Мұңның құшағы...
Ділдә ханум
(баллада)
О, Өміршең асыл ән,
Деуш едім,
Өзіңе мәңгілік қосылам.
Мен жүрмін,
Жабырқап,
Айықпай,
Сен үшін төгілген,
Өкініш жасынан...
Әлібек Мейірбеков
I
Шымқаланың,
Күнгейі күнде сағым,
Сағым орап ұшады күрке тамың.
Сая болмай,
Саялы саябағың,
Шөл басайық сол тамнан,
Ділдә ханым.
Неге жақтың,
Сезімнің білте шамын?!
Неге тәттім, қош деді?
Қызға мәлім!
Жалын орап,
Өртенер күрке жағың,
Ділдә ханым.
Шымқаланың,
Күнгейі күнде сағым,
...Күнде шалың өргізер күнге малын.
Қаздар айтып барады күзге әнін,
«Қаздар қайтып барады...»
Ділдә ханым.
II
Шымқалаға,
Қаққанда жыр қанатын,
Отырады сол бетті...
Жырлап ақын.
Күндізі от,
Түні де нұр болатын,
Ділдә ханым.
Пісіп тұрған алмабақ күзге салым,
Таныс аймақ,
Таныс маң ... бізге бағың.
Құралайдың көзіндей мөлдір жаным-
Ділдә ханым.
Менің күнім еді ол,
Сізге мәлім,
Мен жұтатын ауаға сіңген әнің.
Ойға түссе,
Әлі де қызғанамын.
Ділдә ханым.
Шымқаланың ,
Күнгейі күнде сағым,
Сағым орап ұшады бірге жалын.
Төлеген де қоштасқан,
Алты қазбен,
Қоштасармыз...
Таң атсын,
Ділдә ханым.
III
Шымқалада,
Сол жылы күз болатын...
Ақын жазған,
Өлеңмен қызға хатын.
Өлең жазып,
Өлеңге атын қоймай,
Шимайына мәз болған біздей ақын.
Сылдырындай су жатты сырғасының,
Ақын ғана айтатын суға сырын.
Сол мықтың да, әрине,
Біз болатын,
Өлеңдері көрмеген бір басылым.
...Сыр ақтарған жылдарым,
Жыр ақтарған,
(Енді орамал кім былғар,
Бірақ саған?!)
Күндерім-ай жылуын қайырмаған,
Өлеңім де сол қыздай қымбат маған.
...Алма исі аңқыған күзде бағың,
Ұрылардай қараушы ед, бізге шалың.
Бізден қартың қызғанса алма бағын,
Мен өзіңді басқадан қызғанамын,
Ділдә ханым.
IV
Қиялым бір қарбалас...
Кетер көкке,
Бақыты -
Елесіндей шырын шақтың.
Өзімді орап тұрып шекер сәтке,
Сезімді сен арқылы сұлулаттым.
Тілсіз де кетер едік ұғынып та,
Дүние сені көріп өзгеріпті.
Айтсын деп,
Мадақ сөзін сұлулыққа,
Өзіңмен тілдесуге сөз беріпті.
Көзім де,
Жоқ ... сезімім, көзілмейді,
Алдымен саз ғұмырлы сөз келіпті.
Сұлулық ғашық болмай көрінбейді,
Көрсін деп,
Маған сені көз беріпті.
Сәуле бұл,
Дәл жаныма тиіп кетіп,
Айтуға тіл де жетпес,
Ай көрікті.
Қиялын жүрсін деді-ау биіктетіп,
Тағы да ойласын деп,
Ой беріпті.
Тылсым күш,
Көктен түскен өлең шығар,
Сап-сары сағынышым көгеріпті.
Өзіңді жырлап өтсін деген болар,
Мені де ақын қылып жіберіпті!
V
Он екі бет,
(Өлең)
Бір дәптер,
Ішінде жатқан әнқайнап.
Сені де білем...
Тыңдап көр,
Кеудеңде тұрар жалт ойнап.
Он екі бет,
(Өлең)
Жыр дәптер,
Одан соң қанша жол жүрдім.
Сені де білем...
Кей сәттер,
Кешесің кейпін сол күннің.
Сол күнге жаным шөлдеп жүр,
Парақтап ашсам дәптерді.
Алма бақ тағы гүлдеп тұр...
Есіңе салып өткенді.
Тулатып бойда қанымды,
Уызы тәтті жырдың да.
Қызғанып алма бағыңды,
Ақынды жап-жас қудың ба?..
Енді кім мұны шешеді,
«Тартылыс заңы...» ашпаған.
Іздеймін қартты кешегі,
Күзеткен бақты басқа адам.
Әр жолы тұрған тармақтай,
Атызда өлең тулайды.
Елейтін бізді жан жоқтай,
Ешкім де бізді қумайды.
Ақынмын әзір жоқ атым,
(Жас ақын десе,
Таңданам.)
Бұрын да солай,
Бұл ақын,
Аты жоқ өлең жолдаған.
Орамал былғап тұратын,
Елесің ғана қалмайды.
Қазір де солай,
Бір ақын,
Аты жоқ өлең жолдайды!..
VI
Сен басқасың,
Қарау керек басқаша,
Кез-келгенің көрінбейтін көзіне.
Гүл де шөптей,
Қауызын жарып ашпаса,
Хош исімен тартар ма еді өзіне?!
Обасында,
Тапқан сені адаспай,
Ол дегенің сәттер болар қас-қағым.
Гүлді иіскеп көрші өскен ағаштай,
Мен де мүмкін,
Ой көзімен басқамын.
Ойлағанға дүниенің үміті,
(Білмейді олар)
Тұратынын талшықтан.
Гүлдің нағыз жұпар исі менікі,
Үндемеймін сондықтан!
Ерік берген,
Аласұрған сезімге,
Осалдығым болар мүмкін бұл менің.
Хауа ана алма жеген кезінде,
Адам ата жеді ол да,
Білемін...
Айналаны гүл ораған,
Нәрі мұң...
Неге екен?
Осыған таң боламын.
Адамзатты жаратқада,
Бәрінің,
Нәзік тұсы сезім бе деп,
Қаламын!
Share: