«Арманым көп, аз өмірім жетер ме?» атты әдеби кеш өтті
Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Парасат орденінің иегері Сәбит Досановтың «Арманым көп, аз өмірім жетер ме?» атты әдеби кездесуі болып өтті.
Іс-шара барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылығы, әдеби-мәдени жетістіктері, сондай-ақ, үзеңгілес достарының естелік әңгімелері кеңінен айтылды.
Сәбит Досановтың жаны – ақын, жалауы – жыр. Оның поэтикалық палитрасы көркем прозада публицистикалық қуат пен романтикалық рең арасында құбылғанмен, шығарманың өн бойындағы сезім мен сенім адам жанын баурап, өмірдің өзіндей болып көрініп, қарапайым сөзбен көңіліңе сәуле түсіреді. Ұлтқа тән ұялас тақырыптар оның шығармашылығының басты қырларының бірі. Бұл туралы жазушы өз сөзінде былай дейді:
- Өткен жылы сексен жылдық тойым Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті. Оған біздің елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы құттықтады. Той өте жақсы өтті. Оны бір газеттер жазды: Опера театрында бірінші рет адам сыймай қалды деп. Ең үлкен көрсеткіш осы. Халықтың құрметінен үлкен құрмет жоқ. Шығармашылығымның жеткен жетістігі осы дана халқымның арқасы деп білемін.
Жазушының «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясы өткен ғасырдың өмірбаяны. Мұндағы кейіпкер – ХХ ғасырдағы қазақ ұлты. Оның тағдыр-талайы, бастан кешкен баяны, қилы кезеңі, көрген қорлығы, бастан кешкен зорлығы, мың өліп, мың тірілген жанкештілігі, сатқындық пен аярлықтың көңіл суытқан көріністері, үміт пен күдік, арман мен аңсар, мұң мен зар, қазақ деген халықтың ұлттық портреті.
Әдеби кешке кітапханашылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Share: