Қолбала

23.12.2019 5285

Қайын жұртынан екі бірдей қайнағасы келе жатқанын естігенде Жангелдінің бойынан жан кетіп қалғандай болды. Көзі  бақырайып, бірдеңе ойлаған кісіше сілейіп бірталай отырып қалып еді. Бұл өзі дембелше келген, қозы қарны дөңгеленіп енді шыға бастаған, жасы отыздың ішіне кірген жалпақ мұрынды, беті де ұзынша біткен жалпақтау болып көрінетін заты момын жігіт еді.

 

Келіншегі Салиқа бұған қарағанда бірсыдырғы түрі бар, көзі бақырайғандау, бір көргенге жөндем адам сияқтанады. Күйеуі сияқты көп сөйлеп те  кетпейді амалы тез, шапшаң, іскер  әйел. Сонысымен Жангелдіні тықсырып та тастайтыны бар. Ондайда Жәкең қолды-аяққа тұрмай быжалақтап, әрі-бері шәлтіреңдеп келіп ақыры амалы жоқтықтан келіп Салиқаның ығына жығалады.

 

Сол Салиқа екі бала тапқан соң белі жуандап, кеудесі үлкейіп, нәзіктеу өңі қарайып, сақайған бәйбіше бола бастаған.

 

– Немене, бір орныңда сілейіп қалдың, дүкенге барып келмеймісің,– деп күйеуін ұйқыдан оятқандай болды. Сонсоң отыра қалып, керек нәрселерді жазып, ана дүкеннен ананы аласың, мына дүкеннен мынаны аласың деп айта бастады да, Жангелдінің тырысқан шекесі мен әрі-бері жүгірген көзінен бірдеңе ұққандай күліп, қағазын уқалап қоқыс салатын шелекке тастай салды.

 

– Жарайды өзім барайын, – деді. – Сен телевизорыңды көре бер. Балаларға ие бол, шығып кетпесін, мен бірер сағатта келем, базарға барып ...

 

Жангелді бұған жауап айтпай үй-ішінде әрі-бері жүрген бойы анда-санда ышқырын көтере түседі.
 

– Немене, ышқырыңды көтере бересің, шалбар кисең де осы. Кеудеңе жеткенше тарта беріп, рәзіңкесін созып жібердің ғой. Түсірсеңші кішкене, – деді әйелі бейбіт үнмен.

 

– Өзі осылай. Қысады. Сосын ұстай беретінім.

 

– Онда кішкене босатайық, – деп Салиқа күйеуінің қасына жақындап сүйкене отырып трикосының рәзіңкесін босатып берді. Бағанағы ойы енді басқа жаққа ауғандай болып Жангелді:

 

– Сен дүкенде көп жүрме. Аналар іздейді. Нәрселерді шамадан тыс көп алып қойып, жеткенше мықшыңдап шаршап қалма. Аздан ал, – деп тапсырды.

 

Жангелді шылым  шегіп балконда отыр. Салиқа дүкен аралап оралғанша бір-екі сағат өтті.

 

Көктемнің жазға ұласар шағы. Есік алдындағы алаңда балалар шулап, дабырласып доп ойнап жүр. Оларға мына күннің жылынуы қуаныш тәрізденіп, соны жақсы өткізуге бойларындағы бар күштерін салысып жатқандай, көптен қанбаған ойынның қызығына беріліп алған. Шулары қатты үдемелеп кетіп, біресе дауласып босқа дабырласып, біресе жанын салып ойынға кірісіп кетіп жүр. Жангелді балалардың ойынына қарап бірталай тұрды. Ішінде өзінің де ұлы жүр. Басқа балалардай емес бұл жуас бала. Бірақ допты жанын салып ойнайды. Оның допқа құмарлығын Жангелді қоштаған емес. – Сабақ оқығаның жөн, – деп көбінесе ойынға жібермейді. Кейде Әштибек сабақтан үш-екі деген баға да алып келеді. Оған ұрсу орнына әкесі : – Ой, мұның не? – деп күледі. Салиқа бұған қатты қызарып, кейде ашудан селкілдеп, баласына жек көре, зілдене қарап, желкелеп жіберуге әкесінен именгендей өзін зорға ұстайды.

 

– Дәп бір өзің тындырып оқыр тастағандай, неге сөйтесің, – деп бұның оқымағанын абайсызда бетіне айтып қалады. Егер Әштибек есебін шығара алмай үй ішін аралап кетіп, кімге көрсетіп, қалай шығарарын білмесе Жангелді әрі-бері айналдырып өзі шешіп береді. Әкесі жұмыста болса балаларға телефон соғып, оған болмаса шешесі таныстарына хабарласып бұл үй бүкіл отбасымен бір сыныпта оқып, тапсырма орындап жатқандай болады. Сонда өзінің бала кезіндегі апайы Сәкидің асқан бір қаталдықпен желкесінен ұстап әкеп сабақ қаратып, оқығанын сұрап, білмесе ойынға жібермей қоятыны есіне түсіп Жангелді – Нобайын білсең болды. Көп оқымай-ақ қой,–дейді. – Оқыған бізде жүрміз ғой , міне.

 

«Жүрміз ғой» деп қомсынғанда Жангелді тұрмыста текке жарамай, жолы болмай жүрген адам емес. Қайта бұған басқа туыстарына қарағанда өмірдің сәтті кездері, кездейсоқ күтпеген табыстары да кезігіп қала беретіні бар. Сондай бақытты сәттердің бәрі бұл оқуға түскенде болып еді. Әскерден келіп оқуға құжатын ауыл балаларына ілесіп келіп тапсыра салған. Сол жылы адам аз болып үш пен төртке қалтақтап жүріп оқуға ілініп кете барған. Ол кеңестік кездегі тегін оқу, тегін жатақхана, тегін стипендия кезі еді. Стипендияға іліну үшін барын салса да күші жетпеді. Сосын оның орнын толтыру үшін түрлі жұмыстар істеуге мәжбүр болды. Курстастары Жангелдіні ашусыз, зілсіз, кешірімді мінезі, ақкөңілділігі үшін сыйласа да кейбірі ажуалап, сыртқа да теуіп жатады. Бұл төбелеске де жоқ, онша пысық та емес, сабаққа жүйріктігі де шамалы. Сөйтіп жүргенде кеңес үкіметі тарап жерде де сауда, көкте де сауда ақшаның күні туған қым-қуыт заман болды да кетті.

 

Үнемі қорғаншақтап, шегіншектеп жүретін Жангелді үйленгенде құрбылары «Енді бұл қалай өмір сүрмек» деп күлді. Үш-төрт жыл онда-мұнда пәтер, жатақхана жалдап жүрді де тағы бір күні Жангелдінің жұлдызы жанып шыға келді. Әйелі тігінші Салиқа қызметінен пәтерге ие болып сайда саны құмда ізі жоқ Жәкең отағасы болды да қалды.

 

Мұның жанкештілігін көрген соң құрбылары үндей алмай қалды. Енді оны-мұны ырғақ-сырғақты қойып автобазаға механик болып кірген еді. Содан бірнеше жыл тапжылмай істеп келеді. Бүгін, міне қайын жұрттан қарағайдай екі қайнағаның келе жатуы, үйде қара шайын ішіп мұңсыз отырған бұған беймазалық әкелгендей. Ол екеуінің атын жұрт Әрмен, Жәрмен деп кеткен, алыс бір ауылдың Шымқаладан жүк таситын саудагер еді. Бертінде қолы жүріп қалтасы шыққаны болмаса, екеуі де оқыған-тоқығаны шамалы, қарадүрсін шаруа баласы. Оқып жатқан оқу, үйреніп жатқан жақсы үлгі өнеге болмаған соң екеуі де барлық жүрген жерінде ақшаны, сауданы дәріптеп жүреді. Әрмен көсе, тақыс, жатыпатар мысқылшыл болса, Жәрмен кесектеу сөйлейтін ашық, жақсы көрген адамға қайырым жасап жіберіп, ұнатпағанын жерге батыра тығып жіберетін сөзшең де. Бұл сөйлеп жан-жағын жайпай келгенде, Әрмен мысық сияқты топ ішінде үнсіз жылмиып отыруды хош көреді. Бұлардың өздерін көтермелей сөйлеп, «жаңа қазақпыз» деп дүрсініп жүргенін көргенде кейбіреудің зығырданы қайнайды. Енді біреулер қолы қысқалықтан золы боп жүргендіктен бұлардың мәшине мініп, мол ұсынып ақша ұстап жатқанын ерекше бір тосын нәрседей көреді. Соны көрсетіп қойғысы кеп Жәрмен кесек сөйлеп, тіпті әшейінде оны-мұны адамдардың қол жете бермейтіндермен іргелесіп жүруге бейім. Бірақ үнемі өсітуге өзінің білімсіз дүмбілездігінен, көп шикілігінен қорынатыны бар. Ал,  Әрмен болса артық ақшасын тыққыштап, қосылмайтын тиынды қосаққа пайдаланғыш нағыз пайдакүнем, әрі бірдеңе шығаруға келгенде өлгенше сараң.

 

Алыс ауданнан таңсәріде екі жүйрік көлікпен шығатын екеуі Шымқалаға кештете жетіп құлайды. Жангелді алғаш үйленген жылдары қарындастарына жолы ашылғандай болып, өздеріне деп сойылған әлдебір тоқтының саны, ауыздың дәмі деп қолдың құрт-майын ала келетін екеуі енді ондайды кейінгі кездері мүлде ұмытқан. Өйткені, Жангелді бұлардан бірдеңе дәмететіндей, бірдеңе әкелмесе жөнді қонақасы бермей, оң қабақ танытпай қоятын айла-амал жоқ. Ол бұлардай бақайшағына дейін есеп емес бейбіт өмірді сүйетін жуас адам. Ал, келіншегі болса қонақтың аман-есен келгеніне қуанады. Әрине, бұл екеуі осы үйдегілер өздерінің келгеніне қуануға тиіс екеніне өздерін әбден сендіріп қойғандықтан, баса-көктеп дауыстай амандасып төрге шыққанда, төрт бүктелген көрпе үстінде көлденең жатып ет жеп, соңынан шай ішкенде өздерінің емін-еркін жатысымен соны дәлелдей түсетін еді. Бұлардың осы сенімді, өз үйіне келгендей ашық әңгімелі күйіне қарындасы дән риза болып ағайынның керегіне жарағанына өзін бақытты санаушы еді де, ал Жангелді болса шай үстінде кесе әперіп, бұларды жуылатын бөлмеге кіргізіп орамал ұсынып, қарсы алып, шығарып салып қанша тілін табуға тырысып жалпылдап жүрсе мына екеуінің өзін қол бала сияқты көріп, мысқылдап кекесінмен қарайтынын сезуші еді. Сол сезім бойын билесе бүкіл денесі тітіркеніп дірілдеп кететін.

 

Міне, әлгінде Жангелдінің Әрмен мен Жәрмен келеді дегенді естігенде селк ете қалып, еңсесі түсуі сол еді. Жангелді қолындағы шылымын қаттырақ сорып, ернінен көп түтінді будақтата шығарып сол отырған күйі балконның жиегінен төмен қараса ауланың ашық бір тұсына екі қайнағаның көлігі келіп тоқтаған екен. Ішінен Әрмен мен Жәрмен түсіп, үстін қағып үйге қарай беттеді.

 

Әштибек отырған жерінен біреу теуіп жібергендей ұшып тұрып темекісін сөндіре бастады. Ышқырын көтермелеп енді ішке кіре бергенде:

 

Ассалаумалейкум , – деп жарыса шыққан Әрмен мен Жәрменнің дауысы естілді. Жангелді екі қайнағасына тағы да жан-тәнімен қызмет ете бастады.

                                   

 

х  х  х

 

 

Әрменнің жасы Жәрменнен үлкен. Ағайынды екеуінің араларында бала жоқ, шешесі іркес-тіркес төрт қыз көтерген соң, екі жылдан кейін осы Әрмен туған. Байдың баласы сияқты болпаштау өскен нағашысы кеп жатқан  уақыт еді, жаңа туған баланың атын да сол Әрмен деп, «осымен менен әрі» дегендей ғып қоя салған. Оның бұл қалжыңына көп күлісіп, жас нәрестенің атын бұдан ары талқыға салмай-ақ Әрмен деп атап кеткен. Өзі кішкенесінен тығыршықтай қара бала болып өсті. Апайларының қолынан түспейтін ерке еді. Бұдан мезі болып бірінен-бірі алып көтерсе де Әрменге не тыныш, не тоқмейілдік бітпеді. Аш балаша не болса соған жүгіріп, қоя берсе әрнеге бір ұрынып жүріп есейе берді. Бұдан кейінгі баланың атын әкесі өзі-ақ Әрменге ұйқастырып Бермен деп қойған сияқты еді. Онысы жаздырған кезде орысша оқыған сельсовет қыздың айтуымен Жәрмен болып кетті. Оның айтуынша «Бармен» деген сырахана, арақ-шарап сататын жерлерде ішімдік құйып жүретін адам. Мұны естігенде әкесі «қой, ойбай» деп Жәрмен дегенге келісе кетті. Енді міне, Әрмен, Жәрмен тізе қосып Шымқаладан ауылға екі бірдей жеңіл мәшинеге аузы-мұрнынан шығара тауар тиеп, одан қалғанын жүк мәшинесіне салып апта сайын Жазықбел ауданына жүк тасиды.

 

Жангелді мен Салиқа жеті-сегіз жыл бұрын осы үйге қолы жетіп, енді үйленіп өз жасауларын өздері жасап банктен несие алғанда ағасының босағасына сыймай әр шөптің басын бір шалып жүрген Жәрмен  қарындасынан отыз мың теңге қарыз алып бала-шағаның ойыншығын, шемішке, арақ-шарап сияқты нәрселерді үйде сатып, кейде қара базарға кете бастаған. Қолы жүре бастаған соң өздеріне ақша бітіп, енді қолына серік қып ағасы Әрменді алмаса болмайтын болды. Сөйтіп арада төрт-бес жыл өткенде бұл екеуі кәдімгіше бұрынғы шала-аш тұрмысы тоғая бастады. Шетелге көшкен неміс шалының жиырма жыл жүрген ескі «Жигулиін» алғанда неше күн ақшасын қимай, қасына көлік таситын біреулерді ертіп алып қайта-қайта тексеріп көрген. Соны біреулер есіне салса осы күні өзі де ұялады. Енді міне, екеуінің астындағы екі жаңа «Жигули» ол да жылжып, туыстарға көшіп, бұлар шетел көлігіне де отыратын болды.

 

Баяғыда Салиқаның үйіне келгенде, жалпы қалаға қарай келе жатқанда қалтасының бостау, тұрмысының жұқа екенін ойлап отыратын екеуі енді қалаға келсе алдарында туыстары, байлар тосып тұрғандай үсті-үстіне болса берсе деген қызық дүниеге кіріп алған.

 

Жангелдіге бос отырғызбай қара базардағы көліктерін күзеттіріп қойып бір күн түні бойы тауар тиегенде о байғұсқа әперетіндері бір-екі қорап «Магна» шылымы мен бір-екі тізбе шашылық. Кейде ол да жоқ . Жұмыспен жүріп оны да ұмытып кетіп, кешке үйге келіп тамақ іше салып ертеңгі жолға дайындалады. Содан таң сыз бере Шымқаладан Жазықбел ауданын бетке алып екі-үш мәшинемен қаулап келе жатады. Бұлар өздеріне іздеп тапқан осы өмірден артық өмір бар демеуші еді.

                                   

 

х  х  х

 

 

Бұл күні екеуінің түкке зауқы соқпай тамақ ішіп, оның артынан шай ішіп, Жангелді мен Салиқаның әңгімесі болмаған соң, өздері жолшыбай көрген білгендері мен Жазықбелдегі туған-туыстардың жағдайын айтып өткен. Ондайда Әрмен өздерін сәл көтере түсіп сөйлесе, Жәрмен басыла түсіп туыстар жайын одан да жүдетіп жоқ қылып қояды. Арасына «берекесіз, жоқ-жітік, нан-шайға зар» ғып қояды. Осы сөздерді естігенде Жангелді қозғалақтап, Салиқа «ішінен шүкір» деп бәйек боп қалады. Бірақ бұлардың осы кейпіне Әрмен ішкі бір ащы мысқыл, ажуа, кекесінмен қарайды. Қазынаның үстінде отырып, түктің иісін білмейтін, жатыпішер көреді. Жангелдіні тіпті «шал сияқты, әй, Салиқа болмаса күн көре алмас» деп те жібереді. Бұл оның ана жақтағыларға арнап, ойланып жүрсін деп айтып қоятын сөздері. Ақшалы болғасын, көбі қарыз алып, кейдегі той-томалағына көмектесетін жалғыз туысы, баскөтерері болған соң ешкім онша алдына шығып, оған сөйлемейді. Бұдан Жәрменнің мүйізі мен көз еті өсе түседі, дүниеде өзгені көрмейтіндей болып өзіне тең келетін, сөз сөйлесуге лайық біреу іздегендей айналасына маңғазданып қарап қояды. Сол маңғаздығы мен күле қараған жымиысы Жангелді мен Салиқаның ту сыртынан өтіп кететіндей көрініп, олар да енді кетер-кеткенше, таң атып құлқын сәріде жолға шыққанша екі саудагердің қас-қабағына қарап бағады.

                                  

 

х  х  х

       

 

Әрмен ерте оянып қасында қорылдап жатқан Жәрменді түртті. Одан әрі Жангелді мен Әштибек жатыр. Төр алдының бәрі төсек. Терезе алдындағы биік теректен таң жарығы онша түсе алмай үй-іші ала көлеңке болып тұр.

 

Екеуі тұрып киіне бастады. Әрмен тез киініп мәшинені әкелуге далаға шықты. Жәрмен де ілесе шығып біраздан кейін есігін кілттеп, ауласы жабық тайыншадай иті бар көрші үйдің ауласынан көліктерін шығарды. Үйдің қасына келіп, ештеңе ұмыт қалмады ма деп ала дорбаға сықай салынған тауарларын көп тексерді.

 

Таңғы салқында қала өмірі әлі қарқынды тіршілікке енбей тұрып бұлар тезірек аттанып кетуді ойлап жолға да шықты. Жангелді мен Салиқа да әлгінде бұлар кетісімен тұрып алып, қонақтарды шығарып салуға қамданған.

 

Кабинасы сарт-сұрт жабылған машиналар енді жылжып жүргелі тұр. Кеше ғана келген жақын туысы көп жұмысын асығыс бітіріп, түк демалмай Салиқаға асығыс кетіп бара жатқандай көрінді. Екі қайнағасы қоштасып тағы да келеміз ғой деп аттанып бара жатқанда Жангелдіге осы бір адамдарға ғана емес, Салиқаға да, баласы Әштибекке де алдарындағы бір қарызды өтеу үшін бірдеңе істеу керек сияқты, әлденемен айналысып, мыналар сияқты саудамен әрекет қылып, алыс-беріс қып жүру керек сияқтанды.

 

Екі мәшине көшеге түсіп, бұрышты айналғанда Жангелді – Жүр, неғып тұрсың ,– деген Салиқаның сөздерінен селк етіп есін жиып алды.

 

– Бүгін жұмысқа барасың ғой , – деді әйелі – жүр кешігіп қалма.

                                  

 

х х х

 

 

Жангелдінің бұл күндегі неше жылдан бергі істеп жүрген қызметі өзінің оқыған оқуына сай, орта буын қызметкерлік болатын. Ал одан жоғары қызметке барып, басшы болып мол пайда табуға, зор басшылық түгілі дайын тәп-тәуір істі беріп қойса да оны дөңгелентіп әкетуге бұның өресі жетпес еді. Оны өз іші де сезеді, кейде осы институты құрғыр жоғарғы оқуды несіне оқыдым екен деп ойласа, сол өткен жылдарына өзі де өкінеді. Одан да жай жұмыс істеп жүрсе де бірдеңеге ілігіп, ақшалы тұрмысты ертерек тауып алар ма еді деген де ой келеді. Бірақ бұның қолынан не шопыр, не құрылысшы, не басқа бір мебель жөндеуші сияқты да келмеді ғой. Әрненің басын бір шатып жүріп осы тапқан механиктің таза жұмысына қанағат етті. Енді ойлап тұрса, осы жоғарғы дипломмен аз ақша тауып үміт ақтамай жүргені бұны әлгіндей қара жаяу саудагерлердің арасында бір міндетке жегетін сияқты. Оқу бітірмей-ақ осындай болып жүрміз, егер оқу бітірсек не болар еді, ендеше қабілетің жетпесе де оқуға сен кіріп кетіп біздің қара жаяулап қалуымызға себеп болдың дегендей бір кекесін күлсе де, арқаға қақса да езулерінде жүретіндей.

 

Иә, Жангелді елдің бәріне осы жүрісінде біртүрлі өмір бойы қарыздар сияқты. Тіпті, көңіліне жақпаса әйелі Салиқа да:

 

– Сенің қолыңнан не келеді, – деп тастауға әзір тұрады. Жангелді өз орнын біледі. Ешкімге таласпайды. Қолынан келгенін істеп келеді осы қырық жасына келгенше. Оның әлгіндей осалдықтарын Әрмен мен Жәрмен, Қияқбай, Төребек сияқты Салиқаның туыстары  келеке етумен келеді. Өздеріне де обал жоқ. Сөйтіп келеке етеміз деп Төребек деген туыс ағаларының бүгінде үйіне де кіре алмай жүр. Оның әшейінде ұрынарға қара таппай жүретін әйелі Қаттыгүл бір күні Әрмен, Жәрменді үйінен жер сабап, топырақ шашып қуды. Енді ол үйге бармақ түгілі атын естісе шошып, ол туралы сөз етсе сыбырлап қана сөйлейді.

 

Осылардың мені басынуы нақа менің ынжықтығым жуас-жамандығым ғой,– деп кейде Жангелді іштей жүдеп кетеді. Әйтпесе бір Қаттыгүл ме бұл екеуін аяққа тұрғызбаған Айдархан деген шеше жағынан көп-көрім оқыған туыстары бар еді, бұлардың әлгіндей кесірлігін көрген соң олар да ықылас түгілі барғанда пейіл де көрсетпей жай көп таныстардай-ақ салқын қабақпен шығарып сала береді.

 

Бұның бәрі де Жангелдінің көптен бергі ішкі ойлары. Енді міне, неше жыл болды ошарылып, сықиып осы үшін сауда жасайтындай міндетсіп келеді де тұрады.

 

Жангелді басын көтеріп алса автобус өзі қызмет істейтін автопарктің дәл қасына тоқтапты. Ол жалма-жан қолына ұстап отырған ақшасын төлеп автобустан түсіп қалды.

 

Қаланың абыр-сабыры енді басталып келеді. Ол есік алдына келгенде жиылып тұрған бір топ жігіт бұған бұрылып сәлемдесіп жатты. Бұл да өзінің кеше жазып алған керекті нәрселерін айтып, солардың жоғын тауып, сынған жерін жөндесуге шеберханаға қарай бет алып аяңдай берді.

                             

 

х х х

 

 

Түнгі сағат бірдің кезінде қонақтар тарай бастады. Далада жауын жауып тұр. Ертеден бергі сілбіреген ақ жаңбыр сорғалап, кішкене, ұсақ тамшылармен аралас кейде қатты жауа құйып өтіп тұр. Үй маңында өскен жуан ағаштар, үстінен су сорғалаған шатырлар мен қаңыраған ауладағы әр бұрышта жинаулы дүниелер жаңбыр күнгі судың салқын сызына әбден көндіккен үнсіздікпен мүлгіп тұр.

 

Түннің бір уағындағы жайсыздық пен даладағы көлікке мінетін аралықтағы аздаған таза ауада көп жүріс болмаса да қонақтардың бәрі үйден тез-тез шығып қақпа алдында тұрған мәшинелеріне мініп қайтып жатты. Осы сәтті тосқандай ыдыс-аяқты бағанадан жеделдетіп жуып бола берген Салиқа апайы Қалиқа  мен өзінен үш-төрт жас үлкен жастау Берсінді шақырып алып, Жангелдіні үстіңгі үйден түсіріп, көлденең көзге білдірмей алып кетуді айтып еді, олар сөзге келмей тез келе қалды. Сөйтіп Жангелді шала ұйқылы, шала мас, қызу күйінде мәшинеге келіп отырды. Бір жағында Салиқа, екінші жағында бажасы Берсін. Бұлар шет тұста тұрған көлігіне отырып жүріп кеткенде, үйде шыққан қонақтар да сиреген еді. Салиқа мен Жангелдінің кетіп қалғанын көріп Қаттыгүл:

 

– Тамам ыдыстың бәрін маған қалдырып кетіп отырды ғой мыналар, – деп кейіді. – Соған кім арақ беріп жүрген.

 

– Өзі ішкен де. Ел қатарлы отыр еді, – деді Төребек.

                          

 

х х х

 

 

Салиқаның ызасында шек жоқ. Әсіресе, бүгінгі Жангелдінің істегеніне қапа болып отыр. Терезеден түнгі қалаға қарап үнсіз қалпы қимылдамай алғашқы отырған қалпынан басқа күйге ауысып қозғалмады. Жангелді басын бұның иығына салып қойып қаперсіз ұйықтап кеткен. Мәшине ақырын жайымен тегіс жолдағы күйінде тербеле түсіп, кейде екі жаққа ырғалып қояды. Жангелдіні мас қып жіберген Төребектің бір ғана сөзі. Өзі ылғи бас қосып, мереке, қуаныш болса бірге қарсы алатын достарын шақырған. Ішінде қонақ күтуге жарайтын бір жастауы болсашы. Келген адамдарды қарсы алып, киімін іліп, оны-мұны әкеліп жеңіл қимылмен бәрін бітірген сияқты боп жүрген Жангелдіге қызып ап карта ойнап отырған бір мезетте Төребек:

 

– Осы Жангелді маладес. Не айтсаң да құп ала береді. Адамға алакөзденуі жоқ. Заты жуас, жақсы жігіт, – деп мақтап кетті. Айнала карта ойнап отырғандар «солай ма еді» – дегендей Жангелді жаққа бір қарады да қойды. Ал Жангелді болса ойда жоқта бөтен біреуден қайтара алмайтын аса көп мөлшерде қарыз алғандай қызарып кетіп, оны ешкімге білдірмеуге тырысып қызметін істей берді.

 

Дастарқанға тағы бір келген орайда ақ шашты, толықша келген көзәйнекті жігіт, – ал таныстық үшін, – деп бұған да тартқызып жіберді. Бірер рет бұл да алғызып қойып өз жұмысымен болып жүргенде әлгідей бұған көңіл аударғандай әр жерден табылып қалғандай еді.

 

Енді міне, түк болмағандай келе жатыр мәшинеде тербеліп.

                            

 

х х х

 

 

Ертеңінде Жангелдінің басы ауырып оянды. Шөлдеп жатыр екен. Таң әлі ата қоймапты. Терезеден ала көбең болып таң белгісі енді сыз беріп келеді. Бүкіл қала шырт ұйқыда, дүние, айнала, үй-іші әлі өлі тыныштықта. Жангелді басын көтеріп өзінің киімшең жатқанын енді байқады. Іші әлденеге қылп ете қалды. Өткен түні Төребек қайнағасының өзін әбден мақтағаны ойына түсіп көңілденіп қалып еді, аяқ жағында түк білмей мас боп кеткені біртүрлі ойына әлдебір қорқыныш ұялатқандай.

 

Көз алдына шашы жалбырап Салиқа келе қалды. Мүлде ұйықтар алдында тістеніп тұрып:

 

– Сені ме бәлем. Көрсетем ертең, – деп итеріп жібергені өзін біртүрлі жабырқатып тастады. Не бопты сонша деп өз-өзін іштей жұбатып қойса да әлгі бір қорқынышы, әйелдің ащы удай сөзі құрғыры құлағының түбінен ызың-ызың етіп, миын жеп, еңсесін езіп тұрғандай.

 

– Әй, әйел деген сол ғой. Сонда да Төребек қайнаға мақтады ғой мені. Өзін мақтамаған соң Салиқаның іші пысады да. Оны да мақтап қойса бәлкім маған тиіспей қоя салар ма еді. Әй, құрысыншы бәрі – Ол түк болмағандай екінші бүйіріне аунап түсті.

Share: