ҚОС СҰМДЫҚ
Ел арасында көп жүрген адам не бір жақсы да жаман да уақиғалардың куәсі болады екен. Мына екі трагедия жайлы көркем әңгіме құрастырудың өзі сорақылық сынды. Және әлдекімнің басынан өткен қайғыны тамсана сорып, одан елді таңқалдырам деу барып тұрған көргенсіздік болар. Содан бері қанщама жыл өтті. Есіме түскен сайын аяқ-асты ойраны шыққан сол отбасының тағдырлары тұла-бойымды түршіктіреді.
Дөң үстінде екі-үш адам әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Менің ол кездегі жұмысым малшы қауымымен тығыз байланыста болды. Солардың денсаулығына қарайтын шипагері болдым. Әдеттегідей саясат, басшылар жайлы, коммунизмге жақындап қалғанымыз туралы дегендей буаз-қысыры аралас сөздерді талшық етіп отырғанбыз. Етекте бытырай мал жайылып жатты. Қойдың шетін қайырып, осы үйдің жеті-сегіз жасар ұлы қара атпен тепеңдеп жүрген. Не болғанын өзіміз де ұқпай қалдық. Қара ат ертоқымын бауырына алып тулай жөнелді. Қара жолға түсіп алып, шаңдатып шауып барады. Тұсымызда тұсаулы жүрген жылқыларымызға қарғып мініп, жын қуалағандай құйындатып бара жатқан қара аттың соңынан түстік. Енді біріміз орағыта шауып, алдын кес-кестеуді ұйғардық. Қаперімізде ештеңе жоқ. Ертоқымы бауырына түскен сан атты көрген қазақпыз ғой. Біздің соңымыздан тағы біреу жалбаңдап ілесті. Ол қолындағы қамшысын ербеңдетіп, әлдене деп жан ұшыра айғайлайды. Қара атты жан-жақтан қақпайлай ортаға алғанда бір-ақ байқадық. Манағы бүлдіршін ауған ертоқымның үзеңгсінде аяғы қалып, бауырында салақтап жүр екен...
Қара ат қалш-қалш етеді. Бауырына жабысқан ұмар-жұмар затты қалың шаң басқан. Осы әзірде ғана жайраңдап жүрген бала деп айта алмайсың! Жиналған жұрттың бір де бірінің оны үзеңгіден шешіп алуға дәті бармады. Қызметіме орай мен беттедім. Қызыл балшыққа малынған баланы ағытып, құшағыма алғанда сау сүйегі қалмаған денесі ұстауға келмеді. Қалың еттерінің барлығы ырсия сөгіліп кетіпті. Қол-аяғым дір-дір етіп, жас өркенді көтеріп, көк шөпке жатқыздым. Не болып, не қойғанын өзім де түсінбедім. Бір қасірет толы шыңылы бар тыныштық орнаған. Баланың әкесі жанынан мылтық тастамайтын аңсақ адам еді. Ол ердің қасына ілінген мылтығын оқтап, қара атты қақ маңдайдан бір-ақ тартты. Шаңқ еткен мылтық даусы есеңгіреген елді селк еткізді. Жыны басына шауып қоймаған соң қара айғырды биыл піштіріп тастаған еді. Сол жыны әлі де басылмаған тәрізді. Жалт етіп бірдеңеден үріккен болар. Өйтпесе, аяғы шыққалы ер үстінен түсіп көрмеген бала оңайшылықпен аумас еді.
Серейіп, айдалада көмусіз қара ат қалды. Баланың қайғысы жеген әке малды тастап, ауылға сіңді. Баяғы саяткершілік қызығы да әдірем қалды. Томаға-тұйық өз ойымен жекеленіп, «кісікиік» тәрізді тірлікке ауысқан-ды.
- Ойбай, қарағым тездетейік! Жаны бойында шығар әлі! – деп мені іздеп
келген адам шыр-шыр етеді. Әдетте, ат дайын, дәрі-дәрмек салған қобдиша да сақадай-сай тұрады. Желе-шаба қос жылқының ақ сабынын шығарып, жеттік. Қазақ үйдің іші азан-қазан. Керемет ащы әйел даусы тым зарлап шығады. Есік алдында біраз адам жүр. Бәрінің жүзі салыңқы. Соның біреуі менің алдыма түсіп, ішке ерте кірді. Төрде үш-төрт жасар қыз баланы құшақтап ағыл-тегіл жылап ана отыр. Ол мені көре сала:
- Лоқтыр балам, жанын алып қалшы, қарашығымның! Менің жанымды
салшы, қолыңнан келсе! – деп дәрменсіз күйде жалбарынады. Баланың бет аузын қан басқан. Сәл тыныс алатын секілді. Жайлап жатқызған соң байқағаным: бала өтіп кетіпті.
- Мынадай жара қалай түсті?! – деп аңтарыла сұрадым.
- Әкесі атып тастады!..
Өзіме оқ тигендей есімнен ауып барып қайттым. Неткен жауыздық?!
- Туған әкесі ме? – деп жындының сұрағын қойдым, тағы да.
- Иә, туған әкесі!..
Бұл отбасының бір ұл, бір қызы бар еді. Аралары тете. Ұлдары биыл мектепке бармақшы болатын-ды. Ата-аналары мал маңында жүргенде бұл екеуі үйде ойнап отырады. Ешқандай тосындық жоқ, күнделікті күйбей тірлік. Қой құрттап жатқан ата-ананың құлағына баж ете түскен қызының даусы шалынады. Соның арасынша ұлдары сыртқа атып шығып: - Гүлжан көзіне қайшы тығып алды! – деп айғайлайды. Жандары мұрын ұшына жеткен ана екеуі қыздарының қос алақанына ағып түскен көздерді көріп, әйел танып, ері мыйы ауытқып кетіп, «Көзден айырылып, өмір бақи мүгедек болғанша – өлгенің артық» деп керегеде ілулі тұрған мылтық алып, қызын атып салады.
Бұл оқиға бұнымен бітпеді. Мына сұмдықты көзімен көрген ұлдың да санасына салмақ түсіп, «Кішкентай, Гүлжанымды сағындым!» деп қайталай жүріп, бір күні іргедегі сайдың табанында тиегін бақайымен басып атылып жатқан жерінен табылды.
Ата-ана қайғысын суреттеп керегі болмас. Дүйім жұрт жағасын ұстаған қос уақиға осылай болып еді. Қырық жыл өтсе де кеше ғана болған тәрізді, бір сұмдық!!!
Share: