«Аналар арманын» орындап жүрген жас таланттар
Елордада Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен «Өмірге махаббат» атты онлайн концерт болып өтті. Қазақстандағы жас композиторлар Ғаламат пен Нұрали Бейсеқожалардың орындауындағы күйлерді көрермендер онлайн тамашалады.
Ғаламат Бейсеқожаның жасы он тоғызда. Қырықтан астам күйлердің авторы. Нұрали Бейсеқожаның жасы он төртте. Еліміздегі ең жас әрі танамал композитор, пианист-скрипач, жүзден астам туындылары жарыққа шыққан.
«Өмірге махаббат» тақырыбында өткен онлайн концертте ағайынды Бейсеқожалар өздерінің авторлық шығармаларын орындады. Онлайн іс-шарада Ғаламат домбырада, Нұрали пианинода «Бақыт құсы» атты өздері шығарған күймен бастады.
Онлайн концерттен алған әсері туралы Ғаламат Бейсеқожа былай дейді: «Бүгінгі концерттен алған әсеріміз өте мол. Бәрі ойдағыдай өтті. Өзімізге де үлкен шабыт сыйлады. Халықтың алдында сахнада өнер көрсетіп тұрғандай күйде болдық. Тікелей халықпен бір залда концерт беру бөлек. Бірақ, бүгінгі ерекше болған концерттердің бірі деуге болады. Халықтың батасы, ізгі тілектерін оқып отырып, өзімізді бақытты күйде сезіндік. Ұлттық академиялық кітапхана ұжымына осындай онлайн концерт өткізуді ұйымдастырп бергендеріне рахметімізді айтамыз. Алдағы уақытта да, осындай концертті, карантин уақыты біткен соң, кітапхана ұжымымен бірге өткізуге болады деп ойлаймыз. Барша халқымызға, жұртымызға мың алғыс!».
Ағалы-інілі өнерпаздар концерт барысында көрермендерге жиырмадан астам күйді арнады. Мәселен, атап айтатын болсақ, «Ұмытпа», «Үміт сулесі», «Нұрғали», «Махаббат», «Сағыныш», «Мәңгілік қоңырау», «Бақытты ұзақ өмір», «Өмірге деген махаббат», «Өмір-өзен», «Аққан жұлдыз», «Есдәулет» және «Көшпенділер».
Сондай-ақ, ағайынды жас таланттар еліміздің белгілі тұлғаларына арнап шығарған күйлерін де асқан шеберлікпен орындап шықты. Мәселен, ұлы ойшыл, ғалым, дана Абайға «Абай», қайсар батыр бабамыз Буыржан Момышұлына «Бауыржан», кәсіпқой боксшы, чемпион Генадий Головкинге «GGG», тағы бір спортшы бауырымыз, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановқа «Бекзат», қазіргі адам өміріне араша болып жүрген дәрігерлерге «Соғыссыз әлем» және аналарға арнап «Аналар арманы» репертуарлық күйлерін орындады. Айта кетерлігі, дәл осы аналарға арнап шығарылған күйді көрермендердің сұрауы бойынша бірнеше рет орындады.
Күй құдіретін сезініп және көркем нақышына келтірген жас таланттарға алдағы уақытта шығармашылық белестерден көріне беруіне тілектеспіз.
Share: