Каспийдің толқындары-ай

21.11.2017 14138

Каспийдің  толқындары-ай

 

Кеудесін  желге  тосып,

Маңайын  сәнді  етеді.

Тұрғандай  перне  басып,

Толқындар  әндетеді.

 

Сөйлеген  жыр  тілінде,

Жағасы  шаттық  айым.

Сұлудың  кірпігінде,

Толқының – аққу  мойын.

 

Бар  бақыт  бір  өзінің,

Басына  қонып  алған.

Айсұлу  білезігін,

Суыңа  шомылдырған.

 

Жағаңда  тасың  қалған,

Сұлудың   моншақтары,

Сәулесін  шашып  алған,

Созғанда  саусақтарын.

 

Таулары  болған  тіреу,

Суатқа  шақырғасын.

Түсіріп  алған  біреу,

Шуаққа  сақинасын.

 

Ашылған  Күн  нұрынан,

Шашылған  алтын  арай.

Ән  ескен  сылдырынан,

Каспийдің  толқындары-ай!

 

Тоғыз қайық

 

                          Тоғыз  қайық  жоғалып,

                          Суға  кетті  қанша  ер...

                                        Есенғали  Бөкенбай  «Тоғыз  қайық»

 

I

Бұл  Теңіз,

Ән  кеудесін  сырға  бөккен,

Қырда  күз,

Сарғаяды -

Мұнда  көктем.

Өлеңмен  іздеп  шықтым,

Қайда  екен  деп?

Кешегі,

Тоғыз  қайық  суға  кеткен.

 

Іздеген...

Жоқ  нәрседен  бекер  ілік,

Білемін  жоғаларын  шекер  үміт.

Сап  түзеп  тоғыз  қайық  келе  жатса,

Астынан  толқындардың  көтеріліп.

 

Тізіліп  шыққандайын  өлең  көші,

Теңізде жарқырайды  күрең  төсі.

Алыстан  тоғыз  қайық  бұлдырайды,

Судағы  Айға  ұқсап  көлеңкесі.

 

Теңізді  кеткенімен  сан  із  шайып,

Тұр  маңғаз  тоғыз  ғайып –

Аңыз  жайып.

Қатардан  бір көрінсе  елге  жетер,

Тереңге  ау  байлаған  тоғыз  қайық.

 

Тынықса, Теңіз  жаққа  сапарлап  Күн,

Оттары  жарқырайды  шаһар  жақтың.

Тарауы  тоқсан  күйдің  тоғыз  қайық,

Ойлаған  көк  Теңізге  батар  деп  кім?

 

Бір  сәтке  айқай-шудан  жаға  тынып,

Тұрғандай  өткендерге  дұға  қылып.

Кенеттен ... тоғыз  қайық  шыға  келсе,

Көкбұйра  толқындармен  бір  атылып!

 

II

Жарқырап  судың  беті  аппақ  нұрдан,

Маяк-дүр  түн  қойнына  от  лақтырған.

Теңізде  Ай  сәулесі,

Якорь  тастап,

Қайықтай  теңселеді  тоқтап  тұрған.

 

Қусам  деп  Теңіздегі  көп  қараны,

Аспаннан  мөлдір  моншақ  ақ  тамады.

Бұл  деген –

Түнде  жүріп  жарық  іздеу,

Құмар  деп  ойламасын  жоққа  бәрі.

 

Бір әннің  естілгендей  сазы  көктен,

Біздің  ой  сағынышын азық  еткен.

Тағдырын  сонша  жанның,

Маңдайына,

Бір  күнде  суға  кету  жазып  па  екен?!

 

Десе  де  ойлағанда  адам  жайлы,

Көңілді   күмән  жайлап  алаңдайды.

Бір  үміт  іштен  шыға  қыңсылайды,

Қой  енді...

Тоғыз  қайық  оралмайды.

 

Ізімен  жүргеніммен  бос  аңыздың,

Өзіңнен  күдерімді  қашан  үздім?

Теңізге  ең  болмаса  қайтар  деймін,

Рухын  суда  жүзген  Атамыздың!

 

Мен  саған  ғашықпын...

 

Үзілмей  тұрған  тілек  қой,

Өзіңе  үміт  жалғасам.

Түндерде  толқып,

Үдетті  ой,

Лапылдап  тұрып,

Жанбасам.

 

Лүпілдеп  соққан  жүрек  қой,

Сен  жайлы  жырды  толғасам.

Дәл  сендей  шабыт,

Керек  қой,

Мен  сендей  тасып,

Толмасам.

 

Десе  де,

Орның  бөлек  қой,

Көгілдір  әлем,

Ол  да  әсем.

Бәрі  де  бекер,

Түнек  қой,

Мен  саған  ғашық  болмасам!

 

II

Кеудемді  тосам  деп,

Іркіп  келіп ем.

Мауқымды  басам  деп,

Кілкіп  келіп ем.

Жапырақ  жайып  тұр,

Толқынның  бүршіктерінен.

 

Айтпаймын  осал  деп,

Сілкіп  көріп  ем.

Суыңды  шашам  деп,

Бүркіп  көріп ем.

Теңізде  тамшы  тамып  тұр,

Толқынның  кірпіктерінен.

 

Саз  ғұмыр

 

Самал  жел  құшқан  есіліп,

Мәуелеп  ұшқан  наз  қоңыр.

Сол  Теңіз  жатыр  көсіліп,

Кеудесі  толқын,

Саз  ғұмыр.

 

Теңіздің  бетте  меңіндей,

Шомылған  суға  Ай керім.

Сұлулық  тұрған  төгілмей,

Төгіліп  кетсе  қайтемін?!

 

Сәулелер  билеп  сылқым  би,

Күн  нұры  түскен  жұмақтан.

Домбыра – Теңіз,

Толқын – күй,

Ағылып  тұрған  шанақтан.

 

Құсжолы  шығып  аспанға,

Асылып  жерді  қосқан ба?

Алтынға  толы  сандық  па,

Шашылып  қалған...

Ашқанда?!

 

Сезімнің  кілтін  тапқандай,

Көзімнің  ақ  пен  қарасы.

Тереңі  ойлы  қарттардай,

Базарлы  жастық  жағасы!

 

...Жағада  шалқып  келемін,

Толқында – толқын  тасып  ой.

Теңіз бе?

Теңіз  дегенің,

Көсіліп  жатқан  осы  ғой!

 

Теңіз  бен  қыз

 

Қалқыған  Теңіз  төрінде,
Туған  Ай  қандай  жайың  бар?!
Қол  жетпес  биік  менің  де,
Дәл  сендей  аппақ  Айым  бар.


Жыр  моншақ  толқын  шашқанда,
Теңізде  менің  үнім  бар.
Жарқырап  тұрған  аспанда,
Күлімкөз  менің  Күнім  бар.

Ах  ұрса  Теңіз  өлеңде,
Аңсаумен  өткен  шақтарым.
Жұлдыздар  сансыз  төбемде,
Жолданбай  қалған  хаттарым.

Шағала  Теңіз  әншісі,
Жүрекке  сенен  ән  тұнар.
Көзімнің  аққан  тамшысы,
Теңізде  кермек  бар  шығар!..

 

Қолтықта,*

Қалған  із  бар  ма...

Бір  күнде  шулап  жүз  келген?!

Сол  тұста  қалған  қыздарға,

Сәлем  айт  дұғай  біздерден!

 

 

Қолтық* – Теңіздің ағысынан бөлек, ішке сұғынған                                                                                                             суы қысы-жазы  жып-жылы тұсы.

 

***

Теңіз бе, ей,

Мынау  шалқыған?!

Аспанға  шашқан  моншағын.

Тереңнен  жатқан  тартып  ән,

Құмары  болған  баршаның.

 

Алдыңнан  шығар  жағалау,

Шағала  қанат  жайып  бар.

Көтерген  биік  ақ  жалау,

Желкенін  желпіп  қайықтар.

 

Қайқайып  желдің  өтіне,

Оқиды  шулы  өлеңін.

Өрілген  өрнек  бетіне,

Осы  ма,  теңіз  дегенің?

 

Қарадым  тағы  болып  таң,

Бір  күштің  барын  сеземін.

Дүние  келмей  тобықтан,

Теңізді  кешіп  келемін.

 

Биіктік  мұнда  шектелсе,

Тереңдік  жатыр  өлшенбей.

Өзендей  ағып  өткенше,

Толқысам  деймін  мен  сендей!

 

Теңіздегі  сұлулық

1

Тер кепсе де,

Шөл  кетпей,

Ай  сәулесі  Теңіздегі  өрнектей.

Тербеледі  суға  түскен  көлеңкең,

Жаға  қуып, 

Жеткен  құты  шөлмектей.

 

Бір  құбылыс,

Сағыныш  ән,

Аңсатқан,

Мың  бұрылыс, 

Толқындарға  қарсы  аққан.

Қиқулайды  аппақ  құстың  базары,

Жартастарға  ән  жаққан.

 

Үш  бұрыш  хат,

Екі  түзу -

Қосқанда,

Құс  тізбегі  ақ  сәулелер  аспанда!

Қанаттары  ұқсайды  екен  дәптерге, 

Ән  төгілген,

Әрбір  бетін  ашқанда.

 

Сұлулық  та  тұрады  екен  ағыстан,

Ондай  кезде,

Бір-бірімен  жарысқан.

Сыймай  көзге, 

Бұлдырайды  алыстан,

Осы  шығар,

Тас-төбеңде  ән  ұшқан.

 

Бұрынғыдай,

Тер  кепсе  де,

Шөл  кетпей,

Сұлулық-ай!

Сен  жеткенге  мен  жетпей.

Теңіздегі,

Ақ  сәуленің  кескіні,

Киіздегі,

Қиып  салған  өрнектей.

 

О, Теңізім,

Шын  сұлулық  сен  деп  ем,

Толқындарың  дүниені  тербеген.

Менің  шөлім  –

Пендеден,

Әлем  жатыр  сұлулыққа  шөлдеген!

 

2

Сылдырындай  шолпының,

Сұлулықпен  табысып  ем.

Толқының  қайда?

Толқының,

Аққудың  әні  сіңген.

 

Толқымай  жатты  көктеңіз,

Қалды  ма  бір сәт  ойланып?

Төңірек  біткен  теп-тегіс,

Тыныштық  күйге  айналып!

 

Сабырлы  қарттай  қарайсың,

Маңайды  түгел  шолып  кең.

Кеудеңде  қалсам  абайсыз,

Кемпірқосақ  болып  мен.

 

Арынды  толқын  қайда  деп,

Жағаңа  келдім  іздеп  шын.

Төңкерілген  Айды  әкеп,

Төсіңде  сенің  жүзбекпін.

 

Сезімді  келдің  үрлеумен,

Жаттығың  жоқ  қой, 

Біргемін.

Өзіңдей  дауыл  жыр  кеудем,

Тоғыз  балл   аңсап  тұр  менің.

 

Дәл  тауып  перне  басқанда,

Сұлулық  жатыр  ән  салып,

Ән  тамып,

Қара  тастан  да,

Мен  тұрмын  соған  тамсанып.

 

Жұмақ  па?

Ах-һау  дегізген,

Жүректің  көркем  абаты.

Жылы  леп  соққан  теңізден,

Желпіген  аққу  қанаты.

 

Нұрланып  сырмақ  самал  кеш,

Зерленген  әнмен  өңірім.

Ақ  тамақ  мінсіз,

Қайқы  төс,

Шағала – аппақ  көңілім.

 

Арманда  көрген,

Көрмеген,

Толқындап   кеткен  тасып  ой.

Теңізде  тұрып  шөлдеген,

Сұлулық  деген  осы  ғой.

 

Егіліп  жеткен  өмір  ме?

Төгіліп  кеткен  бұл  маңға.

Сыйсын  ол  қалай  көңілге,

Дүниені  керіп  тұрғанда!

 

Теңіз  ғой  осы,

Құдірет,

Жапырақ  жайып  көктеген.

Аумағы  үлкен  сүгірет,

Бояуы  әлі  кеппеген7

 

Теңіз, мен, қыз

 

Көрсем  деп  сені, аспандап бардым,
Сағынышқа толы  сезімге ердім.
Қанатын  қаққан  қасқалдақтардың,
Тұп-тұнық  мөлдір  көзінде  көрдім.

 

Тосыннан  шабыт  қонған  ақынға,
Әлсіздік  болса  сілкінбес  еді.
Ұшқан  құстардың  ән  қанатында,
Жырламай  қалу  мүмкін бе  сені?!

 

Қанатын  қақты ән  салған  құстар,
Барады  күзде  тыраулап.
Бізден  де  өтті  Таң  Шолпан  тұстар,
Сыр  емес  тұрмын...
Жыр  аулап.

 

Бір  нүкте  болып  көгіңде  қалдым,
Сәуле  боп  тұнсам  есіңде  мәңгі.
Шетінде  тұрмын  төгілме  жардың,
Сен  жақтан  тыңдап  есілген  әнді...

 

ххх

Маңайды  түгел  ән  қылып,
Атады  ерте  таң  күліп.
Осында  міне  қозғалыс,
Жататын  тынбай  мәңгілік!

Жоқ мұнда,
Жоқ қой,
Жоқ аспан,
Теңіз ғой көктен  әрі асқан.
Ақ бұлттар-
Аппақ аққулар,
Ұшам  деп  жүріп адасқан.

Жүрекпен сені сүйіп мен,
Көз салсам шіркін биіктен.
Көк Теңіз осы аспанды,
Көтеріп тұрған иықпен.

Ән тұнып тұрған маңайым,
Жан десең қазір жанайын...
Тоғыз балл соққан Теңізді,
Ән десең тосып алайын.

Таңқалып тылсым құдыретке,
Дір  етті асау жүрек те.
Ілініп  сосын  қалайын,
Айвазян* салған суретке!

 

 

*Айвазовский – шын тегі Айвазян

 

Көгілдір кеш


Тағы  да  қараңғы,
Тағы  да  паң  төсі.
Қою  түн  келгесін,
Көз  алдым  жұлдыздың  сәулесі.
Ұйқысын  жырларым  тербесін,
Көгілдір  түніме  ғашықпын...
Тағы  да  көзілмей  бүгін  мен,
Көгілдір  әлемге  сіңуге  асықтым.
Білем  ғой  олардың  от  демі,
Жұлдыздар  аққанда  тайғанап,
Қимастық  сезімнің  сәттері,
Не  деген  тәтті  еді?!
Бір  тамшы  жас  болып -
Әр  мұңым,
Жұлдыздай  аспаннан  жосылып,
Ақты  енді.
Білсе  ғой...
Мендегі  от-жалын  ұқсайды  толқынға,
Кеудемде  жанатын,
Бір өлең...
Тағы  да  қараңғы,
Тағы  ды  паң  төсі,
Қою  түн  келгесін.
Тірейтін  орын  жоқ  табанды,
Періште  қағады  қанатын.
Осында  болса  ғой  ән  кеші,
Дыбыстар  ағатын.
Сен  маған  тыныштық  бермедің,
Мен  саған  тыныштық  бермеспін,
Ол  солай  болмаса,
Күні  ғой  болатын!
Тағы  да  қараңғы,
Тағы  да  паң  төсі.
Қою  түн  келгесін,
Сен  маған  тыныштық  бермедің,
Дегенмен,
Мен  саған  тыныштық  бермеспін,
Өлеңмен!

Share: