тастап кететіндіктері. Бұған таң қалуға бола ма? Таңданба. Олар солай тәрбиеленген.

 

Бұл опасыздық, қарамай кетушілік алғашқыда іріктеу дұрыс жүргізілмегендіктен, дәлірегі, таңдау тек дәулеттің, көмейге құйылар бал-шырынның дәмі мен молдығына түскендігінен туындайды.

 

Кейбіреулер іріктеуді дұрыс жүргізгенімен жол-жөнекей жас шыбықты илеуіне көндіріп, бойындағы бар қадір-қасиетінен ада етіп, қабілетін ниеті бұзық тірлікке жұмсата шаршатып, ақырында бармағын тістетіп, бас шайқаттыратындар да болады. Бұл кезде олар бармағын шайнағанымен ештеңе өндіре алмайтын халге жетеді. Шайнаған жерінен қан шығаратын азу қайда?! Содан кейін абыздыққа ұмтылып немесе артында сөз қалдырғысы келгендей әдебиетке қол созады. Былғайды. Ең бастысы өмірлерін алданышпен өткізіп жатыр.

 

О дүниеге... Міндетті түрде «марқұм жақсы адам еді» айтылады. Біреулер үшін ол дайын «мақала». Біреулер үшін «қаламақы». ...Әлдебір «сыйлыққа иегер»...

 

Жантық қайсыкүні баласының жазу дәптерін тексеріп отырып, бір сөздің мағынасын түсінбеді де, қызығушылығы оянып, ертесіне университетті бітіргеннен кейін ешқашан бас сұқпаған кітапханалардың біріне кіріп, сөздіктің бетін парақтап отырғанда өзінің есімі нендей мағына беретінін қарап шықты да, өңі бұзылып сала берді. Сөйтсе, «жантық» деген сөздің мағынасы... Содан ол қолындағы сөздікті орнына қояр-қоймастан кітапхананы тастап шыға жөнелді.

 

Ашуға булыққаны соншалықты, есімін қойған адамды жақсылап бір сыбап алды.

 

Есімін, бәлкім, әкесі немесе шешесі қойған шығар. Оған қарап жатпады. Жантық өзі бес қыздан кейін туған ұл екендігін білсе де, еркек баланы зарыға күткен әке-шешесінің қуаныштан ағынан жарылып, не болса ол болсын, әйтеуір, аман жүрсін деп шүкіршілік еткендіктерінен, тіл, көз тимесін деп әдейі есімін жағымсыз етіп қоя салғандарынан хабарсыз еді.

 

Ол жұмыс орнына жеткенше қапаланумен болды. Өз есімі, оның мағынасы жадынан бір сәтке де шықпады. Алайда, есімінің мағынасын «кім біліп жатыр» дегенді жұбаныш етіп, өз аты-жөніне зар болып, ат қойғыш, айдар таққыш былайғы жұрттың қойған есімсымағымен жүрген талайлардың бар екендігін ескеріп Жантық сабасына түскен.

 

Ол бөлмесіне кіріп, орнына жайғасты да, шамданған көңілін басуға тырысты.

 

Бірақ, бөгде адамның өзіне бағыштаған келемеж сөзі құлағынан ызыңдап, кетпей-ақ қойды. Бір жағынан бәріне өзі кінәлі. Дұрыстап, сыпайылап тіл қатса, әлгі адам бұған ештеңе дей қоймайтын еді ғой. Бұл былай болған.

 

Жантық бастығының қабылдауына кіріп, тапсырмалар алып, бас изей келісіп, шыға бергенде қожайын:

 

– Жантық, хатшы қыз бір-екі сағатқа сұранып кетіп еді, есік алдында менің қабылдауымды күтіп бір кісі тұр, сен соған кірсін деп айта салшы, – деді.

 

– Жарайды, – деп шығып кеткен Жантық: «Еңселі кеңсенің мысынан сескеніп, қалтырап тұрған біреу болар, егер бұрын-соңды кіріп-шығып, үйреніп қалған жері немесе бастыққа жақындығы болса, осылай сарылып тұрар деймісің» деп топшылады да, маңғазданып, жас шамасы өзімен қатарлас ұзынша келген жігіт ағасына:

 

– Оу, ұзын, басекеңнің қабылдауын күтіп тұрған сен бе? Кіргін, – деді.

 

Өзін менсініңкіремей және «ұзын» деп кекете сөйлеген Жантыққа бейтаныс кісі:

 

– Біздерді ұзын емес, ортадан жоғары бойлы дейді, дегенмен сен сияқты мыртықтарға ұзын секілді көрінетініміз рас, – деп сөз екпінінен зіл байқатпай, бұны көзге де ілмегендей ішке еніп бара жатты. Бұның бүгінгі шамданып қалғанының себебі осы болатын.

 

Жантық үшін мыртық деген сөз өмір бойы құлағына жиіркенішті әсер етіп келеді. Бұл сөзден құтылу үшін ғайыптан бойы ұзарып шыға келуі керек. Бұлай болуы мүмкін де емес. Сондықтан туды бітті жабысқақша жабысқан, азан шақырылып қойған есімінен кейінгі екінші атауын арагідік болса да естіп тұруға мәжбүр. Жантық бір кісідей қортықтығынан талай таяқ жеген. Мектепте оқып жүргенде де құрбыларының ішіндегі ең қортығы болды.

 

Қортықтығы басқа жерде ескеріліп, әскери комиссариатта есепке алынбай әскерге барғанда да саптың соңында құнжыңдап жүретін. Өзі сықылды сарбаздарды жауапкершілігі бар маңызды істерге жіберіп жатқанда офицерлер бұның бойын ескергенсіп, «жарамайдыға» санап, қайдағы асханаға, жатын орынның еденін жуып-шаюға, тағы басқа да осы іспеттес жұмыстарға жегетін. Одан кейін де қортықтығынан көргені аз емес. Әсіресе, қыз-қырқынды жағалауда көрген қорлығын айтпа. Өзінен ұзын сұлуларға жолай алмай, амалсыз бойымен деңгейлес қыздарға көз тастайтын. Олар да өздеріне қарамай, бұның басқа емес, тура сол мыртықтығынан қашатындай. Әке-шешесін, әпкелерін салып жүріп үйленген әйелінің бойы өзімен бірдей болса да, биік өкше аяқ киім киіп, қатарласа жүргенде бұдан ұзындау көрінеді. Сол үшін Жантық әйелінің биік өкшелі аяқ киім кигенін жақтыра қоймайтын. Бірақ, жұрттың бәрі киіп жүрген биік өкшеден «күйеуім ұнатпайды» деп әйелі бас тарта қояр деймісің?

 

Жантық жиі-жиі болмаса да арагідік: «Өзім де қортық, іс-әрекетім де қортық. Әйелім де, бала-шағам да қортық» деп қапа болатыны бар-ды. Дегенмен, бұл қапалануына әбден еті үйреніп кеткендіктен, солай жаратылғандығына әлдеқашан мойынсұнып қойғандықтан жүрегі ауырып, анау айтты мазасыздана қоймайтын.

 

Міне, бүгін осының бәрі қайта жаңғырып, көңіл түйіткілдерін қопсытып жіберді. Жантық ұзын адамдарды ұнатпайтын, жо-жоқ қызғанатын. Бұл қызғаныш ұзындарға деген әлсіз өшпенділігін оятқан. Бір жағынан бұл өшпенділіктің негізі «қортық, мыртық» деген жағымсыз сөздерді тек ұзындардан ғана еститіндіктен туындаған еді...

 

Бастықтың айналысуына «ыңғайсыз», майда-шүйде жұмыстарымен алдына анда-санда кіріптар күйде кіріп қалатын адамдармен сөйлескенде Жантық отырған орындығының арқа сүйерін сындырып жіберердей шіреніп, ұсақ-түйек, болмашы істерді күрделендіріп, маңыздандырып жіберудің айла-шарғысын мықтап игеріп алған еді. Орынсыз жерден заң қуып, өзін бір данагөй көрсеткісі келіп, тыраштанатыны бар. Арзымайтын, тіпті көңіл бөлуге тұрмайтын жерден ілік тауып, қайтарып жіберуге құмар-ақ. Әйтпесе: «Мына жері былай болу керек, мына жері олай болу керек» деп басын шайқап тұрып, біраз кеңес бергенсиді де: «Қазір уақытым жоқ, ертең соғарсың», дейді. Ол үшін осы рахат. Алдына кіріптар күйде, ертең тағы келеді. Неткен керемет!

 

Жантық үшін біреу жалынса, ісі түссе болды.  Одан өзге ештеңенің керегі жоқтай.  Содан ләззат алатындай.  Әсіресе, қарапайым, ұяң немесе жасықтығы анадайдан көзге ұрып тұрған адамдар болса, тіптен жақсы, өзінің құнын шамадан тыс арттырып жібереді. Ал, галстук таққан, мұздай киінген, сарнап сөйлеп қалған біреу болса:  «Бірнәрсені бүлдіріп жүрермін, бәледен тезірек құтылайыншы», дегендей келген кісінің шаруасын тындырып бере қояды. Шын мәнінде бұның алдына кіріп-шығып жататындар көп те емес, анда-санда... Бұған қарап тұрған іс шамалы болғандықтан кіріптарлар да өте сирек. Өзгелер үшін мұнысына шүкір делік. Егер... Кейде кейбір адамдар бастығының жібергенін ескерте келсе, Жантық қашан соның жұмысын бітіріп бергенше зыр жүгіреді де жүреді. Басқа тірлік әдірәм қалсын. Бастығы ертең қабағын түкситіп жүрмесе болды. Бастығы жіберген кісінің көңіліне қарап, сыпайы сөйлеп, оның алдында өзін биязы ұстауға барын салады. Өйткені, ол кісі – бастығының туысы, сыбайласы немесе бір керек адамы. Одан Жантық алғыс күтіп жатпайды,  қайта сәл-пәл реті келіңкіремей кешіктіріп жатқанына, күттіріп қойғанына, соның тірлігі үшін мекемелерге телефон шалып, не болмаса барып, келіп жүріп кешірім сұраумен болады. Қай адаммен қалай сөйлесуді жетік білетін ол күніне мың құбылып жүргенде жұмыс уақыты бітіп қалғанын да аңғармай қалады.

 

Жантық үйіне қайтатын мезгілді күтіп отыр. Жо-жоқ, бастығының қайтуын тосумен әуре. «Бірінші» түнімен отырса, бұл да осында отыра беруге бейіл. Егер қожайын ерте кетсе, бұл да, өзге қызметкерлер де өре түрегелуге дайын-ақ.

 

Жұмыс уақытының бітуіне бес-он минут қалды. Жантықтың құлағы жөткірініп, әлдекімге бір нәрселер жайында сөйлеп бара жатқан «біріншінің» дауысын естіді де, кеңседен шығуға бет алғанын сезді.

 

«Қарасы батқанша сәл кідірейін», деп ойлады. Міне, бұл да шықты. Кеңседе ешкім қалмағандай, дыбыс жоқ, тым-тырыс. Бірер минуттан кейін еден жуушы сыпырғысының үні естілді. Сыртқы есіктен далаға шықты да, баспалдақта тұрып керіліп, есінеп алды. Еркіндік, қандай қымбат!

 

Кеңсенің алдында жалғыз өзі тұр, бастық та, басқа да, ешкім жоқ.

 

Жұмыстан шыққан кез қандай жақсы! Жантық күнде осылай жұмыстан қайтып бара жатып, еркіндіктің ләззаттын бір сезініп қалады. Күнде, күнде. Бірақ таңертең қарғыс атқыр кеңсеге қайта келетінін ойлағанда әлгі ләззатының құшағынан әлдебір дүлей күш суырып алғандай болады.

 

Іш пыстырар, өзгеріссіз қайталанатын күндер осылай өте береді. Ертең тағы да...

 

Ол аяғы алшаң басуға келмесе де адымдай жүргенсіп, аялдамаға келді. Аялдамада пәкене, бойы өзімен шамалас бір кісі автобус күтіп тұр екен. Онымен бас изеп амандасты. Пәкенелігі үшін оған іші жылып, тағдырласын көргенде көңілі жадырап сала берді. Қырсыққанда аялдамаға еркін басып, ұзын бойлы жігіт ағасы келе қалғаны бар емес пе? Ұзынды көргенде қабағы түйіліп, түксие қалды. Сол сәтте Жантықтың ішкі дүниесін алай-дүлей күш аласапыран етіп жатыр еді.

 

Жолдыбай БАЗАР

Share: