Азап

07.11.2019 4731

                     

Айлы түн. Жазғы жайлау ұйқыға енді кірген. Адыр-адыр белестер, сай-сала, өлке бойы өскен қалың тоғай бұйығып, тыныштығын ішіне сақтап қалғып жатыр. Сонау артта қалған алты-жеті шақырым жердегі ауылдың әлі біте қоймаған шуылы құлаққа талып еміс-еміс жетеді. Шегіртке шырылы өлкені кернеп осы маңдағы тіршіліктің жалғыз ғана нышаны сияқтанады. Аспан бозғылт түске еніп, лайланып, тереңнен көмескі жұлдыздар ғана жылтылдап әлденені ымдап, меңзейтіндей. Жер бетінде оны ұғып, түсініп тұрған тірі пенде бар ма, жоқ па кім білсін.

 

Өлке бойлап самал жел қайың, теректің жапырақтарын шулатып тыншу далаға салқын бір жайлы леп таратты.
 

Астындағы желе жортып елеңдеген бойшаң құла дөненді қаттырақ басқызып Демеу шаужайын қағып қойды. Тақымын қысты. Құла дөнен өбектеп жол жорғасына басты. Жас жігіт айналаға жіті көз тастап келеді. Алдынан анда-санда пырр етіп ұшқан құстан құла дөнен үркіп қалып иесінің еркімен қайта безектей жөнеледі.
 

Ат үстінде қырындай, нығыз отырған жігіт жинақы киінген. Үстінде жұқа, жеңіл күпәйке, аяғында етік, жеңіл көк көйлектің сыртынан тоқыма киген. Қалың өскен қайратты шашын кейін серпіп, қалпағын оңай киді. Осыдан бірер ай бұрын ғана мектеп бітірген Демеудің денесі де, саусақтары да сом біткен. Денесін билеген қайрат байқалады. Қастары қалың, еріні түріктеу біткен. Қиғаш көздері сәл қысықтау. Осы отырысында оны ешкім де он жетідегі бала демес еді. Бірге оқыған құрбыларының ішінде де Демеу ірі болатын. Интернатта жүргенде көмір түсіру, қар күреу, отын кесу сияқты жұмыстарды Демеу басқаратын.
 

Енді міне, еркін өмірге шыққаны неше айдың жүзі. Жайлаудың, малшының жайқоңыр тіршілігі. Жаздай той-думан, көкпармен келеді. Қойды көбіне інілері бағады, әкесі мен көмекшісі сырттай бақылайды, кезекпен түнгі күзетке шығады. Демеу болса, күндіз ұйықтап, түн баласына қызды ауылға тартады.
 

Жалғыз атты тоғай арасымен жылып аққан бұлақты кесіп өтті. Қалың бүрген өскен терең саймен өрлеп отырып шағын ауылдың желке тұсынан шықты. Қарсы беттегі тоғай алқымында қойшының қатар тігілген екі-үш қараша үйлері тұр. Тау беткейінде қотан. Үйдің маңында арба, өре, ат байлайтын бел ағаш ағараңдайды. Демеу жүріске елтіп қызынып алған дөненді ақырындата қырындап сайдың табанына түсті. Ауылдың батыс жағындағы терең, тобылғылы сайға келді. Дөненді көрінбейтін жерге апарып ауыздығын алып, шылбырын ұзартып арқандады. Шегірткенің шырылы бір сәтке де бәсеңдеген жоқ. Құла дөнен ауыздығы алынысымен көк шөпті бырт-бырт үзді, анда-санда құлағын тігіп елең етіп қалады. Демеу сақ жүріспен әр адымын аңдып басып, ауыл көрінеді-ау деген жерге келді, қалың өскен көк шалғынға бауырын төсеп жата кетті. Шалқалап жатты.
 

Құс жолы сүттей аппақ. Бүкіл дүние бозғылт сәулеге оранған, шегіртке шырылы бәсеңдемей сол бір қалпында даланы тербетіп, көтеріп тұрғандай. Анда-санда алыста бақа шұрылдайды. Түн ортадан ауды. Салқындап барады. Беткейдегі қотаннан қойлардың ыңқылы, жөтелгені естіледі. Кенет шеткері үйдің есігі ашылды, қараңдаған жалғыз бейне тоғай жағалап бұлаққа қарай кетіп барады. Демеудің жүрегі лүпілдеп кетті. Орнынан тұра сала сайдың жиегімен бұл да бұлақ жағасына тартты.
 

Асығып, жүрегі аттай тулап кеудесіне сыймай барады. Түнгі ұйыған тыныштықты бұзып әупілдеп ит үрді, шәуілдеп күшік дауысы қосылды. Үлкен қара төбет сай жаққа жүгіріп үруді үдетті. Шеткі үйден біреу шығып қотанды айналып, арсылдап тыным таппай жүрген итті шақырды.
 

Бұл сәтте Демеу дүниені ұмытып Қалиманы ыстық құшағына алып еді.

 

 

* * *


 

Демеу мектепте жүргенде Қалимаға көз салып қыз деп қарамайтын. Тек Демеу ғана емес бірге оқитындардың бәрі сөйтеді. Қалима мінезі ашық демесең өңсіз еді. Шашы сұйық, маңдайы жарқыраған, жүріс-тұрысы тым еркін күлегеш қыз. Ұлдар жағы бір-бірін кемсіткенде осы Қалимаға теңеп мазақтайды. Қалима олар үшін дарақылық пен сыйықсыздықтың белгісі. Солай екен деп оған жасып жүрген Қалима жоқ, анау-мынау әлжуаз ұлдарынды ауыр қолдарымен төмпештеп ұрып жатады.

 

– Жетпегір, – дейді. Одыраңдаған, ойнақтаған жүрісі құдды түйенің қимылындай икемсіз. Дене бітімі кесек, ұзын аяқтары жіңішке боп біткен. Демеу оңаша отырғанда ойлап кетсе тіпті өзі ұялады. Жаман айтпа жақсы жоқ, ертең біреу-міреу естіп “Масқара, ұят-ай Демеу қыз таппағандай көп-көрім басымен әлі Оңқабай шалдың дарақы қызына барып жүр дейді”, – деп өсектеп берсе, Демеу үшін бұл өліммен бір есеп. “Құрысын, өлсемші, өйткенше”, – дейді өзін-өзі кекетіп. Бірақ мына иен жайлауда не істерсің. Ғалия сұлуға барып еді, көңілі көтеріңкі екен, менсінбеді. Тәйірі қыздың соңынан сүмеңдеп еріп жүру деген не? Демеу қолды бірақ сілтеді де құла дөненге мініп ап ай тура Көксалаға тартып отырды. Қыздың ауылында бұның кімді жағалап жүргенін білді. Бірақ ешкім тыйым салған жоқ. Кейде Қалималардың көмекшісі Дәкендікіне қона кетеді, кейде бір жұма жүріп оралады. Бірақ Демеу Қалима туралы әлі бір адамға тіс жарып айтқан емес. Есіне түссе ұялады. Ауылына келсе сол жаққа қарай тартып тұрады. Атқа мініп, қыздарды ертіп алтыбақанға кейде Қалиманың өзі де келеді. Көптің ортасында Демеу қызға қарамай өзінше боп қалады, жігіт сәл жұғысса-ақ мына жұрт бәрін біліп қоятын сияқты. Оған ренжіп жатқан Қалима жоқ, қыздардың қасында әзіл-қалжыңды айтып ішек-сілесі қатқанша күледі кеп.
 

Топ ортасында домбырамен өлең айтып отырған Демеудің иығына асылады, кімнің иығына асылмай жүрген Қалима сосын тағы біреумен оңашаланып бара жатады. Оны қызғанып, иемденіп жүрген Демеу жоқ. Оңаша қалғанда да: “неге сөйттің?” демейді. Өз еркін өзіндегі адам не істесе өзі біледі. Демеу үшін бұл өмірдегі көп кездесетін арзан қызықтың бірі сияқты. Әйтеуір бойын буған жастық, құмарлық сезімінің тарқағанына мәз. Сол желігінің ешкімге зиянын тигізбегеніне, қызық, қуанышқа оңай кенелгеніне көңілденеді. Демеу Қалиманы көрді-ақ болды еркіндікті, сағынышты, бойын буған ыстық сезімді, жалаңаш нәпсі тілегін көреді. Сол-ақ екен қарсыласуға тиянақ таппай пұшайман боп өз қолымен өзіне қиянат жасағандай арпалысады. Беймәлім жау ішінде жатыр.

 

 

*  *  *

 

 

Күзге таяу шофер оқуын оқымақ еді. Әкесі момын, көнбіс қалпымен: – Өзің біл балам, – деді. Шешесі ұлын қалаға жібергісі келмеді. Байсалды, келбетті әйел ұлының өздері сияқты малшы болғанын қалады.

 

– Балам, әкең болса қартайды, інілерің болса әлі жас, қаланы қойып үйге көмектес. Тұрмыс түзеп, үй салып ел қатарына енейік, – деді.
 

Шешесінің айтқаны рас болатын. Тұрмыстары жағынан бұлар жұрттың артында қалмаса да әлі жеңіл машина алған жоқ, қаладан үй салғызған жоқ. Ал келешегін ойлағандар, немелерінің қамын ойлағандар әлдеқашан әлденіп, қалаға көше бастаған.


 

* * *

 

 

Күз ерте түсті, Демеудің әкесі қоныс аударып күзекке қонды. Бұрын тау-таспен төте тартып жарты сағатта жетіп баратын Қалиманың ауылы алыста қалды. Соңғы күндері Демеу Қалиманы жиі ойлап, барсам ба деп те жүрді. Інілері, сабаққа кетіп енді қой жаю өзіне қалды. Ермегі – қасындағы Жабай деген көмекші шопан. Кейде екеуі аударыспақ ойнайды. Иен далада құйғытып жарысады кейде. Жаздай талай көкпарды жарып, додаға түсті.
 

Жабай жасы қырыққа таяған бойдақ жігіт. Орта бойлы, қалың бұйра шашты, көп сөйлемейді, шаруаға мықты. Сонау 62-жылдар шекара ашылып, аштық, коллективтендіру кезінде Қытайға қашқан қазақтар кейін қайтқанда шешесімен бірге келген Жабай содан жалғыздың күйін кешіп Демеудің әкесінің есігінде көмекші.
 

Күн бұлыңғыр. Ызғырық жел соғады. Демеу биік жартастың ығында отыр. Темекі тартты. Бұл да бір өзінше ойлап тапқан ермегі. Іштей мазасыздануда. Бүгін Қалиманың ауылы жайлаудан төмен түспек. Күзекке таман орын ауыстырады. Жабайды қойдың соңында қалдырып, бинокль салып биікке шықты. Атқа мініп қой айдасатын Қалиманы бір көріп қалмақ.  

 

Көрмегелі он күндей. Көп уақыт сияқтанды.
 

Айнала биік тау, қожыр-қожыр жартас. Созылып барып етектегі аласа қыраттар мен белдерге жалғасады. Сол ұзын сайдың бойы мол, қалың шабындық. Жаздай бұл алқаптың шөбі екі рет шабылады. Күнгейде Жабайдың “шай-шай” деген дауысы зорайып естіледі.
 

Кенет алысқа көз салып отырған Демеу орынан атып тұрды. Қарсы беттегі шашырай жайылған қой шетінен жалғыз атты көрінді. Аттың басын жіберіп ауыздығымен еркінше жүре оттанып тұр. Басында ескілеу малақай, үстінде қалың күпәйке, шалбар. Сол, – деп ойлады Демеу, – нақ соның өзі. Анадай жерде арқандаулы тұрған атына міне сала, бинокльді иығына асып, сайға қарай қиялай тез-тез түсіп кетті. Әбден төмен түскенде Жабай бұған қол бұлғады. Кең жазыққа іліне бере Демеу құла дөненді көсілте құстай ұшты.
 

Қалима дөң басында қолымен көзін көлегейлеп әлі танымай тұр екен. Қасына екпіндете кеп қалған Демеуді көргенде қуанғанынан жүзіне күлкі үйіріліп құшақтасып, сүйісіп амандасты.
 

Атына мініп, бытырап кеткен қойын қайыруға тұрған Жабай жапырағы қурап қалған күзгі тоғайдың арасымен сайды өрлеп бара жатқан екеуді көріп көзден таса болғанша қарап тұрды.

Share: