Ағылшын тілін үйренушілерге арналған 8 лайфхак
Бірнеше тілді еркін меңгерген Еркебұлан Әзімхан 27 жаста. Жеті жұрттың тілін біліп, жеті түрлі ғылымды іліп жүрген кейіпкеріміз, бүгінгі күнде көптеген адамдарға «проблема» болып жүрген ағылшын тілін үйренушілерге 8 лайфках ұсынады.
Ағылшын тілін үйренудің түрлі жолдары бар. Бір әдістер белгілі бір адамдарға ыңғайлы болса, өзге адамдарға келмейді. Сондықтан, мен барлығына бірдей, ең оптимальді 8 лайфхак ұсынамын. Ағылшын тілін үйренем деушілер көп жағдайда «Ағылшын тілін оқу керек еді», дейді де сол сөзімен қанағаттанады. Демек, сол сөзді айтудың өзі белгілі бір деңгейде ағылшын тілін үйренумен тең сияқты.
Сонымен қатар, адамдар ағылшын тілін түрлі мақсатпен үйренеді: IELTS, TOEFL, академиялық мақсатта, тек сөйлесу үшін.
1. Ағылшын чаттары
Жұмыс істеп жүрген жандар үшін ағылшын тілін оқу әрдайым ыңғайлы бола бермейді. Олар үшін www.omegle.com және talkwithstranger.com сайттары өте пайдалы болады. Аталмыш сайттарда шетелдіктермен чат арқылы әңгіме құруға болады. Бұл өте тиімді тәсіл. Түскі ас кезінде немесе қолы қалт ете қалса шетелдіктермен чат арқылы сұхбаттасуға болады. Тіркелудің де қажеті жоқ, сондай-ақ өте жеңіл сайттар.
talkwithstranger.com сайтынан алынды
- Ағылшынша кино көру
Жұмыстан соң ағылшын тілінде кино көру керек. Алғашқыда орысша көрген киноларыңызды ағылшынша көріңіз + субтитр қосыңыз. Бұл метод өте тиімді. Кино жайлы жалпы түсінік бар. Енді оны ағылшынша көрсеңіз біраз жаңа сөздерді үйреніп қаласыз. Кейін жаңа кино көре бастаңыз. Шамаңыз жетсе субтитрді өшіріп тастаңыз. Себебі ол сізді визуалды түрде өзіне бағындырып тастайды. Сөздің, сөйлемнің айтылуын ұға алмайсыз.
Кино көруге арналған popcorn time қосымшасын ұсынамын.
- Кинодәптер арнаңыз
Кино көру барысында түсінбеген сөздеріңізді арнайы дәптерге жазып отырыңыз. Алғашында барлық киноны түсінбеуіңіз мүмкін. Ондай жағдайда субтитрге қарап, өзіңізге ұнаған сөздерді дәптерге түсіріңіз. Кейін аудармасын тауып жаттап алуға тырысыңыз. Егер сөйлем ретінде жаттайтын болсаңыз speaking үшін таптырмас жаттығу.
- Стикерлерді пайдалану
Кинодәптердегі сөздерді стикерге түсіру арқылы оларды үйдің барлық бөлмесіне іліп қойсаңыз болады. Бұл лайфхак сөз жаттауды жылдамдатады. Назар қойып жаттаймын демесеңіз де әрдайым алдыңызда тұрған сөздер санаңызға еріксіз енеді. Стикерлерде сөздер не сөйлемдер аудармасымен бірге болуы керек.
- Арнайы карточкаларды қолдану
Білмейтін сөздеріңізді карточкаға жазыңыз, келесі бетіне аудармасын жазыңыз. Осылайша тіпті ағылшынша білмейтін адам сізден карточкалар бойынша сөздерді сұрай алады. Демек сізге ағылшын тілінде бір сөз көрсетілсе, оның арғы жағында сол сөздің аудармасы тұрады. Ата-анаңыз, үйдегі кез-келген адам осылайша сізге көмектесе алады.
- Онлайн курстар
Кәсіби түрде coursera.org сайтында ағылшын тілінде түрлі курстар бар. Мысал үшін, ағылшынша жазу, эссе жазу сияқты курстар өте пайдалы. Аталмыш ресурстың екі ерекшелігі: онлайн курстар әлемдегі ең үздік университет мұғалімдерімен оқытылады (сондай-ақ, кейбір курстан өткен соң сол университеттегі дәл сол курсты оқымасаңыз да болады), екіншісі онлайн курстар еш ескірмеген. Бүгін бірінші сабағы болса, ертең сізге үй жұмысын береді. Ал арғы күні орындаған үй жұмысыңызды тексереді. Демек, өте интерактивті ресурс.
- Арнайы ресурстар
Егер ағылшын тіліңіз орташа деңгейде болса, youtube.com, ted.com, cnn.com, және bbc.com сайттарын пайдаланғаныңыз жөн. Тіпті соңғысын 24 сағат тыңдап отыра берсеңіз де болады.
- Аудио-видео есеп
Жоғарыда аталған барлық лайфхактарды орындағанға дейін және орындаған соң өзіңізді видеоға түсіріңіз (ағылшынша сөйлеңіз). Дәл осы процедураны 2 аптадан кейін қайталаңыз. Еш өзгеріс болмаса тағы 1 айдан кейін қайталаңыз. Одан да түк шықпаса тағы 1 айдан кейін көріңіз. Сәл өзгеріс байқасаңыз, сіз дұрыс бағытта келе жатырсыз деген сөз.
https://www.youtube.com/embed/N80XGI_Nj1E
Қорытынды
Жоғарыда көрсетілген 8 лайфхак арқылы 1 немесе 2 айда ғана ағылшыныңыз керемет болып кетеді деген кепілдік жоқ. Тіпті 5-6 айдан соң да еш өзгеріс болмауы мүмкін. Ол сіздің деңгейіңізге, тілге деген қабілетіңізге, және де ең бастысы өз құлшынысыңызға байланысты. Есіңізде болсын, тіл үйрену дегеніміз өмір бойы жалғасатын процесс.
Share: