Әйелдің көз жасы
- Түу, мынаны-ай-й-а! Күлән терезеден сыртқа қарап кейіп еді, көңілдің әсері ме, әлде бөлме салқындау ма, тітіркеніп кетті. Не болған... Мамыр айы бітсе де, жылыр емес түге. Япыр-ау, кейінгі жылдары көктем күзге ұқсап кеткен бе қалай?.. Тіпті, күн құрғатпай сабылады.
Ойы да, бойы да ауыр тартып, жүрегі үзілердей халін брнеше күннен берігі жауған жаңбырдан көріп, тыжырынып, «қойсаң қайтер еді...» деді біреуден өтінгендей. Одан әрі түршіккен соң, «жылы киінбесем болмас» десе де, шегеленіп қалғандай, құлазыған күйден ажырағысы келмей, міз бақпады.
* * *
Он жетіде. Медучилищенің бірінші курсының студенті. Сол жылы көкек айы туысымен-ақ жер қарайып, нағыз «жаңбыр тиген шаш ұзын боп өседі» деп астында шыркөбелек айналып, әндететін нұрлы көктем туды.
Жаңа шыққан көкті қызықтап тауға барған құрбыларына ілескен. Мұнда жеткенде күн көзі кінәратсыз шайдай ашық-тын. Серуеншілер ыңғайлы орынға жайғасып, қазан-ошақ қамдауға кірісті. Қыдыруға келгендер тек бұлар емес, қоныстастар табылып, таныса келе бәрі бір ортаға бірігіп, гитара тартылып, думан басталды.
Мәре-сәре аспанды торлаған бұлтты аңғармақ түгілі, құйып берген нөсерден бұғу, не бытырай қашу ойда жоқ. Қайта у-шумен күлкіге көмілген далада ақ нөсер астында бірін-бірі қуып, денеге жабысқан көйлектен ұстай алмай мәз.
Шат-шадман. Жауын нөсерлетіп өте шығып, себелеп басылғанда айнала шайдай ашылды. Сонда жайнаған Күнмен бірге жадыраған жаннан сыңғырлаған ән бұлағы ағытылған-ды.
Келеді қараторғай қанат қағып,
Астына қанатының маржан тағып.
Құс қанатты әуен. Онымен бірге желбіреп ұшуға даяр балаң көңіл. Бүкіл әлем жуынып, рақат құшағында тербелгендей. Күлән өңірді шәрбатқа толтырды. Жаңбыр суы мүсіндеген қыз да әсем, ән де кәусар. Қалықтаған «Қараторғай» шырқап-шырқап, қанат түсірді. Сырлы сыңғыр тына қалған, талықсыған дүние дабырға көмілді.
- Мұндай сәт кинода, тек кинода ғана. - Ризалығын жасыра алмағандар жүгіріп кеп, беттен шөпілдетті. Алғысқа оранған албырт қызға тіршілік ылғи дәл осындай сәнді де, нәрлі боп көрінген.
Күн қарайғанша талай ән салынса да, «Қараторғайдай» ерекше әсерге бөлегені аз.
Иә, әнге, оны тамылжытып орындаушыға деген ілтипат Ералымен табыстырды. Ол да әншінің бірі. Консерваторияның соңғы курсының студенті.
Сол жылы Күлән бірінші курсты бітіріп, Ералы оқуын аяқтады. Шаңырақ көтеріп, келесі жылы дүниеге қыз келді. Сәбидің қызығына берілген ана, баладан бөлінуді қаламай, сабаққа барғысы келмегенде күйеуі «әлі жассың, кейірек оқып алсаң да болар» деген, солардың күтімін ойлады.
Әйелге сәбиі мен ерін күтуді міндет сезіну ғанибет. Бұдан кейін қуанышқа қуаныш ұласып – ұлды болды. Па шіркін, алаңсыз кездер-ай!
Ерінің араласар ортасы, дос-жараны жеткілікті. Көп жиналған орта қашанда қызық, той-думан. Атақ пен бедел көңілді күпті етер дәрежеге жетіп қалған. Ерте кетеді, кеш оралады. Ал бұлардың есігі келгенге айқара ашық. Күйеуіне дән риза. Ерте жүрісіне де, кешігуіне де мән беріп, мазаланбаған. Ың-шыңсыз тіршілікке тоқ.
Таң атса, күн батпастай мәре-сәре де, бейқам күндердің қызығы да байқатпай өтерін кеш ұғынды. Таудай абыройды, дәудей боп көтере алмаған соң не керек. Ералы ішуге салынып, күлуді қойып, күңіренуді шығарды. Әйеліне пәледен басқа жабары, балағаттан басқа айтары қалмағандай тепсінеді. Күлән көзіне де, құлағына да сенбейтіндей. «Не болды сонша, қояр» деген үмітпен, оның қарасын кешке аман-есен көргенін медет тұтып, масайғаны айыққанда арқасынан қағуы таяныш.
Енді ше?.. Әйел заты үшін, ең қорлық, қорқыныш – таянышы жоқ жалғыздық азабы емес пе. Сондықтан, қандай жәбірге болса да, шыдауға бар. Бірақ, оны ішуден айырар айласы жоқ. Түзелуден кетіп, апталап далаға түнеуді шығарды. Көбіне жанашырлары көшеде қалғанла сүйреп әкеп тастайды. Бітті, біржола шектен шықты. Ешбір сөзбен де, іспен де тоқтату мүмкін емес. Ендігі қаракет өзіне қалғанын біліп, жұмысқа шығып, азаматын қимаса да, ішкіштерді емдейтін орынға тапсырды.
Ералы бір жылдан соң, «емделген боп» оралған, ұзаққа бармады. Баянсыздық. Ақыры қаңғып, із-түзсіз жоғалғанда, есі дұрыс ар көрер қорлықтан, бұлар еңсе көтерді. Береке кеткен отбасы. Мезі болған жан. Зәрезап болған жүрекке тыныштық орнады.
Жылжып өткен жылдар. Балалар ер жетті. Бары да, нары да солар. Бірде қызы:
- Апа, мүмкін болса ертерек сұранып кел, бүгін сегізжылдықты бітірем. Бірге тойлайық, - деп өтінді.
«Той тойлауды ойлайтын дәрежеге де жеттік». Күләнда ес қалмай алып-ұшып келсе, қызының көзі бұлаудай. Зәресі ұшып, ұйыған бойды әзер икемдеп:
Не болды? - деді күйініп.
Жай әшейін...
Емтиханды тапсыра алмай қалдың ба?
Тапсырдым. Бәрі жақсы. Тек...
Айтшы. Неге солқылдайсың?
Әке, әкемді көрдім...
Абайсызда біреу желкеден қойып қалғандай. Сыр бермеуге тырысты.
- Е, оған неге сонша жыладың? - Тынышталғанын қалап, немқұрайлы айтты.
- Жыламағанда. Үйге қарай жолдан өткелі келе жатсам, әкем қарсы бетте қол жайып, қайыр сұрап тұр. Басқалардікі құттықтауға келді... - Қыз тоқтай алмай еңіреді.
- Қой енді. Бөтен біреу шығар. Саған солай көрінген де. - Күлән есі кіргенде жоғалғанды өзгемен шатастырмасын білсе де, көңіл аулап, басынан сипады.
Сол.
Қорлануға, кемуге қол ұшын бере алмаудан асқан бейшаралық бар ма?.. Ботадай боздаудан кемірілген ана талай жылғы қату босағанын біліп, жылт еткен жасын кірпік көлегейлеп, артындағы орындыққа отыра кеткен:
- Қайт дейсің, реніш көруге келген жоқ едім, - деді жабырқап.
* * *
Өмірдің де, көңілдің де тойына тоқтау болмас. Толысуды қалап, жайлылықты аңсайтын кез де болады. Күлән тұғырдан тайған жоқ. Уақыт өткенді өзгертпегенімен, болмысты өзгеше қалыпқа түсіреді. Біраз жылдардан соң, өзінен алакөңілдікті аңғарса да, ержетіп қалған балалары есіне түсіп, «ендігінің ауылы алыс шығар» дейтін. Басалқыны басқа емес, өзі жасаған әйелдің егде тартуы хақ. Үйреншікті мимырт тұрмыстың ыңғайына қарай ығысып жүріп жатты.
Сөйтіп жүргенде, бірге істейтін Гүлсия қонаққа шақырған, дастарқан басында бес-алты кісі отыр екен. Қатарластар. Біраздан кейін, бірі Күләннің әншілігін бұрыннан еститінін айтып, ән салуын өтінген, қалғандары «жөн, жөн» - деп дуылдасып, көтермелеп кетті.
Көп жылдан бері ән айту ұмытылған. Қолқалауды тосырқап, жүрексініп бастаған, бір кезде табиғат аясында сорғалаған «Қараторғай» кібіртіктеп, бұйыққан қанатын қағып, шарықтай алмай талықсыды. Әйел шіркін, күлгенде нұр шашады, ал мұңданса жүрек қылы дірілдеп, мұңаяды.
Ән аяқталып, жалғыз тамшы лықсыды. Тыңдаушылар абыржыса да үндемей, әрқайсы өзінше таразылағандай.
Ерсайын Күләнмен бірге қайтып, жиі көрісетін болған. Жетім балалар үйінде тәрбиеленіпті. Ата-ана мен жақынның мейірімінен шетқақпай өскендіктен, кез келгенге ықыласы аумайтынға ұқсайды. Сондықтан, ешкіммен бас қосып кете алмаған. Жалғыз ағасы ертерек үй-жай болыпты. Онымен аралас-құраласы шамалы.
Ерсайынның Күләнға ауған көңіліне шүбә жоқ-тын. Ағасына үйленетінін айтып мақтанғанда, «базарлы ғұмыр кеше алмассыңына» тоқтағандай болса да, шынайы ниетінн қайта алмады.
Кемшін көңіл жетісіп, тұнжыр күй түрленген. Қалтарыссыз мінез, қамқорлық. Бақытын тапты деген осы. Күлән жан мөлтілін тек соған ғана арнаған.
Ерсайынға да керегі осы. «Ренжу кейпін көрмейін. Мынау жалықтырған жоқ па, неге жаңасын тіктірмейсің, мынау бетіңе келмейді, басқасын ки», - деп маңдайдан иіскеп, еркелетуден жаңылар емес.
Осыншама ілтипат ес қалдыра ма?.. Бет Күнге тосқан гүлдей.
Әттең не керек... Мәңгілік тұнатын тұнық болмайтындай, сезім бұзылуы да оп-оңай екен. Ержетіп қалған ұлға өгей әке ұнамай, шешесінің оған деген ықыласын ерсі көріп, оқыс мінез бастап, Ерсайын бір нәрсенің жөнін айтса:
- Шаруаң болмасын, - деп арс етіп, әрі-беріден соң үйде басы артығын білдіріп, заттарын бөлектеуге шыққан. Әкесі қылығына:
- Балам, мұның не, екеуміздікі бірге тұрса жараспай ма? - дегенде:
- Жоқ. Кірмеге жабыса алмаймын, - деп дүрс еткізді.
Бажылға шеше мен апа басу айтып еді, оларға да:
- Егер мен сендерге ұнамасам, кетем! - деп, одан бетер бедірейді.
Оңы мен солын білмейтін нойыс. Оған қайсы болса да қарсы келмеуге тырысса да, асқынған кикілжің әсерсіз қалмады. Бір кезде ескертілсе де, сеніммен аттаған босаға ұнжырға түсіріп, еркек ішіп келуді шығарған, онысына әншейінде себепсіз тырысатын ұл шалқасынан түсіп: «Кетсін. Ішкіш керек болса, әкемді тауып әкелемге» көшіп, қиғылық салды.
Бірде күндегідей кешке қоңырау шылдырлады. Ерсайын бәрінен соң келетін. Күлән ашуға ұмтылғанда, ұл бірінші жетіп, қызулы екенін көріп:
- Жоғал! - деп арс етіп, есікті сарт еткізді.
Күлән ас үйге кіріп кеткен-тін. Тұра жүгірді. Кетіп бара жатыр.
- Ерсайын!.. - деп ышқынғанда ол кідіріп, қарсы жүрген, бас сап, кеудесіне қысып:
- Күлән, - деді қиналып, - Ендігіде мән жоқ. Менде туған үй болмаған, бұйырмайтын да шығар. Тек сен кешір, - деп сытылды.
Жүрек қақ бөлінді. Әйел өлердей егілді. Маңдайға жазылғаны осы болса не істемек. Ешкімді кінәлай алмады.
Кеудеден жан шықпаса, адам бәріне көніп, қалқиып жүре береді. Күйеуінен айырылғанын ұқса да, «қайтып оралмас па екен» үміті, оның кейінірек үйленіп, балалы болғанын естігенде өшіп, ел болғанына тілектес болса да, сүйіктісінің орныққан кейпін көргісі келген еді, бірақ әдейі іздеп бармаса, қайдан жолықсын.
Қайтсін, басқаға түкке тұрмас нәрсе, бұл үшін сағыныш сазы. Өйткені, етене жанның аймалағаны, есіркегені бақыт бақшасы төрінен орын бергенін қалай ұмыта алсын.
Міне, қызық... Іштегі ұры тілек қабыл боп, ол ойламаған жерден кезіккенде, кеуде лүпілдеп қоя берген, Ерсайын:
- Күлән, - деп кібіртіктеп, - балалардың халі қалай? -деді. Кібіртіктегені несі?.. Аяныш па, әлде кетуіне себепкерді сұрағанына ыңғайсыздану ма?..
- Рақмет. Жақсы, жақсы.. - Күлән қылғынып, толқуын білдіргісі келмей: - Үйге жүріп, шай іш, - деді. - Қазір жалғызбын.
Әйел бұлай дегісі келмесе де, қоштасып кетіп қаларынан зәресі ұшып, сәл қасында болғанын қалаған.
Ол қарсылық білдірмей еріп кеп, араларында кірбің болмағандай қатар отырып шай ішкен, көптен көріспегендіктен әңгіме таусылар емес. Ерсайын Күләннің қызы тұрмысқа шығып, ұлының жоғары оқуын орталап қалғанынан хабардар екен.Тілеулестік құлақ түргізбей жүргізбесе керек. Күлән құшақтамай тұра алмады. Үздігіп:
- Ерсайын, сағынғаным-ай, жаным, - деді. Еркек те еріп жүре берген. Үп деп көтеріп:
- Мен де, - деп бас сап, «сағындым» құмықты.
Шырақ дұрыс жанбаса, жалын қас-қағым. Ерсайын киініп, жейдесін мұқият иіскеген, қылыққа қорланған Күлән:
- Қорықпа, иіс май жағынбағам. Кесірім тимейді, - деді үзіліп түскен жасын сүртіп.
Еркек жауап қатпай маңдайдан сүйіп, шығып кеткен. Әйел өзін кембағал сезініп, «бір кезде құмар болған жанға да құнсызсың» деп, өзек өртенді.
* * *
Одан бері талай жыл. Қырықты қырқалады. Бір сарынды, күйбең тіршілік. Ұлы оқуын бітіріп, сыртқа кеткен. Анда-санда бір хат жазып, салқын ғана хал сұрайды. Қызының пейілі ерекше. Жер шалғайына қарамай күйеуі мен баласын сүйретіп, келіп кетеді. Не жетімсізін ұғатын жыныстан ғой, аяйтын болу керек.
- Апа, жалғыз қалдың-ау. Қартайып, жағың түскен жоқ, ыңғайлы біреу табылса бас қоссайшы, - деп алаңдығын білдіреді..
Әй... Ештеңе де елең еткізер емес. Мына кейпі де сол зауықсыздық салдары. Кеше әйелдердің бірі:
- Күлеке, сіз осы үстіңізге көңіл бөлуді мүлде қойыпсыз, - деді.
Сонда өзіне біреуге қарағандай зер салған. Айтса айтқандай, ауыстырайын да демейді. Әйтеуір таза болса жетер.
Ескертушіге қарады. Үлбіреген гүлді, әдемі көйлек. Қатарласы «мына маған ұқсап жүрмейсіңдер ме» дегендей бипаз, тоқмейіл.
Толқуын сездіргісі келмей үндемеді. Сол қалпынан жазбай кеп, ас-су ішпестен жатып қалған, орнынан тұрғалы терезе алдында. Ойлап қараса, біреуден кем, біреуден ілгері. Балаларын тәрбиелеп өсіруі жамандығы болмас. Дені сау, ең керегі де осы шығар.
Енді алаңдайтын не бар. Жастау кезінде жалғыздықтан қиналғанда жанға жайлы бір жылылықты тосатын. Соңғы жылдары... бәрібір. Бүрісу де сол әбден қалыпқа түсу салдары. Аяқ астынан бірнәрсе көрінгендей «Қараторғайдан»:
«Бейшара шырылдайсың жерге қонбай-ды» қайта-қайта күбірлеп өзін тыным таппай шырылдаған торғайдай көрген. Бұл сонау көктемде шырқалған жүрек әні еді. Бақса, өмір бұған өз әнін салдыртыпты. «Нәсіпсіз жан жаратылмас» дегендей, қызық пен бақыттан құр қалмаса да, парықсыз пейілдер жаратқан сыйын бұйыртпапты.
Жылады-ай кеп. Жылады-ай...
6.01.1990
Share: