Пехо мен Пеле
Оны үйдегілер «Пехо» дейтін. Біздің үйдегілер ғана емес, ауылдағы біраз адамдар да солай атайтын. Ал, ол болса біздің өзін олай атайтынымызды мүлде білмейтін. Себебі бізді ол танымайтын. Ал, біз оны беске білеміз.
Пехо дегеніміз — кәдімгі Пехлеваниди. Евстафий Пехлеваниди. «Қайраттың» мерген шабуылшысы. Ол заманда ауылдағы көптеген теледидарлар тек Алматының бірінші арнасын ғана көрсете алатын. Сол себепті де футбол атты дүниеден тамашалайтынымыз тек — «Қайраттың» ойындары ғана. Осылайша біз үшін Пехо нағыз футбол әлемінің жұлдызы!
«Қайрат» ойнайтын күні тірлік атаулыны ерте бітіріп тастаймыз да, көгілдір экранның алдына қонжия кетеміз. Әкем де жанын салып тамашалайды. Қайраттықтар шабуылдаса болды, «Пехоға бер допты, Пехоға бер!» делебесі қозады. Гол болмай қалса «қап, Пехо тепкенде гол болатын еді» деп соға алмай қалған футболшыны жазғыратын.
Бізді «допқұмар ақымақтар» деп әжем жақтырмайды. Кейде «ана мал аштан өлетін болды ғой» деп бізге ұрсып, матч қызған тұста теледидарды токтан суырып тастайтын да, өзімізді сыртқа қуып шығатын. Мұндай күндер де болды. Әжемнің айтуынша «менің басыма сол күйі ми кірмей кетті», әлі күнге допқа қызықаным қызыққан...
Пехо демекші, менің бала көңіліме Пехлеванидидің салмағы ауыр секілді көрінетін. Оншалық жылдам да жүгіре алмайтын шығар-ау... Көбіне қарсыластарынан пас күтіп, шабуыл өтінде жүретін. Сол кездегі ересек жанкүйерлер болмаса, мен өз басым оның тылға қайтып, қорғаушыларға қол ұшын берген сәтін аңғармаппын. Ол өзінің сұмдық, қатты соққысына сенетін шабуылшы.
Бір күні малдың жем-шөбін ертерек жайғастырып, үйге қарай асығып бара жатыр ем, көршім ысқырды. Футбол басталып қалатын болды деп зыр қаққан мен оны жақтыра қоймадым, сонда да тілдеспей кетуге ұялып:
— Жәйша ма? Не болды? — деп дауыстадым.
— Біздің үйге кел, футбол басталайын деп жатыр, «Қайрат» пен «Зенит» ойнайды, — деді маған. «Расында да, осылармен бірге көрсем қайтеді? Үйде отырсам әжем анда-мында жұмсаса көргендей болмаймын ғой» деп ойладым да, көршінің үйіне қарай беттедім.
Үйінде біраз адам теледидардың алдына жиналып, алқа-қотан отырып алыпты.
— «Қайрат» ұтады! — деді бірі.
— Қайдан білдің?
— Ойынды бұрын көріп қойған шығар, — деді футболдан хабары жоқ Әзірет деген көршім.
— Жоқ-ей. Бұл тікелей транслатса ғой.
— Айтсайшы, ұтатынын қайдан білдің?
— Алматыға жаңбыр жауыпты. Жаңбыр жауса «Қайрат» ұтады.
— Қызық екен...
Расымен де стадионға жаңбыр жауған сияқты. Өйткені, стадионның келбеті солғындау, жұпыны, жарқырап тұрған жоқ. Жаңбыр еңсесін түсіріп тастағандай, телеэкрандағы көріністің өзінен әлдебір салқындық лебі сезіліп жатқан сияқты. Мейлі, неғылса да «Қайрат» ұтса болды.
...Матч тартысты болды. Тек бізді қуантар гол соғылмай жүйкеміз жұқарды. Көршімнің үш ұлы, және тағы бір Әмзе деген көршіміз, мен бесеуміз «Рекорд» теледидарының экранына кіріп кетердей болып делебеміз қозып отырдық. Қайраттықтар жанұшыра алға ұмтылғанда стадиондағы көрермендер де қосыла шулайды. Ленинградтан келген «зениттіктер» де қалысар емес. «Терезесі тең ойын өтіп жатыр» деп комментатор айтқандай матч.
— Пехоға бер допты! — деп қоямыз өзімізше. Сиқырлы таяқшамыз сол жігіт қой енді.
Ойын бітуге таяды.
— Әй, бүгін «Қайрат» жеңе алмайды-ау. Жаңбыр түгіл қар жауса да, ұта алмайтын команда ұта алмайды, — деді Әмзе осы кезде.
Жаңбыр жайлы айтып, бізді сендірген көршім үнсіз.
«Қайрат бүгін ұта алмайды» дегенге келіскіміз келмейді, алайда солай болатынын іштей мойындап, көңіл-күйіміз түсе бастаған шақта зениттіктердің қақпасына айып добы белгіленді.
— Оооооо, енді Пехоға зор шанс келді! — деп Әмзе орнынан атып тұрды. — Мынау соның нүктесі!
— Пехо жыртады қазір!
— Қазір гол болады!
Қатты шулап кеттік.
— Асықпасаңдаршы, әуелі соқсын да, сосын қуанарсыңдар, — деді үй иесі бізге.
«Тірі тосқауылды» орната алмай ленинградтықтар әуре-сарсаңға түсті. Доптың жанында Салимов пен Пехлеваниди. Пехоның тебетініне стадиондағы жанкүйерлердің де, біздің де, тіпті зениттіктердің еш күмәні жоқ. Іштей гол болуын сол сәтте жан-тәніммен тіледім. Ойынның соңғы минуттары болатын. «Қайрат» осыдан соға алса, мына ылғал алаңда зениттіктер есепті теңестіре алмасы анық.
Міне, Пехлеваниди соққысы сұмдық аяғымен теуіп кеп жіберді. Доптың қалай ұшқанын да аңғармай қалдым. Тосқауылды айналып өтіп шиырыла зулады ма, үстінен асып барып доғаша иілді ме, әлде жер бауырлай ұшты ма, есімде жоқ (ол кезде қайталап көрсету деген болмайтын). Меніңше, жер бауырлай ұшқан болу керек. Себебі Пехлеваниди қитұрқы тебуден гөрі қатты, сұмдық соққыға бейім. Оның айып соққыларының траекториямен шиырылып зулаған кезін көрмеппін. «Айып добының шебері» дегеннен гөрі, соққысы сойқан футболшы деп сипаттауға лайықтау.
Пехо допты тепкеннен соң келесі сәтте қақпа торына барып сүңгігенін бір-ақ байқадық!
— Гоооооооооол!!!!!!!!
— Пехооооооо!!!!! Жарайсың!!!
Үйді басымызға көтердік. Стадиондағы жанкүйерлерде ес жоқ. 25 мың адамның қиқуын бүкіл Алматы естіген шығар-ау сол кезде!
— Мың жасағыр Пехо-ай! Аяғың дерт көрмесін! — деді Әмзе. Әмзенің көзіне жас үйіріліп қалғанын байқадым, қуаныштан жылап жіберуге шақ тұр екен.
— Жылап отырсыз ба? — деп ем,
— Жоқ, мына экран көзімді ауыртып жіберді, — деді. Жылағанын жасырды...
Сүйікті командасы жеңіске жетсе көзіне жас алатындарды жақсы түсінемін. Өз басымда да болған. Енді ше? Жеңістің қадірін қазақ футболының жанкүйерлері жақсы түсінетін шығар. Өйткені, бізге жеңістің аштығы әбден өтіп кеткен.
Осы жеңістен соң қайраттықтар он екінші орыннан тоғызыншы орынға көтеріліп, «Зенитті» артқа тастады.
— Айттым ғой, «Қайрат» ұтады деп.
Манағы көршім енді бізге мақтана бастады.
— Естеріңде болсын, «Қайрат» Алматыда ойнайтын күні жаңбыр жауса, Құдай берді дей беріңдер. Ол күні «Қайрат» сөзсіз ұтады. Осымен бірнеше рет солай болды, — деді бізден гөрі көбірек білетінін көрсеткісі кеп.
— Неге?
— Неге екенін өзім де білмеймін. Соған қарағанда, Алматыдағы стадионның көк шөбі жаңбыр жауса тайғанақ болып кететін шығар. Ал ол жердегі ылғалды көгалға «Қайрат» футболшылары ғана ойнап үйренген болу керек...
Содан бастап «Қайрат» ойнайтын күні Алматыға жаңбыр жаусын деп тілейтін әдет пайда болды.
Бұл — 1987 жылдың мамыр айы болатын.
* * *
Ол біздің доп қуалаумен ауырып жүрген кезіміз еді ғой. Жалғыз мен ғана емес, көшенің мен құралпы балалары доп десе асын шала-пұла іше салып, ауылдың сыртындағы өзіміз «стадион» деп атап кеткен ашық алаңқайға қарай асыға жөнелетін. Содан қас қарайғанша доптың соңынан сілікпеміз шыға жүгіріп, шаршап қайтатынбыз.
Арамызда теледидардан мүлдем футбол қарамаған, «Қайрат» жайлы, Пехлеваниди жайлы ештеңе де білмейтін бір бала бар еді. Ол бала допты керемет игеретін. Аяғына доп тисе бітті, оңайлықпен айырылмайды. Одан допты тартып алу жаудан ақырет.
— Футбол көргенге дым да қызықпаймын. Өзің ойнамаған соң біреудің ойнағанын қараудың несі қызық? — дейтін бізді ақымақ санап.
Сол баланы «ПЕЛЕ» деп атап кеттік. Бірақ «Пеле» сөзінің мағынасын ешқайсымыз білмейміз. «Пеле» деген сөздің мағынасы не екен, өзі?» деп кейде бір-бірімізден сұраймыз.
— «Пеле» дегенді американшадан аударғанда «Мықты футболшы» деген сөз екен! — деді арамыздан біреу. Оған сендік те. Сенбегенде ше? Қисыны келіп-ақ тұр. Кейін білдік, Пеле дегеніміздің атақты футболшы екенін.
Екі командаға бөлінгенде Пеле ойнайтын тарапта болуға ұмтыламыз. Көшемізде тұрақты команда да жоқ. Мәселен, бүгін Пелемен бір командада ойнасаң, ертесіне оған қарсы ойнауың да мүмкін.
«Пеле-баланың» тасы өрге домалап-ақ тұрды.
— Егер мына балаға Пеле кигендей мықты красопка кигізіп, қолына заводской мықты доп ұстатып, теп-тегіс шөп төселген стадионға жіберсе Пеледен озып кетеді, — дейді кейбіреулер. Теп-тегіс стадионды мектептің ауласынан ғана көреміз. Онда да ол стадионға шөп өсірілмеген, тап-тақыр алаң. Көгалды стадионның қандай болатынын елестете де алмаймыз. Ақ-қара түсті теледидардан көріп жүргеніміз көгалдан гөрі, төселген үйдегі кілемге көбірек ұқсап тұрады. Түрлі-түсті теледидардан қарамаған соң сол да.
Өзі Пеле десе — Пеле. Доп соған дуаланып, сиқырланып қалғандай еркіне қалағанынша бағындырады. Оған қарсы беттегендердің бәрі де ақымақ балаша алданып, доптың қайда екенін таппай қалып, сан соғады. Айттым ғой, одан допты тартып алу дегенің мүмкін емес нәрсе. «Келешекте «Қайратта» ойнайды, СССР-дің чемпионы болады, Әлем чемпионы болады» деп жүрдік.
— Тым өзімшілсің! — деп ұрысты бір күні үлкендеу жігіттер. — Командаластарыңа пас беру дегенді білмейсің. Доп аяғыңа тисе, болды, қашан айырылып қалғанша ұстайсың. Паспен ойнап үйренсей!
Пеле оған құлақ аспайды. «Әуелі мен сияқты ойнап алыңдар» дегендей, доп иеленіп алды дегенше әркімді алдап жүре береді. Кейде солай өз күшімен гол да соғады. Бірақ көбіне доп оған барса қарсы жақ жабылып қалады да, ары-бері алдап, допты алып қашқанына қарамастан, бәрібір тартып алады. Командалық ойын дегеннің не екеніне Пеле түгіл одан үлкендеу балалар да түсіне бермейді. Шын футболшы болғың келсе, ол үшін әрине, теледидардан футбол қарау керек, сонда ғана футболды қалай ойнау керектігін ұғына түсесің...
Әйтеуір, қарсы қақпаға гол соғу қажет екенін жақсы білеміз.
— Мен бүгін мынауский гол соғамын, көресіңдер, — деді Пеле бір күні.
— Қалай соғасың? Көрсетші! — дейміз.
— Оны соққан кезде көресіңдер, — деді ол.
Сол күні Пелені аңдумен болдым. «Мынауский», керемет голын көру үшін. Ойын бір қызған шақта әуелеп келген допты аяғын қайшы секілді қозғалтып, өзінен асыра («через себя») қақпаға қарай тепті. Доп қақпадан (қақпа дейтін қақпа емес, маңдайшасы, бағанасы жоқ, екі шетінде екі таяқ қадалған бірдеме) әлдеқайда биік кетті.
— Гооол! — дей беріп еді, оған қарсы жақ көнбеді.
— Қайдағы гол? Выше ворот. Биік кетті.
Пеле біраз қарсыласты.
— Менің через себя соққан голымды көре алмай жатырсыңдар! — деп бұрқылдады. Оның бізге уәде берген «мынауский» голы осы болып шықты. Сөйтсек, допты тепкен сәтте өзі жерге шалқасынан құлап түскен екен де, доптың әлдеқайда биік ұшқанын байқамай қалыпты.
Гол есептелмеді. Пеле оған мойыған жоқ, «через себя» голды бәрібір соғамын» деп біраз жанын салды. Ол күні «через себя» голдың сәті түспеді. Командаластарына «допты әулетіп берші, әуелетіп!» деумен-ақ шаршады.
Маған «Теледидардан футбол қарамайтын адам через себя голды қайдан көріп жүр?» деген де ой келген. Сөйтсек, нағашыларының аулына бірер күн қыдырып барып келген екен. Сол жақта біреудің солай шалқалай тепкен голын көріп, таңғалады. Таңғалады да, қалайда сондай гол соғуды үйреніп алады...
Келесі күні тағы да әдеттегідей ауылдың іргесіндегі стадионға жиналдық. Пеле де келді. Ол күні де ойын қызды. Пеле болса да, болмаса да ойынның бел ортасында. «Пас! Пас!» деп айғайлап жүріп, өзіне қарай әуелеп ұшып келе жатқан допқа аяқ-қолын икемдеп, ыңғайлап алды да, қайшылап тұрып тарс еткізді. Тура кешегі әрекеті. Доп жерге дік етіп бір соғылды да, қайта шоршып барып, қақпа сызығын кесіп өтті. Қақпашы допқа ұмтылып, қайтарудың орнына, көзімен бағып қана тұрып қатып қалды.
— Гоооолл!
— Маладес Пеле!
Пеленің командаластары қалпақтарын аспанға ата қуанды.
Осылайша кешелі бері аузынан тастамай жүрген «через себя» голын соқты.
— Ойбаааайй!!!
Бұл — Пеленің ойбайы еді. Пеле қуанудың орнына ойбайлай жөнелгенде ештеңені түсінбей қалдық. Бір жерін қатты ауырсынған адамның ойбайы болатын. Сол қолымен оң иығын қайта-қайта сипалаған күйі тыпырлап жатыр. Бейне бір оқ тиіп, қиналып жатқан адамша ойбайлайды. Жерге оңбай құлаған-ау шамасы. Расымен де солай еді. Артынша білдік, сол жерде бір шеті ғана қылтиып шығып тұрған іргетастың үшкір бұрышы бар екен, Пеле дәл соның үстіне құлапты. Жауырынына оңбай тигені анық...
Ересектеу балалар Пелені көтеріп жақын жердегі үйіне алып кетті. Пеленің сазайын тартқызған іргетасты қазып алып, аулаққа тастамақ болып ек, сөйтсек ол пәле өте үлкен екен, айналасын кеулеп қазғанымызбен орнынан суырыла қоймады. Ол құрғырды осы күнге дейін қалай көрмей келгенімізді айтамын да. Амалсыздан қақпамызды басқа жерге ауыстырдық.
Пеле шырқырап үйіне барғанда мән-жайды білген шешесі қағынғырлап, «сенің түбіңе сол доп жетеді. Түнімен еденді оя жаздап секіре беріп ең, сауап болыпты» деп ұрысқан. Жауырыны қатты ауырып қалған ба, арқа тұсындағы бір сүйегіне зақым келген бе, Пеле біраз күнге дейін футбол ойнай алмады. Оның үстіне оның оңбай құлағанынан шошып қалған шешесі де оны қайта доп тебетін жерге жіберген жоқ. Көп ұзамай көктем шығып, күн жылынды да, футбол ойнауға мұршамыз да, уақытымыз да болмады.
Пеле болса сол «через себя» голдан соң қайтадан доп тепкен жоқ. Сондықтан біз күткендей мықты футболшы да болмады. Ауылдың қарапайым балаларының бірі болып қала берді.
Share: