Кінәсіз махаббат
Көшеғұл бойы серейген ұзын, жасы елуді еңсеріп қалған, өз ортасына біршама танылып көп-көрім белгілі болған адам. Оны танитындар көбіне студент кезінде бірге оқығандар, әр жылдары мектепте оқытушы болғанда қызметтес, не бір кездегі алдынан сабақ алған оқушы жастар, өзінің ауылдас, жақын-жуық, мектепте бірге оқыған қатарластары. Өз қатары мұны еске алғанда:
– Осы Көшеғұл үйленді ме?–деп сұрайды.
– Әй, қайдам, жүр ғой сол бойдақ күйі,–дер еді Көшеғұлды ұната қоймай.
Өз ортасы дегенде мұның көп жылдан бері істеп келе жатқан тұрақты жұмысы болмайтын. Сонда да Көшеғұлдың осы бойдақ жүрісі қайда барса да артынан қалмай ілесіп жүреді. Мектепті көп-көрім бітірсе де жоғарғы оқуға түспей қалды. Әскерге барғанда өзінің жайбасарлығы мен қыңырайып өз дегенінен қайтпайтын қырсықтығы бірталай қиыншылыққа душар қылды. Тіл алмаймын деп қатарынан таяқ та жеді. Күші көп болмаса да жалғыз жарым жүргенге жабыла кететін әскердің тентек ұлдары Көшеғұлды бірталай илектер ме еді кім білсін, бұл да намысқа тырысып, кейбір шекіскендерді оңаша жерде жағаласа кетіп, әркімде кеткен кегін өзінше қайтарып жүрді. Ынжық болса да кекшіл еді. Бір адамға күші қаптал келетіндігін қылып, бой бермей жүріп, бірер жылдан соң өзінше бұл да жаңадан келгендерге қожайын болуға қақы бар «старик» болды. Ол кезде әскердің мезгілі үш жыл. Әскери сапта енді ширай бастағанда қайта жалқаудың күйіне түсірген «старик болу» бұған онша бедел әперген жоқ. Басқалар жаңада бірер жыл кейін келген жастарды дамыл таптырмай әрнеге жұмсап жатқанда бұл бей-жай болып өзімен-өзі жүретін.
Әскердің бұған тигізген пайдасы оқуға түсіп кеткені. Сол оқудан тарих пәнінен оқытушы мамандығын алды. Оқуда да үздік бола қоймады. Бірер жыл сырттан оқып кейін іштей ауысқанда ең артқы жақта тығылып отыратын елеусіз оқушы болып көзге түспеді. Тарихқа қызыққан білімпаз студанттер жобада жоқ қызық кітап тауып жатса бұ да оған құмартты. Жаңашыл болуды сүйді. Мектептегі сияқты қыздарға қыры болмады. Киноға достарымен, қыздармен бара қалса шеткері жақта, үн-түнсіз жүреді. Сонда да көзі ең әдемі, оқуды жақсы оқитын, небір мықты жігіттердің көзі түсетін сұлу қыздар жағында. Өзін оларға тең көрмесе де көзінің астымен соларды аңдып, киім киісі, сөйлеген сөзі, сабаққа дайындалғанда ерекше ұнаған жақтарына еліктей жүріп, олардың бойынан көрген кейбір өзінің ұғымынша қазақ қызына жараса қоймайтын қылықтарды оңаша жерде қыздар туралы әңгімелердің қызу таласында байқамай айтып қалатын. Өзінің курстас достарынан екі-үш жас үлкендігі болса да сырт көзге олардан ішінде ересек көрінді. Кейбіреулер сияқты ішімдік ішіп, сауық құруға жұмсап жатпаса да ай сайын алған 45-теңге шәкіртақы күндегі тамаққа зорға жететін. Облыс орталығы атанған мына шағын өндірісті қалада оқу орындары бірнешеу.
***
Көшеғұл алдағы өмірде барлық жақсылыққа деген ұмтылысының жолын әр жерде жауып қалып, келешекке деген ынтасын төмендететін өз бойындағы кейбір кемшіліктердің бар екенін іші бір бұлыңғыр сезімнің күшімен елеусіз ғана іштей сезетін. Онысы тартыншақтығы мен жалқаулығы. Келе-келе өз бойында бар жақсылыққа құштарлықтан өзгеше, ерекше бір жеңгізбейтін зор күштің біртіндеп өсе түскенін сезді. Ол ұйқы, тамақ, жақсы көңіл-күй, жайлы орын, таза киімге қоса әйел баласына деген төтенше нәпсі қалауы. Әзірше ешкімге айтпай ішінде құпия сақтап жүретін айрықша құштарлық сезімі бұған ұзақ түндерде ұйқы бермейтін. Орыстың үлкен романдарынан оқып алған суреті ішкі дүниесіне ауырлық қылды ма бұрын бойында жоқ қыз баласына сынай қарайтын әдет пайда болды. Бұдан кейін ағылшын, француз қыздарының махаббат романдарын оқып, әдеби кітап жүзіндегі адамды мас ететін қызыққа әбден батты.
***
Көшеде бір күні ауыл жігіті жолықты. Өзі әбден қалалық боп алған. Оның да бойы ұзын, қалың бұйра шашты, алақаны күректей, көп сөйлемейтін біртоға жігіт. Есімі Есейбек болатын. Әкесі осы қаладан жүз шақырымдай ауылда шопан болып сапқоздың қойын баққан. Көшеғұлдың әкесі оған қысты күндері азын-аулақ қойларын қосып қойып, көктемге қарай өзі атпен барып туғалы жүрген семіз саулықтарын беткейге жая жүріп айдап қайтатын.
Әкелері алыс-берісті адам болған соң Көшеғұл да Есейбекті көргенде ескі танысын көргендей жылы амандасты. Оның мата шығаратын фабрикада бірнеше ауысымда жүріп, кілең ауылдан келген жас қыздардың арасында жұмыс істейтінін естігені қызық боп көрінді.
Есейбек бұған ақша төңірегінде айта келіп, түнге қарай көліктерге мата тиейтін, жүк түсіретін жұмыстар жиі болатынын білдіріп, қосымша табыс табуға шақырған. Көшеғұл бір ғана шәкірт ақымен жүрсе де, әкесі берген ақшаны алуға көбіне ұялып, шешесіне беріп кетуші еді. Өзінің ойында да ешкімге мұқтаж болмай қосымша табыс тапсам, ыңғайлы жұмыс болса деген есеп болушы еді. Есейбектің мына айтқандары соған дәл келгендей. Сол күні кешке олар фабрикаға кіре берісте жолығып, әлдебір жұмыс киімін киген ер адамға құжаттарын көрсетіп, қоймаға кіруге рұқсат қағаздарын алды.
Сөйтіп, демалыс күндері Көшеғұл ауылдасына барып, ылғи қосымша жұмысқа кетіп жүрді. Оны сырттай естісе де мұның не істеп жүргенін бөлмеде бірге жататын достары онша елемеген күйі, өздерінің тірліктерімен жүріп 2-3 жас үлкен бұған назар аудара қоймады.
***
Есейбек үйленген жігіт. Жасы да Көшеғұлдан екі-үш жас үлкен. Оның фабрикадағы қаптаған қыз-қырқында онша шаруасы жоқ. Өзі сол маңдағы жастар жатағында келіншегі мен екі баласын бағып күн көріп жүргеніне риза. Көшеғұлға түнгі ауысым ұнайтын. Қойманың ішіндегі салқын, қыстыгүні суық жел үріп тұратын кең алаңқайдан жылы цех ішіне кіріп, теңдеулі маталарды кішкене көліктерге тиеп алып шығуға көбінесе Көшеғұл барады. Әрбір цехтағы небір жұтынған сұлу қыздардың сырылдаған ұршық маңындағы қимылына қарап жас жігіт сырт дүниені ұмытатын. Осында жүріп небір әдемі қыздармен танысты. Жігіт боп қырындады. Таныған сайын, танысы көбейген сайын қалың бүлдіргеннің арасына кіріп, қызығына тоймай жеген теруші сияқты тәтті қыздар дүниесіне бұл да құмарлана енді. Оқуға келген күндері сабақ арасында жүріп, демалыс болуын тосады. Бұрынғыдай өзі қатарлы құрбы қыздарға қызығушылығы да азайды. Мұндағы өмірі тек сабақ оқумен, сынақ тапсырып жақсы баға алуға тырысқан жастардың арасында білінбей өтіп жүрді. Айнала қараса кәрі-жастың бәрінің де бұдан жасырып жүрген құпиясы бардай. Бірақ ешқайсы шешіліп ештеңе айтпайды. Әрқайсы өз басын ойлайды. Сабақ арасында өзімшілдік туралы таласа қалса оның бірінші қатарында Көшеғұл тұрады. Оның қалауы белсенді, қайтпайтын, пысық, өжет қыздар. Бірақ ынжық басы оларға сөз айтудан қаймықты. Бетін неше қайтарды ғой. Биге шақырса шықпайды. Киноға баруға бәлсінеді. Жеке жүргісі келген сәтті ұмытып, достарына ілесіп жүргендегі Көшеғұлдың тапқаны сыр аулау, әзілдесу, басқалардың бергі жағымен айтқан сөздерін қалтқысыз шын деп қабылдау бар еді.
***
Өмір өте берді. Демалыс күнгі жұмысында жүріп Көшеғұл қыз таңдауды үйренді. Бірақ таңдап қолына түсірген қыздары өзіне ұнамады. Қайта жеңіл мінезді, уәдеге тұрақсыз, қыдырымпаз, алдауға бейім, қулықсыз аңқау, түр әлпеті тәуір болғанмен жан дүниесінде бұған деген жылылық, сұлу сезім жетіспеді. Өзі көптен таңдап, арнайы танысып, көңіл білдіріп, біраз уақыты жоғалтып тапқаны оңаша берер ай жүрістен кейін мұның қалауы мен ойынан шықпады. Көңілі келесі қызға ауды. Оның да әлдебір өзіне сақтаған тамаша сыйлығын көргісі келді. Оны сырт көзден жасырып жанталастыы. Ұнағысы келді. Ұнағысы келген сайын ұнамады өзі сүйген қалаулысына. Соның бәрін сыртқа білдіргісі келмеді. Бұл жасырған сайын ол сыры ашыла түсіп, біреулерге одан сайын қызықтыратын тамаша кино тәрізді бөтін біреулердің ашқарақ құмарлығын оята түсті.
***
Иә, көп еді қыздар. Енді міне, Көшеғұл көше аялдамасында қала шетіне апаратын автобус тосып тұр. Сол студент кезіндегі әдеті. Бірақ бар өмір зулап өткен. Үйленіп үлгірмеді. Қазір ол алпыстың бесеуінде. Баяғысынша жұмыстан шығып қаладан жетпіс шақырып жердегі ауылына барғанша түн болады. Таңертең кері қайту керек деп жатпайтын, жақын жердегі танысына баруды ойлады. Таныс қыз-келіншектері көп-ақ. Тәттісін, сыйлығын алып солардың біріне барсам ба дейді ішкі ойы. Бірақ барса қуандыратын жас емес. Бүгінде қарны шығып, өңі қарайып, денесі толып, қолдарының да терісі қалыңдап, қатайып кеткен. Көшеғұл аялдамада бүгінге қонатын жер іздеп ойланып тұр. Олардың саны да азайып қалыпты-ау өзі. Не әйелі, не үйі жоқ, туыс-жақындардан өзінен-өзі ұялып өткен осы өміріне Көшеғұл риза емес. Бірақ амал қанша. Бәрін істеген өзі. Өзі кінәлі. Ерте ойланбапты. Бірақ ойламады дейсің бе, мінездері бір сәй кеспей-ақ қойды ғой.
Сөйтіп, тұрғанда қала сыртына шығатын автобус зулап келіп алдына тұра қалды. Күн болса кешкіріп барады. Мол денесін әрең қимылдатып Көшеғұл автобус есігінен ішке енді де өзінің қашанғы әдетімен артқы жақтағы бос орынға келіп алысқа кетіп бара жатқан кісіше асықпай жайғасып алды.
29.04.2021.
Share: