Кім білсін? (Өмір жанры)

22.01.2020 4888

Адам өмірінің ешбір сәті қайта айналып келмейді. Балалық шақты сағынышпен еске аламыз. Бірақ, қайтара алмаймыз. Ал, жастығым.... Мен өзімнің осынау бойда қаным қайнап, қуатым тасып, лапылдап тұрған шағымды құр өткізгім келмейді. Уақытымның өліп кеткенін қаламаймын.  Мектеп қабырғасында ойынға алданып, ары-бері атша шапқылап, желік қуған сәттерім үшін өкінемін. Бәлкім, олай жасамасам жастығымның қызығы болмас па еді?... Әрине, өткенді кері айналдырып қайтара алмайсың. Себебі, өмір дискідегі фильм емес. Ал, өмірің шындығында фильм болса?

 

Режиссер мен продюцері де актеры да өзім ғана. Уақытша жандар ғана арасында көрініп қалып жатар. Бірақ, көркемдік жағынан жауап беру қиынырақ. Себебі,өмірімді көркем деп айта алмаймын. Сүріндік , қателестік, оңбадық та, орға құладық. Әйтеуір, бас аман, бауыр бүтін келе жатырмыз. Фильмның аяқталар шағы қашан екені белгісіз. Ол Аллаға аян. Қызықтыру үшін әрмен қарай қалай болуы мүмкін? Алдағы уақытқа сценарий дайын емес. Сценарийдің өзі кейде тыс қалып жатады. Адам ойындағының бәрі орындала бермейтіні секілді. Қандай жанрдағы фильм болады? Мелодрамма, боевик, деректі, көркем немесе фантастикалық, ешбірі де сәйкес келмейді.  Бәлкім шағын ғана бейнеролик болуы да мүмкін. Алда-жалда не боларын кім білсін?!

 

Өмірім кітап болса қалай? Бастапқы мазмұны болғанымен жалғастырар жазба жоқ. Алғы сөз жазылғанмен, рецензия жазылмаған. Автор алғашқы тарауларын ғана жаза алған. Қалған ең негізгі бөлімдердің бірі де дайын емес. Автор да, редактор, дизайнер де және көркемдеуші, техникалық,  әдеби редактордың, тіпті есепші қызметін де өзің атқарасың. Кітапты да өзің бастырасың. Тек «Тағдыр» атты баспамен сен туылмай тұрып, келіссөз жасалып қояды. Алайда, ол кітапты өзің оқи алмайтының өкінішті. Кейінге қалдырасың, керек еткен жан тым құрыса бір ақтарып шығар.... Одан арыға барады деп те ойламаймын. Керек етер жан бола ма, болмайма кім білсін?

 

Өмірім ән болып шырқалса ше? Алғашқы екі шумақ өлең дайын. Қайырмасының басталар шағы да жақындағандай. Алайда, қайырманың мәнділігі маңызды. Жастығым мәнді өтеді ме? Белгісіз. Өлеңін де әнінде жазар – өзім. Баяу әуенмен басталған әніміз бәлкім ырғақты, жылдам, ретро не джаз күйінде жалғасар... Ретро болса көңілдірек, джаз болса жайдарлы  болуы керек. Дегенмен, әрмен қарай қай әуеннің жалғасарын айта алмаймын. Композиторы да ақыны да әншісі де – өзіммін. Баспадан басылған кітаптай, әнде таспаға басылып қалады.Ал, ән біткен жерден бәрі де бітеді. Және ол әнде дауысты түзеп, күзеп, әсемдеуші болмайды. Қалай бар солай тыңдарманға жол тартады. Тек «Өмір» студиясының бір дисководынан орын алармыз. Тыңдарманы болуы да болмауы да мүмкін. Кім білсін?

 

Өмірім қойылым болып қалса ше? Қоюшы режиссерынан бастап, жарық түсіруші және музыка әрлеушісі де өзім екені белгілі. Кейбір жандарда осы иелік өз еркін де емес-ау деп қаламын. Дегенмен, менің өз қойлымым – өз қолымда. «Өмір» дейтін театрға менің қойылымыма бірде-бір жан келмес. Қойылымның басын бастағанмен, негізгі шегі мен қорытынды шешімі әлі жоспарланбаған. Бәлкім жоспарланбай қалғаны жақсы. Себебі, шығар биігім мен мүмкіндігімнің шегі белгісіз. Жарық жарқын күндерге түседі. Бірақ,жарықтың бөлімнің бастауында аз болатынына сенімдімін. Қараңғы сәттердің көптігінен болар.... Ал негізгі бөлімге жарықтың көптеп түсуін қалаймын және соған сәйкес сценарий құрамын. Бастауын көркемдей алмағанмен негізгі және шешуші сәтін көркемдеуге тырысамын. Әйтпесе, қойылым бояуы, сыры мен қызығы болмайды. Қызықты, үлгілі қойылым болады ма, кім білсін?

 

Бәлкім, өмірім домбырада шертілер күй болса? Әрине, Махамбет күйіндей рухты, ырғақты және дауылпаз болмасы белгілі. Сарыарқа күйіндей желіп келетін күй де болмас. Көңіл толқынындай баяу шығуы да ғажап емес. Әйтсе де, менің өмірім баяу да лирикалық сәттерге толы болмаған. Әлде «Ақ жауын» күйіндей сырлы әрі жырлы шығуы мүмкін, тек мүмкін. Басы орташа леппен басталғанымен, әрмен қарай жоғарғы немес төменгі нотада шертілері белгісіз. Тек күйші де күйде өзім екенімді білемін. Кей күйлердей адамның ой-санасын толғандырып, өткен-кеткенге көз жүгіртетін немесе рухыңды оятып, ұмтылыс әкелетін болатын шығар. Ендігі күйдің ең қажетті және орта тұсы жақындап қалды. Күйдің шарықтар тұсы да қандай боларын ешкім білмейді. Тыңдарман жанға әсер етуі мүмкін бе, кім білсін?

 

Өмір – мен үшін толғандырар мәселе. Бір-ақ мәрте сүруге мүмкіндік берілген. Қайта айналып келмейсің. Осы азды-көпті саналы ғұмырымызды қалай өткізу – өзіміздің қолымызда. Осыны түсінер сәт туғандай. Өсем деп талпынсаң, соған сәйкес әрекет ете білсең болғаны. Бақыт пен мұң да, шаттық пен қайғы да басыңда мәңгі қонбайтыны түсінікті. Сондықтан, өмірді құр өткізу – ақымақтық. Қанша уақыт сүреріңді білмейтін бұл жалғанда қолдан келгенше еңбектеніп, жұмыс атқару қажет. Кеткенге қайту, өткенге оралым жоқ. Дәл қазіргі сәтпен өмірге ен. Дегенмен, өміріңнің қандай боларын өзіңнен өзге кім білсін?..

Share: