Капитан Сегізбаев
Орта бойлы, мығым денелі, отыздан асқан аққұба жігіт бөлмеге кіріп келгенде, полицей формасын киген үш жігіт әрқайсы өз шаруасымен болып әр тұста отыр екен. Шашы бір жағына қарай қисая дудырап кеткен Аманқұл әлгі үшеуі қағаздан басын көтергенде, –тергеуші Сегізбаевқа келіп едім,–деді шаруасын әскерше баяндап. Он жақтағы үстінде қағаз үйіліп жатқан беті жалпақ столдағы мұртты қара «Сегізбаевың анау»,–дегендей төр жақтағы капитан шеніндегі семізше келген сары жігітті меңзеді. –иә, мен солмын,–дегендей әлгі Сегізбаев дегені басын изеп қойып, көзін жыпылықтатып, столының жанында тұрған бос орындықты нұсқады.
Аманқұл ширақ адымдап келіп қолындағы қағазын капитанға ұсынып еді, ол кірпігін жиі қағып, бет-аузы жыбырлап, қағаздағы жазуға ұзақ қарады.
Әлден уақытта барып, қағаздағы жазуды енді айырдым ғой дегендей басын көтере беріп:
–Тәкк! Беспаев Аманқұл деген Сіз ғой,–деді. Отыруға әлі асықпай түрегеп тұрған келушіні «Сен осындай екенсің ғой» дегендей басынан аяғына дейін шолып қарап шықты. Жүзі салқын. Көзінде бір аса байыпты немқұрайдылық жатыр.
–Иә, Беспаев Аманқұл менмін,–деді келуші әлі де отырмай түрегеп тұрған бойы.
–Ал, Беспаев Аманқұл не бүлдіргеніңді жазып бер міне, қағаз. Мынау қалам. Қыркүйектің үші күні театр алаңындағы адам көп жиылған жерге неге бардың. Тек ештеңе көрмедім деме. Не деп айқайладың. Қолыңды көтеріп алып, жұмыссыздық жойылсын! Жемқорлық жойылсын!– деп айқайлап тұрғаның видеоға түсіп қалған. Қаласаң көрсетеміз. Сонымен не, жұмыссыз, аш па едің? Тыныштықты неге бұздың. Сотқарлық қой бұл. Бұзақылық деген бап бар. Көшеде айқайлап, елдің тыныштығын бұзғаның үшін ісінді қазір толтырып сотқа жолдаймын. Сонда көреміз сенің келесі жолы қалай айқайлағаныңды.
Аманқұл сол отырмаған бойы түрегеп тұрып капитан сөйлеп жатқанда өзінің ойын әрең жинақтап:
–Мен бұзақылық жасағам жоқ. Бұл митинг кезінде болған. Мен ғана емес елдің бәрі айқайлады. Сол айқайлағанның бәрін сотқа бересің бе?–деді кекесінмен.
–Сен деме. Капитан мырза! Капитан мырза,–деп сөйлейсің ұқтың ба?–көрсетем мен саған митингіні. Қарның тойған соң есірген екенсің. Елдің алдына шығып сөз сөйлемек. Сөз сөйлеу сенің не теңің. Жаныңды неге бақпайсың сен одан да тек жүріп.
–Мен тек жүрмін. Өз ойымды айттым тек тұрып. Не айтсам да өзім білем. Бас еркім бар менің. Қақым бар.
–Қақың бар екенін жаңа білдің бе? Неге одан да жұмыс істемейсің арамтамақ неме.
–Сен маған әкіреңдеме. Өзің арамтамақсың. Пормыңды киіп алып, тыныш жүрген адамды аулайсың. Қылмыскерді неге іздемейсің одан да.
–Іімм. Тілің ұзарып қалған екен. Күшейіп алып митингіге шықпақ. Өзінің ойы бар. Көрсетем мен саған митингіні. Қан түкіретін боласың иттің баласы. Қылмыскерді ізде дейді ғой. Сол қылмыскер сенсің. Тыныштықты бұзып жүрген. Біздің тәуелсіз отынымыздың тыныштығын бұзбақ. Көшеде айқайлайды. Не дегісі келсе соны оттайды. Еще әкіреңдеме деп капитан мырзаға сес көрсетеді. Сен кімге сес көрсетеіп тұрғаныңды білесің бе? Мемлекеттің тыныштығын күзетіп, қолына қару алып қорғап жүрген адамға сес қылмақ. Сен қайдан шыққан ақылды едің, а!
Капитан зіркілдеген сайын Аманқұлдың бойын дүлей ашудан кейін біртіндеп шарасыздық, дәрменсіздік, өзіне қарсы күштің алдында әлсіздік билеп алғандай болды.
–Капитан мырза! Сіз бұл сөздер үшін сот алдында жауапты боласыз.
–Сотта менің емес сенің ісің қаралады, ақымақ. Басыңда шайнам ми жоқ. Еще үш баланың әкесімін деп қояды. Он бес күнге отырасың. Қазір толтырам қағазынды. Жазып бер түсінігіңді.
–Жазбаймын!–деді келуші қасарсып. Тергеуші алдындағы нүктені басып қалып еді, денелі екі адам әскер формасы сияқты көк ала шұбар киіммен кіріп келді де мына келушінің екі жағына тұра қалды.
–Алып кетіңдер мынаны. Жалғыз отырсын. Өзі тым асау екен. Көрсін камераның қандай екенін,–деді. Әлгі екеуі Аманқұлды тырп еткізбей екі жағынан ұстаған күйі дырылдата сүйреп алып кетті.
–Жазып алдың ба,–деді қасында отырған сарыға,–оған осы айтқан сөздері де жетіп жатыр. –Заң адамына қоқан лоққы жасап, бағынбағаны үшін статья жазамыз.
–Ол адвокат сұрады ғой,–деді сары қорғалақтап.
–Не сұрағанының бәрін бере беруші ме едік. Отырсын бірер күн суық жерде. Аштан-аш. Сосын сөйлесеміз.
Жылпос сары жүгіріп келіп терезеден төменге қарады. Көшеден айқай-шу. Плакат, қағаз, ұран көтерген бір топ адам мәшине өтетін жолды жаппақ болып жанталаса полицейлермен алысып жүр. Полицейлер олардың күш сала қарсыласқанына қарамай бір-бірлеп сүйреп мәшинеге тиеп жатыр.
Айқай үдеп барады. Көрші көшедегі базардан жүгіре жеткен жұрт мына қызыққа айнала қарап, адамдар одан сайын көбейіп жинала түсті. Көпшілік қарамқұрым болып барады. Жол үстіндегі бөгеушілер азаятын емес.
–А-ман-құл! Бо-са-тыл-сын! Жорлыққа жол жоқ,–деген айқай үдеп барады.
Жүгіріп полицей формасын киген жас қыз бала Аманқұл шыққан бөлмеге жүгіре кірді.
–Капитан мырза, Сізді жолдас полковник Түстікбаев шақырады,–деді тез-тез баяндап.
Көшедегі айқай басылатын емес. А-ман-құл! А-ман-құл. –Терезе түбіне келіп алған топ көбейе түсіпті. Дауыстары да қатты-қатты көшені жаңғырта шығып жатыр.
–Капитан Сегізбаев, сен не бүлдіріп жүрсің,–деді полковник кабинетке кіріп келіп есік көзінде оқша қақиып тұра қалған қызметкеріне. –Мен саған әңгімелес, екінші бармайтын болсын. Бейбіт түрде сөйлес дегенім қайда,–деді зілдене.
–Бірдіңі тапсырса бүлдіресіңдер де тастайсыңдар. Алдап-сулап, корқытып, былай заңның қаталдығын білдіріп иландыруға болар еді ғой.
–Болмады, жолдас полковник,–деді Сегізбаев.–Ол салған жерден өзін жаман ұстады.
–Капитан Сегізбаев,–деді полковник дауысын қатайта түсіп. –Ол өзін қатал ұстаса сен жұмсақ көйлеп мысын құртып, қағаз толтырып, бірер сағат коридарда күттіріп қоюың керек еді. Ол әбден бастығып, өзіне-өзі келіп, заң бұзу дұрыс емес екені әбден миына жеткенде бастау керек әді әңгімені. Ал. Сен болсаң салған жерден тізеге салғансың. Бәрін бүлдірдің. Беспаев қайда?
–Камерада, жолдас полкоавник.
–Дереу босат оны. Не болғанын үйден жазып әкелсін. Сенен өзге де жұмысың жетеді дейсің де, кабинетке әкеліп енді боссың,–дейсің. Ұқтың ба?!!
–Құп болады, жолдас полковник.
–Дереу орында.
–Құп!
Аманқұлды алып кеткен екі күзетші оны подвалдағы суық камерадан қайта шығарып бесінші қабаттағы Капитан Сегізбаевтың бөлмесіне қайтадан дедектете сүйреп алып келді.
–Қалай ақылың кірді ме Беспаев,–деді капитан кекесінмен.
–Менің ақылым бұрыннан орнында,–деді Аманқұл зілдене.
–Жарайды, жарайды. Ештеңең кеткен жоқ. Босқа терлеме. Ертең әлгі қағазыңды үйден жазып әкел. Қаласаң қорғаушыңды ерте кел. Сотқарлығың сотта қаралады. Делоң енді басталды ғой. Шыдамдылық таныт. Әлі талай кездесеміз ғой солай емес пе?–деді капитан Сегізбаев жұмсара сөйлеп. Өзін кенет босатқан капитанның мына қылығына онша түсіне қоймаған Аманқұл «қазір бара бер»–деген сөзге біраз сеніңкіремей тұрып, дәліздегі баспалдаққа қарай асыға адымдай жөнелді. Бар ойы дәл осы мезетте мына жерден тезірек шығып енді осы араға лажы болса енді қайтып келмесем екен деген ішіндегі бар тілегі оны сырттағы толсып тұрған адамдарға қарай жетелей жөнелді.
06.08.2021
Share: