«Қазақтың жалпы тарихы» кітабының таныстырылымы өтті

31.12.2020 4493

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақтың жалпы тарихы» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті.

 

Кітапты қытай тілінен аударған тарих ғылымдарының докторы,профессор Тұрсынхан Зәкенұлы.  Ал басылымның авторы жазушы, Қытай халқының тарихшы ғалымы Су Бэйхай.

 

Төрт томнан тұратын іргелі еңбек автордың қазақ халқының ерте заманнан XX ғасырдың алғашқы жартысына дейінгі тарихына төрт кезеңге бөліп қарастырған зерттеу жұмысы негізінде дайындалды. Кітапта жазушы қазақ этногенезі мен мемлекеттілігінің негізін біздің дәуірімізге дейінгі Сақ, Үйсін заманынан бастайды. Түркеш қағанатын Қазақ жерін ең алғаш біріктірген қағанат (мемлекет) ретінде қарастырады. Еңбекте қазақ тарихының хронологиялық шеңбері кеңейтіліп, мазмұны барынша байытылған. Автордың Хан, Таң және Цин империяларының жаулаушылық саясатын жақтайтын қытайлық дәстүрлі тарихнамалық көзқарастарына қарамастан, бұл кітаптың Отан тарихын зерттеуге тигізер пайдасы мол.

 

-Аты айтып тұрғандай, бұл еңбек тек Қазақстан тарихымен ғана шектелмейді, қазақ халқы тарихта өмір сүрген этно-мәдени кеңістіктегі тұтасымен қамтиды. Сонымен бірге, автор қазақ тарихын жалпы әлемдік тарихи үдерістер аясында қарастырған. Қазақстанмен көрші жатқан аймақтардағы тарихи үдерістердің тікелей және жанамалай әсерлеріне көңіл бөлген. Онда тарихи оқиғаларды дәуірлеу мен мазмұндаудың өзіне тән ұстанымы басшылыққа алынған. Тарихи оқиғаларды зерттеп-зерделеуде негізінен Қытай деректерін басшылыққа алған.

 

Сонымен бірге, оның хронологиялық шеңбері де барынша кең. Атап айтқанда, қазақ тарихын біздің заманымыздан бұрынғы V ғасырдан біздің заманымыздың ХХ ғасырының алғашқы жартысына дейін қарастырады. Қытайша және шетелдік деректерге, ғылыми әдебиеттерге сүйене отырып, қазақ мемлекеттілігінің бастауын сонау Сақ және Үйсін дәуірінен бастайды. Қазақ халқын өзінің бүгінгі қонысында ата-бабасынан өмір сүріп келе жатқан байырғы ұлт ретінде көрсетеді, – деді Тұрсынхан Закенұлы.

 

Іс-шараға тарихшы, шоқайтанушы ғалым, Түркияның Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдуақап Қара (Түркия), жазушы, (Қытай), ақын, жазушы, қоғам қайраткері, Моңғолия Жазушылар одағы сыйлығының иегері Зарқұм Баймерген (Моңғолия), педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің  ректоры Ерлан Сыдықов, ғалым, тарих ғылымдарының докторы профессор Талас Омарбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, саяси ғылымдарының доценті Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, түркітанушы, ғалым Нәпіл Бәзілхан, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжігіт Әлібекұлы және т.б. қатысты.

Share: